Таяуда Париж қаласының Сэн Жермен дэ Пре алаңындағы «Шапталь» залында ТМД елдері кәсіпорындарын жоғары сапалы тауарлар мен қызметтер көрсеткені үшін берілетін «Француздың Өнеркәсіпке ықпал жасау ассоциациясының алтын медалі» құрметті наградасымен марапаттау рәсімі болды. Биылғы жылы Қазақстанның, Ресейдің және Украинаның 15 кәсіпорны осынау халықаралық конкурстың лауреаттары атанды. Солардың ішінде Астана қаласындағы «Издательство БМ» баспаханасы да бар.
Өнеркәсіпке ықпал жасау ассоциациясы 1801 жылы Наполеон Бонапарттың декреті бойынша құрылған. Оның алғашқы президенті белгілі химик және мемлекет қайраткері Жан Антуан Шапталь. Өзі қызмет еткен 200 жыл ішінде Ассоциация көптеген кәсіпорындардың модернизациялануына және жарқын ғылыми жаңалықтардың өмірге келуіне жағдай жасады. Олардың қатарында кинематографты ойлап тапқан ағайынды Люмьерлер, химик және биолог Луи Пастер, қызу лампасын ойлап табушы Жорж Клод және басқалар бар. Ассоциация әркезде де өнеркәсіп пен экономикадағы прогреске жағдай жасай отырып өз кәсіпорындарын дамытушыларды тауып, оларға қолдау көрсетуге ұмтылады.
«Егемен-ақпарат».