... 1982 жылдың 29 желтоқсанында халықтың сүйікті жазушысы Әзілхан Нұршайықов үйіне қонақтар шақырады. Әрине, бас қонақ – Ғабит Мүсірепов! Көңілді отырыс болады. Шайдан кейін Әбділда Тәжібаев Ғабеңе қарап: «Ал, бата бер», деп алақанын жаяды. Сонда Ғабең былайша бата беріпті: «Ал енді менің саған берер батам. Сен бұрқыратып көп жазбай, алпысқа күшіңді мысқалдай жұмсап келдің. Сенің менің жасыма жетуің үшін 20 жыл запасың бар. Сексенге дейін үздіксіз еңбек етуге болатынына менің көзім жетті. Дүниеде жаңа тақырып жоқ, сонымен бірге, дүниеде ескі тақырып және жоқ. Алпысыңа да сен жеміспен келдің. Алдағы 20 жылың және жемісті болсын. Аллаәкпар!»
Дуалы ауыздың дулығалы сөзі : «... Алдағы 20 жылың және жемісті болсын!» Қалай-қалай дөп айтқан! Содан бері 28 жыл өтіпті-ау! Жемісті жылдар екен. Биылдың өзінің балапанын санасақ, мәуелі он кітаптың жемісінің дәмі таңдай қақтырады! Айталық: «Өмір өрнектерінің» екінші, үшінші, төртінші кітабы («Бастау» баспасы, Алматы, 2010 ж.), «Әскери күнделіктің» бірінші кітабы, «Бауыржан туралы толғау» кітапшасы («Өнер» баспасы, Алматы, 2010 ж.), «Күнделік. 1982.» («Арда» баспасы, Алматы, 2010 ж.), «Мәңгілік махаббат жыры» прозалық поэмасының соңғы қосымша нұсқасы («Арда» баспасы, Алматы, 2010 ж.»), «Мәңгілік махаббат жырының» қол басындай ғана көлемдегі қос томшасы және «Өсиет өлеңдер» («Шығыс ақпарат» баспаханасы, Өскемен, 2010 ж.), барлығы он кітап оқырмандар игілігіне айналмақ.
Бұлардан басқа жазушы биыл «Арда» баспасына «ХХ ғасырдағы атақты адамдар туралы естеліктер» деген атпен екі кітапты және өткізді. Олар осы жылдың аяғында не келесі жылдың басында баспадан шығады.
... Ғабеңнің ақ батасы Әзағаңның басына қонған бақ құсындай баянды болып, әлі күнге шыр айналып ұшып жүр екен! Тәубе!
Сонымен тіл үйірер мәуелі жемістердің дәмін талмап көрелікші. Алдымен «Өмір өрнектері» әдеби күнделіктерінің 2000-2003 жылдар аралығын қамтып жазылған үшінші томын тамсана, ықыластана оқып шыққанбыз. Бұл – автордың ұзақ жылдар бойы қойын дәптерлеріне үзбей түсіріп отырған сан тарау ойларының жемісі екен. Алғашында үзік-үзік көрінетін қанатты сөздер, мақал-мәтелдер, шағын әңгіме-диалогтар жинақтала келе оқырманға берер тағылымы мол дүниеге айналыпты. Сондай-ақ автордың осы саладағы елу жылдан аса жазылған еңбегіне оның адамгершілік пен азаматтықты, ерлік пен достықты мадақтайтын соңғы жылдардағы естелік-эсселері кірген.
Әзағаңның әдеби әлемі шексіз мұхитты көзге елестетеді. Шалқыған шалқар. Көкжиегін көзбен мөлшерлей алмайсыз. Сол ұшы-қиырсыз кеңістікте жан-әлеміңді рухани болмыстың желкені кернеп кеткендей. Беймәлім тылсым сырға ынтықтыра түседі. «Әдебиет адамға адамгершілік сабағын үйретеді. Сол сабақ көкірекке сіңгеннен кейін медеу діңгегіне айналады. Көкіректегі медеу-бейне адамды алға қарай жетелеп, жігерлендіріп, желпіндіріп отырады», деп автордың өзі айтпақшы, бұл кітаптың тұла бойы тұнған өнеге.
Әрине, өнеге атаулы адамдардың игілігіне айналғанда ғана мазмұнымен баий түседі. Сөз етіп отырған кітапта бәрі шебер қиюласып, шендескен: әдебиеттің ардың ісі екендігінің жарқын мысалы; жазушылықтың жанкешті ізденісі; жорналшының жортып жүріп жусайтыны; керемет бір бейнелі тәмсіл, теңеулердің бап таңдамай тіл ұшына оралатындығы; тіпті әдебиеттегі сатқындық пен сөзге салақтықтың етек алу жайы; әлем билеушісі – тек қана еңбек екендігінің нақты нәтижесін саралап беру; әрине, махаббат мейірімі мен машақаттарының түрлі «мінез» қайшылықтары; жалпы өмір жұмбақтарының жал сипатпайтын жауаптары; т.б. ұлт намысын жыртып, берекелі ел болмаққа үндейтін сындарлы сөздер мен азаматтық арды кір шалдырмауға уағыздайтын имандылық иірімдері жан-жүректі толқытады. Сонысымен құнды осынау жақұт жазбалар.
«Өмір өрнектерінің» төртінші кітабы 2004-2010 жылдар аралығын қамтыған екен. Мұнда да үшінші кітаптың желісі босаңсымай тартылып, ой байып, өнеге өрелі өріліп, не жақсы, не жаманның парқы сезіліп, өмір өз тұңғиығына тарта түседі. Әділдік деген әдемі әлемнің сипаты қайшылығымен қабаттастыра ашылатыны сүйсінтеді. Қиялға жетелейді. Көмбеден табиғи тазалықты аршып алуды үйретеді. Аярлық пен азғындықтың бітеу жара боп ісініп келіп, ақыр аяғында шындықтың үшкір бізінен қапыда жарылғанын жирендіре аңдатады. Артығы жоқ осының. Бәрі – сабақ.
Аса көрнекті қаламгердің «Күнделік» кітабына тек қана 1982 жылғы жазбалары кіргізіліпті. Мұнда сол кезеңнің суреті анық көрініс беріп, рухы еркін сезіледі. Жазушы өмірінің бел-белесі, қоғамдық хал-ахуалдың аңғарлы сілемі, адамдар тағдырының қилы-қилы сәті қолмен қойғандай бейнеленуімен құнды. Автордың ұзақ жылдар бойы «Тұрмыс күнделігі» мен «Әдеби күнделікті» қатар жүргізіп келе жатқаны мәлім. «Әдеби күнделігі» төрт кітап боп жарыққа шықты. Ал «Тұрмыс күнделігі» әлі басылған жоқ еді. Оның жалпы көлемі 130 қалың дәптер, шамамен 1500 баспа табақтай. Бәрін кітап етіп шығаруға мүмкіндік шектеулі. Содан барып осы 1982 жылдың белесіне тоқтаған екен. Неліктен өйткен? Енді Әзағаңның өз сөзіне жүгінелік: «Биыл (2010 ж.) қазақ халқының қаһарман ұлы, менің рухани ағам, Ұлы Отан соғысында қатар жүріп, қан кешкен жауынгер жолдасым, «Ақиқат пен аңыз» кітабымның бас кейіпкері Бауыржан Момышұлының туғанына 100 жыл толды. Ол кісі 1982 жылы дүниеден өткен болатын. Баукеңнің өмірден өткен күнін есіме түсіру үшін сол жылғы күнделігімді ашып қарадым. Бір жылдың оқиғасы жазылған күнделік дәптерді бас алмастан оқып шықтым. Содан кейін тым болмаса, осы күнделігімді жарыққа шығарып кетейін деген ойға келдім».
Иә, бұл күнделікте Б.Момышұлына қатысты көркем жазбалар молынан қамтылыпты.
Келесі кітап – «Әскери күнделік». Байланыс және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша шығарылған аталмыш еңбектің бірінші кітабы. Онда жазушы өзінің балалық шағын, алғашқы махаббатын, әскерге алынғанға дейінгі жалынды жастық жылдарын, Қызыл Армия қатарында қызмет етіп, майданға кірген алғашқы кезеңін күнделік етіп жазған. Білгеніміз – адам бәріне шыдайды екен. Қиындыққа қайралады. Отан үшін от кешеді. Елі үшін жанын шүберекке түйеді. Тозақ – соғысқа шыжғырылады. Нағыз батыл адам күймей, аман шығады екен! Соның бірі – Әзілхан Нұршайықов! Халқына бабаларынан аманатталған асыл тұлға! Соғыста бір оқтық болып қалмай, тағдыры жазуға теліген теңдессіз өнеге иесі! Жазғаны – тұмардай, жазбағы – құмардай!
Толықтырылған, жаңа нұсқадағы – «Мәңгілік махаббат жыры» оқырмандарын жаппай тапса ғой деп, үміттенесің. Бұл шығармасын автор прозалық поэма деп айдарлап отыр. Шынында да қара сөзбен, ақ өлеңмен жазылған бұл туындының әр тарауы поэма тәріздес оқиғаларға толы. Олар бірінен соң бірі оқырманды тартып, тебірентіп, толқытып отырады. Көңілді қозғап, көзге жас келтіреді. Айрықша айта кетерлігі сол, ұлттық тәлім-тәрбиелік мәні зор бұл шығармасын автор өзінің жан жары, әдеби серігі, қазақ халқының тамаша қызы Халима апамызға арнаған.
Қол басындай ғана – қос шырпы қорабының қауқарындай екі кітапшаны қалтаға салып, тамсанып оқып, махаббат деген құдіретті күшке көз жүгіртсеңіз, сізден бақытты адам табылмас, сірә. Өте шағын нұсқалы «Мәңгілік махаббат жыры» деп аталған бұл кітаптың біріншісінде автор өзінің өмірлік қосағы Халиманың қайтыс болғанына 40 күн толғанында жиналған жұртқа жан жары жайында толғана айтқан әңгімесі бар. Бұл әңгіме кейін толықтырыла келе үлкен поэмаға айналған. Екінші жұқантай ғана кітапқа көрнекті жазушының жан жарын жоқтап жазған хаттары енген, барлығы – 80 шамалы мұңды жолдаулар өзекке шоқ түсіреді.
Соңында «Бауыржан туралы толғау» кітапшасына сәл тоқталалық.Оған Әзағаңның екі сөзі кірген. Біріншісі – «Бауыржан Момышұлының рухани-адамгершілік, әскери-философиялық мұралары және Отанды сүюге тәрбиелеу мәселелері» деген тақырыпқа арналып 2004 жылы республика Ғылым академиясында өткізілген ғылыми-практикалық конференцияда сөйлеген сөзі. Екіншісі – үстіміздегі жылғы 24 қыркүйекте Тараз қаласында өткен Б.Момышұлының туғанына 100 жыл толуына арналған ғылыми конференцияда сөйлеген сөзі. Кітапшаға кірген бұл екі сөзді де жұртшылық зор ризашылықпен қабылдаған.
Биыл жазушының «Махаббат, қызық мол жылдар» романының жарыққа шыққанына – 40 жыл. Бұл кітабына автордың кезінде оқырмандардан 10 мыңнан аса хат алғаны, күні бүгінге дейін 12 рет қайта басылып шыққаны белгілі. Ол кітап туралы деректі фильм жасалды, Семей қаласындағы Абай атындағы музыкалық-драма театрында спектакль қойылды, бірнеше кандидаттық диссертациялар қорғалған. Жақында «Хабар» телеарнасы 40 минуттық деректі дүние жасап шығарды. Бұл – республикамызда кітап мерейтойының аталып өтуінің бірінші оқиғасы.
Атақты романның 40 жылдығы ең алдымен оның бас кейіпкері Меңтайдың прототипі, қарт ұстаз Нұрғамила Нұрбосынова тұратын Кентау қаласында өтті. Республиканың басқа да жоғары, орта оқу орындарында романның 40 жылдығына арналып конференциялар, кездесулер, дөңгелек үстелдер рәсімдері өткізілмек.
Әйгілі роман әлі күнге дейін оқырман қолынан түскен жоқ. Кітапты сұрап авторға хат жазып, телефон соғушылар көп.
Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов биылғы 15 желтоқсанда 88 жасқа толады. Айтулы күнге қаламгер құр қол келген жоқ. Жоғарыда аталған жаңа 10-12 кітабымен келді.
Автордың жарыққа шығарар кітаптары әлі де көп. Әзағаңның қолында әртүрлі авторлар өз автографтарын жазып сыйлаған (М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Д.Қонаев және басқалар) 1500 кітап бар екен. Өзі туралы замандастары жазған екі папка деректі шығармалар қолжазбасы және жатыр. Өзі жазған және оқырмандардан алған хаттары да жеткілікті. Осылардың бәрін автор оқырмандарының игілігіне жаратқысы келеді.
Жасы тоқсанға тақаса да автор өз кітаптарын арқалап жүріп, өзі сатады. Биыл Сарыағаш курортына барып 500 кітабын сатып келді. Сондайдан түскен қаржыға жаңа кітаптарын жарыққа шығарып жатыр.
Жазушының 8-72-72-72-33-60 және 8-777-293-58-06 телефондарында тыныштық болмайды. Әр облыстан оқырмандар телефон соғып, жаңа кітаптарын жіберуді сұрайды. Әдірістерін айтып, қалаған кітаптарына ақша аударып, поштамен тез жіберуін өтінеді. Қарт қаламгер олардың тілегін қалт еткізбей, өз көшесіндегі 050022 поштаға аяңдап барып, сұраған кітаптарын қолма-қол жіберіп отырады. Жазушының бірсыпыра уақыты осындай күйбеңмен өтеді.
Кейбір оқырмандар үйге балаларын ертіп келіп, қарт атадан бата сұрап, қалаған кітабына қолтаңба жазғызып алып қайтады. Келін түсіріп, қыз ұзатушылар да кәделі кітапқа қастерлі сөз жазғызып, кейін өз тойларына жиналған жұртқа оқып береді.
Осы мақаламыз арқылы біз Әзағаңды 88 жасқа толуымен шын жүректен құттықтап, аман-есен болып, оқырмандарын жаңа шығармаларымен қуанта беруіне тілектестік білдіреміз.
...Бір жылдың жемістері! Мәуелі екен. Бақандай 10-12 кітап. Мұның ішінде 2 кітап биыл немесе келесі жылы шығады. Тәтті жеміске кім құмартпас. Тісіңізге басыңызшы! Дәмін алыңызшы... Бал - шырыны тіліңізді үйірер...
Қайсар ӘЛІМ.