14 Желтоқсан, 2010

Электронды үкімет құрылымы талқыланды

660 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
«Электронды үкіметтің» архитектурасы жөніндегі сарапшылар кеңесінің III отырысы болып өтті. Отырысқа Байланыс және ақпарат вице-министрі Сәкен Сәрсенов, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Руслан Еңсебаев, Австрия Федералдық кеңсесінің өкілі Петр Райхштадер, Эстония Республикасының экономика және коммуникация министрі Маргус Пуа және басқалар қатысты. «Электронды үкіметтің архи­тек­турасын қалыптастыру – бұл мемлекеттік органдарда әкімшілік ре­форма жүргізу үдерісінің негізгі кезеңі болып есептеледі. Бү­гінгі отырыста сарапшылардың берер бағасы мен айтар ұсы­ныс­та­ры электронды үкіметті дамы­туға өз үлесін қосады деген ой­да­мын» – деді өзінің сөзінде Сәкен Сәрсенов. Отырысқа қатысушылар «Элек­­тронды үкімет» жобасы бой­ынша өзара тәжірибе алма­сып, ақыл-кеңестерімен бөлісті. Шара ба­ры­сында сарапшылар кеңесі Қа­зақ­стан Респуб­ли­ка­сы­ның элек­трон­дық үкіметінің ар­хи­тектурасын мақ­сатты түрде жү­зеге асыру жос­па­рын талқылады. Электронды үкі­метті дамытуда архитектуралық әдісті қолдану мемлекеттік қыз­меттерді элек­трон­ды нұсқада беру жұмыс­та­рын жетілдіреді және мемлекеттік органдарды ақпарат­тан­дыруды ұзақ мерзімге жоспарлау кешенділігі мен болжаудың нақтылығын арттыра түседі. Отырыста сондай-ақ, 2010 жылы атқарылған жұмыстар қо­ры­тындыланып, 2011 жылға ар­налған жұмыс жоспары талқы­лан­ды. «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төр­аға­сының орынбасары Руслан Ең­се­баевтың айтуынша «Қазақ­стан­ның «Электронды үкіметі» даму­дың үшінші кезеңін өткеруде. «Электронды үкіметтің» шлюзі жасалып, оған Салық комитеті мен Ішкі істер министрлігінің жүйесі қосылды. Осының арқа­сында тұрғындар салық төлеу мен жолда жүру ережесін бұзғаны үшін салынатын айыппұлды он­лайн режімінде өтеу мүмкіндігіне ие болды». Отырысқа қатысушылар баян­дамаларында өз елдеріндегі элек­тронды үкіметті қалыптас­ты­ру­дың архитектурасы, оның стан­дарт­тары мен әдістері туралы ай­тып, білім, денсаулық сақтау, өнер­кәсіп, қаржы, әлеуметтік са­ладағы мемлекеттік органдар мен мекемелерді ақпараттық-комму­ни­кациялық технологиялармен қам­тамасыз ету тәжірибелерімен бөлісті. Электронды үкіметтің дай­ын­дығы бойынша БҰҰ рейтингінде Қазақстанның көрсеткішін өсіру жоспарлары да айтылды. Есте­ріңізге салып өтейік, 2010 жылы Қазақстан аталған рейтингте 46- орынды иеленді. Бұл 2008 жылмен салыстырғанда 35 орын­ға жоғары.