14 Желтоқсан, 2010

Әлем өткен аптада

478 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Үкіметін ықшамдады

Украина президенті Виктор Янукович ел үкіметі құрамын мықтап қысқартты – 8 министр азайып, 4 министрлік жойылды. Жалпы шенеуніктер құрамының үштен біріндейі қысқарса керек. Үкімет басшысының 4 орын­ба­сары өз қызметімен қоса министрліктерді де басқарады. Бұрын үкіметте 20 министрлік болса, енді – 16. Сотқа берілді Оңтүстік Корея Солтүстік Ко­рея­ны әскери қылмысы үшін Гаагадағы Ха­лықаралық қылмыстық сотқа берді. Әңгіме мынада. Биылғы наурыз айында Сарытеңізде Оңтүстік Корея­ның «Чхонан» корветі торпедалық шабуылға ұшырап, 46 әскери қаза болған. Оған КХДР жауапты делінеді. Сондай-ақ жақында ғана олардың қарулы күштері оңтүстік жақтағы Енпхендо аралын атқылап, екі әс­ке­ри, екі бейбіт тұрғын қазаға ұшы­ра­ды. Сол үшін Сеул Пхеньянды айып­тап, жазалауды сұраған. Халық­ара­лық сот істі тергеуді бастап кетті. Билікте – әйелдер Орталық Еуропадағы ең дамыған елдің бірі – Швейцарияда президент болып тағы да әйел азамат – Мишлин Кальми-Рей сайланды. Ол Дэрис Лойтардты алмастырды және бұл елде президент болған төртінші әйел азамат. Бұл елдегі мемлекет басшысын сайлау басқа жердегіден өзгешерек. Ол бір жылға парламенттің қос пала­тасының мәжілісінде үкімет мүше­лері арасынан сайланады. Ал үкімет құрамында жеті ғана мүше болады. Қазір оның төртеуі – әйел азаматтар. Мұрагерге шабуыл Лондонның қақ ортасында уни­верситеттегі оқу бағасын көтеруге қар­сы шеруге шыққандар Британия тағына мұрагер шахзада Чарльз бен оның зайыбы мінген автокөлікке ша­буыл жасапты. Әрине, полиция құр­мет­ті адамдардың жапа шегуіне жол бермеген. Мұндай келеңсіз оқиғаға байла­нысты елдің үкімет басшысы Дэвид Кэмерон ресми мәлімдеме жасап, өз өкінішін білдірген және құқық ор­ын­дарына  айыптыларды анықтап, тиісті жаза қолдануды тапсырды. Соған орай 20 адам қамауға алыныпты. Қайырымдылыққа ант берді Байлары қайырымды ел – берекелі, деген қағида бар. Қайырым­ды­лық­қа әлемнің алпауыт байлары да бет бұра бастағандай. Оның бастама­шы­лары атақты миллиардерлер Билл Гейтс пен Уоррен Баффет болған еді. Қазір қайырымды байлардың клу­бы бар. Жақында оған жаңадан 16 миллиардер   қосылып, жалпы саны 50-ге жетті. Клубқа кіру үшін «Сый тарту антын» қабылдауы керек. Бұл өзі клубтың жарғысы іспетті. Онда пәлен қаржы берем деп, сомасын көрсету міндет емес. Сөйтсе де жақ­сылыққа ант берген жақсы ғой. Сезікті секірер Хорватияның бұрынғы премьер-министрі Иво Санадер ел парламенті оның депутаттық дербес құқық­ты­лы­ғын жою жөнінде мәселе қарап жат­қанда, көрші Словенияға қашып үл­герді. Бірақ ол Австрияда ұсталыпты. Сірә, ол өзіне мықтап қауіп төн­ге­нін аңғартса керек. Санадер өткен жылы өзінің премьерлік мерзімі бітпей жатып-ақ қызметінен кеткен бо­латын. Жұрттың айтуына қарағанда, оның сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар көрінеді. Әзірлеген Мамадияр ЖАҚЫП.