Медицина • 27 Қаңтар, 2017

«Вираж» көліктері эстафета алауын тасымалдайды

6548 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Алматыда өтетін XXVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиаданың салтанатты ашылу рәсімі 29 қаңтарда «Алматы Арена» спорт кешенінде өтеді. Осынау әлем көз тіккен айтулы доданың эста­фе­талық алауы 25 қаңтарда Астанадағы Н.Назарбаев Универ­ситетте тұтанып, енді еліміздің барлық өңірін аралап шығады.

«Вираж» көліктері эстафета алауын тасымалдайды

Дүниежүзілік қысқы Универсиада додасы эстафеталық алаудың жағылуымен басталады.  Астана қаласында жағылған алау еліміздің 14 облысын аралап, 29 қаңтарда Алматыға жеткізіледі.

Қысқы Универсиаданың эста­феталық алауын ары-бері тасы­малдауға еліміздегі іргелі автохолдинг саналатын «Вираж» авто­салоны арнайы көлік бөлді. Әр өңірге жеткізілетін эстафета алауы­ның ресми автотасымалдау­шысы болып танылған «Вираж» автохолдингі облыс орталық­тары­на жеткізуге 60 көлік бөлді.

Былтырғы жылдың желтоқ­сан айында «Универсиада-2017» дирек­циясының басшысы Наиль Нуров пен «Вираж» автохолдингінің бас директоры Владимир Котельников ар­найы меморандумға қол қойып, «Вираж» компаниясы Универ­сиада­ның ресми автотасымалдаушысы болып танылды.

Келісімшарт жасасқанда «Универ­сиада-2017» дирекция­сының басшысы Наиль Нуров былай деген еді: «Еліміздегі ең ірі автохолдинг саналатын «Вираж» компаниясымен әріп­тестік орнатқанымызға қуаныш­тымыз. Аталған автокомпания­ның басшылығы заманауи үлгідегі автокөліктерін беріп, Универ­сиада додасы кезінде тасымалдау жағынан көмек көрсетеді».

«Вираж» автосалонының қоғамдық көлік­тері Универсиадаға қатысушы сту­дент-спортшыларды, арнайы келген турис­­терді, студенттер сайысын тамаша­лауға кел­ген қонақтарды тасымалдайтын болады.

«Вираж» автокомпаниясының бас директоры Владимир Котель­ников Универсиада ойындарын өткізу дирек­ция­сының автотасымалдау шаруасын «Виражға» сеніп тапсырғаны үшін алғыс­­тарын білдірген болатын. «Біздің елі­міз­де осындай айтулы доданың ұйым­дас­тырылуы да зор мәртебе. Қысқы Уни­вер­сиада ойындары кезінде спортшы­лар мен қала қонақтарын тасымалдап, елі­міз­дегі маңызды додаға қолдау көрсе­те­тінімізге мақтанамыз», деген-ді Владимир Котельников.

XXVIII қысқы Универсиада ойын­дарының эстафеталық алау­ын ұстап жүру, қала көшелері­мен шерулету де үлкен ­мереке. «Универсиада-2017» дирек­ция­сы­ның басшысы Наиль Нуров алауды ұстап жүрушілерді таң­дауда көбіне жастарға сенім артыл­­ғанын айтады.

«Халықаралық масштабтағы дода болғандықтан қысқы Уни­вер­сиаданың алауын еліміздің әр өңірінде алып жүру шарасы да жоғары деңгейде өткізілуі тиіс. Студенттер сайысы болғандықтан әр өңірде эстафеталық алауды алып жүру құрметіне негізінен жастар таңдап алынды. Ең алдымен жоғары оқу орнында оқу үзідігі атанып, өзгелерге үлгі бола білген студенттер, спортшы­лар, жас ғалымдар, өнер, мәдениет, руханият, экономика секілді сала­лар­­да талантымен тәнті еткен жас­тар да Универсиада алауын ұс­тап жүру құрметіне ие болады», дейді «Универсиада-2017» дирек­циясының басшысы Наиль Нуров.

Астана қаласында тұтанатын Уни­вер­сиада алауы Алматы қала­сы­на жеткенге дейін 22 500 шақы­рым жол жүреді. 22 500 ша­қы­рым­ның ішінде 200 ша­қы­­ры­мын­да эстафеталық алауды ұс­тау­­­шылар қала көшелерімен жүріп өтеді.

XXVIII қысқы Универсиада ойын­дары­ның және Эстафеталық алауды алып жүру шарасының ресми автотасымалдаушы деп танылған «Вираж» автосалоны 14 облысқа 60 қоғамдық көлігін бөлді. Елімізде 17 дилерлік орта­лығы бар «Вираж» холдингі бөл­ген ГАЗ авто­көліктеріне Уни­­вер­сиада ойындары бедерленген қағаздар жапсырылып, безендіріледі. Қоғамдық көлік­тердің Универсиада ойындарында спортшылар мен қонақтарды тасы­малдайтыны сонадайдан айқындалады.

«Вираж» автохолдингінің Алматы қаласындағы филиалы да қысқы Уни­версиада ойындарына бөлген көліктерінің сақадай-сай екенін айтады. Алматыға келген студент-спортшыларды, төрешілерді, қала қонақтарын тасымалдауға арнайы жабдықталған 95 «ГАЗель Next Citiline» маркалы автобус­тар бөлінді. 2015 жылы құрастырылған автобустар қала көшелерінде жүруге өте ыңғайлы, қалааралық қатынас кезінде де адам­дарға ыңғайлы болады дейді «Вираж» автохолдингінің мамандары. Қысқы Универсиада ойындары кезінде тәулік бойы тоқтаусыз жүретін «Вираждың» арнайы бөлінген автобустары сайысқа қатысушыларды діттеген жеріне межелі уақытта жеткізеді.

Қысқы Универсиада ойын­дары­ның ресми автотасымалдау­шысы «Вираж» автохолдингі еліміздегі автомобль нарығындағы іргелі ұжым саналады. ГАЗ брен­дімен арнайы техника да құрас­тырып, сату арқылы ел экономикасына елеулі үлесін қосып келеді.

2006 жылдан бері қарай автохолдинг автомобиль өндірісіне орасан үлесін қосып келеді. «Вираж» автохолдингінің жоғары технологиямен құрастырылған жеңіл, арнайы көліктер, автобустары үлкен сұранысқа ие. Мәселен, ГАЗ маркалы автокөліктерінен өзге «ГАЗель Next Citiline» маркалы шағын автобустарына да қызы­ғу­шылардың саны артып келеді.

Универсиада ойындары кезінде қала қонақтары мен сайысқа қаты­су­шыларды тасымалдайтын және эстафеталық алауды әр қалаға жеткізетін автошеруде жүретін «ГАЗель Next Citiline» маркалы кө­лі­гіне де сұраныс артатыны белгілі.

Эстафета алауын Астана қаласынан бастап алып жүріп, 14 облыс орталығын аралап, соңынан Алматы қаласына жеткізу шаруасы да оңай емес. Қазір қыстың көзі қырау. Солтүстік, шығыс, батыс облыстарда, тіпті Астана маңында да қақаған аяз қысып, қасат қар адымыңды аштырмайды. Міне, осындай аязды күндері эстафета алауын алып жүрушілердің тоңып қалмауы үшін «Вираж» автокөліктерінде барлық жағдай жасалған екен.

Эстафеталық алауды алып жүруші­лер­ден өзге екі апта бойы Алматы қаласында студент-спортшыларды, бапкерлерді, медицина мамандарын Атлеттер қалашығынан, қонақүйлерден спорттық сайыстар өтетін жерге жеткізу де «Вираж» автобустары пайдаланылады. Еліміздің ғана емес, әлемнің әр қиырынан келген бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін жарыс өтетін спорттық кешендерден баспасөз орталығына, Атлеттер ауылына тасымалдау да «Вираж» автохолдингіне тапсырылды. Автохолдинг Алматыда өтетін қысқы Универсиада үшін арнайы жабдықтап, 98 автобус бөлді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей ХХVІІІ қысқы Универсиада ойындарының жоғары деңгейде ұйымдастырылып, әлем тамсанатындай өтуі үшін әркім де өз үлесін қосуы керек.

Нұрдан КӨШІМ

АЛМАТЫ