Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы «Назарбаев университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының студенттері мен профессор-оқытушылары құрамы алдында дәріс оқыды және студенттер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап қайтарды.
Қазақстан Республикасының Президенті өзінің дәрісін маңдайалды оқу ордасының алғашқы студенттерін құттықтаудан бастады. Сондай-ақ Елбасы осы дәріске қатысып отырған аса көрнекті саясаткерлер әрі Мемлекет басшысының қадірлі достары – Герхард Шредерді, Романо Продиді, Александр Квасьневскиді, Альфред Гузенбауэрді және Марселино Агирре Орейаны таныстырып өтті. Жоғарыда аталған тұлғалардың есімдері бүкіл дүние жүзіне танымал екенін білесіздер, деді Президент. Құрметті қонақтар, мен елдеріңіз бен тұтас Еуропа Одағының Қазақстанмен арадағы қарым-қатынастарының дамуына қосқан орасан үлестеріңіз үшін зор алғыс айтамын. Бүгін осындай құрметті меймандардың біздің арамызда болуы Астананың жаңа университетінің мәртебесі мен деңгейін көрсетеді.
Мемлекет басшысы одан кейін өткен аптадағы ЕҚЫҰ-ның жоғары деңгейдегі Астана Саммитіне тоқталды. Бұл жаңа университет 2010 жылы Қазақстан ең ірі халықаралық ұйым – ЕҚЫҰ-ға төрағалықты бастаған кезде ашылды, деді Президент. Жақында ғана біздің елімізде жаһандық Саммит болып өтті. Оның жұмысына барлық құрлықтан – Еуропа мен Азиядан, Солтүстік Америка мен Австралиядан 75 делегация қатысты, біз 5 мыңнан астам шетелдік қонақтарды және 1,5 мыңнан астам қазақстандық және халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарының журналистерін қабылдадық. Астана Саммиті біздің елге ғана емес, бүкіләлемдік қоғамдастық үшін де ерекше дәуірлік ауқымдағы оқиға болды. Саммитте ЕҚЫҰ-ның Астана Декларациясы қабылданды. Бұл еуразиялық және еуроатлантикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің біртұтас және бөлінбес кеңістігіндегі жаңа кезеңнің бастауы болуы мүмкін. Астана Саммитінің табысы бұл бүкіл ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің табысы болып табылады.
Қазақстан басшысы осылай дей келіп, Саммитті ұйымшылдықпен өткізуге үлес қосқан құрылымдар басшыларына өзінің алғысын білдірді. Елбасының атап өткеніндей, Ұйымның 11 жылдан бері өтпеген жоғары деңгейдегі жиыны Азия құрлығы елдері арасында тұңғыш рет Қазақстан астанасында өтіп отыр. Бұл – тәуелсіздігін жариялаған кезден бастап, еліміздің экономикалық реформаларды табысты жүзеге асырғандығының, шетелдік инвестицияларды көптеп тарта білгендігінің, инвесторларға қолайлы жағдай туғызғандығының нәтижесі. Біз саяси-экономикалық реформаларды жүргізуде ТМД елдерінің барлығын басып оздық, деді Нұрсұлтан Назарбаев осы туралы. Біз Семей ядролық полигонын жаптық, әлемде ядролық қарусыздану бастамасын көтердік. Біз қазақ тарихында тұңғыш рет өзінің дербес мемлекет ретінде астанасын тұрғыздық.
Мемлекет басшысы дәріс оқу барысында «Назарбаев университетінің» болашағына да тоқталып өтті. Елбасының тоқталып өткеніндей, бұл жаңа университет АҚШ, Еуропа және Азиядағы әлемдік білім беру орталықтарымен интеграциялануға, ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді. Осыдан жарты жыл бұрын ашылған бұл оқу орнында болашақта 4 мыңнан астам студент білім алатын болады. Ал бүгінде бұл университеттің аудиторияларында 484 студент оқып жатыр. Студенттердің барлығы оқуға емтихан тапсыру арқылы қабылданды, өздерінің білімділік деңгейін көрсетті. Студенттердің жартысы «Алтын белгі» медалінің иегерлері, сондай-ақ республикалық және халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары. Алғашқы курсқа еліміздің барлық өңірлерінен студенттер қабылданып отыр.
Бес жыл бұрын мен Астанада жаһандық деңгейдегі жаңа университет құру туралы ұсыныс айтқан едім, деді әрі қарай Президент. Қазір озық үлгідегі оқу корпустары мен зертханалар салынды. Құрылыстың бірінші кезеңінің жалпы алаңы 122 мың шаршы метрді құрайды. Оқу орнының профессорлық және лабораториялық құрамы жасақталды. Қазақстан Премьер-Министрі жетекшілік ететін Директорлар кеңесі жұмыс істеп жатыр. Жоғары оқу орнының 2012 жылға дейінгі даму стратегиясы айқындалды. Мен біздің Астанадағы жаңа университетке әріптес болған әлемдегі жетекші ғылыми-білім беру орталықтарының жетекшілеріне алғыс айтамын. Олар Лондон, Гарвард, Дьюк, Карнеги, Висконсин-Медисон, Питсбург, Пенсильвания, Сингапур, Беркли ұлттық лабораториясы университеттері. Біздің жаңа университетті осы оқу орындарының тәжірибелерін есепке ала отырып құратын боламыз. Жаңа университет – бұл біздің біліміміздің алдыңғы шебі. Сіздер оның біртұтас тұңғыш командасысыздар.
Бұдан кейін Нұрсұлтан Назарбаев жаңа университетті құру идеясы қалай туындағаны туралы әңгімеледі. Президенттің атап өткеніндей, осыдан 5 жыл бұрын Мемлекет басшысы Қазақстанды әлемдегі бәсекелестікке қабілетті 50 елдің қатарына қосу міндетін қойды. Сол міндеттердің бірі – елдегі білім және ғылым саласына терең өзгерістер енгізу болды. Бұл 5 стратегиялық міндеттердің шешілуіне байланысты. Мемлекет басшысы осы 5 міндетке жеке-жеке тоқталды. Бірінші – Қазақстанның қарқынды дамуына қажетті озық үлгідегі біліммен қаруланған мамандарды оқыту. Осыған байланысты еліміз 1992 жылдан бастап «Болашақ» бағдарламасы бойынша жыл сайын жүздеген қазақстандық жастарды шет елдің жоғары оқу орындарында оқытуды жүзеге асыра бастады. Бүгінгі күнге дейін «Болашақ» бағдарламасымен 20 мыңнан астам жас маман дайындалды. Көптеген болашақтықтар қазіргі кезде экономиканың жауапты учаскелерінде, мемлекеттік басқару, басқа да салаларда еңбек етіп жүр. Ондаған мың қазақстандық жас ақы төлеу тәртібімен шет елдерде білім алуда.
Екінші – біздің білім жүйесі үшін ХХІ ғасырдағы жоғары оқу орындарының эталоны қажет, деді осы жөнінде Нұрсұлтан Назарбаев. Өткен жылдарда мемлекет білім жүйесінің барлық саласын дамыту үшін көптеген жұмыстар істеді. Қазір біздің алдымызда уақыттың жаңа талабына қарай білім жүйесін өзгерту міндеті тұр. Менің тапсырмам бойынша балаларды мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде толық қамтуға бағытталған «Балапан» бағдарламасы қабылданды. Біз 650-ден астам жаңа жалпы білім беру мектептерін салдық. Еліміз бойынша болашақта талантты балаларды табиғи-математикалық сабақтарды тереңдетіп оқытатын 20 интеллектуалдық мектеп құру туралы бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Қазірдің өзінде оларда талапкерлер білім алуда. Қазақстандық білім беру саласын қаржыландыру бірнеше жылдан бері еліміз ІЖӨ-сінің 4 пайызын құрайды. ЮНЕСКО-ның мәліметтері бойынша, 2009 жылы Қазақстан білімді дамыту индексі бойынша әлемдегі 129 елдің арасында бірінші орынға шықты.
Қазақстан басшысы, сондай-ақ ғылыми орталықтардың қажеттігіне де арнайы тоқталды. Елбасының атап өткеніндей, ғылыми орталықтар ғалымдар үшін ғана емес, перспективалы инновациялық салалардағы жаңа технологиялар үшін қажет. Қазіргі кездегі көптеген елдердің жоғары білім беру жүйесі жаңа технологияларға негізделген. Бұл Қазақстанның көпшілік жоо-ларына да керек. Жаңа университет инновациялық білім жағына нақты жасалған қадам болып табылады.
Төртінші – өркениетті әлемдегі білім қызметі – ол экономиканы жедел дамытудың сегменті, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мысалы, АҚШ-та оны «100 миллиардтаған бизнес» деп атайды. Ол ұлттық жалпы өнімнің 3 пайызға жуығын құрайды – бұл 7 миллиард доллар деген сөз. Австралияда білім бюджеттің кіріс деңгейі бойынша үшінші орында, тек көмір өндірісі мен туризмнен кейін тұр. Бұл ел осыдан жыл сайын 3 миллиард доллардан астам табыс табады. Ал Қазақстан осындай тәжірибені пайдалануы қажет және біздің еліміз өңірде, ТМД-да, жалпылай алғанда, Еуразияда ғылымды және білімді экспорттаудың орталығы болуы тиіс.
Қазақстан Президенті өз дәрісінде Астанадағы жаңа университетті Еуразиядағы ірі ғылыми-білім беретін орталыққа айналдыру қажеттігін де атап өтті. Мемлекет басшысының сөзіне қарағанда, маңызды ұлттық жоба ретінде танылатын бұл оқу орнын құруды Елбасының өзі жеке қадағалайтын болады. Ол Астананы дамытуға, сондай-ақ біздің еліміздің барлық салаларын дамытуға жүйелі түрде оң әсер етеді. Сондықтан да жаңа университет ерекше мәртебеге ие болады, ол арнайы заңнамалық актілерге негізделіп, іс-әрекет етпек.
Университеттің менің атымды иеленуіне тұңғыш рет келісім беріп отырмын, деді Қазақстан басшысы. Бұл оның қалыптасуына және дамуына барлық мемлекеттік құрылымдардың және жоо-лар ұжымы жетекшілерінің жауапкершілігін арттыру үшін жасалып отыр. Жаңа университеттің құрылуының барлық аспектілері Қазақстан үшін, әсіресе, біздің жастар үшін жаңа мүмкіндіктерді ашудан тұрады. Біздің ортақ міндетіміз – оны білім беру және ғылыми зерттеулер бойынша әлемдік деңгейге алып шығу.
Мемлекет басшысы бұдан соң, еліміздегі индустриялық жобалардың жүзеге асырылу барысына, оларға мемлекет тарапынан қаншалықты қаржы қарастырылғанына тоқталып, университетті бітіретін түлектерді жұмысқа орналастыру жайына тоқталды. Осыған байланысты Елбасы Үкіметке нақты тапсырмалар берді. Студенттердің ауқымды бөлігі 1 жыл базалық курста оқығаннан кейін оларды инженерлік мамандықтарға оқыту жоспарланып отыр. Өйткені, бүгінде және болашақта ел экономикасына индустриялық салаларда істейтін инженер-кадрлар аса қажет. Уақыт тез өтеді, сондықтан да Үкімет қазірдің өзінде жаңа университеттің түлектерін жұмысқа орналастыру мәселелерін шешуі тиіс. Сонымен қатар, Президент жаңа университеттің бірде-бір түлегі назардан тыс қалмайтындығын атап өтті. Бұл мәселелерді Президент Әкімшілігі бақылауда ұстайтын болады.
Мемлекет басшысы, сондай-ақ білім беруді дамытудың 2020 жылдарға дейінгі кезеңге арналған мемлекеттік бағдарламасымен де таныстырды. Жаңа бағдарламаның мақсаты – кез келген қазақстандықтың кеңейтілген жүйеде білім алуына және кәсіби біліктілігін арттыруға қолжетімділік тудыру. Бұлардан бөлек Қазақстан Президенті өз дәрісінде физика саласы бойынша жоғары энергиялық, энергия үнемдеуші технологиялық-энергетикалық зерттеу орталықтарын, жел және күн энергиясын көптеп пайдалану қажеттігіне тоқтала келіп, жаңа университетте өмір туралы ғылыми орталық құрылғандығын атады. Сонымен бірге, елімізде медицина саласын дамытудың болашағына тоқталып өтті.
Лев Гумилев айтқан Еуразия кеңістігінде мың жыл бұрын дәуірлеген пассионарлық құбылыс Қазақ жеріне қайта оралды деп білемін, деді Қазақстан басшысы студенттер алдында оқыған дәрісін қорыта келіп. Қарапайым тілмен айтқанда, мың жылда келетін бақ құсы қазақ еліне қайта қонды. Кезінде әлемдік өркениеттің ошағы ретінде дүниеге жарық жұлдыздар берген Ұлы Дала бүгінде қайта жаңғыру үстінде. Азаттықпен бірге халқымыздың рухы көтеріліп, еліміздің еркін тынысы ашылды. Қазіргі уақыт – адамзат биігін білекпен емес, біліммен бағындырудың заманы. Еліміз таяу болашақта тың идеялар тоғысқан қайнарға айналады және ғылым саласында Нобель сыйлығының лауреаттарын шығарады деп үміттенемін.
Мұндай мерейлі сәт студент қауымға күнде туа бермеуі мүмкін. Елбасының өзі келіп, білім-ғылымның тереңінен ой қаузап жатқанда рухани жаңғыруға құштар жастар жамырап қоя бермей ме? Көкейде көп сауал. Оның бәрі бір күнде қойылып үлгеруі тағы қисынсыз. Дей тұрғанмен, өзін толғантқан, келешекте таңдаған кәсібіне қатысты сауалдарын Елбасына жолдап үлгергендер де табылды.
Студенттерден алдымен Айғаным Қайырбековаға кезек тигенде ол Елбасына электр энергиясын пайдаланудың заманауи үлгілеріне қатысты сұрақ қойды. Бұл білім-ғылым үшін жақын күндерде аса маңызды мәселеге айналғалы тұр. Өйткені, әлемнің көптеген елдері, әсіресе, Еуропа тұтастай электр энергиясын алудың оңтайлы тәсілдеріне көшкелі қашан. Оны күн көзінің қуатынан, желден алу мүмкіндігі Қазақстанда да келешекте іс жүзіне асырылуы әбден мүмкін. Бұл ретте қазірдің өзінде әжептәуір тәжірибесі бар француз компаниясымен арада келісім-шарт жасалып жатқаны алға тартылды. Елбасы электр энергиясына байланысты ойларын ортаға сала келе, заманауи, әлемдік стандартқа сай білім ошағының ашылу себебінің өзі осындай озық технологияларды игеру мен меңгеруде жатқанын айтты.
Шыңғыс Ислам есімді өрен Президентке осындағы әрбір студенттің білсем деп отырған бір қызық сұрағын қойды. Ол Елбасынан осы оқу орнына түссеңіз қай кәсіпті таңдаған болар едіңіз деп сұрады. Президент кезінде инженер-металлург мамандығын оқып, тәмамдағанын, ондай жағдайда тағы да осы кәсіпті таңдайтынын айтып, техникалық мамандықтарға зәруліктің қатты сезілетінін, сондықтан жастардың осы салаға көбірек көңіл бөлуі керектігін тілге тиек етті. Елімізде әр түрлі саладағы зауыт, фабрикаларды қайта жаңғырту, тұрғызу қажет болады, солардың бәріне келешекте білікті кәсіби мамандар қажет екені белгілі.
Назарбаев университетінде Лондоннан келіп студенттерге дәріс беріп жүрген Кристин Хоффман ханым осынау оқу орнының бүгінгі таңда атқарып отырған маңызы мен рөліне тоқталды. Мұнда оқып жатқан жастардың еңбекқорлығы мен білуге құштарлығына сүйсініс білдірді. Университетке жан-жақты көмек көрсетіп отырғаны үшін Президентке алғысын білдіре келіп, соңғы ойын Саммитке қарай ойыстырды. Астананың Хельсинки, Будапешт, Лиссабон, Париж, Ыстамбұл сияқты байырғы шаһарлармен теңесіп, алға озуына, атының жайылуына Елбасының сіңірген еңбегі өлшеусіз. Мұны әлемнің әр түкпірінен келген қонақтың аузынан естіп жатырмыз. Елбасы бұл тұста Орталық Азия елдері арасында алғаш рет осындай ірі Ұйымның жиыны елордада өткенін айтып, ол тек бір адамның ғана мұң-мүддесі емес, бүкіл қазақ әлеуметінің жан-дүниесі мен жүрегін толқытқан сындарлы сәт болғанын жеткізген. Ерболат Серімбетов, Нұрсұлтан Томпиев, Юлия Нехороших, Нұрсұлтан Зиябеков қойған сауалдар да білімнің жаңа көкжиектеріне қатысты мәселелерге негізделді. Әйгерім Сансалиева Елбасына студенттер қабылдаған декларацияны табыс етті.
Назарбаев университетінде өткен лекцияның тағы бір естен кетпес парағы – оған Еуропа елдерінің бірталай бұрынғы басшылары қонақ ретінде қатысып, сөз сөйледі. Германияның экс-канцлері Герхард Шредер Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Саммитінің өте жоғары деңгейде өткендігімен құттықтап, мемлекет басшыларының бәрі Қазақстандағы саяси тұрақтылыққа жоғары баға беріп кеткенін айтты. Мұның бәрі Елбасының өлшеусіз еңбегінің арқасы екенін жеткізді. Жастардың білімі мен тәрбиесіне жаңаша талаппен қарайтын кездің келгенін алға тартты.
Италияның экс премьер-министрі Романо Проди өзінің талай жыл үкімет басшысы болып қызмет істегеніне қарамастан, ешқашан білім саласынан қол үзіп кетпегенін, өйткені, ол өзінің отыз жылға жуық өмірін осыған арнағанын айтып, Қазақстан ел мен елдің арасына орнатылған көпір іспетті деп баға берді. Мұндай ғажайып елге қызыға көз тігетінін, ал мынадай жас университет Қазақ елінің қашанда символы болып қалатынын әңгімесіне арқау етті.
Испаниялық Марселино Агирре Орейа Елбасын Саммиттің сәтті өтуімен құттықтай келіп, білім жүйесіндегі өзгерістер туралы ойларын ортаға салса, Польшаның бұрынғы президенті Александр Квасьневски осыдан он тоғыз-жиырма жыл бұрынғы ел келбетіне тоқталды. Ол Қазақстанның тәуелсіздікке дейінгі кезеңін өз көзімен көргенін айтты. Содан бергі уақытта оның адам танымастай кейіпке еніп, адамдарының да өзгеріп сала бергенін, мұндағы өмірдің қарқынынан адамзат өркениетіне ұмтылыстың аңғарылатынын жеткізді. Бір кездегі мүмкін емес нәрселер ақиқатқа айналып жатыр, деді. Саммиттен алған әсерімді айтып тауыса алмаймын деп қайырды. Оның соншалық жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына таңданыс білдірді. Мазмұны жоғары болғанын айтты. Қазақстанның саяси тұрақтылығына баға бере келе, екі жақта білім алып жатқан жастардың жай-күйін баяндады.
Австрия экс-канцлері Альфред Гузенбауэр жаңа кезеңдер кезегінің келгенін айтты. Бұл ретте ЕҚЫҰ-ның үлкен рөлін сөз етті. Экономиканы экологияға зиян келтіріп, табиғат байлығын қанау арқылы өркендетудің кезеңі өтті, білім мен ғылым шикізаттың жаңа көзі ретінде қарастырылуы керек, деді. Инновацияның айтарлықтай рөліне тоқталған ол ойын Назарбаев университетінің нақты қадамдарымен сабақтады.
-----------------------------------------
Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.
* * *
Лебіздер
Джон Уиллиамс Мбонг, «Назарбаев университеті» физика мектебінің оқытушысы (Камерун):
– Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бүгінгі дәрісімен Президенттің басшылық тұлғасынан бөлек, өз елінің болашағына, соның ішінде жастарға сенім артқан тәжірибелі ұстаз ретіндегі бейнесін көбірек байқап қалған тәріздімін. Қазіргі заманның қызу бәсекелестігі тек қана экономикалық тұрғыдан, не болмаса бір атақ-абыроймен өлшеніп, бағаланбайды. Егер осы дәрісті тыңдаған болсаңыз, бүгінгі әлемнің дамуына зор үлес қосатын «шикізат» – ол адамдардың білім деңгейі мен ғылымдағы жетістіктері деген сөз айтылды. Мен бұл айтылған пікірге толықтай қосыламын. Неге десеңіз, қазір бүкіл әлемге уақыттың жаңа талабы, бұрын-соңды болып көрмеген бір кезеңі келген тәрізді. Осыған дейін адамзат баласы экономика өнімдеріне көбірек арқа сүйеп келді. Бірақ бұл адамдар енді бұл заттарға тәуелді болмайды деген сөз емес. Менің айтпағым, яғни салыстырмалы түрде білім мен ғылымның ықпалы, соның ішінде технологиялық жаңа жетістіктердің дәурені бұрынғысынан да әлдеқайда алда болмақ. Мінеки, сол үшін де Қазақстанның жаңа уақыт талабын осындай университеттің түлектері орындайтынына мен ешқандай күмән келтірмеймін.
* * *
Налини Виталл, экономика ғылымдарының докторы (Үндістан):
– Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың дәрісі осындағы отырған адамдардың бәрін, әсіресе студенттерімізді ерекше рухтандырғаны сөзсіз. Дәріс барысында айтылған жайттар өсіп келе жатқан жастар үшін, Қазақстанның ертеңі мен болашағына еңбек етемін дейтін барлық азаматтар үшін ерекше маңызды деп ойлаймын. Бұл дәрісті басынан бастап, соңына дейін тыңдау бір бөлек те, ал оны түйсігіңмен қабылдап, маңыздылығын анықтау, сондай-ақ Президенттің не үшін бұлайша дәріс оқып жатқанын түсіну бір бөлек. Жалпы мен сырт көз ретінде Қазақстанның дамуын бағалайтын болсам, дәл Қазақстанның даму жылдамдығы сияқты елді әлі кездестірген жоқпын. Мұндай құбылыстар өте сирек кездеседі. Мен бұл бағаны Қазақстанның ең беделді университетінде сабақ беріп жатқан оқытушы ретінде ғана емес, экономика ғылымдарының докторы ретінде, яғни Қазақстанның дамуының экономикалық көрсеткіштерін бағамдау арқылы айтып отырмын. Оның үстіне мемлекет тарапынан жастардың білім алуына барлық жағдайлар жасалынып жатыр. Дәл осындай алға деген талпынысты, жеңіске деген ұмтылысты мемлекеттің өзінен де, қоғамның әрбір адамдарынан да, Назарбаев университетінің әрбір студенттерінің бойларынан байқадым. Осылардың бәрі жинақтала келе адамдардың одан сайын жақсы өмір сүрулеріне, әлем алдында анағұрлым беделді болуларына мұрындық бола алады.
* * *
Антоний Лоуней, «Назарбаев университетінің» ағылшын тілі оқытушысы (Ұлыбритания):
– Менің ойымша, ЕҚЫҰ Саммиті өте салысымен Президенттің осы университетке келіп, студенттерге арнап дәріс оқуының өзі көптеген жайтты аңғартады десем, ежелден бері қай ғасырда, қай кезде болмасын өз халқының болашағын, елінің ертеңін ойламаған мемлекет болмаған шығар. Әлем алдында Қазақстан өзінің экономикалық дамуымен де, саяси тұрақты ұстанымымен де, басқа да көптеген ерекшеліктермен де атын шығарып үлгерді. Ал енді алдағы уақытта ғалам алдындағы сол қол жеткен табысын місе тұтып қана қоймай, елді одан сайын дамыту үшін, барлық саланың алдыңғы шептерінде жүру үшін білімді, түсінігі мол, әлемдік барыс-келістен хабары бар жастар керек. Ал ол жастар, мінеки, өсіп келе жатыр, тәрбиеленіп жатыр, ең бастысы, білім алып жатыр. Қазіргі заманның білім-ғылым кеңістігі күн сайын жаңалықтарға толы. Бүгінгі ашқан жаңалығыңыз ертең ескіріп қалуы әбден мүмкін. Өйткені, қазір барлық әлем бір-бірімен жарысып жатыр. Ол жарыс додасы барлық жерде кездеседі, әсіресе білім мен ғылымда анық байқалады. Сондықтан да әлемдік үдерістен кейін қалмаудың жалғыз ғана жолы бар, ол әрине білім алу, ғылымға ден қою, сол арқылы еліңді әлемге мойындатқызу. Дәріс барысында мен бір нәрсеге көзім анық жетті. Қазақстан Президенті өз жастарына кәміл сенеді.
* * *
Айдана ТАМБАЙ, медицина факультетінің студенті:
– Астанаға Павлодар аймағынан білім қуып келген жас түлек ретінде еліміздегі ең іргелі оқу орнында оқып жатқаныма өзімді шын бақытты жандай сезінемін. Бүгін мен дәріс алып жатқан университетке ел Президентінің өзі бастап келіп, біз секілді өрімдей жастардың алдында қызықты да мазмұнды лекция оқығаны білім шаңырағының тарихына алтын әріптермен жазылып қалатын оқиға деп білемін. Елдің бүгіні мен келешегіне керек көп мағлұматқа қанықтым. Кешегі бүкіл қазақ жұртының намысын қайраған ЕҚЫҰ-ның саммиті жайында тағы да біраз өзіміз түпкі мәніне терең бойлап кете алмаған тұстарды мейлінше егжей-тегжейлі ұққандаймын.
Ал енді білім алып жатқан алтын ұямның өзіме қатты ұнайтыны соншалық, ол – халқымыздың келешегі үшін ашылған зор мүмкіндік әрі қарапайым қазақ балалары «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» дегендей, білімді тек айшылық алыс елдерден ғана іздемей, өз елінде мұқтаждықсыз білім алсын деген пейілмен жүзеге асқан өте-мөте қымбат жоба. Мұнда бізге қазір сондай айтулы оқытушылар сабақ береді. Дәріс ағылшын тілінде өтеді. Және де жастардың ойдағыдай білім алуы үшін мұнда қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Қарапайым отбасынан шыққан мен сияқты ауылдың қаракөздері «Назарбаев университетінің» негізгі бөлігін құраса деп келешекке үмітпен көз тігемін.
* * *
Жұлдыз СЕРІКОВА, халықаралық қатынастар және экономика факультетінің студенті:
– Елордада Назарбаев университеті ашылады дегенді естіген кез келген жасқа осы оқу орнына түсу арман болды. Солардың ішінде мен де әлемдік стандартқа сай шаңырақтың ішіне енгенше жүрегім алып-ұшып, Ақтөбеден жеткенше асықтым. Міне, сол арман көзді ашып-жұмғанша ерке Есілдің жағасындағы жас қалаға сән беріп тұрған білім ұясындағы студенттік өмірге ұласып, таңдаған кәсібімізге қатысты жан-жақты білім алуға талпынып жатқан жайымыз бар. Президенттің өзі келіп бірінші курс студенттеріне бұрын-соңды лекция оқуы тарихта болған ба еді? Бұл дегеніңіз – бізге көрсетілген үлкен құрмет қой. Білім ал, озық тәжірибені үйрен, алдыңғы елдердің санатына қосыл деген Елбасы үніне келешекте немен жауап береміз, бүгін Қазақ еліне қандай кәсіптер керек, қай салаға көбірек мамандар қажет, неден озықпыз, неміз тозық деп жан-жағымызда болып жатқан күнделікті тірлікке мән берсек, келешектің келбеті айқындала түседі. Елбасының сөйлеген сөзі мені осындай қияларға жетеледі. Көкейге көп нәрсе түйдім.
* * *
Нұрсұлтан ЕРКІНҰЛЫ, медицина факультетінің студенті:
– Ол кезде мен, сірә, ештеңе біле қоймайтын кішкентай шақалақпын ғой. Үш айлық қана сәбимін. Әке-шешем ырымдап Нұрсұлтан атасындай болсын деп маған осынау есімді шын ниеттерімен қойған екен. 1991 жылы Жезқазған өңірінде болған кезде Елбасы біздің отбасымызбен кездесіп, «Нұрсұлтаннан Нұрсұлтанға ізгі тілекпен» деп кітапқа қолтаңбасын қалдырыпты. Сол қолтаңбаны бүгін Президент бізге лекция оқитынын естіп әдейілеп ала келдім. Әлгінде сөз сөйлеп осыдан он тоғыз жыл бұрынғы сол оқиғаны есіне салдым. Елбасы қатты сүйсінді. «Сонда мына кітапқа қол қойғансыз, маған бата бергенсіз», дедім. «Батамен ер көгерер» деген ғой халық даналығы. Шынымен де, міне, қарамайсыз ба, елордадағы «Назарбаев университетінде» оқу бақытына ие болған менде арман жоқ.
Президентке медицина туралы сұрақ қойдым. Бізде халықаралық медициналық орталықтар қашан ашылады дедім. Оған Елбасынан толыққанды жауап алдым. Президент келер жылдан бастап осы мақсаттағы істер қолға алына бастайтынын айтты. Ең бастысы, ұзақ жасауға қатысты орталықтың жұмыс істеуі келешекте маңызды салаға айналатыны көлденең тартылды. Бірақ та ондай заманауи орталықтар ойдағыдай жұмыс істеуі үшін оларға алдағы уақытта білікті мамандар қажет болатыны тағы анық. Назарбаев университетінің не үшін ашылғандығын Елбасы осындай нақты мысалдармен түйіндеген.
* * *
Бердияр СӘУІРБАЕВ, студент:
– Астанадағы Қазақ-түрік лицейін бітірген соң, бағым жанып осы оқу орнына түстім. Қазір инженер мамандығы бойынша оқып жатырмын. Университетке келіп, Президенттің студенттердің алдында лекция оқуы ғұмыр бойы есімізде жүретін бір тарихи оқиға болып отыр. Елбасы біз үшін, Қазақстанның болашағы үшін жалпы білім мен ғылым жолына осынша көңіл бөліп, елдің өркениет бағытындағы барлық істерін тек оқу-біліммен сабақтастыруы, әсіресе, осы салаға қатысты жандарды жаппай толғантуы тиіс деп ойлаймын. Маған Нұрсұлтан Әбішұлының осы университетті бітіріп, елдегі ұлы жобаларға қатысу идеясы қатты ұнады. Демек, бұл оқу орнын бітірген бірде-бір жас тасада қалып қоймайды, ертеңгі тағдыры ескерусіз қалмайды деген сөз. Елбасының тағы бір көкейде жүрген ойды түйреп өткені қатты ұнады. Мәселен, шет елдердегі ірі компаниялар өз мамандарын қыруар қаржы жұмсап оқытып отыратын көрінеді. Ал бізде әлі күнге дейін мұндай тәжірибе жоқтың қасы. Ойланарлық жәйт пе, иә, алдағы уақытта мүйізі қарағайдай компаниялар бір жақты тірлік кешпей, елдің келешегіне мол әсері тиетін осындай ауқымды мәселелерге де қосыла атсалысуы аса маңызды екен. Бәрін айт та, бірін айт, ең бастысы, сапалы білім алу, жастық күш-жігерді ғылымның ашылмаған құпияларына арнау.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.