08 Желтоқсан, 2010

Отандық өнімге басты назар

566 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше Астанада «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ бастамасымен ұйымдас­тырылған Қазақстан тауар өндірушілері форумы болып өтті. Оған Вице-Премьер, Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исе­кешев, «Самұрық - Қазына» ҰӘҚ басқарма төрағасы Қайрат Келімбетов, «Атамекен одағы» Қазақстанның ұлттық экономикалық палатасы төр­алқасының төрағасы Тимур Құлыбаев, сондай-ақ бірқатар қазақстандық тауар өндірушілер қатысты. Аталмыш шарада отандық тауар өн­дірушілерге ұлттық компаниялармен жә­не даму институттарымен бірге ын­ты­мақтасып жұмыс істеудің ұзақ мерзімді форматы ұсынылды. Қор ком­паниялары жалпы сомасы 655,5 млрд. теңгеге сай тауар, қызмет, жұмыс түр­леріне 217 ұзақ мерзімді келісім- шарттар түзген болса, аталған басқосуда кө­мір, темір-бетон және радиотехни­калық құрылғыларға 108 млрд. теңгеге сай ұзақ мерзімді келісім-шарттар түзілді. Тауар, қызмет, жұмыс түрлерін сатып алудағы қазақстандық үлесті арттыру бойынша мемлекеттік саясатты жүзеге асыру арқылы қор отандық өнім өндіру­шілерді қолдауда белсенді жұмыс ат­қарып отыр. Қазіргі таңда қор құрамына кіретін 260 ұйымда сатып алу ережелеріне сай сатып алу шаралары жүргізіліп, осы жылы жалпы сатып алу көлемі 3,5 триллион теңгені құраған. Қордың сатып алу шаралары кезіндегі сапалы мониторинг пен ақпараттарды көріп отыру үшін былтыр интерактивті қазақстандық үлес мониторингі жаса­лын­са, форумда сол жобаның жалғасы іспетті қазақстандық үлесті дамытудың картасы көрсетілді. Онда қор компа­ния­ларындағы отандық тауарды алу мен ұзақ мерзімді сұраныс, сондай-ақ отан­дық өнім өндірушілердің экономиканың қай саласында жұмыс істейтіні туралы ақпараттар қамтылған. Қазір «Самұрық - Қазына» ҰӘҚ компанияларының сұраныстары мәшине жасау, химия және металлургия өнеркә­сібі, мұнай өнімдері мен электр энергия­сын өндіру салаларында көрініс тауып отыр. Жиын барысында ұлттық компаниялар келесі жылға деген өз қажеттіліктері туралы ақпараттарын, орта мерзімге арналған перспективалар төңірегіндегі жоспарларын, сонымен қатар инвести­ция­лық жобаларды жүзеге асыру аясын­дағы қажеттіліктері жайындағы ақпарат­тарымен де бөлісті. Келер жылы сатып алу шаралары 3,5 триллион теңгеден асады деп болжанса, оның ішінде 1,2 триллион теңге тауар сатып алуға бағытталмақ. Қордың ком­паниялары жыл сайын шамамен 70 мың­ға жуық тауар түрлерін сатып алса, олардың дені елімізде шығарыл­май­тын­дар екен. Осыған байланысты қор отан­дық тауар өндірушілерді кешенді қол­дау­ға бағытталған арнайы бағдарла­ма­ны жүзеге асырмақ. Ол ұлттық компа­ния­лардың қажетті сұранысына сай жа­ңа өндірісті құруға бағытталатын болады. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.