15 Желтоқсан, 2010

Тәуелсіздік құрдастарының форумы

711 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл Тәуелсіздіктің алтын ша­мы жанғанына 19 жыл толып отыр. 19 жыл – белсенді белес пен ай­шықты ақи­қаттың нақты көрінісі. Әр жолы тарих жылнамасына ал­тын әріп­тер­мен жазылар жақұтты жылдар екеніне ешкім де қарсы уәж айта алмас. Ал бүгінгі таңда сол бір 1991 жылы туған тәуел­сіз­діктің құрдастары кә­ме­леттік жастан өтіп, жаңа өмірге қадам басуда.  Осыған орай, жас­тар­дың ой-пікірін тыңдап, сөз сөйлеуге ша­қыру – бүгінгі күн­нің басты талаптарының бірі.

Астана қаласының әкімдігі мен «Қазақстан жастарының конгресі» ЗТБ бірлесе отырып ұйымдас­тыр­ған жасөспірімдер мен жастар форумы­ның пленарлық мәжілісі елордадағы «Көрме» орталығында өтті. «Біз – Тә­уелсіздіктің құр­дас­та­рымыз! Біз­дің Отанымыз – Қа­зақ­стан» атты та­қырыпты ба­рын­ша аша білген Жастар конгресінің кездесуі үш бірдей үнқатысу ала­ңы мен пленарлық мә­жілісті қам­ты­ды. Мақсат – Қазақстан Рес­пуб­ли­касы Тәуелсіз­дігінің 19 жыл­­дығын атап өту арқылы жас­өс­пі­рім­дер мен жастар арасында па­трио­­тизмді арттыру және Жел­тоқ­сан кө­те­рілісіне қатыс­қан­дардың ер­ліктерін жас ұрпаққа үлгі-өнеге етіп көр­сету.

Форумның негізгі бөлігі үн­қа­тысу алаңдарында қызу талқыға түс­кен ұсыныстарды жариялаумен бай­ла­нысты болды. Жастардың аза­­мат­тық белсенділігін арттыру және па­триот­тық тәрбие беруді жо­ғарыға қой­ған Л.Н.Гумилев атын­дағы ЕҰУ «Жас саясаттанушылар» клу­бының же­текшісі Кәрібек Дәу­лет: «Аға бу­ын жасап кеткен жұ­мыс нәтижесін кі­ші буын алып кетуі қашанда қиын. Өйткені, жа­һан­дану мәселелеріндегі өз­герістер ұлт­тық мүддемізге үлкен қай­шы­лықтар туғызуда. Осыған бай­ла­нысты, жастар мен жас­өс­пі­рім­дер­дің басын қосқан «Қазақстан жас­та­рының конгресі» баршамызды бір арнаға салып, Отан алдында ма­ңыз­ды жұмыстарды атқарып келеді. Форум нәтижесінде мем­ле­кет­тің ертеңі бүгінгі жастар екендігін ескеріп, елдік қасиеттерді бойға сіңіріп, Қазақ­стан­ды сүю мен оны одан әрі әс­пет­теуге, ұлтжандылық сезімнің ұлт­шыл­дыққа ұласуын болдырмауға мүм­кіндік болаты­ны­на сенемін!», – десе, «Астана жас­та­рының – Қазақ­стан жастарына үндеуін» ЕҰУ-дің 3-курс студенті, Тәуелсіздіктің құр­да­сы Мақсат Хабаров баяндады. Ол: «Біз – жастар, Қа­зақстанды ХХІ ға­сыр­да гүл­ден­ген, іргесі берік, әлем­дік қоғам­дас­тықтағы мәртебелі мемлекетке ай­нал­дыруға бағытталған Ел­ба­сы­мыз­дың саясатын мақтаныш тұ­та­мыз. Біз өз Отанын шексіз сүйе­тін, еңбекке құштар, спортты өмірлік салтына айналдырған санаулы да са­ла­матты ұрпақ сабақтастығын жал­ғас­тырамыз. Біздің жастық жігеріміз бен еселі еңбегіміз, басты құн­ды­лы­ғымыз – Тәуелсіз Қазақ­стан­ның да­му­ына бағытталған!», – деді. Фо­рум­ның үндеуі мыңдаған жас­тың отан­сүй­гіштік сезімін арт­ты­рып, мың­да­ған ұл-қыздың на­мы­сын қорғап, талай өрендердің өр кеудесіне оттан да ыс­тық жалын сыйлап, ой-өресіне өнеге өретіндей өсиет болды.

Қай заман, қай елде болмасын заңғар талап пен асқақ арманды, ар мен намысты бәрінен жоғары қоя білетін халықтың негізгі бөлігі – жас­тар­дың үлесінде екендігі бар­шаға мәлім. Осыны ардақ тұтып, елі үшін жа­ны күйзелетін, тәуе­кел­шіл жас­тар­дың форумына рес­публи­калық және қа­лалық жастар ұйымдарының көш­бас­шылары мен белсенділерінен құ­рал­ған 150-ге жуық делегат қатысты. Сонымен қо­са, Астана қаласының әкімдігі мен жастар арасындағы үкі­меттік емес ұйым өкілдері басқосты. Форум – жастармен оң үдерістегі үн­қатысу ұйымдастыруға мүмкіндік беріп қана қоймай, Тәуелсіз Қазақ­станның қалыптасу жолында әрбір жастың қызметінің маңызы зор екендігін айқындай түсті.

Жұлдыз БАЙДІЛДА. Суретті түсірген Игорь БУРГАНДИНОВ.