Масқара!
Қазір елімізде халықаралық маңызы жоғары «Батыс Қытай–Батыс Еуропа» тас жолының құрылысы екпінді жүріп жатыр. Жасыратыны жоқ, онда көтеріңкі еңбекақы төлейді дегенді естіп, мамандығы бар, бірақ ауылда жұмыссыз отырған тепсе темір үзетін азаматтардың кетіп жатқаны аз емес. Қара қазан, сары баланың қамы үшін айлап отбасын көрмей, еліміздің оңтүстік өңіріндегі жол құрылысында жүргендердің арасында қостанайлық жігіттер де бар. Жақында солардың бірі, Қостанай ауданындағы Глазунов ауылының тұрғыны Кәрімжан Хасенов үйіне салы суға кетіп оралды. «Батыс Қытай–Батыс Еуропа» тас жолының Қызылорда мен Жамбыл облыстарындағы құрылысында бес ай бойы жүргізуші болып істеген Кәрімжан еңбекақысына бір тиын да ала алмапты. Әңгіменің әлқиссасы былай болыпты. Кәрімжан жолдың Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы құрылысына үстіміздегі жылдың мамыр айында барады. Онда «Қазақсевавтодор» ЖШС-ға «КамАЗ» мәшинесінің жүргізушісі болып жұмысқа кіреді. Үш ай істейді, еңбекақысын уақытылы бере қоймайды. Сол кезде жол құрылысында істейтін «Жұмағали» жеке меншік кәсіпорнының иесі Алмас Жұмағали деген жігіт оны өзіне жұмысқа шақырады. Аузынан «Алласы», басынан сәлдесі түспейтін жігітке Кәрімжан құлай кетеді. Жап-жас жігіттің имандылық жолын ұстағанына өзінің таңқалғанын, риза болғанын да жасырмайды. Торғай жерінде туып-өскен Алмас Қостанайдан барған Кәрімжанды жерлес деп те жақын тартқансиды. «Олар еңбекақыңды бермесе маған жұмысқа кел. Айлығыңды ай сайын беріп тұрамын. Аллатағала біреудің еңбегін жеме деген» деп құйқылжытқанда Кәрімжан да, Алматы жағынан келген тағы бірнеше жігіттер де оның уәдесіне сылқ ете қалады да, шілде айынан бастап жұмысқа кіріседі. – «Қазақсевавтодор» ЖШС басшылары еңбекақымды мен «Жұмағали» жеке кәсіпорнына ауысқаннан кейін көп ұзамай артымнан әкеп берді. Содан кейін ақша көргенім жоқ. Бір ай өткен соң Алмас Қабдылмәжитұлы айлығымызды келесі айдың ақысына қосып беремін деді. Оған да сендік. Келесі ай тағы өтті. «Шамалы шыдай тұрыңдар, келесі айда беремін» деп мысымызды құртты. Алмастың майда сөзіне ғана тойдық, ақырында ол жерде жұмыс та бітіп қалды, – дейді Кәрімжан. Кәрімжанның айтуынша, Алмас Жұмағали оған да, басқа жігіттерге де қақпайлап, құжат толтыртпаған, оның біреуіне де өзі қол қоймаған. «Біздің бас кеңсеміз Алматыда, оған жіберіп, әкеліп жатамыз ба, көп уақыт кетеді, маған сеніңдер, өзім еңбекақыларыңды төлеп тұрамын» деген. Жұмысшылар «альхамдулласыз» сөз бастамайтын, қолынан жайнамазын тастамайтын, бес уақыт олардың көзінше намазын үзбейтін жігіттің жүзін жыға алмапты. – Күзде ораза айында Алмас уағыз айтты. «Мен сіздерге Ораза айында айтып тұрмын, осы айда адал жұмыс істесеңіздер, айлықтарыңызға қосып төлеймін» деді. Өзіміз әлі бір тиын ұстамасақ та осыған мәз болдық. Алланың атымен сөйлеп, имандылықты «уағыздайтын» жігіттен осыншама алданамыз деп ойламаппыз, – деп күйінеді Кәрімжан. – Міне, бес ай өтті. Бес айда ғана маған «ақыл» кіргендей болды, Алмастың таза имандылық жолындағы адам еместігіне күдік келтіре бастадым. Оның үстіне Қостанай өңірінің қатал қысы келді, үйде не көмір түсірілмеген, студент балаларымның қыстық киімі алынбаған, ауру әйелімнің дәрі-дәрмегіне де ақша жоқ. Соның барлығына қаржыны осы жол құрылысындағы тапқан табысыма аламын деп есептеген едім. Әрі қарай Алмастың соңынан салпақтап жүре берудің де мүмкіншілігі болмады, амалсыз үйге қайттым. Кәрімжан Хасеновке «Жұмағали» жеке кәсіпорнының директоры Алмас Жұмағали жол құрылысында істеген бес айда 420 мың теңге қарыз болған. Кәрімжан «А 221 UYN» нөмірлі КамАЗ мәшинесімен таңғы 7-ден түнгі 23-ке дейін тыным таппастан жол құрылысына құм, қиыршық тас тасыған. Кейбір күндері Алмастың өтінішімен екі ауысымға да шығып отырған. Біздің Кәрімжаннан білуімізше, олар жұмыс істеген жолдың Жамбыл облысы өңіріндегі құрылысын кореялық «КСС» фирмасы жүргізіп жатыр. «Жұмағали» жеке кәсіпорны және жұмысшыларды жатар орынмен, тамақпен қамтамасыз еткен «Самал» ЖШС сияқты жергілікті кәсіпорындар кореялық фирмамен келісім-шарт бойынша жұмыс істейді. Фирма оларға қаржысын аударып отырады, ал олар өздері жалдаған жұмысшылардың айлығын, басқа шығындарын шығарып, қалғанын өз пайдасына алып қалады. Ал Алланы аузына алып, адам ақысын жейтін Алмас сияқтылар жұмысшылардың айлық жалақысын, маңдай терін де беруді шығынсынатын сыңайлы. Соңғы кездері дінді бетперде етіп, адамдардың сенімін пайдаланатын алаяқтар бой көрсете бастағаны байқалады. Олар адамдарды алдап қана қоймайды, дінімізге кір келтіріп, оның беделін түсіреді. Суық үйде өзінің жолын күтіп отырған бала-шағасына қарап, Кәрімжан кімге, неге сенерін білмей дал... Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. Қостанай .«AMANAT»-та «Ұлы дала» әдеби байқауы қорытындыланды
Руханият • Кеше
Деректер журналистикасы бойынша оқу курсының таныстырылымы өтті
Аймақтар • Кеше
«Egemen» де, домбыра да сыйлады
Руханият • Кеше
Қасым-Жомарт Тоқаев «Жетісу» волейбол клубының жай-күйімен танысты
Президент • Кеше