Еліміздің қуатты мемлекетке айналғандығының жарқын көрінісі болуы тиіс
Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен кеше онлайн режімінде өткен селекторлық кеңесте 21 желтоқсанда Елбасының қатысуымен тұсаукесері өтетін индустриялық жобалардың жай-жапсары тағы бір пысықталды.
Осы мәселе бойынша Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевтің айтуынша, үстіміздегі жылдың екінші жартыжылдығында жалпы құны 400 миллиард теңгені қамтитын 80 инвестициялық жобаның іске қосылуы көзделеді. Ал биылғы жылы пайдалануға берілетін 150-ден астам инвестициялық жобаларға салынған инвестициялық қаржы 805 миллиард теңгені құрап отыр.
Селекторлық кеңесте осы жобалардың орындалу барысы жайында Индустрия және жаңа технологиялар министрінің орынбасары Альберт Рау баяндады. Оның айтуынша, 21 желтоқсан күні еліміздің индустрияландыру картасына енгізілген 80 жоба Елбасының қатысуымен таныстырылатын болады. Сондай-ақ, осы күні «Қазақстан» концерт залында «Алтын сапа» аталымы бойынша Қазақстанның үздік тауарына арналған Президенттің арнайы сыйлығын және әлеуметтік жауапкершілік бойынша берілетін «Парыз» сыйлығын тағайындау шаралары өтеді.
Жоғарыдағы 80 жоба іске қосылған жағдайда елімізде 11,5 мың тұрақты жұмыс орны ашылады. Ал үстіміздегі жылы іске қосылатын жалпы жобалар негізінде 24 мың жұмыс орны құрылуы тиіс.
Мұнан кейін Үкімет басшысы әрбір сала және өңір бойынша іске қосылатын индустриялық жобалардың орындалу барысымен танысты. Осы ретте Мұнай және газ вице-министрі Ләззат Қиынов Атырауда газ-химия кешенін салу жұмыстары барысымен және «Бейнеу-Бозой» газ құбырының құрылысын бастау шараларымен таныстырып өтті. Оның айтуы бойынша, «Бейнеу-Бозой» газ құбырының алғашқы тасын қалау 21 желтоқсанға жоспарланып отыр.
Селекторлық кеңесте сөз алған салалар мен өңірлер басшылары іске қосылатын индустриялық жобаларға қатысты әзірліктің ойдағыдай екендігін жеткізді.
Аталған мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов 21 желтоқсанда өтетін жобаларды таныстыру шаралары Елбасының қатысуымен өтетіндіктен бұл шараға әзірлікке өте мұқият жағдайда зор жауапкершілікпен келуі қажеттігін тағы бір ескертті. Премьер-Министр осы мәселелерді үйлестіруді Әсет Исекешевке жүктеді.
Кәрім Мәсімовтің айтуынша, мұндай жобаларды іске қосу келесі жылы тағы да жалғастырылатын болады. Ел тарихында келер жылдың маңызы ерекше. Өйткені, дәл осы жылы тәуелсіздіктің 20 жылдығы атап өтілмек. Осыған орай аталған жылдың еншісіндегі жобалардың жайын қазірден бастап мұқият қолға алған жөн.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша еліміздегі инновациялық үдерістерді дамытуды негіздейтін арнайы бағдарламаның жобасы қаралды. Бұл бағдарламаның жалпы құны 59,5 миллиард теңгені қамтиды. Бағдарламада негізінен отандық ғылымды өндірісті өркендету жолына терең тарта отырып, әлемдік деңгейде алдыңғы қатарлы жоғарғы технологияларды Қазақстан жағдайында қолдану мәселесі қарастырылады.
Жоба ғылымды көбірек қажет ететіндіктен оның орындау барысында шетелдік алдыңғы қатарлы ғылыми-зерттеу институттарын қатыстыру көзделіп отыр. Сондай-ақ, бұл жобаны әзірлеу барысына да осындай ілгері істерді жүзеге асыру тәжірибесі бар білікті шетелдік ғалымдар тартылған екен.
Жоба бойынша өндіріске қызмет ететін отандық кәсіпорындарды қолдау мақсатында инновациялық гранттар қарастырылып отыр. Елімізде қазірдің өзінде бұл гранттарға деген ұмтылыс күшейіп, 400-ге тарта өтініштер келіп түскен екен.
Осы бағдарлама жобасын талқылау барысында бірқатар ұсыныс-пікірлер де айтылды. Қарағанды облысының әкімі Серік Ахметов осыған дейінгі қалыптасқан тәжірибеге сүйене отырып, инновациялық гранттарға қаржы бөлу мәселесінде кешіктірушілікке жол бермеу қажеттігін еске салса, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев инновациялық бағдарламаны іске асыру барысында бәрін жаңадан, яғни құрғақ жерден бастамай елімізде осы уақытқа дейін қалыптасқан технопарктер мен ғылыми ұйымдардың әлеуетін мейлінше толық пайдалану жөн болатындығын атап көрсетті. Әкімнің айтуынша, Шығыс Қазақстанда осы уақытқа дейін жақсы жұмыс істеп көзге түскен «Алтай» технопаркі бар. Оны жаңа бағдарламаға енгізсе жөн болар еді. Сондай-ақ Өскеменде орналасқан «Металлургиялық орталықтың» әлеуетін осындай істерде неге дұрыс пайдаланбасқа?!
Осы мәселе бойынша пікірін білдірген Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев бұл жаңа бағдарламаның, осы уақытқа дейін жұмыс істеп жатқан индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының жетістіктері мен мүмкіндіктерін ескере отырып әзірленгендігін, онда кадр мәселесіне де көп маңыз берілгендігін айтты. Осы ретте ол қазіргі уақытта қағидаға айналып отырған «ғылымды құрып, ілгері жылжытқан ғана емес, сонымен қатар оны рыноктан тез тауып, тиісті мақсатқа пайдалана білген ұтады» деген сөзді еске салды.
Бағдарлама жобасы бойынша сөз алған Халибертон компаниясының өкілі А.Алтаев Қазақстанда кадр мәселесін шешу арқылы шетелдік мамандардың орнын ауыстыруға болатындығын айтты. Жобаға отандық ғалымдар мен мамандарды пайдаланудың бір артықшылығы сонда, әлемде мұнай өндіру мәселесі мен технологиясы әр елдің өзіндік табиғи ерекшеліктеріне байланысты дамытылып та отырады. Мәселен, әлемнің басқа жерлеріне қарағанда, Каспийде мұнай өндірудің өзіндік ерекшеліктері бар. Отандық кадрларды әзірлеген тұста міне, осындай Қазақстанның өзіндік табиғи ерекшеліктеріне мән берген орынды болып табылады.
Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов жуықта елімізде «Ғылым туралы» заң қабылданатындығын еске салды. Сондай-ақ, салалық ғылым бағдарламасы әзірленуде. Қазақстандық ғылыми кадрларды әзірлеу ісі осылардың аясында кең талқылаудан өткізілген болатын.
Сонымен іске қосылатын жаңа бағдарлама жобасын талқылау барысында оның жағымды жақтары, еліміз үшін маңызы атап өтілді. Жоба негізінен мақұлданып, қабылданды.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ