10 Желтоқсан, 2010

Елдің интеллектісін дамытудың басты векторы

441 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Күні кеше ғана Қазақстан Президенті Астанадағы Назарбаев университетінің сту­­денттері мен профессор-оқыту­шы­лары алдында дәріс оқыған болса, енді міне Мемлекет басшысы Білім беруді да­мы­тудың 2011-2020 жылдарға арналған бағ­дар­ламасын бекіту туралы Жарлығына қол қойды. Бұл құжат білім беру сала­сы­ның таяу онжылдықтағы негізгі даму ба­сымдықтарын белгілеп қана қой­май, со­ны­мен қатар еліміздің бола­шақтағы жалпы даму барысын анықтайды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Inter­national Herald Tribune басылымына берген таяудағы сұх­батында «Әлем елдері арасындағы бәсекелестікте олардың шы­ғарған өнімдері мен көрсеткен қызмет­тері ғана сараланып қоймай, со­ны­мен қатар қоғамдық құндылықтар мен білім беру жүйелерінің даму ба­ры­сы да додаға са­лы­нады. Демек, қа­зіргі заманғы экономикада басты на­зар материалдық тауарлар мен қыз­меттерге емес, елдің интел­лек­туал­ды әлеуетіне аударылады. Осыдан барып заманауи және тиімді білім беру жүйесін қолдап, оқыту арқылы жұмыс кү­шінің интеллектуалды компонентін арт­тыру – бәсекеге қабілеттіліктің негізгі шарт­тары болып айқындалады», – деп атап өтті. Жаңа бағдарламада білім берудегі бәсекеге қабілеттіліктің артуы мен адами ка­питалдың дамуына айрықша ден қой­ылған. Оның нәтижесінде экономиканың және халықтың әл-ауқатының тұрақты өсуі қамтамасыз етіледі. Бүгінде білім беруге жұмсалатын шы­ғын­дарды әлеуметтік қажеттіліктерге көз­дел­ген шығындар ретінде емес, эко­но­ми­каға салын­ған инвестициялар деп қа­был­дау қажет. Қазақстандық қоғам мемлекеттік бағ­дар­ламаның лайықты іске асырылуынан үл­кен үміт күтіп отыр. Министрлікке осы құжатты әзірлеу барысында ғалымдар мен ұстаздар, қоғамдық бірлестіктер мен үкі­мет­тік ұйымдар тарапынан көптеген ұсы­ныстар келіп түсті. Біз айтылған ой-пікір­лердің басым бөлігін бағдарламаны пы­сықтау барысында ескердік. Сондықтан да, көпшілік қауымның білім беру жүйе­сі­нің шынайы жаңартылуына артқан үміт­терінің ақталуына негіз бар. Бұл бағдарламаны білім берудің сапа­сын, мазмұнын, құрылымын, қаржы-эко­но­микалық және басқару тетіктерін жа­ңар­ту жолында іске асырылатын күрделі ша­ралар кешені деп қарастырсақ қателеспейміз. Алдағы уақытта іске асырылғалы отыр­ған шаралар легі мынадай болмақ. Әуелі білім берудегі менеджментті жетілдіру мақсатында кадрларды даярлаудың барлық деңгейінде корпоративтік басқару мен қоғамдық бақылау тетіктерінің көзі ретінде қамқоршылық кеңестері енгізіледі. Аталмыш кеңестер әрбір ұйымның даму стратегиясын анықтап, қаржы құрал­дары­ның пайдаланылуын ғана бақылап қой­май, сонымен қатар оқушылардың білім алу процесіне тікелей араласатын бо­ла­ды. 2020 жыл қарсаңында білім беру ны­сандарының 60 пайызы қамқоршылық кеңестері арқылы қоғамдық басқару жүйесіне көшеді. Бұл шара қызмет көрсету нәти­же­ле­рі­нің ашықтылығына, оқыту мен білім беруді бағалау тиімділігінің артуына, жем­қор­лық деңгейінің төмендеуіне ықпалын тигізеді. Білім беруді қаржыландыру түпкілікті өзгереді. Біз межелеп отырған мақсат –қар­жыландырудың шынайы, тиімді және түсінікті болуына қол жеткізу. Осы орайда қаражат оқушылармен ілесе «жүретін» жанбасылық қаржыландыру енгізіледі. Білім беру ұйымдарындағы жанбасы­лық қаржыландыру тұрғылықты жер, өңір бюджетінің мүмкіндігі сияқты жағдай­лар­ға қарамастан әрбір оқушыға сапа мен кө­лем стандарттары нақты белгіленген то­лық­­қанды білім алу мүмкіндігін береді. Сәй­кесінше бюджет шығындарының тиімділігі мен олардың шынайы қайтарымы артады. Шапшаң өзгеретін, жоғары техноло­гиялық бәсекелі әлемде өмір сүруге дай­ын, сапалы білім алуға ұдайы ұмтыла­тын интеллектуалды, физикалық және рухани дамыған азаматты қалыптастыру кадрлар даярлау жүйесін дамытудың басты бағ­дарына айналмақ. Әрине, бұл міндеттерге қол жеткізудің бір­ден бір жолы – педагог мәртебесін тү­бе­гейлі арттыру, оның құзыретті, мақсат­ты жұмысын қамтамасыз ету. Бағдарлама ұстаз мәртебесін арттыру жө­ніндегі ауқымды шаралардың жүзеге асы­рылуын көздейді. «Ұстаз» абыройлы атағын қайтаруды мақсат ететін жүйелі жұ­мыстар кешені жүргізілуі тиіс. Әрине бұл жұмыстар қоғам тарапынан тиісті қол­дауды және түсіністікті қажет етеді. Бағдарлама ұстаздар қауымының жал­ақы­сын сабақтаса көтеруді, жалақы төлеу­дің сараланған жүйесін енгізуді көздейді. Бұл жүйеде педагог жалақысы оның білім сапасын арттыруға қосқан үлесін анық­тай­тын санатына қарай төленеді. 2015 жыл қарсаңында педагогтардың орташа жал­ақысы экономиканың жеке секторын­дағы жалақыға жақындастырылады. Нәтиже­сінде мектептерге талантты, белсенді жас мамандардың тартылуына жол ашылады. Педагогикалық білім беру жүйесі өз алдына қомақты жаңартудан өтеді, даярлау талаптары күшейтіледі. Яғни, педа­гогикалық мамандықтарға түсетін талапкерлер үшін арнайы шығармашылық емтихандар енгізіледі. Осындай емтихандар өткізу арқылы әрбір талапкердің өзі таңдаған мамандығына деген икемі және ынтасы айқындалады. Қазақстан Республикасы Президенті­нің «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде ағылшын тілді педагогикалық кадрларды, бейіндік мектептер үшін магистрларды ны­саналы даярлау жүзеге асырылады. Елі­міздің жоғары оқу орындарында көп­тіл­ді білімі бар педагогтар, бейіндік мектептерге магистрлар қатар даярланатын болады. Ұстаздардың біліктілік деңгейі жұ­мысқа түсер алдында және педагогикалық қызметтегі үзілістен кейін тәуелсіз агенттіктерде расталатын болады. Осы тұста педагогтардың біліктілігін арттыру жүйесі де түбегейлі өзгеретінін атап кету керек. Аталмыш салада енгізілетін ваучерлік-модульдік қаржыландыру әр­бір ұстазға өз біліктілігін арттыру ор­нын, уақытын, тіпті оқу елін таңдау мүм­кіндігін береді. Мемлекеттік бағдарламаның тағы бір бағыты электронды оқыту жүйесін (e-learning) енгізу болып табылады. Білім берудегі инфокоммуникациялық технологиялардың дамуы бойынша біз осы бағыттағы көшбасылардан кемінде 10-15 жылға артта қалып отырмыз. Элек­трон­ды оқыту дегеніміз – сандық техноло­гия­ларды жаппай қолдану, мектептер «ин­тернитизациясын» шынайы және жүйелі пайдалану, оқу үрдісін автоматтандыру және педагогтардың АКТ құзыреттерін арт­тыру болып табылады. Осы оқыту ар­қылы педагогтар мен оқушылар әлемдегі үздік білім беру ресурстарына, оқыту тех­нологияларына толық қол жеткізеді. Бағдарлама шеңберінде білім берудің мектепке дейінгі деңгейден бастап, жоға­ры білім беруге дейінгі деңгейлердің барлығы дерлік жетілдіріледі. Расында, алдағы уақытта қомақты жұмыстар іске асырылғалы тұр. Біз ең алдымен қордаланған мектепке дейінгі білім беру мәселесін шешуіміз қа­жет. Бүгінде елімізде балалардың тек 41,6 пайызы ғана мектепке дейінгі білім берумен қамтылған, ал дамыған елдердегі бұл көрсеткіш 90-100 пайызды құрайды. Осы тұста, бізге 3-6 жастағы балалардың бар­лығын балалар бақшаларымен қамтама­сыз ету мақсаты қойылып отыр. Бұл көр­сеткішке тек мектепке дейінгі ұйымдар желісін кеңейткенде ғана қол жеткізеріміз хақ. Өңірлердің ерекшеліктеріне байла­нысты мектепке дейінгі ұйымдардың – жеке, отба­сылық, шағын орталықтар, ве­дом­стволық сияқты үлгілері қызмет атқаруы тиіс. Орта білім беруде 12 жылдық білім беруге толығымен көшуді жүзеге асыру, «Назарбаев интеллектуалдық мектептері­нің» желісін, бейіндік мектептерді, инклюзивті білім беру жүйесін кеңейту, ша­ғын кешенді мектептерді дамыту страте­гиясын әзірлеу және тиісінше іске асыру жоспарланып отыр. Таяу арада үш ауысымда оқу тәртібін, апаттылық және оқушы орындарының тапшылығын жою шаралары қарқынды жүргізіледі. Мектептер заманауи кабинеттермен жарақталады. Техникалық және кәсіптік, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді қамтитын кәсіптік білім беруде ұлт­тық біліктілік жүйесі құрылады. Кә­сіптік қауымдастық тарапынан маман­дар­дың біліктілігін тәуелсіз бағалауға мүмкіндік беретін кәсіптік стандарттар әзірленеді. Жоғары білім беруде де ауқымды өзгерістер орын алмақ. Біріншіден, жоғары оқу орындарын іске асырып отырған бағдарламалары мен ғылыми-зерттеу қызметтерінің көлеміне байланысты жіктеу жүйесі енгізіледі. Олар ұлттық зерттеу университеттері, ұлт­тық жоғары оқу орындары, зерттеу уни­верситеттері, университеттер, академиялар және институттар деп сара­ланатын болады. Сонымен қатар жаңа үлгідегі зерттеу университеттері іске қосылады. Олардың негізгі міндеті – жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің барлық деңгейінде ғылыми қызмет пен білім беру үрдісін біріктіру болып табылады. Екіншіден, әлемдік тәжірибеге сәйкес университеттерге автономия беріледі. Ол үшін автономия берудің ұстанымдары мен дербес қызмет етудің шарттары әзірленуі тиіс. 2015 жылдан бастап тек ұлттық жоғары оқу орындарына автономия беріле бастаса, 2018 жылдан мұндай мүмкіндік барлық жоғары оқу орнына ұсынылады. Осыған сәйкес мемлекеттік жоғары оқу орындарының ректорларын тағайын­дау тетігі де жетілдіріледі. Үшіншіден, білім беру сапасы аккредиттеу арқылы бағаланатын болады. Жо­ға­ры оқу орындары ұлттық аккредиттеумен қатар халықаралық аккредиттеуден өтеді. Ол өз кезегінде мамандарды даярлау сапасын арттырады. Жоғары білім берудің халықаралық деңгейге шығуының айғағы біздің жоо-ның шетелдік университеттер саралауына қаты­суы болмақ. Біздің кемінде екі ұлт­тық жоғары оқу орнының әлемдік рейтингтерде лайықты орнын табатынына сеніміміз мол. Осындай шаралардың нәтижесінде қа­зақ­стандық жоғары білім беру жүйесінің әлем­дік білім беру кеңістігіндегі абыройы арта түседі және біздің түлектер еңбек рыногында мойындалатын мамандарға айналады. Жаңа мемлекеттік бағдарламаны іске асыру қандай мүмкіндіктер береді? Ата-аналар қауымы балаларын мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен қамтамасыз ету, баланы үй жағдайында тәрбиелеу мәселелері бойынша кеңестер алу, сондай-ақ қашықтықтан баласының сапалы орта білім алуы мен жетістіктері туралы ақпараттық хабарлама алу мүмкіндігіне ие болады. Педагогтар қызметте өсу жүйесімен, бүкіл қызмет бойында білім алумен, оның ішінде шет елде білім алу және кәсіби құзыреттерін дамытумен қамтамасыз етіледі. Жалақы төлеудің жаңа жүйесін енгізу педагогикалық қызметкерлерді лайық­ты жал­ақымен қамтамасыз етеді. Жалпы алған­да ұстаз кәсібінің абыройы көтеріледі. Ал оқушылар өз кезегінде жалпыға бірдей сапалы білім алу, үздік білім беру ресурс­тары мен технологияларына қол жет­кізу, коммуникативтік және кәсіби құзы­реттерін дамыту мүмкіндіктеріне ие болады. Жалпы мемлекет еншісіне өз адами капиталының бәсекеге қабілеттілігінің ар­туы, халықаралық рейтингтердегі көрсет­кіш­тердің жоғарылауы, сондай-ақ қазақ­стандық білім беру жүйесі тартым­ды­лығының, экономика мен елдің интел­лектуалдық әлеуетінің тұрақты өсуі мүм­кіндіктері қамтамасыз етіледі. Мемлекеттік бағдарламада іргесі қа­ланған тетіктер жүйелі салыстырудан өт­кен. Сондықтан да оның елдің адами ка­пита­лының бәсекеге қабілеттілігін жаңа дең­гейге көтеру және Мемлекет басшы­сы­ның алға қойған мақсаттарына нақты қол жеткізу үшін негіз болатынына сеніміміз мол. Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ, Білім және ғылым министрі.