15 Желтоқсан, 2010

Ұтымды шешу жолы – үнқатысу

403 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Басқа басылымдардан Euronwes агенттігі Қа­зақстанның Ауған­стан­ға көмегіне қатысты бірнеше ақпарат бер­ген. Оның бірінде Қазақстан Прези­денті­нің «Ауғанстанда тұрақтылық орнауына пейілдіміз, сол себептен антитеррорлық коа­ли­­ция­ға мүше болып отырмыз», – деген сө­зін беріп, біз ауған халқының тағдырына алаң­­даймыз, 31 жыл бойына соғыс жағ­дай­ын­да өмір сүріп келген, осыдан 30 жыл бұ­рын дү­ниеге келген ауған азаматының қо­лы­на күрек емес, тек автомат ұстағандығына, ен­ді олар­ды тер төгіп еңбек етуге үйретудің маңызы жоғары деп есептейтініне тоқталады. Сондай-ақ, агенттік АҚШ Мемлекеттік хат­шысы Хиллари Клинтонның Қазақстан­ның Ауғанстандағы қауіпсіздікті сақтауға ық­пал ететін халықаралық күштердің құрамы­на өз әскери нұсқаушылары мен саперлерін жіберетін болғандығын хабарлағанын айтады. «Сонымен, Ауғанстандағы әскер құрамында енді 49 мемлекеттің әскері болатын болды»,– деген Хиллари Клинтон Қырғызстанның өтпелі кезеңдегі президенті Роза Отунбаевамен арадағы келіссөзден кейін. Клинтонның айтуынша, қазіргі күні Ау­ғанстан аумағына күн сайын 3,5 мың НАТО әскері, 6 мың тонна түрлі жүк өткізіліп отыр. Deutsche Welle Ресей мен АҚШ арасындағы үн­қатысу тең жағдайда жүр­гізілсе, ЕҚЫҰ пай­дасы көбірек болады деген тақырыппен Ұйым жұмысын ілгерілетуде жаңа көзқарастар, стиль қажет деген Ресей Федерациясының президенті Дмитрий Медведевтің сөзін мысалға келтіреді. Ресейдің Еуропадағы қауіпсіздік және ын­тымақтастық ұйымына деген «махаббаты» Косоводағы соғыстан кейін суыды. Өйткені, осыдан кейін Ресей Ұйымды АҚШ-тың құралы деп қабылдады, деп жазады неміс баспасөзі. НАТО-ның Лиссабонда Ресей жағы зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін құруға қатынасады деген уәдесі нақтыланбай отыр. Егер де АҚШ Сенаты Стратегиялық қаруларды қысқарту (СНВ-2) шартын ратификациялайтын болса, онда ЕҚЫҰ-ның жұлдызды сәті туатынына күмән жоқ, дейді немістің тағы бір басылымы– Frankfurter Rundschau газеті. Швейцарияның SF агенттігінің тілшісі Кристоф Францен ЕҚЫҰ Саммитінде Ұйымды қалай күшейту жайындағы түрлі мемлекеттер ұстанған пікірлер мен ұсыныстарға тоқтала келіп, немістер Ұйым өз жұмысын бұрынғы қалпында жүргізіп, бірақ қойылған міндеттердің дұрыс орындалу жағын қанағат тұтса, Қазақстан ЕҚЫҰ қарайтын мәселелер ауқымын кеңейтуді ұсынады. Ал АҚШ Ұйым Ауғанстанда белсенді қимылдау жағын алға тартса, соңғы кездері Ұйымды адам құқығы мен сайлауға қадағалау жұмыстарында көп сынайтын Ресей оны артқа шегіндіргенді жөн көреді. Олар ЕҚЫҰ-ны егер кикілжің орнаған уақытта нақты ережесі бар Ұйымға айналдырғысы келеді. Ал ол Ұйымның өз тарихында бұрын болған, оған қайта оралу, артқа шегінудің белгісі дейді. UzReport Біріккен Ұлттар Ұйы­мы­ның Бас хатшысы Пан Ги Мунның Астана Саммитінде Ұйым өңірлердегі ұзаққа созылған дауларды шешуде өзі басшылық ететін Бас ұйымның көмегіне сүйене алады деп айтқанын алға тартып, ЕҚЫҰ кеңіс­тігін­дегі бірнеше осындай кикілжің ошақта­рын­дағы келіспеушілікті тек келіссөздер қары­мы­мен қайтаруға болады деген Бас хатшы пікірін келтіреді. Бас хатшының Ұйымға төрағалық етуші Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы арасында және азиялық елдер ішінде алғашқы төраға –Қазақстанның түсіністік пен ықпалдас­тықтың жаңа дәуірінің жолын салудағы еңбегіне тоқталды, дейді UzReport. Қытайдың ха­лық­аралық радиосы Астана Саммиті ту­ра­сында өз тыңдау­шы­ларына хабар тарат­қан. Онда Саммитке 65 елдің деле­га­ция­сы мен Ұйымның 12 әріптес елінің өкілдері қатысқандығы айтылған. 11 жыл бұрын Түркияда өткен саммиттен кейін бас қосқан форумның жұмысы жайындағы хабарда радио Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Сондықтан Аста­надағы Саммит – жаһандық қауіпсіздіктегі ЕҚЫҰ перспективаларын талдау үшін жақсы мүмкіндік. Біздіңше, ЕҚЫҰ-ның алдағы онжылдықтағы басты міндеті – қайшылықтарды рет-ретімен шешу, сенім мен интеграцияны, соның ішінде қазіргі бар мемлекетаралық бірлестіктер аясындағы интеграцияны нығайту. “Шығыс-Батыс” жүйесі бойынша бұл, бір жағынан, Еуропа Одағы мен НАТО-ның, екінші жағынан, ЕурАзЭҚ пен ҰҚШҰ арасындағы өзара іс-қимылды жолға қою. Осылайша өткен ғасырда қалыптасқан трансатлантикалық интеграция орынды түрде трансеуразиялық интеграциямен толығуы мүмкін» деген сөзін берген.