Бауыржан Момышұлының соғыс психологиясы мен соғыс философиясы туралы ойларынан туған пайымдаулар
«Соғыс философиясы»... Бұл сөз тіркесінің өзінің құлаққа түрпідей тиері анық. Дегенмен де адамзат баласының тарихы бірыңғай бейбіт заман емес, керісінше, өзара қырқыс пен қақтығысқа толы болды. Әсіресе, ХХ ғасырда екі жаһандық және көптеген жергілікті атыс-шабыстармен сипатталатын қарулы қақтығыстар орын алып, олар қиратушылық күші жағынан алдыңғы кезеңдегілерден әлдеқайда асып түсті. Сөйтіп, ХХ ғасырдағы соғыстың жиілігі адамзаттың бүкіл тарихындағы орташа соғыс жиілігінен 1,5 есе артып кетті, 150 млн. адам опат болды. Мұндай жиіліктің өсуі әлемнің кескін-келбетінің түбірлі өзгеруімен сипатталады. Соғыс теориясының белгілі маманы Клаузевицтің (Германия) пікірінше, «дәуірді түсінбей, соғысты ұғынуға болмайды». ХХ ғасырға дейінгі алапаттар Й.Хейзинганың танымал тұжырымдамасына сәйкес, белгілі бір «ережеге» бағынатын адами ойындардың, «ойындық мәдениеттің» бір бөлігі болса, өткен ғасырдың әскери ұрыстары адамзатты жоюмен сипатталатын мағынасыз зұлматты білдірді. Қазіргі әлемдік тәртіптегі қақтығыстардың түбірін саяси немесе экономикалық, әлеуметтік немесе діни қайшылықтар құрайтыны айқын болмай отыр.
Баукең, Бауыржан Момышұлы да: «Мен соғыс туралы жазамын, бірақ соғысқа қарсымын», дейді. Арына дақ түсірмей өткен азаматтың әскери өнер мен соғыстың философиясына байланысты «Қанмен жазылған кітап» («Психология войны») деп аталатын шығармасы батырдың 1944 жылы Алматыға келіп, сондағы зиялы қауыммен бес күн бойы өткізген дәрісінің стенограммасы негізінде жарияланған.
Кітаптың атына заты сай. Ол соғыстың философиясы мен психологиясын тереңнен қозғайды, соғыстағы адамның орны мен оның рухани-адамгершілік құндылықтары әрбір эпизодтан аңғарылып тұрады, әскери өнердің тактикасы мен стратегиясы қысқа әрі нұсқа стильде сөз болады. Бұл шағын еңбек басынан аяғына дейін шынайы әрі өткір ойларға, ойдың тобықтай түйінін білдіретін сентенциялар мен афоризмдерге толы, олар ел аузындағы қанатты сөздерге айналып кетті. Мәтіннің жігерлілігі сондай, оқырманның қанын тасытып, жанын толқытып, кейде көзге жас келтіріп, таза да шынайы патриоттық сезіммен баурап алады. Гвардия полковнигінің терең біліміне, нәзік байқампаздығы мен сезімталдығына, сонымен бірге қатаң талап қоя білетін жауапкершілігіне еріксіз тәнті боласыз. Естуімізше, Баукеңнің осы бағыттағы туындылары Шығыс Еуропа, Орталық Америка елдерінің, тіпті Израильдің әскери оқу орындарында арнайы оқытылатын көрінеді. Біздің елімізде болса, Б. Момышұлының соғыс теориясы мен философиясы мәселесі әлі беті ашылмаған тың күйінде қалып отыр.
Адамзат ақыл-ойының тарихында бейбітшілік пен соғыс философиясының алатын өзіндік орны бар. Оның бастауында грек философиясы аталарының бірі Эфестен шыққан Гераклит тұр. Әлемдегі өзгерістер мен құбылыстарды қажеттілік пен қарама-қарсылықтардың күресі ретінде қарастырып, диалектиканың негізін қалаған ойшыл біздің тақырыбымызға қатысты мынадай мәселелерді айтады: «Соғыс жалпыға ортақ, шындық – өзара қырқыс және барлық нәрсе қажеттілік бойынша күрес арқылы пайда болады... Ол біреулерді құдай, біреулерді адам, біреулерді құл, біреулерді ерікті етті». Бұл – грек философының пікірі. Одан сәл кейінірек, б.з.д. VI-V ғғ. өмір сүрген данышпан, Қытайда соғыс туралы ғылымның негізін қалаушы Сунь Цзы былай дейді: «Жүз рет шайқасып, жүз рет жеңген – бұл жақсының жақсысы емес, жақсының жақсысы бөтен әскерді шайқаспай бағындыру». Дәл осындай пікірді стратег Баукеңнен де естиміз: «Шайқастың мұраты – оны шығынсыз жеңу, ал аз шығынмен шайқасты жеңу – өнер. Шайқаста кездейсоқтықтар болмайды, қарсыластар үшін күтпеген нәрселер болады».
Әскери өнердің теоретигі ғана емес, практигі саналатын, талай шайқастардан жеңілістің дәмін татпаған римдік даңқты қолбасшы әрі империяның негізін қалаушы Юлий Цезарьдің екі қолжазба қалдырғаны белгілі. Олар: «Галл соғысының жазбалары» және «Азамат соғысының жазбалары». Міне, осы еңбектерде қатаң дәлдікпен, барынша қарапайымдылықпен сипатталатын «таза әрі атақты ықшамдық» («келдім, көрдім, жеңдім!» – бұдан артық қалай қысқа сөйлеуге болады?) тән болды. Бұл шығармалар грамматикалық құрылысы жағынан жетілген, лексикасы жағынан өте ұшталған, сөздік эффектілердің ешқандай «киімінсіз» ашық та айқын, экспрессивті әрі лаконикалық (Лаконика – барынша аз сөйлейтін спартандардың отаны) латын прозасының тамаша үлгісі болатын. Осындай дағдыны жазушы Бауыржан Момышұлының «Қанмен жазылған кітабынан», жалпы оның бүкіл шығармашылығынан аңғаруға болады.
Әлемдік ақыл-ой тарихындағы соғыс мәселесі дегенде «барлық құндылықтарды қайта қарастырып», батыстық философияның ақ-қарасын айырып берген, «билікке деген ерік» тұжырымдамасы арқылы өмір философиясының негізін қалаған, ақиқаттың алдында қаймықпайтын неміс ойшылы Фридрих Ницше есімізге түседі. Ол өзінің «балғамен ұрғандай философиясына» қалай келді? 1870 жылы франк-прусс соғысында санитар болып жүрген 24 жастағы жігіт Эрланген маңындағы кішкентай қалалардың бірінде жаралыларға жәрдемдесудің жантүршігерлік қарбалас әрекетінен соң, күздің күнінің бүкіл әлемді қызыл шапаққа бөлеп батып бара жатқан сәтінде ол тамаша бір көріністің куәсі болады. Қала қақпасына жақын тұста оның дәл қасынан халықтық батылдық пен ойнақы тәкаппарлықтың көрінісін білдіріп, ұлы өмірлік күш пен жастық жігерге толы, көздерінен от ойнап, шайқасқа, мүмкін өлімге ұмтылған атты әскер, артынан жаяу әскер салтанатты шерумен сарт-сұрт етіп, әп-сәтте құйындатып өте шығады. Дәл сол сәтте бұл ұлы ойшыл өмірдің мәнін тіршілік үшін бейшара күрес жүргізу емес, «иә» дегенді нық айтқызатын өмірге деген жоғары ерік құрайтынын сезінеді. Алайда бұл Ницше соғысқұмар болды дегенді білдірмейді. Оның грюндерлік дәуірдегі бисмарктік империяның «табыстарын» шегіне жеткізе сынайтыны белгілі. Әңгіме бұл жерде ішкі салауаттық және күшті өмір сүруде болып тұр.
Бұл да Бауыржанның рухымен сәйкес келіп тұрған жоқ па?! Екі тұлғаның асқақтығы үндесіп, үйлесіп тұрған жоқ па?! «Сарбаз шайқасқа өлім үшін емес, өмір үшін аттанады... Өмірге құштарлық, тірі қалуды құмарлана аңсау, өлімді жеңу – өлімді өмірдің атымен бар ашуыңмен өлтіру үшін оған қарсы жүріп бетпе-бет келуге мәжбүрлейтін, адамға өлімді жеккөрінішті ететін шайқастағы ең басты қозғаушы күш. Өмір – сарбаздың туы». Соғыс ешқандай шашыраңқылықты көтермейді. «Шеру мен шайқастың арасында қандай айырмашылық бар? Нағыз шеру, әскери күштердің нағыз байқауы, олар үшін ең жан-жақты, ең қатал сынақ – шайқас. Әркімнің тағдыры, халықтың тағдыры, елдің тағдыры шешілетін бұл нағыз шеруде әдеттегіден ерекше қатаң, жинақы, мұнтаздай таза, ұқыпты әрі әдемі болу керек», – дейді ішкі тазалығымен қатар, үстіне қылау түсірмейтін, жан тазалығымен қатар, тән салауаттылығын сақтаған Баукең. Батыр адам мен адам соғысқанда, олардың әсер ету құралдары бірдей болғандықтан, оның соншалықты қорқынышты емес екендігін, ал «қорыққандарға қос көрінетінін», шайқаста адам бойындағы барлық жақсы және жаман қасиеттердің барынша айқындалатынын айтады.
«Ұлы Отан соғысының тәжірибесі жеңістің рух күші арқылы келетінін, табысқа жету әскердің моральдық-адамгершілік күшіне бағынышты болатынын тағы бір рет көрсетіп берді. Материалдық құралдар мен қазіргі заманғы техника күрестің құралдары мен материалдық базасы болып табылады. Ал негіздердің түпнегізі – бұл тірі және саналы адам». Бауыржан Момышұлының бұл ойлары бізді соғыс пен бейбітшіліктің түбірлі мәселелерін тереңінен қозғап, адамзатқа адамгершіліктің өнегесін көрсеткен орыс данышпаны Лев Толстойдың көзқарастарына қарай жетелейді. Соғыстағы, қауіп-қатер сәтіндегі, өлім алдындағы адамды білу үшін Толстой да Ницше сияқты әскерге аттанады. Кавказ бен Севастопольдегі жеке әскери тәжірибесі орыс ойының алыбына «Соғыс және бейбітшілік» атты атақты эпопеясын дүниеге әкелуге себеп болды. Лев Николаевичтің мазасын алған сұрақтар Бауыржанды да толғандырады және ол жауап табуға тырысады: «Өзін-өзі сақтау инстинкті басқаны өлтіруге мәжбүрлейді, ал бұл өзің өлгеннен анағұрлым қиын... Соғыстағы бұл кісі өлтіруді немен ақтауға болады? Неге бұл майдан даласында ерлік болады да, тылда қылмыс болады? Әңгіме мынада, соғыста адам өзін жойғысы келгенді жояды. Дұшпанның өлтіруге деген пиғылы оның қарсыласының өзіне өлтіру құқығын береді. Бұл кісі өлтіру майдан даласындағы әскери парызды орындаумен моральдық тұрғыда ақталады».
1812 жылғы Отан соғысының басталуының тарихи себептерін тізе отырып, Толстой олардың салауатты ақыл-ой тұрғысынан мән-мағынасыз екендігін айқындайды. Егер себептердің бірі – дипломаттардың қателігі болса, онда: «Меттерних, Румянцев немесе Талейран барынша тырысып, сәлемдемені сәтімен жазса, соғыс болмас па еді? Немесе герцог Ольденбургскийдің реніші ме? Герцогтің өкпелеуінің салдарынан Еуропаның бір қиырындағы мыңдаған адамдардың Смоленск мен Мәскеу губернияларындағы адамдарды қырып-жойып, ақырында өздері де өлім табуы ақылға қонбайды». Бұл тұстағы Толстойдың жауабына келсек, «миллиардтаған себептер сәйкес келіп қалады». Мұны екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты да айтуға болады.
«Отанды сүю – иманнан», деп хадисте айтылғандай, Бауыржан елім деп еңіреген ерлердің санатынан еді. «Қанмен жазылған кітаптан» мыналарды оқимыз: «Өз ұлтын құрметтеп, мақтан тұтпайтын адам сөзсіз сатқын және қаңғыбас... Ұлттық мақтаныш – ұлт өкілі тұлға үшін қасиетті және бұзылмайтын заң». Бауыржан «қазақ халқы дәл осы Ұлы Отан соғысында өзін халық ретінде әлемге танытты, аса бай тәжірибе жинап, жоғары көтерілді», дей отырып, осы ұлт өкілдерінің бұл соғыста көрсеткен ерліктерінің еленбей қалып жатқанына, тарихтың айнасынан бейнеленбей жатқанына қынжылыс білдіреді: «Сарбаздың ерлігін ұрлау – адам кейпіндегі хайуанның ең төменгі қылмысы», «Командир сарбаздың ерлігін бағалауы тиіс», «Сіздер үшін де қан төгіп, өмірін қиған жігіттердің жарқын да жалынды есімдері немқұрайдылықтың салқын желімен сөне бастады», «Батырлықты ұмыту – халықтың трагедиясы. Тарих мұны бізге кешірмейді».
«Мен осында келгелі бері өзінің жеке басының мақсаттарынан ары аса алмаған, өте майда бірқатар адамдарды кездестірдім. Олар халықтың, отанның, қоғамның, болашақтың мүдделерін мүлдем естен шығарған. Опера театрының хорында қазақтың халық әндерін орындайтын бірде-бір әншінің қалмағанын сіздер немен ақтайсыздар? Осы күнге дейін ащы әрі шешімін таппай келе жатқан сұрақтар ашық күйінде қалып отыр: халықтың жағдайын кім ойлайды, оның абыройын кім қорғайды, біз өзіміз кімбіз, біз кімненбіз, кім боламыз, біздің болашағымыз қандай? Немесе өзінің қазақ екенін және қазақ болып туылғанын ұмытқандар өте көбейіп кетті ме? Өзінің қазақ екендігінен қысылатын және өз тілінде сөйлеуден ұялатын әдет қалай пайда болды және қайдан шықты? Балалар бұзылған күйінде, е қазақ емес, е орыс емес, түсініксіз түрдегі ұғымдар мен ұстындардың тұрпайы бір араласқан күйінде, өз тамырларынан ажыраған және бөтен топыраққа сіңбеген күйінде тәрбиеленіп жатыр. Сіздер неге мұны көрмейсіздер? Әлде көргілеріңіз келмей ме?»
Тыңдаушыларын осылай ықтырып алған шешен Бауыржан дәрісін одан ары жалғастырады. Соғыстағы адамның моральдық-адамгершілік қасиеттерін рухани күштер ретінде анықтай отырып, олардың ақыл, ойлау, сезім, ерік, парыз, ар-ұят, намыс тәрізді қозғаушы күштеріне, сондай-ақ қорқыныш, күдік, салақтық пен сылбырлық, қызғаныш, батырлық, батылдық, ептілік, табандылық сияқты адами қасиеттерге кеңінен тоқталады.
Дәрісте «Арпалыс» романының авторы Александр Бекпен ынтымақтастық әрекет сөз болады, әскери тақырыпта шығарма жазудың қыры мен сыры, шындық пен жалғанның арақатынасы мәселелерін қарастырғанда Баукең әдеби сыншылық қабілетін аңғартады. Одан ары әскери ғылым мен өнердің негізгі мәселелері, тактика, стратегия, оперативті өнер, соғыс, шайқас, маневр, қоршау түсініктері сарапталады. Өз батальоны мен дивизиясының соғысқа кіріскен күннен бастапқы маңызды деген оқиғалары гвардия полковнигінің жадында бүге-шүгесіне дейін жақсы сақталған, оның бір себебі: үнемі күнделік жүргізіп отыруы.
Ол генерал Панфиловтың неміс басқыншыларына қарсы қолданған соғыс тәсілін линиялық емес, спиральдық деп анықтайды. Дарынды қолбасшы ретінде Бауыржан Момышұлы соғыстың талай әдіс-тәсілдерін көрсетті. Бірінші соғысқа кіріспес бұрын, соғыстан қашқандарды көріп туындаған өз батальонының арасындағы үрейді, немістерден қорқынышты басу үшін әрбір бөлімшеден бір адамнан алып, іріктелген отрядты жауға кенеттен шабуыл жасатып, сарбаздардың бойын үйретіп алды. Қоршауда бес рет қалып, батальонын аман алып шықты. Тіпті нақты соғыс ахуалынан туған мынадай тәсілдерге еріксіз таң қалып бас шайқайсың: Матренино деревнясын қорғап жатқан бір рота солдатқа жау көп күшпен шабуылдап қоймаған соң, Баукең оларға бытырап қашуға бұйрық береді, ал фашистер станцияны алған соң, олардың жайбарақат шағында «уралап» шабуыл жасап, 200 дұшпан сарбаздары мен офицерлерін жойып, маңызды құжаттарды қолға түсіреді. Тағы бірде өзінің батальонындағы бір ротаны неміс-фашистер қоршап, қырып жібермекші болғанда, олар атысты тоқтатып, өтірік өлген болып жатады, немістер әбден жақын келгенде өлгендер «тіріліп кетіп», 80 адам 400 адамға қарсы шабуылдап, жауды орасан шығынға ұшыратып, қоршаудан шығып кетеді. Тіпті бірде жау тылында қалып қойған Баукеңнің батальоны «олжаға» түсірген зеңбіректерімен тегіс жолмен жүру керек болғанда, түнде дұшпанның колоннасының ортасында оларға еріп те жүрген. Жанкешті тактика!
Ғылыми түрде өңделген әскери дүниетаным ретіндегі «соғыс философиясы» ауқымында зерттеуді талап ететін нәрселер Баукеңнің қызметі мен шығармашылығында жеткілікті. Соғыстың мәні мен мазмұны, оның адамға, қоғам мен мемлекетке тигізетін әсері жайында айтылған батырдың ойлары өте көп. Және бұл ойлардың астарында терең дүниетаным мен философия жатыр. Мысалы үшін, олардың кейбіреуін келтірейік. «Даналық шығармашыл ойдың мәйегінен тұрады, ол өткеннің тәжірибесін, осы шақтың салауатты талдануын және болашақты болжауды бойында қорытады». «Сынақ ер кісіні шынықтырады, қорқақты шаршатады». «Адамгершілікке шақырып ақыл үйрету кейде адамгершілікті қашырады». «Екіжүзділіктің балына тойынғанша, әділдік уының ащы дәмін татқан артық». «Барлық халықтар ұлылық пен әдемілікке қабілетті». «Құтылу қашуда емес, қорғануда және шабуылдауда». «Соғыстағы ең мықты қару – адамның жаны, ал оның оқ-дәрісі – рухани азық-түлік». «Майданда сарбаздар өз ана тілінің, туған әдебиетінің, ән-күйінің қорынан ең қарапайым, аз да болса үлесін ала алмаса, мен мұны қылмыс деп есептеймін». «Тобыр әскер емес және әскер де тобыр емес». «Ақыл бәріне берілген, ал жүрек барлығына емес». Бұл қанатты сөздерді ары қарай жалғастыра беруге болады.
Қазіргі кезеңде біздің елімізде қазақстандық патриотизмді қалыптастыру және оны әрі қарай дамыту мәселесінің айтарлықтай өткір болып тұрғаны шындық. Халықты патриоттық тұрғыда тәрбиелеуді қалыптастыру мен оны дамыта түсудің тиімді жүйесін құру бүгінгі таңда өзекті мәселеге айналды. Республика Қорғаныс министрлігінің өкілдері көпшілік алдында өз ведомствосының патриоттық тәрбие саласындағы жұмыстың тиімділігін арттыру бойынша өз жоспарларын алға тартуда. Біздің ойымызша, бұл салада да және жалпы қазіргі білім беру мен тәрбиелеуде жұмыстар нәтижелі болуы үшін осы Бауыржан Момышұлының өмірі мен шығармашылығын көбірек насихаттау аса маңызды. Өйткені болашаққа алаңдаған батырдың да «қорыққаны» бар еді: «Оттан да, оқтан да қорықпаған Бауыржан едім. Кейінгі кезде қорқынышым көбейіп барады. Балаларға бесік жырын айтатын келіндерімнің азайып бара жатқандығынан қорқам, екінші, немерелеріме ертегі айтып беретін әжелердің азайып бара жатқандығынан қорқам. Өйткені бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспегеннің көкірегі қор бола ма деп қорқам. Ал көрдің қолына балта берсең шаба салады, бақыр берсең ала салады, найза берсең сұға салады, намыстанбай бұға салады. Мен табиғатынан, тағдырынан болған соқырлықты айтып отырғам жоқ, тауып алған соқырлықты айтам. Егер ондай соқырлықтан жазылмасақ, халық болудан қаламыз ба деп қорқамын!».
Бұған біздің алып-қосарымыз жоқ. Қазақ халқының қазіргі рухани ахуалына қойылған дәл диагноз. Сондықтан Баукеңнің айтқан өсиетін, насихатын жиі еске алып, содан ауытқымауға тырысып өмірді сүре білу, оларды қастерлеп қадірлей отырып, кейінгі ұрпаққа табыстау қазақ халқының әрбір перзентінің парызы болса керек.
Әбдімәлік НЫСАНБАЕВ, ҚР ҰҒА академигі,
Бақытжан САТЕРШИНОВ, философия ғылымдарының докторы.
Алматы.