ҚҰРЫЛМАЙ ЖАТЫП ТАРАДЫ
Апта басында парламент сайлауынан кейін екі ай өткен соң ғана Қырғызстанда коалициялық үкіметті құруға мүмкіндік туды деген хабар тарап, одаққа біріккен Социал-демократиялық партия, «Атамекен» және «Республика» партиялары үкімет құратын болды деген еді. Бірақ апта аяғында олардың билікті бөлісе алмай, тарап тынғаны жөнінде хабар жетті.
ЖАСЫРЫНЫП БАРҒАН
Қазір жасырын жүру қиын. Ресейлік РБК агенттігінің айтуынша, АҚШ президенті Барак Обама Ауғанстанға жасырынып барған екен, бірақ онысы жылдам ашылып қалды. Түйені жасыру қиын сияқты нәрсе ғой. Әлемнің алып елінің басшысының көрінбей жүруі мүмкін еместей.
Барғандағы негізгі мақсат – Ауғанстан президенті Хамид Карзаймен жеке сөйлесу екен, оның да сәті түспепті. Ауа райының қолайсыздығынан жолыға алмай, тек телефонмен ғана сөйлесіп, өздерінің сол елдегі әскерилерімен жолығып қана қайтыпты.
КАДДАФИ ҚОРҚЫТАДЫ
Жақында Ливия астанасы Триполиде өткен Африка одағы мен Еуроодақ елдері саммитінде шын мәнінде келісім мен ынтымаққа қол жете қоймады. Жиынды ашқан сөзінде Ливия көсемі Муамар Каддафи осыдан үш жыл бұрын Португалиядағы саммитте қабылданған «стратегиялық серіктестік» бағдарламасы жүзеге аспады, деді. Африка енді Еуропа емес, Латын Америкасына, Қытай, Үндістан, Ресейге бет бұратындығын аңғартты.
Ең соңында Каддафи Еуроодақ 5 миллиард еуро бермесе, оларға қарай иммигранттарды қаптатып жіберіп, Еуропаны Африкаға айналдырамыз деп қорқытты.
НӘТИЖЕСІЗ САЙЛАУ
Бұлай дегенде, Молдовадағы парламент сайлауының нәтижесі елде қалыптасқан жағдайды реттеуге көмектеспейтін болып отыр. Өйткені, сайлау қорытындысы бойынша коалицияға біріккен солшыл центристер тағы да президентті сайлайтындай мандатқа ие бола алмады. Ал олардың осы сайлауда көбірек дауыс алған коммунистермен одақтасуы екіталай.
Сонда қалай болмақ? Тағы да жаңа сайлау өте ме? Дәл осындай жағдай қайталана беруі мүмкін ғой. Ел тағдыры үшін молдовандар ұлттық келісім жолын іздестіруі керек-ақ.
ЖҰМБАҚ СОНЯ
Жақында өткізілген сауалдама бойынша әлемдегі ең беделді қайраткерлердің ондығына кірген Үндістан Ұлттық Конгресі партиясының көсемі, бұрынғы премьер-министр Раджив Гандидің жесірі Соня Ганди расында да жұмбақ адам. Оның досы да көп, жауы да көп. Ең бастысы – қалың халық жақсы көреді. Соның арқасында оппозициядағы ҮҰК партиясы сайлауда жеңіп шықты.
Бірақ Соня Ганди үкіметті басқарудан бас тартып, оған басқаны отырғызды. Оның қандай дінді ұстанатыны да белгісіз. Жақында біреу дінін айтсын деп оны сотқа да берді. Сот сенім-наным әркімнің өз ісі деп Соняны ақтап шықты.
ЕСКІНІҢ ОРНЫНА – ЖАҢАСЫ
Украина президенті Виктор Янукович алдымен Жоғарғы рада қабылдаған «Салық кодексін» мақұлдамай, кәсіпкерлердің қарсылығына құлақ асқан еді. Сонымен бірге, оған іле-шала біршама өзгерістер енгізіп, оны Жоғарғы радаға мақұлдатып, жаңа салық кодексін қабылдап жіберді.
Бұл алаңға шығып, қарсылық білдірген кәсіпкерлердің көңілінен шықты ма, жоқ па, бұл жағы белгісіз. Сондай-ақ, кәсіпкерлер парламентті тарату жөнінде де талап қойған еді. Президент оған құлақ аспағандай.
Әзірлеген Мамадияр ЖАҚЫП.