Қуанышымыз ұзағынан болсын, қадірлі халайық!
Астана Саммитін өткізу – бүкіл Қазақстан халқының салтанаты
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың барша қазақстандықтарға құттықтауы
Құрметті қазақстандықтар! Біз кеше ғана бүкіл ел тарихындағы ең маңызды әрі аса ауқымды шараны үлкен табыспен атқардық. Дүние жүзінің беделді мемлекеттерінің басшыларын Астанаға жинап, Қазақстанның атын әлемге әйгіледік. Осынша ел басшыларының бір мезетте біздің елге қадам басуы – тарихымызда бұрын-соңды болмаған оқиға! Сондықтан, бұл біз үшін мыңжылдықтың алғашқы Саммиті ғана емес, мың жылда бір рет болатын тарихи жағдай! Мен беделді ұйым Саммитінің жемісті өтуімен баршаңызды құттықтаймын! Біз бірін-бірі жылдар бойы көрмей келген ел басшыларының басын қосып, мәмілеге келтірдік. Еуропа мен Азия ұғымын біріктіріп, қауіпсіздіктің кеңістігін кеңейттік. Ұзаққа созылған ортақ келісімнен кейін, тарихи Астана Декларациясын қабылдап, Ұйымды жаңа белеске көтердік! Сондықтан еліміздің мәртебесін көтеріп, мерейін асырған алқалы Саммит жоғары деңгейде өтті деп есептеймін. Мәртебелі меймандар еліміздің кеңпейіл қонақжайлылығына шынайы риза болды. Әрине, мұндай кең ауқымдағы алқалы жиынды өткізу бізге оңайға түскен жоқ. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген, оған ел болып атсалысып, еңселі ел екенімізді көрсеттік. Шараның жоғары деңгейде өтуіне Президент Әкімшілігі, Үкімет, Парламент, тиісті министрліктер, Астана қаласы әкімдігі және қала жұртшылығы атсалысты. Халқымыз терең түсіністік танытып, ұйымшылдықтың жарқын үлгісін көрсете білді. Мұндай шараның бірлігімізді бекемдеп, тәуелсіздікті нығайтып, елдігімізді әйгілей түсері анық. Сондықтан мен іргелі шараға үлес қосқан бүкіл азаматтарға алғыс айтып, тілекші болған барша қазақстандықтарға үлкен ризашылығымды білдіремін! Құрметті қазақстандықтар! Еліміздің барша азаматтарын ЕҚЫҰ Саммитін табысты ұйымдастырып, өткізумен құттықтағым келеді. Іс жүзінде ол бүгін түнде ЕҚЫҰ-ның Астана декларациясын қабылдаумен аяқталды. Саммит қорытындыларының еліміз үшін стратегиялық маңызы бар. Біріншіден, біз өз тәуелсіздігіміздің сыртқы саяси негіздерін нығайттық. Саммит сенімді, ынтымақтастық пен интеграцияны нығайтудың, біртұтас және ажырағысыз Еуро-Атлантикалық және Еуро-Азиялық қауіпсіздік қауымдастығын құрудың жаңа кезеңінің бастауы болды. Екіншіден, Саммит біздің ЕҚЫҰ-ға төрағалығымыздың шыңы болды. Біз осынау халықаралық ұйым басшылығындағы іс-қимыл бағдарламамызды толық іске асырдық. Біз алдымызға қойған барлық міндетті орындадық. Қазақстан Ұйымның жаңа ғасырда дамуына серпін бере алды. Еуразия қауіпсіздігі проблемаларының бүкіл блогы бойынша пікірталас жаңғыртылды. Біз ЕҚЫҰ-ны реформалау, оның күш-қуатын Еуразиядағы қауіпсіздіктің басқа құрылымдарымен біріктірудің бағдарламасын ұсындық. Үшіншіден, біз халықаралық деңгейдегі аса ірі шараларды өткізу жөніндегі міндеттерді шеше алатынымызды дәлелдей білдік. Барлық мемлекеттер мен үкіметтер басшылары, ресми делегациялардың жетекшілері Саммиттің пленарлық мәжілісіндегі сөйлеген сөздерінде және менімен әңгімелесу барысында саммитті шақыру жөніндегі біздің бастамамыздың маңыздылығын атап көрсетті. Барлығы да саммитке үздік әзірленгені үшін Қазақстанға алғыстарын айтты. Бұл ризашылық сөздері еліміздің барша халқына арналған. Төртіншіден, біздің қоғам толысқандығын, бірлігі мен топтасқандығын көрсетті. ЕҚЫҰ Саммитіне әзірлік барша қазақстандықтардың ортақ міндетіне айналды. Сондықтан да біз оны табысты атқара білдік. Әзірлік жұмыстарына көптеген адамдар тартылды. Барлық техникалық қызметтер – аэронавигациядан Астананың коммуналдық қызметтеріне дейін үйлесімді жұмыс істеді. Оның үстіне Саммитті өткізу күндерінде ауа райы күрделі болды. Саммитті өткізуге мемлекеттік органдардың қызметкерлері, сондай-ақ біздің меймандарға жұмыс істеуге көмектескен волонтерлер зор үлес қосты. Мен Астананың барша тұрғындарына Саммит шараларын өткізуге байланысты олар көрсеткен қонақжайлылық, түсіністік үшін айрықша алғыс айтқым келеді. Елорда әкімдігіне, қала әкімі Иманғали Тасмағамбетовке шараларды тамаша ұйымдастырғаны үшін айрықша алғыс айтамын. Бәрі де минөт минөтіне, секөнт секөнтіне қарай нақты ұйымдастырылды. Барлық міндеттер атқарылды, барлық мақсаттарға қол жеткізілді. Бесіншіден, біздің Астана ЕҚЫҰ саммиттерін өткізу иелері болған Хельсинки, Париж, Будапешт, Лиссабон, Ыстамбұл секілді Еуропаның белгілі қалаларымен бір қатарға тұрды. Бұл – қазақстандық елорда танымалдығының жаңа деңгейі. Мен Саммитті әзірлеу жөніндегі ұлан-асыр жұмыс үшін барша қазақстандықтарға, астаналықтарға ризамын. Бүкіл әлем Қазақстанға басқаша көзбен қарап, біздің халқымыздың барша құндылықтарын көрді. Саммитті өткізу бүкіл Қазақстан халқының салтанаты, оның бірлігінің, болашаққа ұмтылысының дәлелі болды. Бұл құттықтау кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2010 жылғы 1-2 желтоқсанда Астанада болған ЕҚЫҰ елдері мемлекет басшылары Саммитінің табысты аяқталуының қорытындылары бойынша өткізген кеңесте жасалды. Кеңеске ҚР Премьер-Министрі К.Мәсімов, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қ-Ж.Тоқаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы О.Мұхамеджанов, ҚР Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қ.Саудабаев, ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы А.Мусин, «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Н.Нығматулин, Президенттің көмекшісі – ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің хашысы М.Тәжин, ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары М.Әшімбаев, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы Н.Әбіқаев, ҚР Президентінің Іс басқарушысы С.Қалмырзаев, ҚР Президентінің халықаралық мәселелер бойынша кеңесшісі Н.Ермекбаев, ҚР Қорғаныс министрі Ә.Жақсыбеков, ҚР Ішкі істер министрі С.Баймағамбетов, ҚР Байланыс және ақпарат министрі А.Жұмағалиев, ҚР Мәдениет министрі М.Құл-Мұхаммед, ҚР Президенті Күзет қызметінің бастығы М.Аюбаев, Астана қаласының әкімі И.Тасмағамбетов, ҚР Президенті Протоколының бастығы Р.Тауфиқов, ҚР Президентінің Баспасөз хатшысы Б.Майлыбаев, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары, Еуропа Одағымен өзара іс-қимыл жөніндегі мәселелер бойынша ұлттық үйлестірушісі К.Жигалов қатысты.