Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауында экономиканы дағдарыстан кейінгі дамуға әзірлеу мен жедел индустрияландыру, инфрақұрылымды дамыту есебінен экономиканың тұрақты өсуіне қол жеткізу міндеті тапсырылғаны белгілі. Осы орайда Жетісу жерінде айтулы жұмыстар атқарылып, еңбек өнімділігінің артуы күн тәртібіне өткір қойылып келеді. Экспорттық әлеуетті іске асыру барысындағы қолға алынған жұмыстар қатарындағы Жетіген темір жол бекеті мен еліміздің шығыс шекарасы Қорғас елді мекенін жалғастыратын шойын жол құрылысына 153,2 млрд. теңге қаржы бөлініп, ұзындығы 293 шақырым болат жолдағы құрылыс басталғалы да біраз болды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылғы тамыз айында аталған нысанда болып, құрылыс-монтаж жұмыстары басталған шойын жолмен келер жылдың желтоқсанында алғашқы пойыз қозғалысы басталатынын айтқан еді. Осылайша 2012 жылы Жетіген мен Қорғас, Қытай Халық Республикасы арасындағы темір жол қатынасы жүзеге асып, екі жақты алыс-беріске жол ашылатынына маңыз берілген болатын. Сәтін салса, еліміз алыс-жақын шетелдер мен халықаралық жүк тасымалы Достық темір жол бекеті арқылы ғана емес, Жаркент өңірі арқылы өтетін болат жол бойымен де жұртшылық арғы бетке қатынайды. Демек, жүк тасымалы жүзеге асқанда, сауда-экономикалық байланысқа толық жол ашылады.
Қазіргі кезде темір жол құрылысы белгіленген жоспарға сай жүзеге асырылып, тапсырыс беруші «Қазақстан темір жолы» АҚ өкілдері атқарылған жұмыстармен көпшілікті таныстырды. Талдықорғанға арнайы келгендер «Жетіген – Қорғас темір жол желісінде әлеуметтік мақсаттағы нысандар мен кедендік инфрақұрылым және шекаралық нысандар құрылысы» жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі жайлы жан-жақты әңгімеледі. Басқосу барысында құрылысы қарқын алған темір жол желісі өтетін өңір халқының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының да жақсаратыны анық аңғарылды.
Облыс әкімі Серік Үмбетов өткен жылғы тамызда құрылыстың басталуына қатысқан Елбасының темір жол қатынасының халықаралық маңызы, ел экономикасына қосар үлесі қомақты екенін айрықша атап айтқанына екпін берді. Темір жол өтетін аудандардағы жер бөлу мәселесі түбегейлі шешімін тауып, жергілікті атқарушы билік шойын жол салушыларға барлық қолдау көрсетілгенін еске салды.
Бұдан соң аталған жобаның техникалық-экономикалық негіздемесімен «Қазақстан темір жолы» АҚ-тың жобалау және күрделі құрылыс саласының директоры Әділша Ермұқанов таныстырды.
– Темір жол желісі Елбасының қатысуымен тұсауы кесілді. Екі елдің сауда-экономикалық байланысын нығайтатын темір жол тармағының жобасы күрделі. Тек жолға арналған жер төсемі үшін 25,5 млн. текше метр топырақ үйіп, 29 көпір, 2 жол өтпесі мен су өткізетін 300 құбыр орнатылады. Бүгінгі күні желінің бүкіл бойында құрылыс жұмыстары қарқын алып, 1500 техника мен 3000 жуық адам еңбек етуде. Жалпы сомасы 107,6 млрд. теңгенің жұмыстарына 15 мердігерлік ұйымдармен келісім-шарт жасалды. Осы мерзімде 28,1 млрд. теңгенің жұмысы атқарылғанын ортаға салған директор жобаны жүзеге асырудың алғашқы кезеңінде шекаралық және кедендік инфрақұрылымдар, тұрғынжай мен әлеуметтік сала нысандарын салу қарастырылмағандығына тоқталды.
Жетіген – Қорғас темір жолындағы пойыз қозғалысын реттеу заманауи жүйе бойынша жүзеге асырылып, шағын разъездердегі пайдалану қызметтерін барынша азайту мүмкіндігіне назар аударылыпты. Осылайша Жетіген, Шелек, Тасқарасу, Құндызды және Алтынкөл стансалары мен Жарсу және Ортақұдық разъездерінде ғана тұрғын үйлер, әлеуметтік нысан құрылысы басталмақшы.
Көпшілік назарына ұсынған техникалық-экономикалық негіздемеде көрсетілген құрылыстардың жалпы құны – 16,6 млрд. теңге. Аталған нысан құрылыстарын 2011-2012 жылдары екі бағытта жүзеге асыру жоспарланған. Алғашқы құрылыс нысанының құны – 13,6 млрд. теңге, екінші кезеңдегісінің құны – 3,0 млрд. теңге. Жұмыс қалыпты жүргізілгенде бірінші кешенді іске қосу алдағы жылдың желтоқсан айында аяқталып, ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына тарту ретінде қорытындылау жоспарланған. Сондай-ақ теміржолшылар, қызметшілер, олардың отбасыларына тұрғын үй салу міндеті алға қойылған. Алтынкөл стансасында шекаралық және кедендік, инженерлік инфрақұрылым нысандары мен кірме жолдар, газ тарту, баспана салу көзделген. Техникалық-экономикалық негіздемеде Алтынкөл стансасына Панфилов ауданының аумағы арқылы 130 шақырымдық газ құбырын тарту жұмысы қарастырылыпты. Тек шекаралық станса ғана емес, Жаркент қаласы мен Шолақай, Үлкен Шыған, Пенжім елді мекен тұрғындарын «көгілдір отынмен» қамту ойластырылғаны қуанышты жай ретінде қабылданды.
Жетіген – Қорғас темір жол желісіне 2055 адам жұмысқа тартылады деп күтіліп, Алтынкөл шекара өткеліндегі мемлекеттік қызметтердегілердің саны 430 адам болады деп болжанған. Техникалық-экономикалық негіздемеде 26 үш қабатты, 89 бір қабатты екі пәтерлі, 9 бір қабатты бір пәтерлі үйлер мен 70 орынға арналған шағын отбасылық жатақхана құрылысын салу жоспары жайлы айтылды. Әлеуметтік мақсаттағы нысандар тізімі еліміздегі қолданыстағы нормативтік құжаттар мен жергілікті әкімдіктердің ұсыныстары ескеріліп жүргізілетіні де айтылды. Пенжім ауылында 240 орынды балабақша, 600 орынды мектеп, дәрігерлік қосын, қоғамдық тамақтандыру нысандары тұрғызылады. Рахат ауылында шағын мектеп пен фельдшерлік-акушерлік қосын салу жоспарланған. Осы мәселелердің алғашқы жобалары да көрсетілді.
Осылайша болат жол бойындағы аудандарда салынатын, әсіресе Пенжім ауылында тұрғызылатын темір жол стансасының келбеті кемелденетіні арқылы жобаның маңыздылығын арттыра түсті. Елбасының нақты тапсырмасымен қолға алынған шекаралық темір жол құрылысын кезінде ашу мен пайдалануға беру өңірдегі күрделі міндет, «Қазақстан темір жолы» АҚ-тың нақты жауапкершілігі екендігіне екпін берілді.
Жаңа желі қолданысқа берілгенде Ақтау мен Алматыдан Қытайға жүк пен жолаушы тасымалы 500 шақырымға қысқарады. Шекаралық екінші темір жол өткелі көрші Қытаймен және сол арқылы әлемнің басқа елдерімен сауда-экономикалық қарым-қатынас пен жолаушылар тасымалының жаңа деңгейде болатынын тағы бір дәлелдеді.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.