11 Желтоқсан, 2010

Ұйымдар шеңберіндегі ынтымақтастық арта береді

565 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәскеуге сапары одан әрі жалғасып, Президент Кремльдің Үлкен сарайында Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі шарт ұйымына (ҰҚШҰ) мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кезекті сессиясына қатысты. ҰҚШҰ-ның өкілеттігі арта ма? ҰҚШҰ 2002 жылғы 7 қазанда ай­мақтық қауіпсіздік жөніндегі халық­ара­лық ұйым ретінде Кишинев қаласында болған кездесуде құрылған еді. Ол өзіне мүше елдердің біріне сырттан, басқа елдер тарапынан агрессия жасалса, көмек беруді қарастырады. Қазір ҰҚШҰ БҰҰ-ның Жарғысына сәйкес халықаралық қауымдастық болып та­ныл­ған және ол өзінің қатарына басқа елдердің мүше болып кіруіне ашық деп саналады. Қазір оның қарамағында Армения, Беларусь, Қазақстан, Қыр­ғыз­стан, Ресей Федерациясы, Тәжікстан және Өзбекстан Республикалары сияқ­ты жеті мемлекет енеді. Өзбекстан 1999 жылы мүшеліктен шығып кетіп, 2006 жылы қайтадан кірді. ҰҚШҰ құрылған кезеңнен бастап есептегенде, 29 ха­лық­аралық құжатқа қол қойылған. ҰҚШҰ шеңберіндегі өзара іс-қи­мыл мына бағыттарда дамып отырады: жан-жақты саяси ынтымақ­тас­тық­тарды дамыту; ұйымның әскери құрылымын да­мыту мен жетілдіру; халықаралық терроризм және бас­қа да осы заманғы қатерлерге қарсы тұру. Соңғы жылдары ҰҚШҰ шеңбе­рін­дегі ынтымақтастық жедел дамып келеді. Соның ішінде 2008 жылғы 19-21 жел­­­тоқсанда «Бурабай» курортында Ар­­мения, Қазақстан, Қырғыз, Ресей және Тәжікстан республикалары прези­дент­терінің бейресми кездесуі болып, аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын талқылаған болатын. Осы кездесуде ҰҚШҰ-ның қауіпсіздік жө­нін­дегі ұжымдық күштерін ұйым­дас­тыру туралы шешім қабылданған еді. 2009 жылғы 4 ақпанда Мәскеуде болған Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс отырысында осы шешім Жедел әре­кет етуші ұжымдық күштер (ЖӘҰК) түріндегі халықаралық құқықтық пішінге ие болды. Бұл күштер пайда­ныл­майтын уақыттарында өздерінің ұлттық шектерінде орналастырылады. Ал оны қолдану жөніндегі шешім ҰҚШҰ Ұжым­­дық қауіпсіздік кеңесінің (ҰҚК) отырысында консенсус тәртібімен қа­был­данады. 2009 жылдың 14 маусы­мын­да Мәскеуде болған ҰҚШҰ ҰҚК кезекті отырысында бес мемлекеттің бас­шылары Жедел әрекет етуші ұжым­дық күштерді құру туралы келісімге қол қойды. Тек Өзбекстан жағы ғана оған қол қоймай, ЖӘҰК ұлттық заң­намаларға қайшы келмегенде ғана қол­данылады деген ерекше пікір білдірді. Осы сессияға Беларусь тарапы қа­тыс­паған еді, бірақ ол артынан, нақтырақ айтқанда, 2009 жылдың 15 қазанында оған қосылатынын жариялады. ҰҚШҰ-ның мемлекет басшылары және сыртқы істер министрлері дең­гейін­дегі отырыстары 2009 жылдың 19-20 желтоқсанында Алматыда, 2010 жыл­дың 25 наурызында Мәскеуде, 2010 жылдың 8 мамырында тағы да Мәс­кеу­де болды. Осындай жиі кездесулердің өзі Ұйымның қажеттілігі мен онда қа­ралатын мәселелердің өзектілігін көр­сетсе керек. Ұйымның соңғы мәжілісі 2010 жылдың 20-22 тамызында Арме­нияның астанасында болған еді. Онда мем­лекет басшылары ҰҚШҰ шеңбе­рін­дегі көпжақты ынтымақтастықтар мә­селелерін талқылап, Қырғыз Рес­пуб­ли­касындағы жағдайдың барысы тура­лы пікір алмасты. ҰҚШҰ-ның Мәскеуде болған кешегі кезекті отырысы Кремльдің Әулие Екатерина залында тек мемлекет басшы­ла­ры мен ҰҚШҰ Бас хатшысы қатысқан шағын құрамда басталды. Онда Ұй­ым­ның Бас хатшысы Николай Бордюжа баян­дама жасап, президенттер ұйым­ның жұмысы жөнінде қызу пікір алмасты. Одан әрі отырыс Александр залын­дағы кеңейтілген құрамда жалғасты. Оны Ресей Президенті Д.Медведев ашып, «Біз ҰҚШҰ-ның дағдарысты жағдайларға қарсы әрекетінің тетіктерін талқыладық. Қырғызстанда болған оқиғалар бізге төтенше әрекеттерге тиімді қарсылықтар жасауымыз қажет еке­нін көрсетті. Міне, осы мақсаттар Ереванда болған кездесуде көтеріліп, ұйымның Жарғысы мен басқа құ­жат­тарына өзгерістер енгізу қажеттігі ту­ра­лы шешімге келген едік. 20 мың адам­дық құрамы бар ЖӘҰК құру осы мақ­саттарды іске асырудың нақты көрінісі», деді. Сондай-ақ есірткіге қарсы болған «Канал», заңсыз көші-қонға қарсы әре­кет еткен «Нелегал», сондай-ақ Интернет кеңістігіндегі бұзақыларға қарсы операциялардың сәтті болғанын атап өтті. Одан әрі отырысты жүргізу міндетін ҰҚШҰ ҰҚК жаңа төрағасы Беларусь Президенті А.Лукашенкоға берді. Өз кезегінде сөйлеген Қазақстан бас­шысы Н.Назарбаев бүгінгі қабыл­да­натын құжаттардың маңыздылығын атап өтті. Қазақстан әрқашанда ұйым әлеуетін арттыру позициясын ұстанып келді. Бүгінгі құжаттар сол мақсатқа қол жеткізіп, ұжымның аймақтағы қауіпсіздікті қорғау әлеуетін арттырады деген үміттеміз, деді Елбасы. Ал өткен кезеңдегі жұмыс туралы айтқанда, Қазақстанның оның нәтижелеріне қана­ғаттанатынын жеткізе келіп, сөзінің со­ңында жаңа төраға – Беларусь жағының жұмысына жеміс тіледі. Қырғыз Республикасының Президенті Р.Отунбаева өзінің сөзінде Қыр­ғызстанда қиын жағдайлар туғанда ел бас­шылары ең алдымен көмекті ҰҚШҰ-дан күткенін айтты. Осы орайда ол қырғыз-тәжік шекарасын бекітудің маңыздылығын атап өтті. Өзбекстан Президенті И.Каримов қырғыз оқиғаларына көбірек тоқталып, өздерінің ондағы әрекеттері туралы ай­тып берді. Біздің жанкешті әрекет­тері­міздің арқасында ғана екі елдің ара­сын­­да қантөгіске жол берілмеді. Ал бұл бізге жеңіл болған жоқ, деді ол. Сессияның күн тәртібіне отызға жуық мәселе шығарылып, олар ұйым­ның осы күнге дейінгі іс-әрекеттерімен қатар, алдағы уақыттағы перспек­ти­ва­ларын талқылауға арналды. Соның ішін­де ҰҚШҰ-ның әскери және әскери-техникалық, ақпараттық қауіпсіздік және тағы басқа салаларындағы ынты­мақтастық мәселелерін қарастырды. Отырыс қорытындысы бойынша ҰҚШҰ-ның Жедел әрекет етуші күште­рі жөніндегі мәлімдемеге қол қойылды және мемлекет басшылары Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің декларациясын қа­былдады. Сонымен қатар, ұйымның жарғысына және басқа да құжаттарына дағдарыстық әрекет ету мәселелері бой­ынша өзгерістер енгізілді. Бұл өзге­ріс­тер қауіпсіздікке қатер төнгенде ұж­ым­дық қорғанысты бірлесе қамтамасыз ету мәселелерін жетілдіруді қарасты­ра­ды. Айта кететіні сол, бұл өзгерістер Қырғыз Республикасында соңғы кездерде болған жағдайларға байланысты әзірленген еді. ҰҚШҰ-ға кезекті төрағалық ету міндеті Ресейден Беларусь Республикасына өткенін жоғарыда айтқан едік. Мәжіліс қорытындысы бойынша Ұйымның жаңа төрағасы Александр Лукашенко мен Бас хатшы Николай Бордюжа журналистермен баспасөз мәслихатын өткізді. Ұй­ым­ның Қырғыз Республикасында орын алған оқиғаларға араласпаған себебі, ол бір елдің өз ішіндегі оқиғалар еді, ал біз­дің ұйым сырттан қауіп төнгенде ғана араласа алады, деді А.Лукашенко. Н.Бордюжа осы сөзді одан әрі жал­ғас­тырып, сондықтан ҰҚШҰ-ның өкілет­тігін арттыру мәселесі ойластырылып отырғанын атап көрсетті. Қабылданған құжаттар маңызы зор Түстен кейін Кремльдің Әулие Екатерина залында ТМД-ға қатысушы елдер мемлекет басшыларының шағын құрамдағы кездесуі болды. Оған мемлекет басшыларынан басқа ТМД Атқару­шы комитетінің төрағасы Сергей Лебедев қатысып отырды. Одан кейін мә­жіліс Александр залындағы кеңейтілген құрамдағы Мемлекет басшылары кеңе­сі­нің отырысында жалғасты. Оған әрбір елдің мемлекет басшысынан басқа он адам қатысты. Оны Ресей Президенті Д.Медведев ашып, кіріспе сөз айту үшін сөзді әріп­тестеріне кезекпен беріп отырды. Өз кезегінде Қазақстан Президенті Нұрсұл­тан Назарбаев бүгінгі кездесуді халық­ара­лық алаңдағы өзара түсіністік және сыйластық рухында өтіп жатқан белсенді үнқатысу ретінде қарастыратынын айт­ты. Осындай үнқатысулар Қазақ­стан­ның ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен жы­лында және жуырда болған Астана Сам­митін өткізу ісінде бізге өте пай­да­лы әрі маңызды болды, деді ол. Өйткені, көптеген стратегиялық міндеттерді шешуге көмектесті. Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалыққа ТМД-ның атынан ұсы­ныл­ған ұжымдық кандидат ретінде Достас­тық елдерінің Ұйым шеңберіндегі ұсыныстары мен тілектерін барынша ескеруге тырысты. Біз өзіміздің алды­мызға биік мақсаттар қойдық және олар­ды бірлескен әрекеттеріміз арқылы еңсеруге үміттіміз. Осылай дей келіп, Елбасы Саммит өткізу Қазақстанның ғана емес, жалпы ТМД елдерінің халықаралық ортақ табысы екенін атап өтті. Келесі кезекте ол Қазақстанның ЕҚЫҰ шеңберінде атқарған жұмыстарына қысқаша тоқ­тал­ды. Біздің күш салуымыздың арқа­сын­да ғана аймақтағы проблемалар ЕҚЫҰ-ның ортақ мәселесіне айналды. Енді біз «Астана рухымен» бекітілген Трансеуразиялық қауіпсіздік жүйесін жасау мақсатынан айнымауымыз қажет. Астана Саммитінде біз «Ванкуверден Владивостокқа дейінгі» еуроат­лан­ти­ка­лық және еуразиялық қауымдастықтың бөлінбейтін, біртұтас қауіпсіздігін құру жөніндегі жаңа стратегиялық бағдарды қалыптастырып, оның шекаралық белдеулермен бөлінбегенін қалайтыны­мыз­ды таныттық. Осылай деген Қазақстан басшысы сөзін: осы мінберді пайдалана отырып, біздің арамыздан ЕҚЫҰ-ға 2013 жылы төраға болатын Украинаның ісіне де табыс тілеймін, деп аяқтады. ТМД мәселелеріне тоқталғанда Ел­басы ұсынылып отырған құжаттардың маңыздылығына тоқталды. Соның ішінде Еркін сауда аймағын құру жөніндегі бастаманың кезек күттірмейтін қажет­ті­лік екенін айтты. Достастықтың келі­сім-құқықтық базасын кеңейте түсудің де маңызы зор. Осы орайда Адамдарды мемлекетаралық іздестіру туралы келі­сім-шарттың да маңызы айтарлықтай. Бұл – адамдарды іздестіру ісін ТМД бой­ынша мемлекетаралық ауқымда реттеуді қарастыратын қорғау органдары қызметіне аса қажетті құжат. Нұрсұлтан Әбішұлы сөзінің соңында күн тәрті­бінің мазмұнды болғандығы – Достас­тық елдеріне қатысушы мемлекеттердің бәрінің де мүддесін қарастырған дұрыс бағытта түзілгендігінен, деді. Мәжіліске қатысқан Украина Президенті В.Янукович өз елінің ТМД жұмы­сына ендігі жерде қайтадан белсенді түрде қатысатынын жариялады. Мәжілістің күн тәртібіне 17 мәселе шығарылған екен. Соның ішінде Ресей жағы төрағалық еткен кездегі басым­дық­тардың орындалуы алдымен талқы­ла­нып, оның атқарылу барысына оң баға берілді. Сондай-ақ 1941-1945 жыл­дардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс­тің 65 жылдығын атап өту шаралары­ның барысы туралы бөлек ақпарат тың­далды. Әрине, ең басты мәселелердің бірі ретінде экономикалық ынтымақ­тас­тық­ты тереңдетудің кейбір перспектива­лары қаралды. Осы бағытта Нұрсұлтан Назарбаев өзінің сөзінде атап өткен Достастық елдері аумағында Еркін сауда аймағын құру туралы келісім-шарт­тың қабылданғаны атап өтерлік шара болды. Ол өзара сауданы жандандырып, толып жатқан кедергілерді еңсеруді мақ­сат еткен. Әрбір жылды арнайы атап өту тәжірибесі бойынша 2011 жыл Қа­зақ­стан Президенті Н.Назарбаевтың ұсы­нысымен ТМД-дағы азық-түлік қауіп­сіздігін арттыру жылы болып белгіленді. Сондай-ақ отырыста 2020 жыл­ға дейінгі аралықтағы халықаралық жас­тар ынтымақтастығы стратегиясы тал­қыланды. Жастар арасындағы ын­ты­мақ­тастықтың мақсаты мен міндеттерін, қағидаттары мен тетіктерін айқын­даған мұндай құжат ТМД аумағында алғаш рет қолға алынып отыр. Қабылданған құжаттар арасында Көші-қон органдары кеңесінің жетекшілерін құру туралы келісім де болды. Осы қатарда мемлекеттік баж салы­ғы­ның көлемі туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттамаға да қол қойылды. Отырыс барысында дәстүрлі түрде гу­манитарлық саладағы ынтымақтастық, құқық бұзушылыққа қарсы күрес, әс­кери саладағы әріптестік мәселелері де қарастырылды. Сонымен бірге, Мемлекет басшылары ТМД аумағындағы қыл­мыскерлерді халықаралық іздеу мен 2011-2013 жылдарға арналған қыл­мыс­қа, терроризм мен экстремизмге, есірт­кі­нің заңсыз айналымы мен адам сау­дасына қарсы күрес жөніндегі келісім­нің жобасын талқылап, қабылдады. Сондай-ақ 2015 жылға дейінгі мерзімге арналған әскери ынтымақтастықтың тұжырымы қабылданды. Ол шекаралық саясатты да өзара келісіммен жүргізуді қамтиды. Чернобыль АЭС-індегі апат­тың 25 жылдығына байланысты қарар­дың жобасы да талқыланды. Отырыс аяқталған соң журналистерге арналған баспасөз мәслихаты болды. Ондағы сөзінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев кеңес отырысында қабыл­дан­ған құжаттардың ішіндегі ең маңыз­ды­ларының қатарында Еркін сауда аймағы туралы келісім-шарт пен 2011 жылдың азық-түлік қауіпсіздігін арттыру жылы болып жарияланғанын атап өтті. Дос­тас­тық елдері дағдарыстан кейінгі жаңа ахуалға икемделу мен еңбек өнімділігін арттырудағы біздің елдеріміз экономи­ка­сының әлі қолданылмаған әлеуетін арттыруға қызмет ететін еркін сауда ай­мағына зәру еді. Соңғы уақыттарда ры­нок­тың тұрақсыздығы қайтадан бой көтеріп, кейбір тауарлардың аяқ асты­нан қат бола қалатынын көріп жүрміз. Ұлттық деңгейде шаралар қолдан­ғаны­мыз­бен, ол көршілерімізбен бірлесіп, сәйкестенбегендіктен тиімсіз болып отырды. Енді еркін сауда аймағын құр­ған­нан кейін мұндай келеңсіздіктер бола қоймас деген үміттемін, деді Н.Назар­баев. Сөзінің қорытындысында ол ТМД биылғы жылы, жалпы айтқанда, тиімді жұмыс істегенін атап өтіп, енді 2011 жылға төрағалыққа сайланған Тә­жік­стан жағының жұмысына жеміс тіледі. ТМД Атқару комитетінің төрағасы С.Лебедев қысқаша хабарлама жасап, ТМД Мемлекет басшыларының кезекті кеңесі келесі жылдың күзінде Душанбеде, ал бейресми кездесуі жылдың аяғында Мәскеуде болатынын жеткізді. Ынтымақтастық тереңдеуімен тиімді Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәскеуге сапары барысында, ҰҚШҰ кез­десуінің алдында Ресей Федерация­сы­ның Президенті Дмитрий Медведевпен екіжақты кездесуі өткізіліп, онда тараптар екі елдің арасындағы ынты­мақ­тастықты тереңдете түсудің көпте­ген мәселелері бойынша пікір алмасты. Екі жақ та ынтымақтастықтың қазіргі ба­рысына қанағат білдірді. Кездесу қо­ры­тындысы бойынша Бірлескен мәлім­де­ме қабылданып, онда президенттер бұдан бұрын қабылданған екіжақты құ­жат­тардағы міндеттемелерді орындай оты­рып, Қазақстан мен Ресей арасында 2011-2012 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарын қабылдайтынын жариялады. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан» – Мәскеуден. ----------------------------------------- Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.