15 Желтоқсан, 2010

Азиада әнұраны

635 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Азиада жаршысы

«Егемен Қазақстанның» VІІ Қысқы Азия ойындарына арналған сәрсенбілік беті

Азиада  әнұраны

мемлекеттік тілде шырқалса деген тілек желге ұшпасын...

Азиаданың өне бойында шырқалатын шабытты әнге – Азиада әнұранына жарияланған  байқаудың нәтижесі белгілі болды. Байқауға қатысқан 105 әннің ішінен белгілі қазақ композиторы Ескендір Хасанғалиевтің «Азиада алауы» атты туындысы топ жарды. Бұқаралық ақпарат құрал­да­рында, баспасөз мәслихаттарында болсын, Азиада әнұраны тек қазақ тілінде жазылып, шырқалса деген елжанды азаматтар мен жур­на­лис­тердің бастамасы баян­ды болғалы тұрған сыңайлы. «Сы­ңайлы» деп сырғақтатып отыр­ғанымыз, жеңім­пазды жария етуге арналған Қазақ­стан баспа­сөз клубында өткен мәс­лихатта «2011 жылғы VII Қысқы Азия ойындарын Ұйымдастыру ко­митеті»» АҚ әдістемелік депар­та­ментінің директоры Нұрлан Нұр­ғазин Азиада әнұраны жарыстың ашылу салтанатында айтылу-ай­тылмауы алдағы күндері шешілмек деген-ді. Егер  ең үздік деп та­былған Азиаданың ресми ән­ұраны ашылу салтанатында орын­дал­маса, қай кезде айтылмақ сонда?  Онда композитор біткен неге шабылып жүр десеңізші. Ал қазірге Азиада әнұраны­ның туу тарихына орала тұрайық. Бас-аяғы 105 ән қатысқан байқау­дың соңғы кезеңіне 10 композиция  іріктеліп шыққан болатын. Олардың ішінде 49 ән – қазақ тілінде, 45 ән – орыс және қазақ тілдерінде, қалған 11 ән аралас, яғни қазақ, орыс, ағыл­шын тілдерінде жазылған. Таң­даулы деген туын­дылар 1 қара­шадан бастап күн сайын «Қазақ радиосы», «NS» және «Сәлем» ра­диосы арқылы тың­дармандардың талқысына тү­сіп, SMS арқылы дауыс жинаумен болды. Дауыс берушілердің тең жартысына жуы­ғы дерлік Ескендір Хасанғалиевтің «Азиада алауы» әні жарыстар ба­ры­сында шырқауға лайық деп тапқан. – Байқау барынша әділ болуы үшін біздер орындаушылар мен әнұран авторларын атаған жоқ­пыз. Композициялар нөмірленген түрде дауысқа салынды. Бірақ, кейбіреулер байқауға түскен ән­дер­ді айнал­дыруда алалаушылық болды деп күстаналады. Алайда, шын мәнінде олай емес. Байқауға қатысушы­ларға бірдей жағдай туғызылды, – деді баспасөз мәс­ли­хатында NS радиосы ұлттық желісінің бас продюсері Ноэль Шаяхметов. Байқаудың өне бойында 3992 қазақстандық дауыс берген.  Нә­тижесінде 49,5 пайыз дауыспен Ес­кендір Хасанғалиев алға шық­ты. Екін­ші орынды 13,4 пайыз дауыс­пен Мақсат Жәутіков, үшін­ші орын­ды 9,7 пайызбен Естай Әлікеев иемденді. Үздік ондыққа іліккендер қатарында «Мистерионс» тобы (8,2 пайыз), Еркеш Ша­кеев (6,5 пайыз), Кеңес Дүй­се­кеев (6 пайыз), Дүй­сенхан Сыз­дықов (3,1 пайыз), Иван Бреусов (2,1 пайыз), Нұржан Теңіз­баев (0,8 пайыз), Бақтияр Құса­йынов (0,4 пайыз) бар. Бастапқыда-ақ, Ақ Азиаданың маңыздылығын ашатын, жан­кү­йер­лердің рухын оятатын әнұран­ға жарияланған жарыста Ескендір Ха­санғалиев пен Кеңес Дүйсе­кеевтің әндері таласқа түсетін бо­лады деген долбар жартылай орындалды. Ал Азиаданың әнұраны болу­ға лайықты туындыға тігілген жүл­де қоры 1 миллион теңгені құрайтындығын осыған дейін де хабарлағанбыз. Бұл аз ба, көп пе және оны жеңімпаз қалай жұм­сайды деген сауалдар кө­бімізді қызықтырғаны анық. Бұл сауалға Ескендір Хасанғалиев төмендегі­дей жауап берді: – Дәп осы арада мен оны қайда жұмсайтынымды кесіп айта алмаймын. Мүмкін бұл қаражат менің әніме жасалған жаңа клипке немесе клиптерге кететін шы­ғар. Көпшілік  маған әнді естіп қа­на қоймай, көру үшін клип тү­сіру қажеттігін жиі құлаққағыс етеді. – Азиада әнұранының тууы­на қанша уақыт кетті? Композиция бір тыныспен жасалды ма? – Бізде әннің бірнеше нұсқасы болды, таңдап алған музыкамыз адастырмады. Бұл композиция үс­тінде шамамен 2-3 айдай жұмыс істедік. Әнге продюсерлік етуге көмектескен ұлым Біржан Хасан­ғалиевке алғыс айта кетуім керек. Мен музыкасын жасадым, аран­жи­ровкасы мен басқа да ұйым­дастыру жұмыстарына әншілер мен дыбыс студиясын тарттық. – Байқауға мақсатты түрде қатыстыңыз ба, әлде кездей­соқ­тық болды ма? – Маған байырғы танысым, белгілі ақын Өтеген Оралбаев қо­ңырау шалып, Ақ Азиаданың ресми әнұранына қатысты ән мәтінін жазғанын айтып, музыка жасап көруге өтінді. Мәтінді оқып шық­сам, шынында да жақсы екен. Ба­рынша жинақы, көп­сөзділік жоқ. Мен осы деммен мәтінге му­з­ыка жаздым.  Бірақ, бастапқыда мен қандай жұмысқа жұмыл­ғанымды түгел сезіне алмадым десем де болады. Алайда, Азиада не екенін және ол қандай тарихи ма­ңыз­ға ие екендігін толық түй­сінгенімде үлкен жауапкершілікті сезіндім және бұл сезім мені әлі де әлдилеп тұр. – Бәсекелестеріңіздің ән­де­рін тыңдап көрдіңіз бе? – Өкінішке орай, қалған ән­дерді тыңдап көргенім жоқ. Бі­рақ, таңдап алынған 9 әннің еш­қайсысы да осал болмаған шы­ғар деген ойдамын. Әнұранның тағдырын тыңдармандар шешкенін білесіздер, халық жаңы­лыспаған болар деймін. – Байқауда бақ сынаған ән­дердің атауы да «Азиада ала­уы», «Спорт», «Алға, Қа­зақ­стан», «Азиада-Қазақстан» деп келеді. Дегенмен, сіздің әніңізде «спорт» деген сөздің мүлде айтылмай­тын­дығы сөз болуда... – Мұнда «спорт» деген сөз мүлде қолданылмаса да, соған байланысты қажырлылық пен қайраттылық, ептілік пен ерлікті дәріптейтін сөздер бар. Дегенмен, бұл ән де әр қазақтың жігерін жанып, құлақ құрышын қан­дыратындай, Азиа­да тарихында қаларлықтай туын­ды болаты­ны­на күмәнім жоқ. Ең бастысы, Азиада әнұраны тек қазақ тілінде шырқалады. – Азиада әнұраны үшін 1 миллион жүлде қоры сіз үшін аз ба, көп пе? – Біздей қарапайым жандарға бір миллион қомақты қаражат. Бірақ, мәселе ақшада емес. Ең бас­тысы, Алаш тарихында тұңғыш рет өткі­зілгелі отырған дүбірлі дода­ның ресми әні ретінде менің «Азиада алауы» атты туындым жеңіске жетті. – Халықтың сүйікті әншісі ретінде «Азиада алауын» орын­дау­шылар тобына қосыласыз ба? – Бұл әнді балам Біржан, опера әншісі Жұпар Ғабдулина, Абай Әбішев сынды талантты жастармен қосылып орындамақпыз.   Тіпті бұл менің ғана емес, ұлым екеуміздің ортақ жеңісіміз деп білемін. – Әңгімеңізге рахмет.

Азиада  алауы

Әнін жазған Ескендір Хасанғалиев Сөзін жазған Өтеген Оралбаев Орындалып ойдағы тілегіміз, Болды біздің бейбіт күн тірегіміз. Азиада   алауын    жарқыратып, Бар әлемге жар салып тұр еліміз. Қайырмасы: Қайрат, күші тасқан, Қиялардан асқан, Құрлықтарды қосқан, Азиада елімде! Жігер менен жеңіс, Өркендеген өріс, Өнегелі көп іс, Азиада төрінде! Жердің жүзі қарайды таңдай қағып, Ғасырларды жасампаз  жалғайды уақыт. Азиада мекені – Қазақстан! Мұны көру, сезіну қандай  бақыт! P.S. Ақ Азиаданың ашылуы мен жабылу салтанатына мемлекет қоржынынан 47,6 миллион доллар бөлініп, оған отандық режиссерлермен бірге танымал ресейлік композитор Игорь Крутой тартылғаны белгілі. Азиада әнұранының ең басты әуеніне де жауапты осы кісі. Және оған ұйымдастыру комитетінен 100 дол­лар көлемінде қаражат бөлінген. Байқау жүрген 5 айда ұлттық рухта асқақтайтын, отандық спортшыларымыздың делебесін қоздырар, қазақы бояуы қанық дүние туса игі деп тілегеніміз кеше еді. Ендеше әнұран тек ана тілінде асқақтаса деген мұратымыз желге ұшпағай!.. Айнаш ЕСАЛИ. Алматы. Суретте: ҚР халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ескендір Хасанғалиевтің бағы жанған күн. Суретті түсірген Самат ҚҰСАЙЫНҰЛЫ.

Бірінші бағыт

Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов VII Қысқы Азия ойын­дары алауы эстафетасының Алма­ты­дағы кезеңінің мар­шру­тын бекітті. Осынау қасиетті алау Қазақстан жеріне келер жылдың 12 қаңтары күні Кувейттен келіп жетеді деп күтілуде. Сөйтіп, оның еліміздің қа­ла­ларын көктеп өтетін саяхат-са­па­ры нақ осы Ал­маты­дан басталмақ. Әуелі эстафета оңтүстік аста­наның барлық басты көшелерін адақтап өтіп, шаһардың ең елеулі де мәнді қойнау-түкпірлерінің бар­лығына шамшырақ нұрын шаш­пақшы. Барлық жағдайлар ойлас­ты­рылып бекітілген бағдарлы жос­парға жүгінер болсақ, Алау эста­фетасы жаңа халықаралық шаңғы тұғырлары кешенінде сөреден шы­ғып, Төле би көшесі мен Абылай хан даңғылы қиылысындағы Астана алаңында мәреге жетпекші. Эста­фе­та маршруты Әл-Фараби даңғылын бойлап келіп, Фурманов даңғылына жетіп, одан Сәтбаев және Байтұр­сынов көшелерін, Абай және Дос­тық даңғылдарын, Шевченко, Қо­наев, Қабанбай батыр көшелерін, ең соңында Абылай хан даңғылын ба­сып өтпекші. Мар­ш­рут­тың жалпы ұзын­дығы 11,7 ша­­қырымды құрай­ды. Азиада алауын нақ осы қашық­тықта 80 алау кө­теруші алып жүреді. 2011 жылғы VII Қысқы Азия ойындары Алматы қаласы ди­рек­циясының директоры Сұлтанбек Сыздықовтың айтуына қарағанда, Алау эстафетасы маршрутын әзір­леген кезде қаланың тарихи әрі көрікті жерлерін және Азиаданың жаңадан бой көтерген бірегей ны­сандарын әйгілей паш етіп көр­се­ту мүмкіндіктері, сондай-ақ алау көтерушілер мен көре­рмендердің қауіпсіздігі мәселелері де мұқият ескерілген көрінеді. Одан соң Азиада алауы жиыр­ма күн бойы Қазақстанның 16 қаласына нұрлы жарығын шашып өтіп, өз сапарын 30 қаңтар күні Ас­танада түйіндемек. Сөйтіп, ел­ор­дадағы «Астана-Арена» футбол стадионына ол Азия ойындары ашы­лу салтанатының ең шарық­тау шағында, мың сан жүректерге қуаныш ұялатып жетпек. Қорғанбек АМАНЖОЛ. Алматы.

Ақжолтай!

Осы күнге дейін Қысқы Азия ойындарына қатысуға 27 елден өтініш келіп түсті. Әуелі Азиадаға жоспарланғандай 24 елдің өкілдері қатысады делінген болатын. Сөйтіп, жарысқа қатысу­шы­лар са­ны күннен-күнге артып келеді. 1 жел­тоқсан күні жарысқа 559 спорт­шы, 350 ресми лауазым қа­тысуға ниет білдірсе, бір жұма өткен соң спорт­шылар саны 1 130-ға, ал ресми лауа­зым иелері­нің са­ны 543-ке өсті. Жа­қында олардың қатарына Пәк­стан, Ау­­ған­стан мен Сингапур елдері­нің өкіл­дері қосылды. Ойын­дарға қатысу­шылар саны одан әрі көбеймек. Жалпы, Азия ойындарына ең көп қатысатын спортшылар Қа­зақстаннан болады. Олардың са­ны – 167. Одан кейінгі орындарда Оңтүстік Корея (140) мен Моң­ғолия (137) орналасқан. Дайындаған  Дастан КЕНЖАЛИН.