Осы жылдың 1-2 желтоқсанында Астанада ЕҚЫҰ-ның жоғары деңгейдегі Саммиті өтті. Саммит жұмысын насихаттап, көрсету үшін Ұйымға қатысушы елдердің барлығынан дерлік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері келді. Олардың жұмыс істеуіне Қазақ ұлттық өнер университетінің ғимаратында орналасқан Баспасөз орталығы толықтай мүмкіндік туғызды.
Баспасөз орталығының жабдықталуы қазақстандық журналистердің де, шетелдік журналистердің де көңілінен шықты деп айтуымызға әбден болады. Астана Саммитінен ақпараттар таратуға Ұйымға мүше мемлекеттерден 1 300-ге жуық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері келді. Олардың жұмыс істеуі үшін бір мыңнан астам орын жабдықталыпты. Оның 400-і ноутбуктермен, ал қалған 600-і қажетті кабельді қосылғыштармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, Қазақ ұлттық өнер университеті ғимаратының бірінші және екінші қабаттарына газет-журнал редакцияларының журналистері үшін 400 дана дербес компьютер орнатылған. Бұл жұмыс орындарының барлығына, яғни екі жұмыс үстеліне бір телефон қойылған. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері осы телефондар арқылы қалааралық және халықаралық байланысқа, сондай-ақ жоғары жылдамдықтағы интернет желісіне шыға алды. Байланыстың барлық түрі тегін болды.
Баспасөз орталығындағы арнайы жабдықталған алты-жеті залдың барлығына лазерлік принтерлер, сканерлер мен көшіріп алу аппараттары орнатылған. Ал электронды ақпарат құралдарының хабар таратулары үшін жабдықталған орындардың барлығы қажетті ақпараттық-техникалық құралдармен толықтай қамтамасыз етілген. Журналистердің қысылып-қымтырылмай жұмыс істеулеріне барлық мүмкіндік қарастырылған. Оны Саммит барысында анық байқадық.
Бұлардан бөлек, баспасөз орталығында Саммит аясында делегация басшыларының, Ұйым құрылымдары жетекшілерінің сұхбаттар берулеріне арналған екі бөлме, баспасөз мәслихаттарын өткізулері үшін тағы екі зал жабдықталған. Бұл залдардың бірі – 100 орындық, екіншісі – 400 орындық. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері жұмыс істейтін залдар мен бөлмелердің барлығы тыңдағыш аппараттармен қамтамасыз етіліпті. Ал Саммит отырыстарында сөз сөйлеген мемлекеттер басшыларының, делегациялар жетекшілерінің сөздері телеэкрандар арқылы ЕҚЫҰ-ның ресми тілдері – ағылшын, француз, неміс, итальян, орыс және испан тілдеріне бірден аударылып тұрды.
Баспасөз орталығындағы залдарда орнатылған құрал-жабдықтардың, басқа да аппараттардың жоғары деңгейде жұмыс істеуін қадағалайтын, яғни техникалық қолдау көрсететін мамандар да тәулік бойы жұмыс істеді. Мысалы, алдыңдағы ноутбук немесе өзге де аппарат сыр бере қалса, техник-мамандар сол сәтте жаныңнан табылады. Осыларды көресің де – риза боласың.
Біз осы екі күн ішінде алыс-жақын шет елдерден келген журналистердің бірқатарымен танысып, әңгімелесіп көрген едік. Олардың басым көпшілігі осындай халықаралық ірі жиындарға қатысып, талай елдің дәмін татып көрген әріптестеріміз екен. Баспасөз орталығының жабдықталуы және қызмет көрсетуі жөнінде пікірлерін де білген болатынбыз. АҚШ-тың, Италияның, Германияның, Ресейдің, сондай-ақ өзіміз бір залда көршілес отырған Арменияның журналистері баспасөз орталығының жоғары деңгейде жабдықталғанына, ақпарат жіберу және ақпарат алу барысында ешқандай кідірістер болмағанына ризашылықтарын білдірді. Сондай-ақ шетелдік әріптестеріміз өздерінің талай елде болғанын, ірі халықаралық жиындардан ақпарат таратқандарын алға тарта отырып, бұқаралық ақпарат құралдары үшін дәл осындай қажетті ақпараттың құралдармен жабдықталған баспасөз орталығын кездестірмегендерін қызыға әрі риза болған ниетте айтып отырды. Біз, қазақстандық журналистер іштей мақтандық әрі риза болдық.
Тағы бір айта кететін нәрсе, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің тамақтануы дер едік. Сол үшін ғимараттың екінші және үшінші қабаттарында тамақтанатын орындар қарастырылған еді. Дастарқанда қазақтың қазы-қартасы, жал-жаясы, өзге де тағамдары молынан болды. Бұдан бөлек, шай-кофе, басқа да сусындар ішетін орындар да бар. Бұларда даяшы-волентер қыз-жігіттер зыр жүгіріп қызмет көрсетті. Бас аспаздың айтуынша, мұнда әкелінетін азық-түліктің және дайындалатын ас-тағамдардың барлығы алдын ала арнайы лабораториялық тексеруден өткізіледі.
Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін жайлы көлік түрлерімен тасымалдау жайы да жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны көрініп тұрды. Журналистер орналасқан қонақ үйлер мен баспасөз орталығы арасында әр 30 минөт сайын автобус қатынасы жүріп тұрды. Сонымен қатар, БАҚ өкілдері үшін Саммит кезінде әуежай – қонақ үйлер – баспасөз орталығы – қонақ үйлер – әуежай аралығында көлік тасымалы да ұйымдастырылған. Бұл жағынан да ешқандай кідіріс, ешқандай проблема болмады.
Баспасөз орталығының орталық бөлігінде телеарна журналистерінің Саммит кезінде жиынға қатысушылардан сұхбаттар жүргізулеріне арналған баннерлер орнатылған. Сондай-ақ ғимараттың бас кіреберісіндегі холлдың екі жағында журналистердің қажетті хабарламалар алатын ақпараттық үстел де жұмыс істеді. Оның бірі – шетелдік, екіншісі – қазақстандық БАҚ өкілдеріне арналған.
Тағы бір атап өтер нәрсе, телекомпаниялардың өздерінің қозғалмалы телестансаларын баспасөз орталығы орналасқан Қазақ ұлттық өнер университеті ғимаратының жанына орналастыруға мүмкіндік жасалғандығы. Телехабарлар тарататын әріптестеріміздің айтуынша, баспасөз орталығында тікелей эфирге шығуға және бейнекөріністер жазылған таспаларды өңдеуге де барлық жағдайлар қарастырылған. Жалпы, ЕҚЫҰ-ның жоғары деңгейдегі Саммитінен, сондай-ақ Саммит қарсаңында өткізілген Шолу конференциясынан ақпараттар, телехабарлар жөнелтуде қандай да бір проблема туындамады. Ондай сөзді өзгелерден де естімедік, өзіміз де кездестірмедік.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.