14 Желтоқсан, 2010

Оралман көші: Күдік пен үміт

3818 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Серік Баймағамбетовтің назарына Тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде елімізде ұшан-теңіз игі істер жүзеге асты. Солар­дың бірі – әлемнің әр түкпірінде шашырап жүрген қазақтарды атамекенге жинағанымыз. Ұлты қазақ азаматқа қайда жүрсе де, қай елде тұрса да бүгін Қазақ­стан­ның есігі әрқашан айқара ашық. Мұн­дай қамқорлық, ең алды­мен, Қазақстан­ның Тұңғыш Президенті Нұр­сұл­тан Назарбаевтың ағайындарға деген шы­найы жанашырлығының нәтижесі. Осыған орай, елімізге бір миллионға жуық қандас­тары­мыз қайтып оралды. Қазір олар Қазақ­стан халқымен жақсылықтарға бірге қуанып, қиындықтар кездессе, оны да қатар көте­ріп, тату-тәтті өмір сүруде. Енді алда тұр­ған үлкен міндет – оралмандардың осы көшін орта жолдан тоқыратып алмай, жал­ғастыра беру. Көші-қонға тікелей қатысы болмаса да Дүниежүзі қазақтары қауым­дастығы бұл игі шарудан ешқашан шет қалмайды. Бұл ретте, Қауым­дастық Төра­ғасы Елбасы екендігі бізге әрқашан да ай­рық­ша міндет жүктейді. Оның үстіне, шетелдегі ағайындар тарихи отанына қоныс аудару жөніндегі ұсыныс-өтініштерін де Қа­зақстанның тиісті орындарына Қауым­дастық арқылы жеткізуге тырысады. Осыған орай, соңғы уақытта этника­лық қазақтардың көші біршама саябыр­сып, азая бастағанын алаңдаушылықпен атап айтқымыз келеді. Бұл жөнінде Қауым­дастық Төрағасы­ның бірінші орынбасары Талғат Мамашев «Оралман көші неге азайды?» деген тақырып­пен жоғары орындарға арнайы ұсыныс-хат та жазды. Демек, оралмандар көшінің қол жеткізген жақсы табыстарымен қатар жедел түрде шешілуі қажет күрделі мәселелері де бар. Бұл ретте, осы жұмыспен тікелей айналысатын Көші-қон қомитетінің Ішкі істер министрлі­гінің құ­рамына қосылуы үлкен жаңалық бол­ды. Ал мұның өзі көші-қон мәселесіне қалай ықпал етеді?! Бұл жөнінде қазір екі түрлі пікір бар. Кейбіреулердің айтуынша, Ішкі істер ми­нистрлігінің қызметкерлері шетелден келетін этникалық қазақтардың жағдайын жете білмейді; тіпті, олармен қазақ тілінде дұрыстап сөйлесе алатындары да шамалы; мұндай жағ­дай көші-қон полициясының жұмысынан бұ­рын да байқалып жүрген; енді көші-қон тү­гелдей солардың қолына өткен соң алыстағы ағайындардың ата­жұрт­қа оралуы мүлдем тоқтауы мүмкін. Ал екінші біреулер көші-қонның түгел­дей Ішкі істер министрлігінің құзырына өтуін өте дұрыс деп бағалайды. Осы екі пікірдің қайсысы дұрыс? Жа­сы­руға болмайды, бірінші пікірдің де жаны бар. Бірақ біз екінші пікірді көбірек қостаймыз. Өйткені, Ішкі істер министрлігі – еліміздегі ең мықты, ықпалы мен күш-қуаты барынша мол, жұмысы нақты бір жүйеге түскен үлкен құрылымдардың бірі. Соған орай, көші-қон жұмыстарының осын­дай күшті министрлік арқылы бір ор­талықтан басқарылып, нақты жүйеге түскен қатаң тәртіп-ережелермен жүргізілуі өте орынды. Мұндай пікірді біз Ішкі істер министрлігімен, әсіресе, оның құрамындағы Көші-қон по­­лициясы бас басқармасымен ұзақ жыл­дар­дан бері тығыз байланыста болған тәжі­ри­бемізге сүйеніп айтып отырмыз. Яғни, шетелдік қа­зақ­тардың атажұртқа қоныс аударуының көп мәселесі бұрыннан да осы министрліктің ара­ласуымен жүзеге асып келген еді. Оның үс­тіне, Көші-қон комитеті мен оның қалалық, облыстық департаменттеріндегі қызметкер­лер­дің көпшілігі Ішкі істер министрлігіне ауы­­сып, бұрынғы жұмыстарын одан әрі жал­­ғастыруда. Демек, Көші-қон комитетінің Ішкі істер министрлігіне қосылуының нәтижесінде орал­­мандардың атамекенге келуі бұрынғыдан да көбейе түседі деп үміттенеміз. Осыған орай, оралмандар көшіне кедергі болып отырған бірнеше мәселелерді нақты айта кетейік. Олар – оралмандарды тұрақты тір­кеуге тұрғызу, азаматтық алуға қажетті құ­жат­тарын қабылдау. Оралмандардың жаңа ор­та­ға тезірек бейімделіп, жұмыс тауып, күн­дерін көріп кетуі үшін мұның бәрін бір жү­йе­ге түсіру өте қажат. Сонымен бірге бұл салада әлі күнге жет­кі­лікті айтылмай жүрген және бір мәселе бар. Ол – оралмандарды квотаның кезегіне қо­сып, жәрдемақы берудегі жемқорлық. Енді осы мәселені жан-жақты түсіндірейік. Шетел қазақтарын атажұртқа көшіріп әкел­­ген алғашқы жылдары оларға көрсетіле­тін ең басты көмек – арнайы қаржы бөліп, үй сатып әперу болды. Бірақ кейін жылжымай­тын мүліктің күрт қымбаттауына байланысты көші-қонға бөлінген қаржы баспана сатып алу­ға жетпеуге айналды. Осыған орай, орал­манға баспананың орнына қолма-қол ақша­лай жәрдемақы беру жөнінде шешім қабыл­данды. Бұған бөлінетін қаржының көлемі де аз емес – отбасында 7-8 мүшесі бар бір оралман орта есеппен 1,5 миллион теңгедей ақ­шаны бірден санап алады. Соңғы жылдары квотаға кіретін оралман отбасыларының саны 15-20 мыңға дейін жеткенін еске алсақ, бұл мақ­сат­қа қаншама миллиард қаржы бөлінге­нін болжауға болады. Бірақ Үкімет орал­ман­­дарға арнап мол қаржы бөлуді шешкенімен ол қаржының жұмсалуын қатаң қа­да­ғалап отыру­дың нақты тетігін жа­са­ма­ды. Яғни, қар­жы беруді Көші-қон комитетінің облыстық, қалалық департаменттері, дәлірек айтқанда, олардың жанындағы квота жөнін­дегі комиссия шешетін болды. Қызмет бабына байла­ныс­ты біз мұндай комиссияның не екенін өте жақсы білеміз. Бұл комиссия бірде-бір орал­манды жүзбе-жүз көрмейді, тек шетелдік құ­жат­тармен, дәлірек айтқанда, ол құжат­тар­дың көшірмесімен ғана жұмыс істейді. Және ол көшірменің шын не жалғандығын ешкім де анық айта алмайды; ең аяғы, оған мөр басқан нотариустың өзі де оның өтірік не растығын емес, тек аударманың дұрыс-бұрыстығын ғана куәландырады. Ең «ғажабы» бұл құжат кейін жалған болып шықса оның иесі де, мөр басқан нотариус те, қабылдаған комиссияның мүше­лері де ешқандай жауап бермейді. Тағы бір таң­қаларлығы, «оралманмын» деп мил­лион­даған ақшаны санап алған адамның кейін қай­да кеткенін, не істеп жүргенін де ешкім білмейді. Мұндай жағдайға 1997 жылы қабыл­дан­ған «Көші-қон туралы» заңдағы орал­ман­дардың құжатын басқа біреудің сенімхат арқылы тапсыра беруіне рұқсат ететін бап та «ерекше қолайлы жағдай» туғызды. Соның салдары­нан оралмандар мен көші-қон мекемелерінің арасында делдал болып шапқылап жүретін неше түрлі күмәнды адамдар пайда болды. Мұндай делдалдар орал­ман­дар­дың өтірік-шы­ны аралас құжаттарын дор­ба­ларына толты­рып, көші-қон мекемелерінің табалдырығы­нан еркін аттап, квотаға кіру мәселесін оп-оңай шешетін жағдайға жетті. Көші-қон бас­қармасындағылар бұл құжат­тардың біразы­ның жалған екендіктерін іштері сезіп тұрса да түк білмегендей қабылдай беретін болды. Бұған Жамбыл облыстық Көші-қон департаменті қызметкерлерінің ұйым­дас­қан топ құ­рып, оралмандарға бөлінген қар­жы­ны талан-таражға салғаны айқын дәлел. 2006 жылдан бастап оралмандарға бөлін­ген қаржыны неше түрлі жалған құжат жасап, талан-таражға салу кең етек алды. Мысалы, алғашқы кезде әуелі бір облысқа барып жәр­демақы алу, сосын келесі жылы көрші об­лыс­­қа оралман ретінде құжат тапсырып, екін­ші мәрте жәрдемақыға қол жеткізу әдетке айнал­ды. Кейін бір отбасында 3-4 бала болса, квотаға кезекке тұрғанда оған жаңадан 5-6 баланың қолдан жасалған туу туралы куәлігін қосып, қаржылай көмекті заңды мөлшерден әлдеқайда көп алу әдісі ойлап табылды. Бұл ретте кейін әскерге ша­қырып, білімім қалма­сын деп жасанды туу туралы куәліктерді қыз баланың атына жасайтын болды. Жоғары білімі бар оралмандар квотаға тезірек кіретін ереже қабылданып еді; ілезде қолдан жасалған неше түрлі жал­ған дипломдар қаптады да кетті. Содан кейін Қазақстанға мүлдем келмеген шетелдік азаматтардың төлқұжаттарын жинап әке­ліп, «шекарадан өтті», «тұрақты тіркелді» деген таңба басып, көші-қон мекемелеріне топтап өткізіп, ұшан-теңіз қаржыға ие болу үй­реншікті әдіске айналды. Әйтсе де, бұ­лар­дың бәрінен де шетелдік төлқұжаттар­дың бір-екі әрпін өзгертіп немесе оны біржолата жаңа­дан қолдан жасап, қорықпай-үрікпей то­пыр­лата өткізіп, миллиондаған ақшаны санап әкете беру тәсілі әлдеқайда асып түсті. (Біз мұның бәрін баспасөз бетінде жариялан­ған нақ­ты деректерге сүйеніп айтып отырмыз.) Компьютер мен баспа техникасы керемет дамыған қазіргі заманда түрлі құжаттарды қолдан жасау онша қиын емес. Оралман­дар­дың жалған құжатын жасаушылар бұл мүм­кін­дікті «сәтті» пайдаланды. Мысалы, осын­дай жалған құжат жасаушылардың біреуі қол­ға түсіп, екі жылға бас бостандығынан айы­рылды. Мұндай алаяқтықтан, әсіресе, қор­ға­ныш қабілеті төмен Моңғолияның құ­жат­тары ай­рықша зардап шекті. Жасанды құжат жасаған жалған оралмандар, ең алдымен, Солтүстік Қазақстан облы­сында байқалды. 2007 жылы баспасөз бетінде осы облысқа келген 700 оралман отба­сы­ның жәрдемақы алысымен ізім-ғайым жо­ға­лып кеткені туралы шағын хабар жария­ланды. 2009 жылы Қостанай облысына келген моң­ғолиялық оралмандар паспорттарындағы аты-жөндерін өзгертіп, екінші мәрте жәр­демақы алмақ болғанда қолға түсті. Мұндай оқиғалар Қазақстанның әр түк­пірінен көрініс беріп жатты. Мысалы, жа­қында Моңғолиядан келдік деп оралман ретінде тіркелген 97 отбасының 94-інің құжат­та­ры түгелдей жалған болып шықты. Өз­бекстандағы өліп қалғандар мен пас­порт­тарын жоғалтқандардың құжаттары­ның Қа­зақ­станға келіп, оралман ретінде ұшан-теңіз қаржы алғандары анықталды. Біздің қолы­мызда өзі әлі күнге Тәжікстанда тұратын, бірақ паспортын Қазақстанға беріп жіберіп, сырттай Қазақстан азаматтығын қа­былдап, жәрдемақы алған кісілер туралы нақты деректер бар. Мұндай жағдайлар Қыр­ғызстан қазақтарының арасында да кездеседі. Өткен жылы арнайы тексеру жүргізгенде Моңғолиядан келдік деп құжат өткізген оралмандардың 18 мыңы мүлдем ол жақта ту­маған болып шықты. (Дәлірек айтқанда, бұл 18 мың адам ешқашан өмірде болмаған, тек жалған құжаттарда ғана бар кәдімгі Гогольдің «өлі жандары».) 2010 жылы Моңғо­лия­дан атамекенге оралдық деген 2 мың адамның 1400-нің екі ел арасындағы шекарадан еш­қа­шан өтпегені анықталды. Яғни, олардың Моң­ғо­лиядан келгендері өтірік, құжаттары жал­ған. Жақында ғана теледидардан Маңғыстау облысына сырттан көшіп барған 69 оралман отбасының жәрдемақы алысымен дереу қайтадан кері кетіп қал­ғандары туралы әңгіме айтылды. Ал шын­дығында, Маңғыстауға оралман ағайындар­дың өздері емес, тек жалған құжаттары ғана барған болса керек. Бұдан біраз бұрын «Қазақстанның азамат­ты­ғын алу жөнінде құжат өткізген, соған орай оларға азаматтық беру жөнінде Президенттің Жарлығы да шыққан 57 мың оралман әлі күнге Қазақстан азаматының жеке куәліктерін алмай қашып жүр» деген дерек оқыдық. Бұл – өткен 2009 жылдың есебі ғана. Ал Көші-қон және Статистика комитеттерінің мәліметтері­не сүйенсек, жеке куәлігін алмаған мұндай оралмандардың ұзын саны 400 мыңға жетуі мүмкін. Сонда олар Қазақстан азаматтығы­ның жеке куәлігін неге алғысы келмейді?! Оның себебі түсінікті – олар не квота арқылы көл­денең пайда табуды ойлаған алаяқтар; не жалған құжат өткізген өмірде жоқ «өлі жандар». Ал мұның сыртында Қазақстан азамат­тығын қабылдап, тиісті жәрдемақысын алған, бірақ, сосын қайтадан кейін көшіп кеткен ағайындар қаншама?! Мысалы, осыдан бірер жыл бұрын Ұлан-Батор қаласына іссапармен барғанымызда Қазақстаннан Моңғолияға қай­та көшкен осындай 700 кісінің Қазақстан азаматтығынан шығаруды талап еткен өтініш-арыздарын алқалы жиында өз құлағымызбен естідік. Атамекенге келіп, квотаға кіріп, сосын қайтадан кері көшіп, бұрынғы тұрған жерлерінде Қазақстаннан алған ақшаларына әжеп­тәуір үй салып, мәз болып жүрген ағайындар да бар. Үй-жайын түгел сатып Қазақстанға келіп, бірақ жәрдемақы ала алмай, сосын қайта кейін көшіп, бірақ бұрынғы тұрған жерлері дұрыс қабылдамай, не үйі жоқ, не жері жоқ, әуреге түскен ағайындарымыз да кездеседі. Өздері Қазақстанға ешқашан келмеген, тек квотаға қосып, жәрдемақы алып беремін деген біреулерге паспортын беріп жіберіп, бірақ ақыр соңында төлқұжат та жоқ, ақша да жоқ, жер сипап қалғандарды да білеміз. Жақында Қытайдан бір кісі келіп кетті. Ай­туына қарағанда «біреулер Қазақстанға «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша көшуге көмек­тесемін» деп ақша жинаған, бірақ қазір не ақша жоқ, не шақыру жоқ, енді не істейміз?» дейді. Жалпы, 2006-2009 жылдарда квотаға кіріп жәрдемақы алған оралмандарды қазір қайта­дан дұрыстап тексерсе, бұдан да басқа неше­түрлі келеңсіздіктердің анықталарына біз онша күмәнданбаймыз. Осы орайда, мұндай жағдайларға дер кезінде неге тосқауыл қойылмаған дейтін сұрақ­тың да туатыны заңды. Енді осы туралы айта кетейік. Жалпы, көші-қондағы жемқорлық ешкім білмейтін үлкен құпия емес. Бұл мәсе­ле түрлі басылымдарда азды-көпті болса да жа­зылып келеді. Біз де бұл жөнінде осы «Егемен Қазақстан» газетінде «Оралмандар­ды орналастырудағы оралымсыздықтар» (25 қазан 2005 ж.), «Көші-қон және жаңа заң» (25 мамыр 2010 ж.) деген сияқты проблемалық мақалалар жарияладық. «Көші-қондағы жем­қор­лық тыйылмай, көш түзелмейді» деп басқа басылымдарда да әлденеше рет мәселе көтер­дік. Көші-қонға байланысты Қауымдастықта өткен дөңгелек үстел мәжілістерінде де бұл мәселе кәдімгідей сөз болып жүрді. Тіпті, 2008 жылдың желтоқсан айында Көші-қон комитетінің сол кездегі төрағасына Қауымдас­тықтың атынан «Көші-қондағы жемқорлық және оған тосқауыл қоюдың жолдары» деген анықтама-ұсынысымызды да ресми түрде жібердік. Өкінішке қарай, мұның бәрі дер кезінде ескерілмеді. Тек кейін Ұлттық қауіпсіздік органдары белсене араласқаннан кейін ғана бұл мәселе жүйелі түрде қолға алынды. Көші-қон комитетінің соңғы төрағасы Қабылсаят Әбішевтің де бұл жөнінде нақты, әділ ұстанымы болғанды­ғын айта кету –        парызымыз. Міне, осылардың нәтижесінде соңғы кезде көші-қондағы жемқорлық түгелдей тоқтамаса да, бұрынғыдан әлдеқайда азайды. Бұл жағдай квотаға өткізілген құ­жат­тарды бұрын­ғыдай көзді жұмып, қа­былдай бермей, алдын ала қатаң тексеріп, са­раптаудан өткі­зуд­ен айқын аңғарылады. Квота жөніндегі жос­парды то­лық орын­да­йық деп бөлінген қар­жыны жөн-жосықсыз тарата беру де тоқ­талған. Оралман­дардың шекарадан қашан, қа­лай өткенін тексеру де жүзеге асуда. Мұның бәрі өте жақсы. Дегенмен, бұдан әрі не бо­лады деген де сұрақ туындайды. Яғни, көші-қондағы жемқорлық осымен мүлдем тыйыла ма; жоқ әлде аздап ес жиып алған соң ол жаңа жағдайға бейімделіп, қайта бас көтере ме?!. Ішкі істер министрлігі көші-қонды түгел­дей өз қолына алғаннан кейін негізгі жұмыс­ты, ең алдымен, осы мәселені реттесе деген тілек білдіреміз. Осыған орай, көкейде жүрген бірнеше нақты ұсыныстарымызды айта кетейік. Біріншіден, квотаға кіру үшін жалған құжат жасап өткізгендердің заң алдындағы жауапкершілігі барынша нақты анықталуы тиіс. Яғни, жалған құжат жасауға кім кінәлі: оралманның өзі ме, жоқ, екі ортада жүрген дел­дал ма, әлде, көші-қон мекемесінің қыз­меткері ме – осының бәрі тексеріліп, әркім өзіне лайықты жазасын алатын болсын. Екіншіден, квотаға кіру үшін құжат өткі­зетін әр оралманның отбасылық жағдайы оның орналасқан мекен-жайында көзбе-көз анықталып, тексерілуі керек. Бұған толық мүмкіндік бар. Мысалы, Қазақстанның бір ауданына жылына орта есеппен, ең асып кеткенде 100-150 оралман отбасы келеді. Әр ауылға бөлгенде олар саусақпен санарлықтай. Ал кез келген аудан мен ауылдарда әкімдік, ішкі істер, білім, статистика, АХАЖ сияқты толып жатқан мемлекеттік мекемелер бар, міне, осылардың бәрі бас қосып, көші-қон мекемелерінің қызметкерлерімен бірлесе оты­рып жаңадан келген санаулы оралман­дардың отбасында неше бала бар, өздері шынымен көшіп келген бе; жоқ, әншейін салт басты, сабау қамшылы қыдырып жүрген біреулер ме деген сияқты қарапайым мәселелерді қалай анықтай алмайды?!. Өкінішке қарай, күні бүгінге дейін осы мәселе қолға алынбай келеді. Көш-қон де­партаментінің қызметкерлері бар жұмысты сыртқа аттап шықпай, кабинеттерінде оты­рып, қағазбен шешуге әбден үйреніп алған. Тіпті, болмаса алыс ауылда жатқан орал­ман­ды бала-шағасымен қоса шұбыртып, шақыр­тып алады. Сөйтіп, жаңа келген оралман ауыл-аудан мен облыстың арасында құжат жинап, ұзын-сонар әуре-сарсаңға түседі. Осы мә­селені реттеу өте қажет. Яғни, ендігі жерде оралманның құжаттарының дұрыс-бұрыс­ты­ғы орналасқан жерінде анықталып, тұрақ­ты тіркеу, азаматтыққа құжат өткізу, квотаға кіріп қаржылай жәрдемақы алу сияқты жұмыстары да сол жерде шешілуге тиіс. Оралман мәртебесін алуда міндетті түрде қазақ екендігін дәлелдейтін құжат керек. Бірақ, бұл мәселе күн өткен сайын қиындап барады. Кейбір елдерде жеке куәлік пен паспортта адамның қай ұлтқа жататыны көрсе­тілмейді. Тіпті, әртүрлі себептермен төлқұ­жат­тарында өзге ұлт өкілдері болып жазылып кеткен қандастарымыз да аз емес. Міне, осыларды этникалық қазақ деп танып, оралман мәртебесін берудің жолы қандай?! Қазір бұл мәселені Қазақстан Республика­сының шетелдегі мекемелері анықтайды деп жүр. Бірақ бұл өте күмәнді мәселе. Шетелдегі елшіліктер Қазақстанға келген оралманның қазақ екендігін алыста жатып қалай анық­тайды?! Осыған орай, сырттан келген азамат­тың этникалық қазақ екендігі осы Қазақ­станның өз ішінде анықталып, шешілуге тиіс. Ішкі істер министрлігі тиісті орындармен бірлесе отырып, бұл мәселені заңды жолмен шешуді ойластырғаны абзал. Сондай-ақ, қаржылай жәрдемақы төлеудің жаңа, жетілдірілген жолын да қолға алу керек. Өзге елдерде көшіп келдің екен деп мил­лиондаған ақшаны біреудің есеп-шотына бірден аудара салмайды. Оларда мұндай қаржы­ны жалақы сияқты бөліп төлейді. Болашақта бізде де осылай болуға тиіс. Оралмандардың атажұртқа қоныс ауда­руын, ең алдымен, шет елдерде ұйымдасты­руды да нақты қолға алу керек. Өркениетті елдер репатрианттармен осылай жұмыс істейді. Мысалы, Қазақстаннан Германияға жүз мың­да­ған неміс қоныс аударды. Міне, сол немістердің ешқайсысы да Германияға аяқ астынан бара салып «қайда тұрамыз, қайда тіркелеміз, квотаға кіріп, жәрдемақыны қай­дан аламыз?», деп бас қатырған емес. Гер­ма­ния үкіметі келетіндердің бәрін алдын ала тізімдеп, орналасуға қажетті мәселенің бәрін тап-тұйнақтай шешіп, қандастарын содан кейін ғана қабылдайды. Қазақстан да оралмандармен жұмыс істеудің осындай жолын қолға алуы керек. Бұл ретте, оралмандардың құжаттарын шетелде қабылдап, тізімін жасау елшіліктерімізге жүктелген дейтін әңгіме де айтылады. Бірақ елшілік қызметкерлерінің бұл жұмыс­тарды жүйелі, тыңғылықты атқаруға мүмкін­діктері де, шамалары да жете бермейді. Соған орай, оралман көшін шетелдерден ұйымдас­тырудың басқа да жолын қарастырған дұрыс. Мысалы, оралмандар көп келетін елдердегі Ташкент, Нөкіс, Баянөлгий, Бішкек, Үрімжі сияқты қалаларда көші-қонның шағын өкіл­діктерін ашуды ойластырған жөн. Мұндай өкілдіктердің тек этникалық көшпен ғана емес, еңбек көші-қонымен де айналысуына болады. Қазақстанға жылына сырттан еңбек көші-қонымен 1 миллионға жуық кісі келетінін ескерсек, мұндай орталықтар ашу қай жағынан болса да өте тиімді. Сондай-ақ, бұл жұмыстарға шетелдегі қазақ мәдени орталықтарын да тиімді пай­далануға болады. Оралмандардың жоғын жоқтап, көмек береміз дейтін түрлі қоғамдық ұйымдар мен заңды тұлғалар елімізде соңғы кезде біршама көбейді. Олардың арасында жүйелі, тынды­рым­ды қызмет атқарып жүргендері де бар; әншейін түк бітірмей, тек өздерінің жағдай­ларын ғана ойлап, оралманға пайдасы емес, зия­нын тигізіп жүргендері де кездеседі. Мұн­дай ұйымдардың теріс кетіп бара жатқанда­рын заң бойынша тәртіпке шақырып, жақсы жұмыс істейтіндеріне нақты қолдау жасау да Ішкі істер министрлігінің назарында болғаны абзал. Шетел қазақтарының атажұртқа келуінде виза аштыру, оның мерзімін ұзарту немесе шығу-кіру визасын жасату сияқты мәселе­лердің маңызы үлкен. Ағайындарымыз қазір осы жөнінен көп қиындықтарға кездесіп жүр. Осыған орай, Ішкі істер министрлігі жақын арада Сыртқы істер министрлігі және оның құрамындағы Консулдық қызмет департаментімен бірлесе отырып, шетел қазақтарының Қазақстанға келуге виза алуының жеңілде­тілген жолдарын қарастыруы қажет. Дүние­жүзі қазақтары қауымдастығы өз тарапынан шетелдегі ағайындардың бұл жөніндегі өтініш-тілектерін бір жүйеге түсіріп, ұсынуға әрқашан да дайын. Қысқасы, Көші-қон комитетінің Ішкі істер министрлігіне қосылуы бұл салада қор­да­ланып қалған көптеген күрделі мәсе­лелердің тезірек шешіліп, алыстағы ағайын­дардың атажұртқа оралуын бұрын­ғыдан да молайтуға және оларға жасалатын қолдау мен қамқор­лықты барынша жақсарта түсуге оң ықпалын тигізеді деген сенім білдіреміз. Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары, жазушы-драматург.