Шығыс Қазақстан облысында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының күндері өтті. Оған аталған Федерацияның төрағасы Сиязбек Мұқашев бастаған салалық республикалық кәсіподақтар өкілдері мен мүшелерінен құралған топ қатысты.
Кәсіподақтар күні шеңберінде делегация өкілдері облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрағасы Нұржан Түсіповпен және облыстық кәсіподақтар кеңесі жетекшілерімен бірлесіп, Семей, Өскемен қалалары мен облыстың ауылдық өңірлеріндегі 20-ға тарта кәсіпорынды және мекемелерді аралап көрді. Жұмысшылармен кездесулер кезінде және кәсіподақтар жиындарының барысында Кәсіподақтар федерациясы XXII съезінің нәтижелері мен қорытындылары, 2010-1015 жылдар аралығын көздейтін кәсіподақтар қызметінің стратегиясы, қазіргі таңда кәсіподақтарды айрықша мазалап тұрған еңбек қатынастарында кездесетін өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды.
Сондай-ақ, сапар барысында оған қатысушылар кәсіподақтары жоқ еңбек ұжымдарында болып, олардағы жұмысшылар қауымын өздерінің қатарларына қосылуға шақырып, үндеу жүргізді.
Ұйымдастырылған маңызды жиындардың бірі облыс орталығында өтті. «Кәсіподақтардың басты міндеттерінің бірі ұйым біртұтастығын нығайту мен жаңғырту» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде азаматтық қоғам дамуының қазіргі жағдайында кәсіподақтардың рөлін арттыру, жұмысшылардың әлеуметтік - экономикалық құқығын тимді қорғау мақсатында кәсіподақтар құрылымдарының өзара ықпалдасуын жүйелеу, кәсіподақтардың кадрлық саясаты, кәсіподақ бірлестіктерінің ұйымдастырушылық - қаржылық тетігін нығайту жолдары әңгіме өзегіне айналды.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Кәсіподақ федерациясы күндеріне келген қатысушылармен кездесті.
«Егемен-ақпарат».