11 Желтоқсан, 2010

Баспасөз-2011

372 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Заманмен үндес заңғар басылым

«ЕГЕМЕННІҢ» ШАПАҒАТЫ

Жадырап шыққан күнге, жақсы туған айға қуанасың. Қаулай өскен егінге, қаптай жайылған малға сүй­сінесің. Қызылды-жасылды құл­пыр­­ған гүлге қызығасың.  Берекесі мен ынтымағы ұйыған еліңнің мәр­тебесі өсіп, Елбасыңның әлемдегі ең алып елдер басшыларымен иық теңестіріп, қатар жүргеніне қанат­та­насың. Жаныңа нұр, жүрегіңе жыр құйылғандай болады. Осындай сәттерде ойға оралған, көңілге келген жыр жолдарын қа­ғаз­ға түсіріп, оны сан жылдардан бер­гі сүйікті басылымым, сенімді серігім – «Егеменге» жолдап отыру берік дағдыма айналып келеді. Осы арқылы ел өміріндегі ерекше жай­ларға, елеулі оқиғаларға өзімше үн қосып, ізгі лебізімді, игі тілегімді біл­діріп отырамын. Жолдаған­да­рым­­ның бірқатары газет бетінде жа­рияланып та жүр. Газеттің өткен  2009 жылғы 9 мамырдағы санында осындай жол­даған өлеңдерімнің бірі «Майдангерлер» деген атпен жарық көрген болатын. Осы жылғы қараша айы­ның соңғы күндерінің бірінде Астанадан қуанышты хабар келді. Газетте жарияланған осы өлеңіме аста­на­лық сазгер Сламқожа Қара­қыс­тық ән жазып, “Елім менің” атты патриоттық әндер байқауына қа­ты­сыпты. 89 талапкер қатысқан бай­қауда жүлделі үшінші орынды же­ңіп алған ол осы қуанышын қызыл­ордалық таныстары арқылы маған жеткізді. Бейтаныс автордың мына хабары мені де қуантты. Бұл ең алдымен ел басылымы «Егеменнің» шығармашылығыма шынайы қол­дауы, тигізген шапағаты деп білдім. Өлеңімді түсініп, арнайы ән жазған авторға да алғысым шексіз. Дүбірлі дүйім дүние тынысын күн сайын саралап, салмақтап, бай­ып­пен жазып келе жатқан бас ба­сы­лым ұжымына алдағы уақытта да шынайы шығармашылық табыс тілеймін. Сөз соңын «Егеменге» арнаған жыр жолдарыммен аяқтағанды жөн көрдім. Жүректерді нұрландырып өнегең, Көңілдерді қуанышқа бөлеген. Хабарыңа қай кезде де елеңдеп, Қадамыңа сүйсінеміз, «Егемен!». Шешен де өзің, көсем де өзің көреген, Сыр қозғаған бүгіннен де көнеден. Айдынына шыққан аппақ кемемен, Айбыныңа қызығамыз, «Егемен!». Жабыққанды жанында боп демеген, Қамыққанды қасына еріп жебеген. Қараулықтың қайтпай жолын бөгеген, Адалдықтың ақ туысың, «Егемен!». Қай кезде де кемел едің, терең ең, Өзгелерге өріс болған өнегең. Қанаттыға қуат бердің талмайтын, Талаптыға шуақ бердің, «Егемен!». Шұғылаңды шашып күнде төбеден, Кең жайылып келе жатыр керегең. Туған елдің туын көкке көтеріп, Туған жердің жырын толға, «Егемен!». Махмұтбай ӘМІРЕҰЛЫ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Қызылорда. * * *

Жеделхат

«Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ президенті  Сауытбек Абдрахмановқа

Елордамызда табысты өткен ЕҚЫҰ-ның Астана Саммиті – Елба­сы­мыздың ерен еңбегі екенін сезінген біздің мақта­аралдықтар үлкен серпіліс үс­тінде жылды табысты қорытын­ды­лап отыр. Баспасөзге жазылу жөнінде де аудан тұрғындары белсенділік көрсетуде. Еліміздің баспасөзінің қараша­ңы­ра­ғы, бас газетіміз – «Егемен Қазақ­стан» газетіне аудан жұрт­шылығы 4200 данаға жа­зы­лып, өткен жыл­ғы межеден де асып түсті. Баспасөзге жазылу әлі де жал­ғасуда. Сіздерді баршаңызға қиыр шетте орналас­қан мақтааралдықтар атынан қасиетті Тәуелсіз­дік мерекесімен құт­тық­тауымды жеткізгім келеді. Серік ТҰРБЕКОВ,  Мақтаарал ауданының әкімі. Оңтүстік Қазақстан облысы. * * * Қазақ тілінде шығатын газеттерге, оның ішінде «Егеменге» жазылу барысында ауыл­дарында қалың қазақ отырған біздің ауданға біраз сын айтылып жүрді. Бәленбай академик, ғалымдар шыққан елміз деп мақтанғандарың рухани тірлікке шырай берер өнегемен неге көрсетпеске деген реніш те орынды. Қасиетті жердің өткеннен келе жатқан ғибрат­ты жолын алдағы уақыттарда да рухани бай тыныс-тіршіліктерімен жалғастыра беретініне сенім мол. Ауылдарымыз аман-есен. Жуырда ғана аудан орталығында талай жыл өңі кетіп тұрған мәдениет үйін «Жол картасы» бағ­дарламасы бойынша жөндеп алдық. Шал­ғай­дағы Қаратомар және Қаражал ауылдарында балаларға арналған шағын орталықтар ашылды. Келер жылға «Егеменге» 500 дана жа­зыл­дық. Бұдан кейін де баянауылдықтар басылым санын көбейте түседі. Ернұр АЙТКЕНОВ, Баянауыл ауданының әкімі. Павлодар облысы. * * * Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ұжымына респуб­ли­калық «Егемен Қазақстан» газетінің өзі де, сөзі де өте ыстық.  Неге десеңіз, біз оны жүрегі ел мен жер деп  соғып, сол ел мен жерді мекендеген халықтың тиянақты тірлігі мен берекелі бір­лігіне күн сайын салиқалы сөзі мен пара­сатты ойын арнап отырған нағыз жанашыр, нағыз отансүйгіш басылым деп құрметтейміз. Мысалға, ЕҚЫҰ-ның Астанада күні кеше ғана болып өткен Саммитін алып қараңыз. Ел мерейін өсіріп, халықтың рухани жандүниесін қа­наттандырған осынау ұлы жиын болады деген алғашқы сәттен бастап-ақ «Егемен Қазақ­стан» салмақты сөздің көш басында жүрді. Қазақ елінің Еуропадағы қауіпсіздік және ын­ты­мақтастық ұйымына төрағалық ету сүйінішін де халқына қуана жеткізген ең алдымен осы ата басылым болды. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Отаны­мыз­дың бас газеті» деп жоғары баға берген ақыл­ман басылымға алдағы уақытта да елдің берекесі мен бірлігін жазуда тың ізденістердің, соны тақырыптардың көп болуын тілей оты­рып, біздің университет ұжы­мы келесі жылға 300 дана «Егемен Қазақстан» газетін жаздыр­тып алуды меже етеді. Өйткені, ақыл-ой иесі атанған адамзат баласының оқуды тоқтатқан күні жаңаша ойлауды да доғарып, тоқырай бастайтыны белгілі. Ал жаңаша ой мен жаңа істің басында әрқашанда біздің ата басылымымыз тұр. Сондықтан Елбасы саясатын, ел қамын бірінші кезекте ойлайтын газет ұжымы мен оның оқырмандарына жанашыр болғаннан артық пайдалы іс жоқ деп ойлаймын. Әшімжан АХМЕТОВ, М.-Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры,  техника ғылымдарының докторы, профессор. Жамбыл облысы.