Өзіндік ерекшелігі көзге ұрып тұратын жерлер бар емес пе ?! Ежелден ән мен күйге әлдиленген Қарқаралының рухани әлемі бөлектігі әмбеге аян. Иісі қазақтың баршасына ыстық әуендерді дүниеге келтіріп, толқытқан қасиетті өлке әсте өнерпаздардан үзілген емес. Мәди мен Жүсіпбектің көзіндей көрінер, үніндей естілер олардың жаңа , жас легі ортасында сахнада да, өмірде де телқоңырдай жарасқан екі өреннің өнеріне жерлестері біраздан тәнті. Ойнақтаған киіктей қағылез Саянның домбыраны күмбірлете шырқатар әндері табиғи таланттың бұла құдіретін танытса, қазіргі әуендерді әуелетуге бейім тобылғы жүзді Кәмшаттың сыңғыр дауысы жүректерді тербетеді-ау, шіркін!
Асықтай ғана бойына алапат үн біткен Саян « Тау ішінде» әнінен бастап, «Сұрша қызға» дейін шырқауға іркілмейді. Ал оны іліп әкетер Кәмшат әдетте Шәмшінің өте назды, сазды әндеріне баурайды-ай, тыңдарманын!
Ел іші шүкір, дәйім өнер қонған өрендерге кенде емес қой. Бұларға да табиғат тамаша таза, сүйкімді дауысты бере салған. Әттеген-айы арнаулы музыкалық білімдері жоқ. Әйтсе де өнерлі отбасыдан түлеген қос үзенгілестің өздіктерінен ізденіп, талап өріне ұмтылыстары ұшқынының жалынға ұласуы қарқаралылықтар көз алдында өтуде.
Кезінде Париж тұрғындарын тамсантқан әйгілі «Салтанат» ансамблінің ендігі жұлдыздары осы Саян Бөдесов пен Кәмшат Базанова саналады. Қазір баяғысынша ауыл арасынан табылып жүретін әншілер сирек. Қыр жұрты сол қалпы. Бір уақ көкіректі кернейтін, көңілді көріктендіретін әуендерді жүзбе-жүз естуге құштар. Сондайда құдай айдағандай топ өнерпазбен бірге орталарына тап бола қалатын Саян мен Кәмшатқа алдымен қуанады.
Дегелеңнен Қызыларайға, Ащысудан Қызылтасқа дейінгі кең байтақ өлкенің төскейіне шашырай қонған ауылдардың бұлар дауыстары жаңғыртпағандары жоқ. Жапандағы жалғыз үйлі қыстақтағыларға да таныс. Айналадағы дүниеден жырақ күн кешкен жандардың көңіл-күйін көтеру, бесіктен құлаққа ыстық әуендерге сағыныш мауқын басу толқынысы бір бөлек. Қысы-жазғы сапар осы.
– Ауыл адамдарын өнер нәрінен сусындату, әсемдік әлеміне бөлету бізге үлкен мерей. Дүбірлі ортаға шақырушылар бар. Бірақ неге екені белгісіз, ел ішін қимаймыз, – дейді екеуі бірінің аузына бірі сөз салғандай.
Иә, кейде жүрек әмірі жүрмейтін себептер болады. «Салтанаттың» даңқын дүрілдетушілердің бірі, Әміре атасындай Париж төрінде ән салған, бүгінде аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Мейрам Әріновтың айтуынша, Кәмшаттың дауыс ырғағы торғайлық күміс көмей әнші Ғазиза Жұмекеноваға келеді екен. Ал Саян үні атақты ағасы Қайрат Байбосыновқа ұқсаңқырайтындығы байқалады. Қалай болғанда да әншілік жаратылыстың иелері. Демеп жіберсе үлкен үміт оты тұтанғалы тұрғандай.
Бұлбұл дауысты қос құрбы-замандас бұл күнде Қарқаралы өнерінің көркі мен сәні. Қарқаралыны қимайды. Солай бола берген дұрыс та шығар . Туған жерге перзенттік парызды өтеуден артық не бар !
Айқын НЕСІПБАЙ.
Қарағанды облысы,
Қарқаралы ауданы.