Виктор ЯНУКОВИЧ, Украина Президенті:
– Бүгінгі кездесу біздерге іргетасы 1975 жылы Хельсинкиде қаланған Еуропалық үй құрылысын қайта жандандыруға нақты мүмкіндік беріп отыр. Сол үшін бізге саяси еркіндік қажет.
Роза ОТУНБАЕВА, Қырғызстан Президенті:
– Астана Саммиті Ұйымның алдағы уақытта дамуында тарихи рөл атқаратынына дау жоқ. Біз үшін Астана Саммиті Ұйымның азиялық бөлігіндегі зор мүмкіндіктер мен күш-қуат бар екендігін дәлелдеп берді. Мен Ұйымға мүше 56 мемлекеттің ішінде Қазақстанның бірінші болып Азияны Еуропамен теңдестіргені үшін Қазақстанға, менің бауырластарыма ерекше алғыс айтамын.
Александр ЛУКАШЕНКО, Белоруссия Президенті:
– Бұл Нұрсұлтан Әбішұлы бағындырған ең биік белес болып табылады. Ол бұл белесті жоғары етіп қойды, ол өзінің міндеттемелерін тамаша орындап шықты. Мен – ЕҚЫҰ-ның саммиттеріне осымен үшінші рет қатысып отырған саясаткермін. Мұндай жоғары деңгейде өткен жиынды әлі көргенім жоқ.
Мен Нұрсұлтан Әбішұлына, өзге де саясаткерлер айтқанындай, бұл Саммит жұмысы барлық сегменттер бойынша керемет ұйымдастырылғанын атап көрсетемін. Неткен тамаша үдеріс, шенеуніктер, қауіпсіздік қызметі, журналистер – бәрі де шынайы достық ниетте қонақжайлылық танытты. Саммит жұмысына ешкім де кедергі жасамады. Біз Қазақстаннан үйренуіміз керек.
Хамид КАРЗАЙ, Ауғанстан Президенті:
– Көмек және қолдау көрсеткені үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа және қазақ халқына Ауғанстан халқының атынан алғыс айтқым келеді. Үш онжылдыққа созылған соғыстан кейін біздің еліміз дамудың жаңа сатысын бастады. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы барысында Ауғанстанға ерекше назар аударды. Бүгін мен Қазақстан басшысына осы іске айрықша үлес қосқаны үшін ризашылығымды білдіремін. Президентке өзінің тамаша елінде мың ауғандық жастардың оқуына квота бөлгені үшін де зор рахмет.
Даля ГРИБАУСКАЙТЕ, Литва Президенті:
– Қазақстанның қол жеткізген табыстары, оның ішінде 10 жыл ішінде Астананың Еуропа мен Азияның шынайы жауһарына айналғаны қайран қалдырады. Астананың осыншалықты өркендеуі сіздердің Президентіңіздің және бүкіл Қазақстан халқының зор үлес қосқандығының нәтижесінде осындай жетістіктерге жетіп отырғанының көрінісі. Сіздердің елдеріңіз қуатты қарқынмен даму үстінде және бұл ел өңірдің орталығына айнала білді. Бұл жайдан-жай емес. Сондықтан да Ұйымның жоғары деңгейдегі Саммиті Қазақстанда өткізіліп отыр. Қазақстан өзінің дамуының арқасында әлемдік аренаға көтерілді. ЕҚЫҰ-ның төрағалығын алатын ел ретінде бұл біз үшін өте маңызды.
Борис ТАДИЧ, Сербия Республикасының Президенті:
– Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалығында аса үлкен рөл ойнады. Сондай-ақ Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлін ерекше атап өткім келеді. Ол – әлемге өте танымал тұлға, ол бірінші кезекте өзінің бейбітшілік сүйгіш және шешім қабылдағыш қасиеттерімен танымал. Біз бүгін Ванкуверден Владивостокқа дейінгі кеңістіктегі жаңа стратегиялар мен жаңа көзқарастар туралы айтып жатырмыз. Бұл еуроатлантикалық және еуразиялық аймақтар үшін ерекше маңызды.
Пал ШМИТТ, Венгрия Президенті:
– Бұл мен үшін маңызды кездесу болды. Біздер Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесу барысында көптеген маңызды мәселелерді талқыладық. Қазақстандықтар өздерінің елдері үшін мақтана алады. Сіздер экономикада да, саясатта да жоғары нәтижелерге қол жеткіздіңіздер. Біз сіздер үшін мақтанамыз.
* * *
Георге ИВАНОВ, Македония Президенті:
– Алғашқы әсер қашанда есте қалады. Жақсы жағынан не жаман жағынан. Мен Астананы көргенімде ерекше әсерлендім. Президент мырза, Сізді осындай жетістіктеріңізбен, сондай-ақ ЕҚЫҰ Саммитінің тамаша ұйымдастырылуымен құттықтағым келеді. Бұл Саммит Қазақстанға және Орталық Азия аймағының барлығына әлемдік қоғамдастықтың назарын аудартады.
Иво ЙОСИПОВИЧ, Хорватия Республикасының Президенті.
– Мен ЕҚЫҰ-ның Саммитін тамаша ұйымдастырғаны үшін Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке өзін және барлық қазақстандықтарды құттықтаймын. Бұл жиынның Орталық Азияда, оның ішінде дәл Қазақстанда өтіп отырғаны аса маңызды. Мені бұл кездесудің екі елдің ара қашықтығының ұзақтығына қарамастан, Хорватиямен достық және әріптестік қатынастағы Қазақстанда өтіп отырғаны ерекше қуантады. Бұл Саммиттің тарихи оқиға болып табылатынына сенімдімін. Сондықтан да Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың аса зор еңбегін, оның көрегендігі мен дипломатиялық талантын ерекше бағалаймын.
Филип ВУЯНОВИЧ, Черногория Президенті:
– Мен Қазақстанның экономика саласындағы жетістіктерін жоғары бағалаймын. Біз кездесуде екі елдің ынтымақтастығын әрі қарай кеңейтуге бағытталған бірқатар екі жақты құжаттарға қол қойдық. Черногория өзінің ЕҚЫҰ-ның Астана Саммитіне қатынасқанын мақтан етеді.
Данило ТЮРК, Словения Президенті:
– Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы және Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке рөлін ерекше атап өтпекпін. Бұл ел өзінің төрағалығы барысында барлық басымдықтарға мән берді және Ұйымның жұмыстары үздіксіз жалғаса беретіндігін қамтамасыз етті. Соның нәтижесінде ЕҚЫҰ-ның күн тәртібін кеңейтуге мүмкіндік туды. Біз алғашқы күні-ақ Қазақстанның осы Ұйымға төрағалығын қолдаған едік. Қазақстан сол үдеден шыға білді.
Әзірлеген Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.