10 Желтоқсан, 2010

Медиация заңдық қолдау тапты

433 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Палатаның сәрсенбі күнгі жалпы отырысында  Мәжіліс Төрағасы, «Нұр Отан» ХДП фракциясының жетекшісі Орал Мұ­ха­меджанов сөз сөйледі. Спикер Мемлекет басшысының атынан  де­путаттарды тарихи форумның сәтті өтуіне байланысты құттықтады. Жалпы отырыста Саммитке қатысушы Мәжіліс депутаттары Ерболат   Әпсәлямовқа, Светлана Бычковаға, Әмзебек Жолшыбе­ков­ке және Төлебек Қосмам­бе­тов­ке Елбасының алғысы табыс етілді. Ал талқыланған мәселелерге келсек,  шаруа (фермер) қожа­лық­­тарының қызметі мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толық­ты­рулар енгізуге қатысты заң жо­басы екінші оқылымда қаралып, толықтай мақұлданды. Сондай-ақ жалпы отырыста «Медиация туралы» және соған жапсарлас заңдарға түзету енгізуді көз­дей­тін заң  жобалары бірінші оқылымда қаралды. Аталған заңдық құжатқа қатысты баян­да­маны Жоғарғы Сот Төрағасы Мұсабек Әлімбеков  жа­сады. Ме­диа­­цияны жалпы алғанда аза­мат­тардың азаматтық-құқықтық қа­рым-қатынастарын, кәсіпкерлікке бай­­ланысты туындайтын даулар­ды, еңбек және отбасы құқықтық қа­тынастарын, жеке мен заңды тұл­ғалар арасындағы келіспеуші­лік­терді реттеуге, ауыр емес және орташа ауыр саналатын қылмыс­тар бойын­ша өзара мәмілеге келу барысында қолдану көзделуде. Осылайша тал­қы­лаудан өткен заң­дық құжат бірінші оқылымда қол­дау тапты. Дүниежүзілік пошта одағы­ның Жарғысына Жетінші қосым­ша хаттаманы ратификациялауға қатысты  заң жобасы жөнінде  Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев баяндама жасады. Еліміз бұл одаққа мү­ше­лікке 1992 жылы қабылданғаны белгілі. Аталған хаттаманы бекіту елімізде халықаралық пошта же­лі­сінің дамуына, пошта ры­но­гын­дағы жағдайды жақсартуға игі ық­палын тигізетін болады. Сондай-ақ Асбестті пайдалану кезінде еңбекті қорғау туралы кон­венцияны (162-конвенция) ратификациялау туралы заң жобасы  депутаттар қарауына ұсынылды. Нә­ти­жесінде аталған екі заң жо­ба­сы да толықтай мақұлданды. Бұ­дан басқа Жеке тұлғалардың Кеден одағының кеден шекарасы ар­­қылы қолма-қол ақша қара­жа­тын және (немесе) ақша құрал­да­рын өткізу тәртібі туралы шартты ра­тификациялау туралы заң жоба­сы қолдау тапқанын айта кету керек. Қазақстан мен Ресей үкі­мет­те­рі арасындағы Екібастұз ГРЭС-2 үшінші блогын салу және кейіннен пайдалану туралы келісімді ра­тификациялауға қатысты заң жобасы да толықтай мақұлданып, Сенатқа жіберілді. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.