07 Желтоқсан, 2010

Ұйым қайта дәуірлеуінің жұлдызды сәті

579 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Тарих көшінде ғасырда бір келетін тарихи оқиғалар болады. Қа­зақстан өз тәуелсіздігін алған ал­ғашқы жылдары-ақ саясат кө­шінде Азия көгінде жұлдыздай жар­қырап әлемдегі үш беделді ұйымның біреуіне – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық жасап, 2010 жылы елордасы – Астанада Сам­мит өткізгені айрықша оқиға бол­ды. Әлемнің назарын ауда­рып, Батыстың алпауыт елде­рінің өкіл­деріне жас аста­на­сын көз­бен көрсетіп, таныс­тырды. Бү­гінгі оқиға – ертеңгі тарих десек, сол тарихтың ортасында болып, Қазақстан Парламенті­нің атынан қатыс­қанымды өзі­ме ғана емес, менің әріптестеріме көрсетілген ықы­лас, мәртебе деп білемін. Астана Саммиті Қазақстан­ның, соның жоғары деңгейде өту­­ін тілеген қазақстандықтар­дың мәртебесі болды. Ең әуелі барша адамзат баласы бақытты болғысы келеді. Өмір бойы соған ұмты­ла­ды. Өз ойымша: жалғыз адам жеке-дара, қарақан басының қамы­мен бақытқа жетуі екіталай. Әуе­лі отбасының игілігіне, одан кейін жора-жолдасының мүддесі­не, содан барып ел-жұртының қам-қарекетіне басын тігіп, бейнет кешеді, күш жұмсайды. Өзінен ар­ты­лып қоғамына ықыласын төгіп, бейнетін бұйыртады. Сон­да ғана азамат кемелді, сондай азаматтар құраған ел – кемелді ел атанады. Біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев та бағзыдан келе жат­қан адамзат жолын ұстап, жеке бас қамынан асып, елінің, ұлты­ның, қара орман қазағының қа­мын жеп, күніне жүз ойланып, мың толғанды. Алыс-жақын мемлекеттерге сапар шегіп, сол елдің басшыларымен бетпе-бет ұшыра­сып, Еуразия төрінде, қиыр сахара төсінде, достыққа берік, бейнет­ке төзімді, бауырмал, қо­нақ­жай Қазақстан деген ел бар еке­нін ұғындырды. Жарты өмірі көкті жарған ұшақтар үстінде өтіп келе жатқан Елбасы мемлекетшілдігімен көрінді. Ат үстінен түспей жүріп, ауыздының сөзін қа­ғып алып, азулының меселін қайтарып, елінің ертеңі үшін өр­кениет көшіне өз үнімен, өз дәс­түрімен қосылту жолына басын тігіп, соның қамын жеді, ел мүм­кіндігін еселей арттырды. Міне, он бір жылдан кейін кәрі континент – Еуропа мен Америка және Азия құрлығының лидерлерінің басын Астанада қосып, алпауыт елдер көшбасшылары дөңгелек үстел басында пікірсайыс өткізді. Ол Астана Саммиті деп аталып, онда тарихи декларация қабылданды. Енді осы Саммит бізге не берді дегенге келсек. Ең алдымен айтарым, Нұр­сұл­тан Назарбаев осы Саммит ар­қылы Қазақстанды әлемге әй­гі­леді. Оған қатысқан жетпістен астам елдің өкілдері өмір сүру дең­гейімізді көзбен көрді. Инвес­ти­ция­лық климаттың қолай­лылы­ғын, тұрақты даму үстінде екендігімізді байқады. Қазақстан ЕҚЫҰ ұстанған үш өлшем – қауіпсіздік, саяси-экономикалық және гума­ни­тарлық бағыттарда келе жат­қа­нын байқады. Саммитке қаты­су­шылар «Қазақстан – сенімді әріп­тес» деген ұстаныммен аттанды. Баяғыда қытай лидерлері айт­қан «Бір ел – екі жүйе» деген акс­иоманың шең­берін кеңей­тіп, «Әр ел – көпқырлы жүйе» деген фило­со­фия­лық ұғым қа­лып­тас­­тырды. Біріншіден, сенім. Елу жыл­да ел жаңа, жүз жыл­да – қазан, бүгінгідей үде­рі­сі мол, үрдісі өз­ге­ріп жатқан заманда бір-бірі­мізге сеніммен қаралық, сене білейік деген келісімге қол қойды. Екіншіден, дәстүр. Өрке­ниет­­­тің ХХI ға­сырға түзілген ұлы кө­шін­де бір­­қа­лып­ты, бірыңғай қа­лып­тан шық­қан­дай болмай, әр­кім өз дәстүрімен, өз өне­гесімен қосыл­ғаны жөн, әртекті­ліктің өзі адамзат тағылымының басты қа­ғи­дасы, ұлт – ұлт болып қа­луы үшін ата дәстүрінен та­банын ажы­ратып алмағаны дұ­рыс. Қа­зақ халқының сан ғасыр­лық қонақжайлылық, ырыс-не­сі­белік, жақсыға бейімділік қасиет­тері жойылмайды деген сөз. Үшіншіден, ашықтық. Мүйізі қа­ғылғанша сүзісетін текетірестен гөрі бітімшілдік, келісім­паз­дық, жү­­рек жылуына көбірек жол аш­сақ қана дегеніміз болады, ниетіміз орындалады деген ойды бе­кіте түс­ті. Боламын деген елдің бе­рік бай­ламы осы болуға тиісті дер едік. Төртінші – төзімділік. Дүние­де не қилы нәубетті, аштықты, тәркілеуді, соғысты бастан кешкен, соның бәріне төзе білген, тө­зіп қана қоймай, сол сұмдық­тар­дан өзінің ұлттық кескін-келбетін, дәстүрін, болмысын жойып алмаған ұлт – қазақ ұлты. Қара орман қазақтың ең басты мінезі – төзімділігі. Төзімділік филосо­фия­сын көтере ұстап, ұлттың ба­ғыт ұстар межесіне жеткізер қа­сиет екені осы Саммитте айы­рықша айтылды. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төр­аға­лық еткен жұлдызды жылы біз­дерге осы төрт сөздің төңіре­гін­де-ақ келешекке табан тай­дыр­мас көпір орнатқандай елестетті, жүрегімізге тоқтық, шүкіршілік се­зімін ұялатты. Әлем мойын­да­ған ел болдық. Сол жайында Сам­­митте сөйлеген сөзінде Қа­зақ­стан Республикасының Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз әлемнің демократия ешқашан бол­маған елінде оны қалып­тас­тырып отырмыз. Барлық 140 этностың және 46 конфессияның төзімділігі, татулығы мен келісімі Қазақстан қоғамының берік іргетасы болды», – деді. Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төраға­лық етуде жеткен басты жеңісіміз ежелгі алпауыт елдер енді бізбен санасатын болады. Он бір жыл­дан бері өтпеген Саммит өткіздік. Оны Елбасымыз: «Біз ұйымды дағдарыстан шығару міндетін алға қойған едік... Біздің күш-жі­гері­мізді әріптестеріміз лайықты баға­лайды» деп сенемін», – деп қо­рытты Саммитте сөйлеген сөзін. Саммиттің он бір жылдық үзілістен кейінгі басқосуын бізде өткізуге Италияның Палермо қа­ласындағы күзгі сессияда ЕҚЫҰ Парламенттік Ас­сам­блея­­сының мүшелері үлкен сеніммен мақұл­даған болатын. Сол бас­қосуға мен де қа­тыс­қан едім, қазақ­стан­дық делегация сенім арқалап қайтқан еді. Міне, бүгін сол сенімнен шы­ғып, әлем ал­дын­да үлкен абырой­мен төрағалық тізгінін енді бірнеше аптадан соң Литва мемлекетіне тапсырғалы отырмыз. Астана Саммитіне оның мү­ше­лері ғана емес, әріптес елдер­дің басшылары да келді. Қо­нақ­тарды Нұрсұлтан Назарбаев өзі бір сағаттан астам тікесінен тік тұрып есік алдында қарсы алды. Оған қатысқан мемлекет басшы­лары мен қатардағы өкілдердің бәріне бірқалыпты ықы­­лас таны­тып, жы­лы пікір білдірді. Нұр­сұлтан Әбішұлы Саммитті беташар сөзбен ашып, бірінші сес­сияға өзі төрағалық жасады. Саммитке қатыс­қан­дардың бар­лығы дер­лік сөз алып, өз ой­ларын ашық айтты, әсіресе, АҚШ-тың Мем­лекеттік хатшысы Хиллари Клин­­тон Қырғызстанда орын ал­ған мемлекеттік төңкеріс кезінде Қазақстанның өте шебер дипломатия танытып, елде азамат со­ғы­сының орын алмауына бірден-бір ықпал еткендігін атап өтсе, ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо: «ЕҚЫҰ-ның тиімді жұмыс істеуі сіз­дер­дің бірлесе қабылдаған шешім­деріңізге тәуелді. Енді біз Астана Саммитінде қабылданатын құжат біздің Ұйымға жаңа леп беріп, оның нақты стратегиялық бағ­да­рын анықтар деген үміттеміз», – деген болатын. «Ауғанстан өз қауіпсіздігін өзі қамтамасыз ете алатындай дә­ре­жеге жетуге тиісті», – деп сөз бас­таған Ауғанстан Президенті Ха­мид Карзай сөз соңында әріп­тесі Нұрсұлтан Назарбаевқа Ауған­станды ЕҚЫҰ-да қаралатын мә­се­лелердің алдына шығаруға ықпал етіп, осы ел халқының ба­қуатты өмір сүру жолында жаңа­дан құрылымдау үшін қолұшын бергендігіне ризашылығын білдірді. Саммитке қатысушылар сөз­де­рінде Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы табысты өтіп жат­қан­дығын айтып, Ұйымның жо­ға­ры деңгейдегі Саммитінің он бір жылдан кейін жалғасып отыр­­ға­нына, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ның беделін көтеріп, қайта дәуірлетіп отырғанына тоқталды. Сол күні түстен кейін Елбасы 17 елдің басшыларымен екіжақ­ты кездесулер өткізіп, әр елмен өзекті мәселелер төңірегінде ой бөлісті. Ертесіне де мәртебелі меймандармен кездесулер өткізді. «Біз ЕҚЫҰ-ны Еуразия ке­ңіс­тігіндегі қауіпсіздік қоғамдас­ты­ғы ретінде дамытуды көздеп отыр­мыз. Оның іргетасы мемлекеттер арасындағы сенім мен өзара түсіністік болып табылады. Біз ортақ мақсатымыз – қауіп­сіздік пен бейбіт өмірде дамуға деген ұмтылысымызды қар­қын­ды бастадық. Бүгінде ЕҚЫҰ-да географиялық және саяси аспектіде ішкі келісім нығайып келеді. Болашақты болжаудың ең ұтым­ды әдісі – оны бүгін өзің жасау. Біз трансұлттық қауіптерге мық­ты қорғаныс қалыптастыраты­ны­мызға сенімдімін. Сөйтіп келер ұрпаққа қауіпсіз және гүлденген болашақ сыйлаймыз», – деді Пре­зидент Н.Назарбаев. Сондай-ақ ол «Бүгін біз тарихи шешім қа­былдадық. Еуропадағы қауіпсіз­дік және ынтымақтастық ұйы­мы­ның Астана Декларациясында біз ұйымның барлық өлшемдері бой­ынша қалыптар мен қағидат­тар­ды және міндеттерді орындай­тынды­ғымызды қуаттадық», – деп мәлім­деді ЕҚЫҰ Саммитінің жабылу рәсімінде сөйлеген сөзінде. Астана Саммиті ХХI ғасырда өткізіліп отырған ең алғашқы мәр­тебелі жиын деп бағалаған қа­тысушылар енді тек Қазақ­стан­ға ғана емес, жалпы Орталық Азияға басқаша көзқараспен қа­рай­тын болады. ЕҚЫҰ-ның ұс­та­нып отырған үш өлшем мен үш бағытына енді Қазақстан ұстан­ған «төрт «Т» дәстүрі қосылатын болады деп ойлаймын. Төлебек ҚОСМАМБЕТОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты.