Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Қасиетті тақ Мемлекеттік хатшысы Тарчизио Бертоне бастап келген Ватикан делегациясымен кездесті, деп хабарлайды Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Кездесу барысында әлеуметтік-гуманитарлық саладағы екіжақты өзара ықпалдастықты және конфессияаралық үнқатысуды одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.
Т.Бертоне Қазақстан басшылығын ЕҚЫҰ-ға табысты төрағалық етуімен және өткен саммитті үздік ұйымдастыруымен құттықтады. Ол сонымен қатар, Қазақстанның Ислам Конференциясы Ұйымының төрағасы ретінде де табыстарға жетуіне тілек білдірді.
Түстен кейін Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Австрия Республикасының Федералдық президенті Хайнц Фишермен кездесті.
Кездесу барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселесі талқыланды. Тараптар энергетика, технологиялар трансферті, денсаулық сақтау, туризм және экономиканың басқа да секторларында өзара іс-әрекетті нығайтуға мүдделі екендіктерін білдірді.