Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Түрік Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Лале Улкермен кездесті, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Кездесу барысында стратегиялық серіктестік жөніндегі екіжақты шартты іске асыру аясында қазақстан-түрік сауда-экономикалық қарым-қатынасын одан әрі дамыту жөніндегі кең ауқымды мәселелер талқыланды.
* * *
Түстен кейін Премьер-Министр К.Мәсімов үлескерлік құрылыстың проблемалық мәселелерін шешу жөніндегі Бірыңғай үйлестіру кеңесінің кезекті отырысын өткізді.
Отырыста үлескерлер қатысатын тұрғын үй құрылысының нысандарын аяқтау, өз істеріне жауапсыз қарайтын құрылыс салушылардың активтерін қайтару, олардың іс-әрекетінен үлескерлерге келтірілген шығындарды өндіру мәселелері талқыланды. К.Мәсімов құрылыс салушылардың шетелге заңсыз шығарған капитал мен мүлікті қайтару жөніндегі мемлекеттік органдардың бірлескен іс-әрекет жоспарын іске асыру жөніндегі жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.