15 Желтоқсан, 2010

Алуан-алуан ақын бар, аламанда ағындар

903 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Ел тәуелсіздігінің 19 жылдығы құр­метіне арналған «Тәуелсіздік тағылымы» атты республикалық ақындар айтысы үш күн қата­ры­нан елорданы жауһар жырға бөлеп, ту­ған халқын бөлек сырға қандырды.

Үш күннен бері бір-бірімен қара сөз­дің қаймағын қайырып, қалың топтан қай­мықпай қадау-қадау ой айтқан дүл­дүлдердің соңғы күнгі дүбірлі бәсекесін та­машалауға Мемлекеттік хатшы – Сырт­қы істер министрі Қанат Саудабаевтың ке­­луінің өзі бұл айтыстың бұрынғы өтіп жүрген айтыстарға қарағанда арқалар жү­гі мен атқарар рөлі қаншалықты ма­ңызды еке­нін ұқтырғандай еді. Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің айтыстың ақтық кезеңі басталарда әз өнердің тарихи тағылымдарын тағы да тарқатып айтып шығуы сондықтан еді. «Елба­сы­ның тапсырмасы бойынша бүгін міне, хал­қымыздың ең қасиетті өнері – айтыс ел­орданың төріне шығып отыр, – деді ол. – Бүгінгі айтыстың жөні де, мәні де бө­лек, өйткені бұл айтыс Елбасының тікелей үкіметке берген тапсырмасының ар­қа­сында жүзеге асырылып отыр. Бұл –  елдің елдігін, бірлігін асқақтата жыр­лай­тын, тұтастық туын толғайтын аламан ай­тыс. Сондықтан бұған Қазақстанның бар­лық облыстарынан үміткерлер қатысты. Осыған дейін аудан, облыс деңгейлерінде ақындар сайысы өткізілді. «Мыңнан тұл­пар, жүзден жүйрік» көрінген сол ақын­дар бүгін елорданың үлкен сахнасына шы­ғып отыр. Күні кеше ғана Еуропадағы қауіп­сіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше ел­дердің Саммитін Астанада өткізу арқылы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ елін, оның әсем астанасын дүние жүзіне танытты. Елор­да төріндегі бүгінгі ай­тыстың сон­дық­тан рухы да, көтерер жүгі де биік бо­луы керек», деп ойын түйіндей келе министр мұндай өнер дүние жүзінің барлық ха­лықтарында кездесетінін, бірақ солар­дың ішінде қазақ халқы өзінің төл өнерін көз қарашығындай сақтап, асыл мұраға айнымас қалып танытуда өзге­лер­ге қара­ғанда оқ бойы озық тұрғанын тілге ти­ек еткен. Бұл ретте күні кеше ғана күл­лі қазақтың күміс күймесіндей күм­бір­леген «Қазақтың 1000 күйі» мен дәстүрін дә­­ріп­теген «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» жи­­нақтары туралы айтып: «Біз де ай­тыс­қа өз тарапымыздан жөн-жо­рал­ғы­мызды  жа­­­­сап, аламан бәй­геге қа­тыс­қан ақын­дар­ды бөле-жармай, бәріне бірдей Елба­сы­ның атынан осы жи­нақты тарту етпекпіз», деп киелі өнерді кіршіксіз мең­герген жан­дарға толағай құрмет көрсетілді. Тәуелсіздіктің 19 жылдығы қарса­ңын­да өткізіліп отырған бәйгенің аты тарихқа алтын әріптермен жазылатынын, ғасыр­лар бойы ата-бабалар аңсаған ұлы мұрат бүгінгі ұрпақ қолымен жүзеге асып, ол барлық қазақстандықтар үшін ең бір қа­сиетті ұғымға айналып отырғанын айтты. «Қолдарыңыздағы домбыраның қос ішегі сияқ­ты тәуелсіздіктің де екі ішегі бар. Бірі – Қа­зақ елі де,  ал екіншісі сол елді әлемнің биігіне көтерген Елба­сы», деген ол. Осынау ұлы мұрат кешегі алып бәйтеректер үні­мен де ғасырлар бойы жыр­ланып, азаттық пен теңдік, бірлік пен тірлік, арман-аңсар, бабалар рухы, жақсы, жаман қасиеттер, түп-түгел маржан сөзбен санада зерделеніп, байырғы әдебиеттің байлығы ұрпақ­тан-ұрпаққа жалғасса, ауыз әдебиетінің жауһар жамбысындай жарыққа үндеген айтыс өнері қазір де қазақтың мұңы мен шерін, күнгейі мен көлеңкесін көрсететін асыл арнасы екенін тағы да тап басып та­ны­ғандаймыз. Тәуелсіздік пен азаттық әуе­ні әлімсақтан жалғасып келе жатқан ұлы көш. Осы көштің кейінгі нарлары мен ізгілік ізін байқадық. Демек, ол Қазақ елінің кешегі тәуелсіздік алғаннан бергі ғана қол жеткен қазынасы емес екен. Мұны талай буын жырлап келген, ақын­дардың бүгінгі толқыны да тосырқамай, кеуделерінен жыр-өзеннің күркірей ағуын­­да, түйдек-түйдек шумақтарды та­сы­та төгуінде сондай сыр жатқанын аң­ғардық. Бірақ кешегі жырлау мен бүгінгі толғаныстың ара­сында жер мен көктей айырмашылық бар. Кеше Қазақ елі өзінің бостандығын аңсап, жырға түйген асыл маржандар тек қиял мен арман күйінде қалықтаса, бүгінгі толғау тіпті басқаша, кешегі биіктегі қол жетпес бақыт құ­сының Ұлы Дала бағына келіп қонған ша­ғы. Ендеше, ақындардың кешегі үні зар мен мұңға тұнып тұрса, қазіргі қалып одан өзгеше өрілуі заңдылық. Бақыт пен шат­тықты жырлау кейінгі ұрпақтың еншісіне бұйы­рып тұруының өзі көңілді шат­тандырады. Осы бақытты басынан ұшырып алып жатқан елдер бар айналамызда. Сон­дық­тан бақытты баянды ету тек саясаттың ісі ғана деп ойлау дұрыс емес, халқымыздың алтын тамы­ры – айтыстың да арқауы ты­ныштықпен тыныстайды. Алмас қылыштай алдаспан өнер осындайда жарқылдап қы­набынан суырылмағанда қай кезде суырылмақ. Тә­уел­сіздік – оның алтын та­ғы, биік тұғыры. Тақтан бақ­­тың ұшпауы асыл мұраға адал­дық пен кіршіксіз сү­йіс­­пеншілікке байланысты.  Бұл жағынан айтыстың ал­дағы уақытта да алға баса беретініне имандай илан­дық.  Кө­ме­кейден бір мез­гіл­де әуен әуелетіп, тұ­шым­ды ой өр­нек­теу дәстүріне берік жас ұрпақ өсіп келеді екен тал шыбықтай сусылдап. Солардан алма­ты­лық Жандарбек Бұлғақовты, солтүстікқазақстандық Әлібек Серғалиевті, батысқазақстандық Жансая Мусинаны, ақтөбелік Есентүгел Әзиевті, т.т. осындай өрімдей өрендерді атап кеткенді жөн көріп отырмыз. Олар кей­бірі кәнігі ақындармен мәреге тең түсіп жетіп жатты. Мәселен, қы­зыл­ор­да­лық Мұхтар Ниязов пен қызылжарлық Әлібек Серғалиевтің, алматылық Айнұр Тұрсынбаева мен Жандарбек Бұл­ға­қов­тың айтыстарынан бір кездері бәсеңсіп қал­ған өнер рухының асқақтар, шарықтар шағы әлі алда екенін ұқтық. Айтыстың өліара кезі өтіп кетті. Екі жылдай қаң­та­рыл­ған айтыстың арбасын жас лек келіп толтырыпты. Жұрт айтыстың сондай жаңалығына жабыла қуанып қол соқты. Тағы бір жақсы хабарға марқайдық. Қа­зы­лар алқасының төрағасы Мырзатай Жол­дасбеков алдағы уақытта айтыскер ақындардың одағын құру ойда жүргенін жеткізді. Бұл да болса көптен бері кө­кей­де жүрген өнердің өшіңкіреген өңін қайта қалпына келтіргендей көңілге шуақ шаш­қан. Рас, бұл бәйгеге біреу келіп, біреу кетіп жатады. Олардың іздері де, иірімі де бір-біріне ұқсай бермейді. Сол іздер ізім-ғайым жоғалып кетпеуі керек қой. Ол үшін жыл сайын осындай аламан бәй­ге­лер­де топ жарып жүрген дүлдүлдердің ай­тысын келешекте кітап етіп бастырып отырайық деген ұсыныс та өнерін ұлық­тай білер елдің өрелі ісі болмақ. Алғаш рет мемлекет қолдау білдіріп, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қо­ры» АҚ төрт автокөлік тіккен бәйгеде мұ­нан да басқа қосымша сыйлықтар ақын­дар­дың аспанын биіктетіп тұрды. Бас жүлдеге астаналық Аманжол Әлтаев, бі­рін­ші орынға онымен сайысқа түскен Ай­нұр Тұрсынбаева лайық деп табылса, екін­ші жүлде түркістандық Бекарыс Шойбековке, үшінші орын алматылық Жандарбек Бұлғақовқа тиді. Халқы­мыз­дың төл өнері мұндайда намысты аза­мат­тардың демеуімен биіктеп жататыны тағы рас. Қазақтың осындай ұлдарының бірі Қай­рат Сатыбалды астаналық Балғынбек Имашевқа, қызылордалық Мұхтар Ния­зов­қа, солтүстікқазақстандық Әлібек Сер­ға­лиевқа ислами құндылықтарды айтыс өнерінде жоғары деңгейде ұлық­та­ған­дық­та­ры үшін «темір тұлпар» тарту етіп, астаналық Еркебұлан  Қайназаров пен аты­раулық Сырымбек Сәрсенбаевқа ақ­ша­лай сыйлық тапсырды. Айтыс өнерінің дамып, өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып келе жатқан Мырзатай Жолдасбеков, де­меу­шілер Амангелді Ермегияев, Өмірзақ Сәрсенов, Жүрсін Ерманға да лайықты қошемет көрсетілді. «Алуан-алуан тұлпар бар, әліне қарай шабады» демекші, бәй­ге­де біреудің озып, біреудің қалып жатуы әлімсақтан белгілі жәйт. Жүлде алмай қал­ғандардың аузына сөз түспей қалды деп те айта алмаймыз. Жұртшылық өне­рін жоғары бағалайтын Балғынбек Има­шев­тың ұтымды өріліп отырған уытты шумақтары залдағы жұрттың делебесін әлсін-әлсін қоздырып, орысшалап қал­жың­мен қағытқан мысқылдары еріксіз езу тартқызар еді. «Егемен Қазақ­стан­ның» осы бәйгеге арнайы тіккен бағалы сыйлығын ақынға «Егемен Қазақстан» рес­публикалық газеті» акционерлік қоға­мы­ның перзиденті Сауытбек Абдрахманов табыстады. Сара Тоқтамысованың да тоқтаусыз, төгіліп тұрған жырлары қыздың жиған жүгіндей көркем де кестелі өрнегімен сүй­сінткен. Айтыстан жұрттың көз жа­зың­қырап қалған тұсында ақындардың ішіне көп нәрсе жиналып қалыпты. Мұ­ның бәрін, әрине, аз уақытта түгел жайып тастау тағы мүмкін емес. Солай десек те, Сара сынды саңлақ ақындар уақытқа дес бермей, көкейді тескен көп дертті жайып үлгеріп, қарсыласын әзіл-қалжыңмен әде­мі түйреп, қазақ қызына тән қай­сар­лы­ғы мен ибалы ойлары орайласып, көпті өзіне үйіріп әкетіп отырды. Тәуелсіздік шат­ты­ғын байырғы дәстүрлі іздің бабымен тәтті әуезге қондырды. Қазақстан халқы Ас­сам­блеясының ақшалай сыйлығы Сара Тоқтамысова мен Әлібек Серғалиевқа бұ­йы­руының осындай бір себебі болса керек. Тіл комитетінің бәйгесі Мұхтар Ниязовқа тисе, «Қазақстан халқының рухани даму қоры» АҚ айтысқа қатысу­шы­лардың бәріне бағалы жәдігер тарту етті. Мәдениет министрлігі мен «Қазақстан халқының рухани даму қоры» АҚ ұйым­дас­тыруымен өткен республикалық ақын­дар айтысы туралы ресми хабарламада ақындар айтысының негізгі мақсаты ай­тыс өнерін мәдениетіміздің баға жетпес асыл мұрасы ретінде халыққа паш ету, оның дамуына мемлекеттік деңгейде қол­дау көрсету, елдегі халықтар достығын, береке-бірлікті және саяси тұрақтылықты дәріптеу, халыққа айтыс дәстүрін жан-жақты насихаттау, талантты, дарынды, жас ақындардың ақындық шеберлігінің шың­дала түсіп, көпшілікке танылуына мүмкіндік жасау, айтыс өнерін одан әрі да­мытып, сапалық деңгейін жақсарту мақсатында өткізілетін дәстүрлі іс-шара ретінде қалыптастыру, болашақ ұрпаққа айтыс өнерін жеткізу, шебер сөз құрау мен жоғары деңгейдегі поэзия арқылы мем­лекеттік тілдің арнасын кеңейтіп, дамыту әрі насихаттау болып табылады делінген. Ендеше, айтыс өнері мұнан былайғы уақытта мемлекеттің әз тұтар рухани құндылығына айналар ма екен. Көп­тен аңсаған мұраттың бірі осы еді. Жер ас­тынан табылған ежелгі рухани жә­ді­гер­лер «Мәдени мұра» мемлекеттік бағ­дар­ла­масымен қорғалып, көздің қара­шы­ғын­дай сақталса, айтыс та ел ішіндегі осындай алтын көмбенің бірі. Оны қорғап қалу арқылы елдіктің туы желбіреп, бірліктің белі бекімек. Желтоқсанда Ас­танаға қайта оралған үміт көзінен осыны ұқтық. Еркін елдің кешегі есіл қырандары аңсаған желтоқсан рухы қазақтың айты­сымен түлеп, арқа-жарқа күй кешкен қазақтың осы бір думанын ардақтап жү­рер сана керек расында. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ. Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.