04 Желтоқсан, 2010

Сахнада Баукең тұлғасы

3662 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Жамбыл облысының қазақ драма театры Елен Әлімжанның “Бауыржан Момышұлы” атты драмасын сахналады. Бірден көзге ұр­ған жәйт, спектакльге деген көрермен ықы­ласының зор болуы. Мұның сырын халқы­ның біртуар ұлына деген сағынышынан ғана іздеуге болмас. Мәселе сахна өнерпаз­дары­ның сәтті еңбегінде болса керек. Оның ал­ғашқы премьерасы Б.Момышұлының 100 жылдығына арналған республикалық театр фестивалінде өткендіктен, көрермендерінің дені бүкіл республикадан жиналған сахна шеберлері мен қаламгерлер еді. Олардың көпшілігі Баукеңді білген, пікірлескен, қала берді ол туралы барлық жазылған еңбек­терді оқып, қойылған спектакльдер мен түсі­рілген фильмдерді көрген. Демек, әр­қай­­сы­сының көңілінде өз Бауыржаны қа­лып­­тасқан жандар. Қуаныштысы сол, конкурстен тыс қатысқан жамбыл­дықтардың шеберлігіне фестиваль қазылары да жоғары пікір білдіріпті. Ал, өкініштісі – осы фестивальде жам­былдық екі театрдан өзгелердің Бауыр­жан тақырыбына бармауы. Бұл қазақ әде­биетінде сахнаға сұранып тұрған әскери-патриоттық дүние кемшін деген сөз емес, әрине. Бір Бауыржан туралы қаншама пьеса жазылды. Сахнаға лайықтайтын романдар мен поэ­малар да жеткілікті. Бірақ театр режиссерлері Баукең сынды күрделі тұлғаға жаңа қыры­нан келгеннен гөрі, әлем театрларында көп қойылған спектакльдер мен киноларындағы дайын образдарды кө­ші­ріп әкеле салғанды жөн көретін сияқты. Ал, Бауыржан бейнесін олай оңай шығара алмайсың. Өйткені, батыр образын сомдауда Жалғандығы мен жасан­дылығы болса, көзге шұқып көрсе­тетіндер бар. Жам­был облыстық драма театры сол “қа­тал” көрер­меннің сынынан сүрінбей өтті. Сөйтіп, олардың біраздан бері бар пейілдерімен беріліп, жұмылдырған шығарма­шылық ізденістері өз жемісін берді. Драматург пен сахнагерлер “бауыржан­тану” орталығымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, ақыл-кеңес түріндегі қолғабы­сында болғаннан соң спектакль жайында пікір білдіргенді жөн көрдім. Оның үстіне мұндай ұлы адамдар туралы спектакльдер күнде туа бермейді. Туса да сахнада тұрақ­тап қалатыны сирек болады. Баукең бейнесін сахналау сонау сұрапыл соғыстың тұсында-ақ басталған. М.Әуезов пен Ә.Әбішовтің “Намыс гвардиясы” туын­дысының бас қаһарманының прототипі майданда даңқы дүрілдеп тұрған Б.Мо­мыш­ұлы болатын. Одан кейін біраз мәскеулік авторлар пьесалар жазды. Александр Бектің “Арпалысы” сахнаға лайықталды. Баукеңнің көзі тірісінде сахналанған бұл драмалар бас ке­йіп­керін соғыс батыры ретінде көрсетті. Бей­біт дәуірдегі Бауыржанды ол кісі бұл дүниеден озған соң Шерхан Мұртаза ғана жазды.  Оның “Ноқтаға басы сыймаған” дра­масының арқауы – Алматыда тұрған Бау­кеңнің үстінен жазылған арыздар мен әдеби талас-тартыстар, бір сөзбен айтқанда әділдік үшін күресіп, қашан да шын сөйлеген Бауыржан. Елен Әлімжан өзіне дейінгі авторлардың ешқайсысын қайталамайды. Тіпті, оның дра­ма­сының Алматыдан да, майданнан да алыс­та, Мәскеуде режиссер Галина Павловнаның  пәтерінде және қала маңындағы санатория­лардың бірінде өтеді. Драманың үшінші кейіпкері Г.Павловнаның көршісі. Ол сонау Қиыр Шығыстан бастап Бауыржанмен әс­ке­ри қызметін бірге өтеп келе жатқан генерал. Оқиға осы үшеуінің диалогтары арқылы өрбиді. Галина Павловнамен арадағы диалогтарда Бауыржанның ұлы мұраттары ашыла түседі. Ал, генералмен сөз сайыстарында сол ұлы мұраттарының іске асуына нендей кедергі болғаны ашылады. Сөйтіп, бұрынғы­дай окоп шайқастары емес, “сахнаның алғы ше­біне” адамзаттық ақыл-ой шайқастары шы­ғарылады. Бұл шайқаста Бауыржан да, Га­лина Павловна да өз заманының  озық зия­лылары. Ал, “Менің шындығым – бұйрық” дейтін генерал сол озық идеялардың ойын тұзақтаған режим өкілі ретінде бетпердесін ашады. Сөйтіп, автор Бауыржанды болмыс­пен бетпе-бет келтіреді. Бірақ олардың әңгімелері өмірден алшақ, құрғақ пәлсәпа емес. Сол дәуірдің шындығымен астасып жатқан Бауыржанның болмысы және нақты қайраткерлігі ашылады. Бауыржан “абсолютті шындықты” бекер талап етпейді екен. Өйткені, қазақ сияқты аз әрі бодан халықтың жоғын тек абсолютті шындық арқылы жоқ­тамасаң, кезеңдік шын­дығы үстемдер үніңді шығармайды. Абсолют­тік ақиқатқа ұмтылған адамдығы мен әділдігі ғана Бауыр­жанды Г.Павловнаның сүйіспенші­лігіне бөлеп, ре­жим­нің орындаушысы генералдан рухын биік, мерейін үстем етіп тұр. Сондық­тан да Бауыр­жанның сонау 1942 жылдан басталған халқының тілі мен тарихы, салт-дәстүрлері үшін күресі, соғыс тақыры­бын­дағы әдебиет­ті қалыптастырудағы әрекет­тері белгілі дәре­жеде жемісін берді. Режим оны қоғамнан қанша шеттетсе де, оның үні халқына жетіп жататын. Ол кешегі 1937-1938 жылдары атылып кеткен арыстарымыздың аманатын арқалаған азамат екен. Сол алаш идеясының туын жықпай, бүгінгі бізбен арадағы алтын көпір болды. Автор, міне, осы  жағдайды драмаға айналдырған. Енді оны сахна­гер­лер­дің көрерменге қалай жеткізгеніне тоқталып өтелік. Қоюшы-режиссер Қуандық Қасымов­қа Бауыржан тақырыбы тосын емес. Ол кезінде Ш.Мұртазаның “Ноқтаға басы сыйма­ға­нын” сахналаған әрі Бауыржанның ролін өзі ойнаған. Одан бері 10 жыл өтті. Бұл ке­зең­де де бұрын көпке беймәлім болған Бауыр­жан жазбалары ашылды. Ол жазбалардан Баукең­нің психологиялық күйзелістері айқын аңға­ры­лады. Содан болар, режиссер спектакль жанрын психологиялық драма деп нақтылаған. Бас рөл жаста болса, біраз рөлдерді ойнап,  едәуір тәжірибе жинақтаған актер Мәлік Ақүрпековке жүктеліпті. Өз басымды Мәліктің ізденгіш еңбексүйгіштігі сүйінтті. Ол Баукеңнің барлық шығармаларын және ол туралы естеліктерді оқып шығыпты. Соны­мен қатар, Баукеңнің өзін түсірген деректі фильмдерді көріпті. Содан кейін Бауыржан араласқан адамдарды іздеп жүріп, әңгіме­лес­кен. Мұндай актерге қалай риза бол­массың? Шіркін, барлық сахнагерлер осын­дай ізденімпаз болса деп тілейсің... Мәлік­тің еңбегі жанды. Оның Бауыржанын халық жақсы қабылдады. Оның ойнауында адал, ақкөңіл, қуана да қуанта да білетін нәзік жанды Бауыржанға да, бетінен таймай шын­дық үшін шарт кететін Бауыржанға да сенесіз. Галина Павловнаны республикалық фестивальдарда жүлде алып, танымал болып қалған жас әртіс Анар Сүлейменова ойнады. Ол зиялы, білімдар әйелдің Бауыржанмен жан үйлесімін, рух үндестігін жақсы бере білді. Генералды екі актер ойнайды. Аға буын өкілдері болып есептелетін Алтай Сәдібеков те, Жанұзақ Айтпенбетов те өзінің қызмет  дәрежесі де, шені де жоғары болғанымен Бауыржанның даңқы асып кеткені үшін көре алмайтын генералды әрқайсысы өз тұрғысы­нан нанымды берді деп ойлаймын. Осы генералмен сұхбаттарында Бауыржан да айрық­ша ашыла түседі. Әрине, мен өз түйген­дерім­ді айттым. Бірлі-жарым кемшілігі болса, оны кәсіби мамандар айта жатар. Ең бастысы, Бауыржан туралы өзі өмір­ден озған соң көркем шығарма жазылып, біздің әдебиетімізге интеллектуалды драма келді. Көрермендер сахнадан соғыс батырын емес, интеллектуалды деңгейі биік ұлт қайраткерін көрді. Оны жұртшылық ықылас қоя қабылдады. Жамбылдықтардың бұл игілікті ісін басқа театрлар да жалғастырар деп үміттенеміз. Өйткені, Баукеңнің өнегесі көп­ке керек. Бір жап-жас мұғалім қыздың “Мен спектакльден патриот болып шықтым” деген сөзі соның дәлелі. Баукеңнің өнегесі – еліміз­дің жас буын жас ұрпағын патриоттыққа, елін, жерін сүюге тәрбиелеу үшін аса қажет­тілікке айналып отыр. Ал театр болса тамаша тәрбие құралы. Мекемтас МЫРЗАХМЕТҰЛЫ, “Бауыржан Момышұлы мұрасы – ХХІ ғасыр көгінде” ғылыми-зерттеу орталығының бас ғылыми қызметкері, профессор.