08 Желтоқсан, 2010

Жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әкім ТАРАЗИ: Әлемнің байлаулы көзі бір мезетте шешілгендей

582 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Қазақ жерінде, Абайдың, Мұхтар Әуе­зов­тің отанында 480-нен астам бомба жарды. Алдымен жердің бетінде, содан кейін жердің астында жарды. Деге­лең деген тау үгітіліп түсіп қалды. Ай­даһар­дың тіліндей жалаңдаған жалын сондағы ағайын­ды жапырып кетті. Бала демей, шал демей әлі күнге дейін соның құрбандығына айналып жатыр. Марқұм Рымғали Нұрғалиев деген менің досым­ның өткен жылы бас газетте жазған мақа­ласында бір әулеттен жалғыз мен қал­­дым деп жыла­ғаны да есте. Ал әулеті­нен түк қал­май, қы­ры­лып қалған­дар қаншама. Бұл жөнін­де біз айтудай айттық та, жазудай жаздық та, бірақ ешкім көңіл бөлмеді, селт етпеді. Тек биыл ғана біздің бұл қасіретімізге ортақта­сып, БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун келді. Жаны жаралы қазақ жерін аралап көрді. Содан кейін айтқан болар айтатын жеріне, осы та­қырыпта Ва­шинг­­тонда жиналыс өтті. Айтайын дегенім, осы та­жалдың аузын біздің Ел­басы­мыз жапты. Бұл Кеңес өкіметінің құла­маған кезі еді, соған қарамастан, Семей поли­гонын жабу туралы Жар­лық­қа қол қойды. Мұндай ерлікке басқа ешкімнің де батылы бармас еді. – Әкім аға, биыл қазақ үшін әрі жауапты әрі жемісті, қазақша айт­қанда, берекелі-мерекелі жыл болды ғой деп ойлаймын. Неге десеңіз, биыл Қазақстан мұсылман елдері, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, түркі тілдес, Орталық Азия мемлекеттерінің ішінен алғашқы болып ЕҚЫҰ-ға төрағалық етті. Енді, міне, осы ұйым­ның 11 жылдан бері түрлі себептермен жалғаспай келе жатқан Сам­митін елордамызда өткізіп, әлем на­за­рын Астанаға аудардық. – Иә, бүгінде Астана Саммиті бүкіл әлемнің назарында. Оны өзіміз күн­делікті көріп те, оқып та отырмыз. Қа­зақ үшін бұл – үлкен мерей. Және Астана Саммиті бізге бірер күндік қана мақтаныш емес. Бұл ойымды нақты мысалмен дәйектей кетейін. Айталық, біз әңгіме арасында Америка Құрама Штаттары деп күнде айтып жүрміз ғой. Міне, осы елде 51 штат бар, яғни бұл – 51 мемлекеттен құралып отырған ел. Алайда жұрт мықтағанда бұл елдің бірнеше штатын ғана білетін болса, ал басқасынан мүлдем хабары жоқ. Мұны айтып отырғаным, біздің осыдан 19 жыл бұрынғы халіміз сондай еді. Кеңес Одағында 16 республика болды және 16 автономиялы республика бар еді. Соның бәрін қосқанда 32 болмай ма. Міне, осы 32-нің бір-екеуін болмаса, қалғанын мына әлемде ешкім де біл­мейтұғын. Сол кезеңде қызмет бабымен шетелдерге шығып жүрген кезіміз ғой. Сонда Қазақстаннанбыз, біз қазақпыз десек, ешкім білмейтін. Тіпті мұндай ел бар ма еді деп те сұрамайтын. Бізді орыс деп ұғатын. Ендеше, бұл Сам­миттің біздің елде өтуі Жаратқан ием­нің берген сыйы деп түсінген жөн. Бү­гін­де өз алдымызға тәуелсіздік ал­ғаны­мызға 19 жыл болса да біздің елді әлем әлі де жете танып білді деп айта алмай­мын. Ал мына Саммит бүкіл әлемнің байлаулы көзін бір сәтте ашып жібергендей болды. Тіпті дүниені дүр сілкіндірді десе де болады. Иә, бұл жиынның дүние жүзіндегі беделді адамдарды, беделді елдер басшыларын Астанаға жи­науы Қазақ елінің зор табысы. Әрине, біз өз алдымызға тәуелсіздік ал­ған жылдар ішінде өзімізді-өзіміз көрсете алмаған болсақ, бұрынғы Кеңес Одағы­ның қатардағы бір республикасының деңгейінде қалып қалған болсақ (мұн­дай мемлекеттер әлі де бар) біздің елге осы үлкен қонақтар, елді аузына қарат­қан қайраткерлер келмес еді. Бұл жерде мен атын атап, түсін түстеп, пәленше-түгенше шақырса қайда қалды демей-ақ қояйын, бірақ біздің елімізге келуге бәрінің бірдей келісіп, осы жиынның Астанада өтуі Қазақ елі, қала берді барша Орталық Азия елдері үшін зор абырой болғаны анық. – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға­лық ететін тұста, яғни жыл басында Қазақстан тарапынан атқарылатын барлық шаралар Сенімге, Дәстүрге, Ашықтыққа және Төзімділікке негізделетінін Қазақстан Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев бүкіл әлемге айт­қаны белгілі. Ең бастысы, Қазақстан сол қағидадан айныған жоқ. Сол үшін де ұйымға мүше елдердің қол­дауына ие болды десек, Астана Сам­митінде сөйлеген сөзінде де Елбасы барша адамзат баласы үшін маңызы зор мәселелерге әлем назарын аударумен қатар, жиынға қатысушыларды осы жәйттердің шешімін бірігіп іздеуге жұмылдырған жоқ па?! – Оның рас. Президент осы алқалы жиында ортаға салған жәйттердің бәрі де жалпы адамзат қауымы үшін маңызы зор мәселелер десем, сол бес мәселенің екеуі Қазақстан тарапынан бұрыннан-ақ айтылып келеді (алайда дәл осындай биік деңгейде сөз болған емес). Мыса­лы, ұлтаралық татулық, дінаралық түсі­ністік деген мәселені алайық. Өзің жақ­сы білесің, біз Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін елімізде үш рет өткіздік. Дегенмен, сол жиын­дар­дың әсері дәл осы басқосудай болған жоқ (себебі, оның керегі не, дәстүрлі төрт дін жетпей ме деген сияқты сы­быр-сыбыр да болмай қалған жоқ). Ал Ас­тана Саммитінде Қазақстан Прези­денті осы мәселенің басын ашып айтты және де Қазақстанның бастамасы бо­йынша діни түсіністікке үндейтін Әлем­дік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі­нің алаңын пайдалануға ЕҚЫҰ-ның мүмкіндігінің барлығын да айтты. Бұл мәселе де жиынға қатысушылар тарапынан қолдауға ие болды. Бұл – үлкен жеңіс. Президенттің Астана Саммитінде, алқалы топтың алдында ортаға салған өзекті мәселесінің бірі – қару-жараққа байланысты десем, бұл әлемнің ең бас­ты бас ауруы болып тұрған жәйт. Мыса­лы, мен Кореяның солтүстік жағына 1971 жылы алғаш барған едім. Сонда Пхенджон деген жер бар екен, сол жерде болдым. Оны айтып тұрғаным, әлгі жерде Американың және Солтүстік Кореяның комендатуралары аптасына бір рет кездесіп, қандай заң бұзушылық болды, оған кім кінәлі деген сияқты әңгіме өткізіп тұрады екен. Сырттан барған кісі жағдайды қайдан білсін, мен ғимараттың ішін аралап, тіпті балконға да шығып, тыныстап тұр едім. Әлі күнге дейін есімде, Ли Зу деген аудар­машы қыз жүгіріп келді де: «Әшімов жолдас, бері жүріңіз», – деп кері ша­қырып әкетті. Оған: «Не болып қалды», деп едім, әлгі қыз: «Ана жақтың мергендері қарап тұр ғой, сіздің сырт кейпіңіз азиаттардың түрі. Олар сізді біздің корейлердің бірі екен деп атып тастауы да әбден мүмкін ғой», –  деп жауап берді. Сол жолы екіге бөлінген дегеннің не екенін сол елден көрдім. – Қазақ­стан ядролық қару­дан бас тартқанымен, өзіңіз айт­қан­дай, бү­гін­де қай­­сыбір елдер жанталаса қару­лануға ұм­тылып отыр. Демек, соғыс қаупі әзір сейілетін түрі жоқ десек те бола­ды. Сондықтан да Сам­митте сөйле­ген сөзінде Нұрсұлтан Назар­баев ел мен ел арасында туып жата­тын алауыз­­дықтың алдын алу­ды ойлас­тырып оты­ратын бір арна­йы ұйым құрудың жайын айтты. Қазақ елінің басшысы бұл жерде өз хал­қымен қатар, бүкіл әлемнің қамын, аман­дығын ойлап отырғандығы дә­лел­деуді қажет етпейтін шындық қой. – Кезінде Кеңес өкіметі, салыстыр­малы түрде айтқанда, басқаларға жұм­сақ­тау қарағанымен, бізді аяған жоқ. Қазақ жерінде, Абайдың, Мұхтар Әуе­зов­тің отанында 480-нен астам бомба жарды. Алдымен жердің бетінде, содан кейін жердің астында жарды. Деге­лең деген тау үгітіліп түсіп қалды. Ай­даһар­дың тіліндей жалаңдаған жалын сондағы ағайын­ды жапырып кетті. Бала демей, шал демей әлі күнге дейін соның құрбандығына айналып жатыр. Марқұм Рымғали Нұрғалиев деген менің досым­ның өткен жылы бас газетте жазған мақа­ласында бір әулеттен жалғыз мен қал­­дым деп жыла­ғаны да есте. Ал әулеті­нен түк қал­май, қы­ры­лып қалған­дар қаншама. Бұл жөнін­де біз айтудай айттық та, жазудай жаздық та, бірақ ешкім көңіл бөлмеді, селт етпеді. Тек биыл ғана біздің бұл қасіретімізге ортақта­сып, БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун келді. Жаны жаралы қазақ жерін аралап көрді. Содан кейін айтқан болар айтатын жеріне, осы тақырыпта Ва­шинг­­тонда жиналыс өтті. Айтайын дегенім, осы тажалдың аузын біздің Ел­басы­мыз жапты. Бұл Кеңес өкіметінің құламаған кезі еді, соған қарамастан, Семей поли­гонын жабу туралы Жар­лық­қа қол қойды. Мұндай ерлікке басқа ешкімнің де батылы бармас еді. – Демек, бұл Сам­мит­тің біздің елімізде өтуі де Қа­зақ елінің, Қазақстан Президентінің үлкен ерлігі емес пе. Соншама ел басшыларын ша­қырып, оларды бір мақсатқа жұ­мыл­дыру де­ге­нің расында да ерлік емей немене. – Өз алдымызға отау тігіп, дербес ел болып, тереземіз теңеліп шыққаннан кейін біз өзімізді өзіміз экономикалық жағынан көрсете алмаған болсақ, елі­міз­дің тұрмы­сын көтере алмаған бол­сақ, біз кімге керек болар едік. Халқы­мыз аш-жалаңаш болса, өздері сорлап жатқан елге сол адамдар келер ме еді. Бір ғана жәйт­ті айтайын, тұрғын үй салудан дүние жүзі бойынша біз екінші орынға шығып­пыз. Оны мен жақында Ресейдің бір газетінен оқыдым. Бірінші орында Жапония болса, екінші орында Қазақстан, үшінші орында Түркия екен. Міне, көрдіңіз бе, тұр­ғын үй салудан, өзінің азаматтарына жағдай жасаудан біз көп елден ілгері озыппыз. Әрине, Астана Саммитіне келгеннен кейін әр елдің басшылары нақты ой тол­ғаммен, яғни келелі кеңес құруға да­йын­дықпен келді ғой. Солардың бәрінің лебізі Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзімен үнде­сіп жатқанын да көзіміз көріп отырды. Тіпті осы арада жекелеген адам­дардың бір-екеуін бөле-жара атап өтсем де артық емес шығар. Айталық, БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның Қазақстан Президентінің атына айтқан шынайы пікіріне риза бол­дым. Сондай-ақ мына өзіміздің құдайы көр­шіміз Ресейдің президенті Д.Медве­дев айтқан бір астарлы пікір де көңілге қонды. – Ол нендей пікір? – Өзгені қайдам, өзіме оның бейбітшілік деп қанша айтқанмен, ол өздігі­нен келмейді, бейбітшілікті күшпен қор­ғау керек деген сыңайда айтқан ойы ұнады. – Бұл пікірдің астарын дәл қазір ақтармай-ақ қояйық. Басы ашық бір жәйт – бейбітшілік жеке бір елдің ғана шаруасы емес. Өкінішке қарай, қайсы­бір елдер осы бір ақиқатты басқаша ұға­тын сияқты. – Осы ой Саммитте де айтылды. Біз­дің ұсынысымызбен болған төзімділік туралы халықаралық жиналыстарда да айтылып жатыр. Соған қарамастан, бірін бірі, әсіресе, мұсылман елдерін ке­ке­тіп-мұқату әлі бұрынғыдан кем түсіп жатқан жоқ. Мұның санаға сіңіп бара жатқаны сондай, уахабис деген сөзді өзіміз де айтатын болдық. Иә, Уахаб деген кісінің қандай екенін білмей, сыртынан жамандай салатынымызды қайтерсің. Ал әділетіне келсек, XVIII ғасыр басында Уахаб деген кісі өмір сүрген. Ол – араб­тарды түрік империя­сының тыр­нағынан босатып алуға күш салған адам. Және сол кезде мұсыл­ман дінінде секта дегендер өте көбейіп кеткен көрінеді. Сол секталарды жою керек, тек Құранның айтқан хадистеріне бас ұруымыз керек дегенді айтыпты ол кісі. Бір сөзбен айт­қанда, ол – барша мұсыл­манның басын біріктіруге бүкіл өмірін арнаған адам. Сол адамның мұ­сылман әлеміне сіңірген еңбегінің мән-маңызына бойламастан, біз өзгелердің пікіріне жүгі­ніп, уахабис деген ұғымды таратып жібердік. Мұнымыз дұрыс емес. Ол қиянат. Сонан кейін Құранда біреудің елін біреу басып алсын деген ұғым жоқ. Құранды таза оқыған адам­ның оған көзі жетеді. Жақында ғана Құранды аударған Порохова деген кісі бас газетте Сауытбек Абдрах­мановқа сұхбат берген екен. Сонда да жақсы айтылады. Ислам діні бір адамды маған кел, ислам дінін қабылда деген үгіт жасамайды, ал басқалар мил­лиардтаған ақша жұмсап жатыр өз дініне кіргізу үшін. Нақты адамдардан естуімше, қазір өз дініне кіргізу үшін әр адамға 300 доллар қаржы беретін көрінеді. Соны біліп жатқан ешкім жоқ. Оларға кірген адамдар еш уақытта оңған емес. Осыны айқындап, түсіндіру керек. Біздің дінімізден басқа­лардың бәрі де соғысқұмар деп айтпай­мын, өйткені, діни таза адамдар, өз дініне шын берілген адамдар еш уақытта басқа елді жаулап алуды ойламайды. – Олай болса, дінаралық татулық­қа, діндер арасындағы түсіністікке үндеп қана қоймай, Астанада Әлем­дік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізуге мұрындық болып жүр­ген Қазақстан Президентінің Сам­­мит­ке қатысушыларға жер бетінде бейбітшілік салтанат құруы үшін адал да ашық конфессияаралық үн­қатысу­дың қажет екенін, бұл мәселе ЕҚЫҰ жұмысының маңызды бір бөлігі болса деген ойын айтуы әлем ты­ныштығын сақтаудың  тағы бір сара жолын көр­се­туі дегеніміз жөн болар. – Әрине. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Жұмагүл ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ.