Бүгінде төрткүл дүние түгел жиналатын халықаралық құрылтайлар мен маңызды басқосулар орталығына айналған Астана қаласының құрылыс нысандары мен архитектуралық келбеті туралы аз айтылып, аз жазылып жүрген жоқ. Тарих таразысында қас-қағым сәт болып есептелетін осы бір он жылдан астам уақыт аясында Астанада сәулет өнерінің жауһарларына айналған небір айтулы ғимараттар, миллиондаған шаршы метр тұрғын үй кешендері пайдалануға берілді. Құрылыс қарқыны көз қуантарлықтай бір мәселе болса, оның сапасы екінші мәселе. Ғасыр құрылыс алаңына айналған бас қаламыздың құрылыс сапасы мен архитектуралық салтанатының үйлесімділігі қалай жүргізіліп жатыр. Елордамызда бұл мәселені «Астана қаласының мемлекеттік архитектуралық-құрылыстық бақылау басқармасы» мемлекеттік мекемесі тексереді. Біз осы мекеме айналысатын көкейкесті мәселелердің жай-жапсарын білу үшін оның бастығы Талғат РЫСБЕКОВТІ әңгімеге тартқан едік.
– Талғат Тастыбайұлы, Астана қаласының құрылысы мен сәулетінің сапасы өміршең де өзекті, әрі мемлекеттік маңызы бар міндет. Басқарманың аты айтып тұрғандай, сіздердің негізгі міндеттеріңіз қаламызда бой көтерген құрылыс нысандарының сапасы мен архитектуралық нормаларына мемлекеттік бақылау жасау. Осы міндеттерді жүзеге асыру барысында неге сүйенесіздер, нені басшылыққа аласыздар?
– Бас қаламыздың қалыптасуы мен дамуы Астана авторы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев белгілеп берген стратегиялық жоспар бойынша жүзеге асырылып келеді. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, ел жүрегі – Елорданың орны бөлек. Сондықтан біз өз жұмысымызда осы бір мерейлі міндет үдесінен шығуды негізгі басшылыққа аламыз. Өзіңіз айтып өткендей, біздің мекеме салынып жатқан құрылыс нысандарын инспектілеу, мониторинг жүргізу, құрылыс-монтаж жұмыстарына рұқсат беру, еліміздің заңнамаларында белгіленген тәртіпке сәйкес жұмыс сапасын бақылау және мемлекеттік қабылдау комиссиясының жұмысына қатысу міндеттерін жүзеге асырады. Біз өз қызметімізде «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы», «Лицензиялау туралы», «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңдарды, Үкіметтің тиісті қаулылары мен шешімдерін, Астана қаласы әкімдігі мен мәслихатының құрылыс нормалары мен ережелерін, құрылыс саласында әрекет ететін заңды және жеке тұлғалар арасындағы қатынасты реттейтін құқықтық актілері мен техникалық нормативтерін басшылыққа аламыз.
Қаладағы құрылыс ауқымы аса зор. Мәселен, өткен жылы ғана әлемдік дағдарыс қиындықтарына қарамастан қаламызда 1 млн. 259 мың шаршы метр тұрғын үй, бірнеше мәдени-әлеуметтік мекемелер, 3 мектеп пайдалануға берілді. Соңғы 3 жыл ішінде ғана қаламызда 10 ірі денсаулық сақтау мекемесі іске қосылды. Сәулет өнерінің озық үлгілері болып табылатын талай-талай айтулы ғимараттардың бой көтергенін білесіздер. Биылғы жылы құрылыс ауқымы өткен жылдан да жоғары қарқынмен жүргізіліп жатыр.
– Құрылыс саласындағы ахитектуралық, экологиялық, санитарлық-гигиеналық нормалардың орындалуы қалай бақыланады? Сіздер құрылыс нысандары пайдалануға берілген кезде мемлекеттік қабылдау комиссияларының жұмысын қалай ұйымдастырасыздар? Әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй кешендері пайдалануға берілгеннен кейін тұтынушылар тарапынан көптеген арыз-шағымдар түсіп жататындығы да жасырын емес қой...
– Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл мәселеде біз елімізде 2001 жылғы 16 шілдеде қабылданған «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңның нормаларын басшылыққа аламыз. Негізінен біздің басқарма 6 құрылымдық жүйеден тұрады. Біз әңгімелеп отырған басты міндеттерді мемлекеттік архитектуралық-құрылыстық инспекция бөлімі атқарады. Осы бөлім мамандары құрылыс нысандарына және құрылыс материалдарына, жобалық құжаттарға мемлекеттік архитектуралық-құрылыстық бақылау жасайды, қала құрылысы регламенттерінің, Қазақстан Республикасы аумағындағы мемлекеттік және мемлекетаралық нормативтердің сақталуын қадағалайды. Өз өкілеттігі шеңберінде құрылыс салушылардың техникалық қызметіне, жоба жасаушылардың авторлық қызметіне, тапсырыс берушілердің қызметіне, құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасын қамтамасыз етуге бақылау жүргізеді. Құрылыс-монтаж жұмыстары өндірістеріне рұқсат қағаздарын береді. Дайын құрылыс объектілерін қабылдап алатын мемлекеттік қабылдау комиссияларының құрамына кіріп, тексеріс жұмыстарын жүргізеді. Сол сияқты біздің мамандар құрылыс нысандарында болған апаттарды тексеретін комиссиялардың құрамында жұмыс жүргізеді.
Жоғарыда айтылған заң нормалары негізінде қабылдау комиссиясының және мемлекеттік қабылдау комиссиясының құрамында жүргізілген жұмыстың сапасын бақылайды. Орын алған кемшіліктерді нақты көрсетіп, нормативтік тәртіптен ауытқыған құрылыс ұйымдарына, лауазымды тұлғаларға қатысты заңнамада белгіленген тәртіп бойынша шаралар қолданады. Құрылыс жұмыстары мен архитектуралық нормаларда кеткен олқылықтардың жойылуын бақылайды. Осы жерде айта кететін бір мәселе, қабылдау комиссиясы мен жұмыс комиссиясы құрылыс нысандарын тапсырушы ұйымдардың шешімімен тағайындалады. Құрылысы аяқталған нысанды пайдалануға беруді жоспарлаған құрылыс салушы басқарма атына өтініш береді. Аталған өтініш тиісті ауданның мемлекеттік құрылыс инспекторына келіп түседі. Ол белгіленген мерзімде тапсырылатын құрылыс нысанының сапасын тексеру мақсатында бекітілген тәртіпке сай қорытынды жазады. Әрине, пайдалануға берілген құрылыс нысандары мен тұрғын үй кешендерінің сапасында кейбір кемшіліктердің де болып жататындығы жасырын емес. Біз олардың дер кезінде алдын алу мақсатында кешенді жұмыстар жүргіземіз.
– Қалада салынып жатқан және алдағы уақытта салынатын құрылыс нысандары бойынша мониторинг жүргізесіздер ме?
– Әрине. Өз қызметі шеңберінде белгіленген тәртіп аясында басқарма салынып жатқан нысандарға тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отырады. Рұқсат алған нысандардың ақпараттық базасы негізінде жоспарлы тексерістер кестелері әзірленеді, құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу құқығына берілген рұқсатнама мерзімі қадағаланады, ірі инвестициялық жобалар да ерекше бақылауға алынады.
Құрылыс нысандарына тексеру жүргізу барысында басқарма қызметкерлері құрылыс сапасымен қоса, рұқстанамалық және атқарушы құжаттардың болуын тексереді. Құрылыс алаңдарындағы техникалық қауіпсіздік және еңбекті қорғау нормаларының сақталуына да ерекше назар аударады. Тәртіп бұзушылықтар анықталған жағдайда, нормативтік көрсеткіштерден ауытқыған жұмыстарды анықтаған кезде кемшіліктер атап көрсетіліп, оларды жою туралы нұсқаулар беріледі, олқылықтың алдын-алу мерзімі белгіленеді.
– Бірқатар жауапсыз құрылыс компанияларының қылмыстық әрекеттерінің салдарынан өткен дағдарыс кезеңінде қаламыздың мыңдаған үлескерлері алдауға түсіп, үлескерлер проблемасы үлкен мәселеге айналды. Қаламызда үлескерлер проблемасы толық шешілді ме? Басқарма тұрғын үй құрылысындағы үлескерлердің қатысуы жөніндегі мемлекеттік саясаттың орындалуын қадағалай ма?
– Елбасының тікелей қолдауы арқасында, мемлекет тарапынан көрсетілген қаржылай көмек нәтижесінде Астана қаласындағы үлескерлер проблемасы толық шешім табуда. Қаржы дағдарысының бастапқы кезеңінде Астана қаласында 40 мыңнан астам үлескерлердің қатысуындағы 200-ден артық аяқталмаған тұрғын үй кешендері болды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен ел Үкіметі жүзеге асырған кешенді іс-шаралардың нәтижесінде күрделі жағдайға тап болған 206 тұрғын үй кешеніндегі 32 мың үлескердің проблемасы шешілді.
Мемлекеттік қолдау нәтижесінде атқарылған бұл жұмыс негізінен төрт бағыт бойынша жүзеге асырылды. Атап айтқанда, қала әкімдігі тарапынан пәтерлер сатып алу, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-тың қолдау көрсетуі нәтижесінде жұмысты жандандыру, құрылыс салушылардың өз күшімен тоқтап қалған нысандардағы жұмысты жалғастыру және Астана қаласы әкімдігінің жанынан құрылған мемлекеттік «Жаңа құрылыс» ЖШС-ның қатысуымен аяқталмаған тұрғын үй кешендері құрылысын аяқтау.
2008 жылы республикалық бюджеттен бөлінген трансферттер есебінен қаржыландырылатын мемлекеттік «Жаңа құрылыс» ЖШС құрылды. Ол қаладағы үлескерлердің қатысуымен салынып жатқан проблемалы тұрғын үй кешендерінің құрылысын одан әрі жалғастыру міндетін мойнына алды. Осының нәтижесінде мыңдаған үлескерлер проблемасы шешім тапқан бірнеше тұрғын үй кешені пайдалануға берілді. Қазір қала әкімдігі жанында арнайы құрылған Үлестік құрылыс мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия жұмыс істейді. Комиссия құрамына әкімдікке қарасты басқармалардың бастықтары, үлескерлер бірлестігінің мүшелері, құқық қорғау органдарының өкілдері кіреді. Міне, осындай игі шаралардың нәтижесінде қаламыздағы үлескерлердің қатысуымен салынып жатқан тұрғын үй кешендерінің жұмысы барынша жанданып, бұл мәселе келесі жылы толық шешім таппақ. Өздеріңізге белгілі, елімізде қазір үлескерлердің қатысуымен салынатын тұрғын үй кешендері бойынша жаңа заңнамалық негіздер жасалынды. Осыған орай басқарманың үлестік құрылысты бақылау бөлімі «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заң нормаларының орындалуына нақты бақылау жасайды.
– Құрылыс және құрылыс материалдарын шығаратын өндіріс орындарына лицензия беру жайы және тәртіптің қадағалануы қалай?
– Иә, бұл келелі мәселеде басқарма республикамызда 2010 жылдың қаңтарынан бері күшіне енген «Лицензиялау туралы» жаңа заң нормаларына және Үкіметтің 2007 жылы қабылдаған «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы қызметті лицензиялау ережесін және оған қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы» қаулысының талаптарын басшылыққа алады. Лицензия беру үшін заңның 42-бабында көрсетілген нормалар басшылыққа алынады. Белгілі бір субъектінің белгіленген тәртіпті бұзу шараларына байланысты оларға берілген лицензиялардың қолданылуын уақытша тоқтата тұру немесе лицензиядан айыру шаралары Қазақстан Республикасының тиісті заңнамаларында көрсетілген тәртіп ауқымында жүзеге асырылады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.