Драма театры болғаннан кейін шығар, біздің театрда «драматизм» деген сөз жиі айтылады. Пьеса оқысақ та драматизм іздейміз, режиссерлар біздің ойынымыздан драматизм талап етіп жатады. Сол драматизм саясатқа да тән нәрсе екен.
Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық етпек ниеті бар деген сөзді естігенімізге талай жыл болды. Елбасымыз осыны кемінде алты не жеті жыл бұрын айтты-ау деймін. Сол кезден-ақ бұл қалай деп жорамал жасап, бал ашқандар аз емес еді. Кей газеттердің мұны Президенттің елге қалайда назар аударту амалы ретінде жасаған ұсынысы сыңайында түсіндіріп, ол мүмкін емес нәрсе деп жазғаны да есімізде. Алайда уақыт өте келе Қазақстанның мұндай биікке қандай өлшеммен қарағанда да әбден лайықты екендігі бірте-бірте күмән тудырмауға айналды. Елімізді алыс та таныды, жақын да таныды. Бұрын затымыз тұрмақ атымызды білмейтіндер енді бізді мойындайтын болды. Бара-бара құрметтейтін болды. Уақыт өте келе көрмегені жоқ кәрі құрлық бізге төрін ұсынды. Осының бәрі өзінен өзі келе қалған жоқ. Елбасымыз жылдар бойы мемлекетіміздің жаңа бейнесін әлемге насихаттау үшін талмай сапар шекті, барған жерінде Қазақстанның мүмкіндігін көрсете берді. Әйтсе де мұнан үш жыл бұрын Қазақстан ЕҚЫҰ-ның 2010 жылғы төрағалығына сайланғанда бұл айды аспанға шығарғандай оқиға болып еді. Енді осылай айтпай қалай айтайын, егер Қазақстанымыз Еуропа төбебилігіне бүкіл ТМД елдерінің ішінен, бүкіл Азия құрлығынан, бүкіл мұсылман жұртынан, бүкіл түркі әлемінен тұңғыш рет қол жеткізсе? Нұрсұлтан Назарбаевты осыдан кейін дүйім дүниеге еліміздің жақсы атын жайған ерекше еңбегі үшін қалай ғана құрмет тұтпассың? Халқыңнан елдің есесін жібермейтін ер шыққанына қалай ғана мақтанбассың?
Уақыт деген заулап жатыр ғой. Арада екі жыл өтіп, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ететін кезі де келіп қалды. Осы абыройлы міндетті ел қатарлы атқарудың өзі тәуелсіздігіне жиырма жыл да толмаған ел үшін аз жүк саналмас еді. Президентіміз жыл басында Венада жария етілген бейнежолдауында ол міндетпен шектеліп қалмақ емес екенін бірден-ақ аңғартты. Қазақстан төрағалығы осы ұйымның Саммитін шақыруды ұсынатынын айтты. Тағы ойланып қалғандар аз болған жоқ. Саясаттан сырттау жүретін мына біздің өзіміз таңданғанбыз. Неге десеңіз, мұндай Саммит осының алдында 1999 жылы, төндіріп айтсақ өткен ғасырда, одан да асырып сөйлесек өткен мыңжылдықта шақырылған екен. Білетіндерден сұрасақ, біздің алдымыздағы төрағалықты атқарған елдердің біразы сондай саммит шақыруды ойға алып, бірақ ойлағандарын жеріне жеткізе алмаған екен. Неге десеңіз, бұл ЕҚЫҰ-да шешім атаулының бәрі мүше елдер түгелдей бір пәтуаға тоқтағанда, былайша айтқанда толық бірауыздан дауыс бергенде ғана қабылданады екен. Өзімізден басқа 55 елдің барлығының дауысына ие болу да білген адамға саясаттағы драматизмнің нақ өзі.
Қазақстанның қолынан осы шаруа келді. 55 ел Қазақстанның 11 жылдан бері шақырылмаған Саммитті ойдағыдай өткізе алатынына сенді. Сөйтіп дауыстарын бір ауыздан берді. Нұрсұлтан Назарбаевты осыдан кейін бері қойғанда Еуразия құрлығының саясатын қалыптастырушы тұлға ретінде қалай ғана мойындамассың?
Саммит шақыруға келісу бар да Саммиттегі уағдаластыққа келісу бар. Бұл арада да тағы толық бірауыздылық шарты алдымыздан шығады екен. 55 ел қол қойып тұрғанда 56-шы ел қияс тарта қалса қандай құжат болсын қабылданбай қала береді екен. Соңғы сегіз жылдың ішінде Сыртқы істер министрлерінің кездесулерінің өзінде бірде бір рет саяси декларацияға қол қоюдың сәті түспеген екен. Осыны естігенде дипломатияның драматизмі драматургиядан кем еместігіне біржолата көз жеткізгенбіз. Содан да кеше ғана аяқталған Саммитті алаңдай күткенбіз. Алаңдайтын жөніміз бар – арғы шеті көне тарихқа барып тірелетін, бергі шеті кешегі кеңестік империяның белден баса беретін өктемдігімен байланысып жататын, кәдімгі созылмалы дерттей болып кеткен жанжалдар жеткілікті ғой. Бір үстелдің басында бір мәселені бірлесе талқылау тұрмақ, бір-біріне қол беріп амандасуды қойған ел басшылары бар екенін де білеміз ғой. Астанаға шақыру алғанда солар да түгел келді. Әрқайсысы өз пікірін айтты, өз елінің көзқарасын жақтады, қабылдануға ұсынылған құжаттың жобасына әрқайсысы өз елінің көңілінен шығатын сөздерді енгізуге тырысты.
Саясаттағы драматизмнің көкесін біз кеше тағы көре алдық. Саммиттің екінші күнінде Астанадағы таныстарымызға ауық-ауық хабарласып, құжат қашан қабылданатынын, Президентіміз оның қабылданғанын қашан жария ететінін сұрағыштап отырдық. Әуелі кешкі бестің шамасында болып қалар деді, одан кейін алтының маңайында жариялайтын сияқты деді, одан кейін сағат сегізді айтты. Ол уақыттардың ешқайсысында теледидар алдына Елбасымыз шыққан жоқ. Сағат тілі кешкі тоғызды да, онды да, он бірді де соқты. Тәуелсіздік сарайы жағынан хабар жоқ сияқты. Жүрек шіркін лүп-лүп етеді. Тақымымызды қысып отырмыз. Жолымызды оңғара гөр, еліміздің, Елбасымыздың мерейін биік ете гөр деп сұрадық Жаратқаннан. Қанша жерден саясаттан алыс жүрміз десек те түйсік-санамызбен Саммитте пікірталас қызып жатқанын, қатысушылар бір пәтуаға келе алмай жатқанын сезіп отырдық.
Өзі де солай болған екен. Жанжалдасып жүрген жақтар өз дегенін ұсынып, өз ұстанымдарын қорғап баққан екен. Саммитті ұйымдастырушы елдің басшысы ретінде Нұрсұлтан Әбішұлының ортақ құжатқа қол қоюға қол жеткізуінің қандайлық қиындыққа түскенін Елбасымыз бұл шешімді түннің бір уағында, тіпті нақтырақ айтсақ 3 желтоқсан күні басталған шақта жария еткенінен өзіңіз-ақ шамалай беріңіз. Менің ойымша, Нұрсұлтан Назарбаев болмағанда дәл кеше, дәл сол құжатқа 56 ел тарапынан толық қол қойылуы неғайбыл еді. Елбасымыз төрағалық еткен Саммит мәжілісінде осыны жасаудың да сәті түсті. Нұрсұлтан Назарбаевты осыдан кейін әлемдік саясаттың ерен тұлғасы деп қалай ғана танымассың? Елбасымыздың елден ерек дипломатиялық қасиетіне қалай ғана тәнті болмассың? Дипломатия даналығы деп осыны айтпағанда енді нені айтамыз?
Мен – актермін. Сезімнің адамымын. Содан да өз ойымды қағазға толғаныспен, тебіреніспен түсіріп отырмын, бәлкім, тым елжіреп те сөйлеп жатқан шығармын. Меніңше, сол түні жүз мыңдаған, жоқ – миллиондаған қазақстандықтар теледидар алдында дәл осындай көңіл-күйді сезінді. Елі үшін, Елбасы үшін мақтанды. Арқаланды. Мерейленді. Осындай бақытты сәттерді бастан кешіруге мүмкіндік берген Тәуелсіздікке, сол Тәуелсіздіктің туын желбіретіп ұстаушы Елбасымызға халықтың бір перзенті ретінде жан-жүрегімді жарып шыққан алғыс сөзімді арнаймын.
Сәбит ОРАЗБАЕВ, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.