Осыдан төрт жыл бұрын Семейде «СемАз» деп аталатын жауапкершілігі шектеулі серіктектік ашылды. Оның құрылтайшысы есімі елімізге белгілі азамат Дәулет Тұрлыханов болса, бас директорлығына осындағы мықты кәсіпкерлердің бірі Әсемхан Досқожанов тағайындалған. Ал «СемАз»-ыңыз Семей автобус зауыты деген сөздің қысқартылған түрі ғой.
Сөйтіп, оңтүстік кореялықтармен бірлескен кәсіпорны келер жылдан бастап автобус шығаруға кірісіп кеткен. Жаңа кәсіпорынның жылдық қуаты 1200 автобус шығаруға қапталымен жететін. Бірақ, өкінішке қарай, қырсыққанда қымыран іриді демекші әлемдік дағдарыс салқыны бұларды да айналып өтпеген. Солайша басында жақсы басталған игі бастама біртіндеп тоқырап, ақыры тоқтап тынған. Солай дей тұрғанмен, бүгінде «СемАз»-дың автобустары Астана төрінде жүйткіп жүр. Яғни, 1997 жылы Астананың он жылдық мерекесіне орай Арқадағы сәулетті қалаға Шығыс Қазақстан облысы атынан 20 автобус сыйға жөнелтілген болатын.
Әйтеуір абырой болғанда Әсемхан Серікханұлы бастаған жергілікті іскер жігіттер осыдан кейін дағдарып, қол қусырып отырып қалмаған. Сөйтіп, Минск трактор зауытымен келісімшартқа отырып, тездетіп бизнес-жоспар жасаған. Осы келісім бойынша аталған зауыт қажетті қосалқы құрал жабдықтарды бұларға жолдаса, оны құрастырып шығаруды семейліктер өз мойнына алады. Алғашқы төрт дөңгелекті «Беларус» маркілі тракторы өткен жылдың наурыз айының соңында сапқа қойылып үлгеріледі. Ал одан кейінгі жерде айына 80-90 трактор шығарыла бастайды. Жалпы, жаңа зауыттың жылдық қуаты 1,5 мың трактор болатын. Рас, өткен жылы негізгі жұмыс сәуір айында басталғандықтан зауыт бұл межеге жете алмаған. Десе де, сол мерзім ішінде бұлардың өнімі еліміздің бірқатар аймақтарына жол тартқан. Жаңа кәсіпорынның да негізгі міндеті еліміздің ауылшаруашылығы саласын қажетті техникамен қамтамасыз ету болатын.
Өткен жылдың маусым айының екінші онкүндігінің соңында Семейге Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев келіп осындағы Ертіс өзені айрығындағы аралда ядролық сынақ құрбандарына арнап орнатылған «Өлімнен де күшті» монументі басында сан мыңдаған адам қатысқан митинг өткізіліп, Елбасымыздың алғашқы жарлықтарының бірімен Семей атом полигонының жабылған күні – 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жариялау туралы Біріккен Ұлттар Ұйымына ұсыныс жасалғаны, сол тың бастаманың ақыр соңы мәртебелі ұйым тарапынан қолдау тапқаны баршамызға мәлім. Бұл арада айтайық дегеніміз Елбасы осы сапарында жаңа кәсіпорынға атбасын тіреуге уақыт таба білген. Және өз қолымен жаңадан шыққан он тракторды Шығыс Қазақстан облысының көп балалы фермерлеріне табыстаған. Рас, олардың ішінде бір оралман да болды.
«СемАз» зауыты туралы бұрын да, одан кейін де жазғанбыз. Жуырда енді аталған кәсіпорнына кіріп шығу туралы «ҚазАгроқаржы» акционерлік қоғамының Шығыс Қазақстан облыстық бөлімшесінің директоры Тимур Сапарғаливтің тарапынан ұсыныс жасалған-ды. Сөйтсек, мұның да себебі жоқ емес екен. Яғни, бұлардың арасында тығыз байланыс бар көрінеді. Республикамыздың ауыл шаруашылығын қажетті трактормен қамтамасыз ету жөніндегі біздің жобамызға еліміздің түкпір-түкпірінен ұсыныстар көптеп түсті. Сол ұсыныстар қатаң түрде сұрыпталғанда «СемАз» зауыты талаптан шығып, жеңімпаз атанды дейді Тимур Нұрғазыұлы. Өйткені, бұлардың тракторларының двигателі қуатты көрінеді. Жалпы алғанда да сапасы жаман емес. Соның айғағындай, биылғы жылы өткізілген «Қараөткел» жәрмеңкесінде бұлардың өнімі үздік деп танылып, республика ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ең үздік отандық ауыл шаруашылығы техникасын өндірушіге» арналған дипломы мен арнайы медалі табыс етіліпті.
Өскеменнен келген қонақ солай десе, өз кезегінде Әсемхан Серікханұлы да әріптесіне ризашылығын білдіріп жатты. Мұны және олардың бір-біріне деген шын ықыласы ма дедік. Айтты айтпады, «ҚазАгроқаржы» қоғамы аталған зауыттың ең белсенді тұтынушысы көрінеді. Айталық, үстіміздегі жылдың он айына жетер жетпес уақыт ішінде қоғам бұлардан үш түрлі «Беларус» тракторының 270-сін алған. Бұл жалпы шығарылған трактордың жартысынан астамы деген сөз. Оның алғашқы екі түрінің бағасы орта есеппен 2,5 миллион теңге мөлшерінде болса, ал «Беларус» 1221.1 маркілі тракторының бағасы 5,5 миллион теңгеге жетіп жығылады.
Мұны бір десеңіз, екіншіден зауытты қаржыландырып отырған да осы «ҚазАгроқаржы» акционерлік қоғамы. Былтырғы жылы қоғам тарапынан зауытқа 522 миллион теңгеден астам, ал биылғы жылы 300 миллион теңге қаржы аударылған. Республика бойынша 9 мың трактор қажет көрінеді. Ал бұл дегеніңіз бір-екі жылдың шаруасы емес. Сондықтан зауытқа жұмыс жетіп жатыр. Бүгінгі күні жүз шақты кісіні жұмыспен қамтамасыз етіп отырған бұл кәсіпорынның болашағы зор. Иә, бірлік бар жерде тірлік бар.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.
Семей.