Журналист жазбалары
Не нәрсенің болмасын артықшылығы мен кемшілігі, жақсылығы мен жамандығы салыстырулар арқылы ашылады ғой. Ал салыстыру үшін көру, білу қажет. Көру, білу дегеніміз – үлкен бақыт. Қарынның тоқтығы, көйлектің көктігі, тіпті адам басына артық байлықтың бітуі – өз алдына бір бөлек дүние. Ал көру, білу бақытының мәні одан гөрі де жоғары тұратынына ешкім шек келтіре қоймас.
Еліміздің өз тәуелсіздігіне ие болуына байланысты «Егемен Қазақстанның» журналистері осы бақыттан кенде қалмаған. Мен де осы газетте қызмет істеген жылдары АҚШ-та, Жапонияда, Еуропаның бірқатар елдерінде, ТМД-ның біраз мемлекеттерінде, Таяу Шығыста, Оңтүстік-Шығыс Азияда, Африкада болып, үлкенді-кішілі халықаралық кездесулер мен форумдардан ақпарат тарату ісіне қатыстым.
Мұның бәрін айтып отырған себебім, жуықта ғана болған ЕҚЫҰ-ның Астана Саммиті ерекше есте қаларлықтай жағдайда өтті. Саммиттің ЕҚЫҰ, жалпы халықаралық қоғамдастық, Орталық Азия, Қазақстан үшін маңызы мен рөлі туралы біраз жазылды, жазылып та жатыр, әлі жазылады да. Ал мен журналист ретінде өзім байқаған жекелеген жәйттерді, соның ішінде журналистер үшін жасалған қолайлы жағдайды осы уақытқа дейін көрген-білгендеріммен салыстыра отырып әңгіме қозғамақпын.
Өзім куә болған халықаралық форумдар арасында Вашингтонда өткен ядролық қарусыздану мәселесіне арналған дүниежүзілік саммит, Минскідегі ТМД мемлекет басшыларының басқосуы және Астанадағы ЕҚЫҰ Саммиті журналистерге жасалған қолайлы жағдай жөнінен басқаларға қарағанда біршама ерекшелене түсті деп ойлаймын. Енді осы үшеуін салыстырып көрейік.
Вашингтонда өткен дүниежүзілік саммитке елуден астам елдің басшылары және бірнеше халықаралық ұйымның жетекшілері қатысты. Мұндай саммитке қатысу құрметіне Орталық Азиядан тек Қазақстан ғана ие болғандығын айта кетсек, артық болмас.
Бұл саммит Вашингтонның Конгресс-орталығында өтті. Осы орталыққа 5 мыңнан астам адам еркін сыйып кетті. Оның 2 мыңға жуығы журналистер болды. Журналистер екінші қабаттағы баспасөз орталығына лайықталған екі-үш үлкен залға орналастырылды. Осы жерлерден Конгресс-орталықтың үлкен мәжіліс залында өтіп жатқан саммит барысын анда-санда тамашалап отырдық. Себебі, саммитті өткізіп отырған АҚШ қауіпсіздік мәселесін қатты ескергендіктен болар, жиынның бәрін бізге көрсете қойған жоқ. Саммит пен оның баспасөз орталығы бір ғимараттың ішінде жұмыс істегендіктен, журналистердің қозғалысына да «былай қарай жүруіңе болады, ал былай қарай жүруіңе болмайды» дегендей ішінара шектеулер қойылды.
Әрине, журналистердің бәріне компьютер жете қойған жоқ. Көпшілігіміз өзіміздің алып келген ноутбуктерімізді пайдаландық. Телефондар жекелеген жерлерге ғана қойылды. Егер әрбір журналистің қолында роумингі бар ұялы телефоны болмаған жағдайда ол телефондардың екі мыңға тарта БАҚ өкілінің мәселесін шеше алмайтындығы да анық еді.
Дегенмен, қалай алып қарағанда да, бір сәтте бес мың адамның басын қосып, еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік бера алатындай аса үлкен ғимараттың болуы мемлекеттің қуатын білдіретіндей. Бұл ғимараттың өзі ғасырдан астам уақыт бұрын пайда болып, ұзақ жылдар бойы ауық-ауық жүргізілген жаңарту, қабырғаларын бекітіп, үстінен жаңа қабаттар қосу нәтижесінде кеңейтіліп, қазіргі бейнесіне енген екен. Яғни, Конгресс-орталық пен оның салыну тарихының өзі алып АҚШ-тың дәл осындай алып қалпында бір күнде пайда бола қалмағандығын, Құрама Штаттар ретінде бір күнде құралмағандығын сездіретіндей еді.
Бір қызығы – Минскідегі ұлттық орталық кітапхана да Беларусьтің жаңа тарихынан сыр шертіп тұрғандай. Оны салу Беларуське онайлыққа түспеген. Құрылысы да бірнеше жылдар бойы жүргізіліп, ақыры 2006 жылы біткен. Қазір бұл ғимарат – ел басшылығының мақтанышы. Барлық мәртебелі жиындар осы жерде өтеді екен. Алайда ТМД саммитіне көп адам жинала қоймайтындықтан, мұндағы журналистердің қарасы 100-150 адам мөлшерінде ғана болды. Сондықтан мұнда орнатылған компьютерлер толық жетті. Жалпы, осы ғимаратта бірнеше рет болып, қонақжай беларусь халқының дәмін талай таттық.
Ал енді осылармен салыстырғанда Астанадағы ЕҚЫҰ Саммиті өткен Тәуелсіздік сарайы мен оның баспасөз орталығы орналасқан «Шабыт» сарайы жаңалықтың, жеделдіктің, қазіргі заман сән-салтанатының символындай болғаны шындық. Ойлап қараңыз, ЕҚЫҰ-ның соңғы Саммиті өткен Астана қаласы – бүкіл әлем бойынша алғанда ең жас та жаңа елорда. Саммиттің өзі өткен Тәуелсіздік сарайы мен оның баспасөз орталығы орналасқан «Шабыт» сарайы және ұйымдастыру комитеті орналасқан Бейбітшілік және келісім сарайы – жаңа ғимараттар. Олардың ішіне орнатылған құрал-жабдықтардың бәрі жаңа. Бұл үш ғимарат бір-бірімен көрші орналасқандықтан, бір-біріне сән беріп, сәулеткерлік үлгілері ерекше жарасым тауып тұрғандығы тағы ақиқат.
Шабыт сарайындағы баспасөз орталығының жұмысына шетелдік және отандық журналистер ерекше тәнті болғандығын айта кету парыз. Журналистер отыратын барлық үстелдердің алдына жеке-жеке компьютер қойылды. Оның үстіне, әрбір екі журналиске бір қызмет телефонынан және орнатылды. Осы ретте «Қазақтелеком» АҚ-тың мінсіз қызметіне алғысымызды айта кетсек, артық болмас. Әлемнің кез келген түкпірімен интернет, халықаралық телефон желісі, факс арқылы ешбір тоқтаусыз хабар алмасу, ақпарттар жөнелту жүйелі қамтамасыз етіліп тұрды. Әрбір залда осы қызметтердің мінсіз жұмыс істеуін бақылап, операторлар мен инженер жігіттер жүрді. Компьютерде немесе басқа да байланыс құралында сәл ақау білінсе, жетіп келіп жедел іске қоса қояды. Осы жағдайға журналистердің көпшілігі тәнті болып жатты.
Баспасөз орталығындағы аспаздар мен даяшылар қызметі де бөлек бір әңгіме. Олар да өз қызметтерін өте бір шеберлікпен барынша адал атқарды. Бір сәтте және екі тәулік қатарынан 1,5 мың журналиске бірден қызмет көрсету деген оңай ма? Ал енді олар тамақ жайған залдар мен дастарқанның тазалығы мен жинақылығы тұрғысынан айтсақ, тазалық жұмысының өзі конвейерге қойылғандай немесе осынау «Шабыт» сарайында бір сәтте 1,5 мың журналист бас қоспағандай әсерде болдық. Менің ойымша, бұл жолы қазақ халқы өзінің дәстүрлі қонақжайлығының ғана емес, сонымен қатар, оның қазіргі замандық мінсіздігінің үлгісін де көрсете білді.
Ұлы дала, жаңа елорда, жаңадан жедел салынған көрікті ғимараттар, олардың мінсіз қызметі... Саммитте қабылданып, ЕҚЫҰ жаңа дәуірінің басталғандығын білдіретін Астана Декларациясының маңызын былай қойғанда, саммиттің осылайша ұйымдастырылуы мен өтуінің өзі бізді үлкен әсерге бөледі. Біз ел жетістігін көріп, марқайдық. «Қонақ аз отырып, көп сынайды» дегендей, осының бәрін көрген шетелдік журналистердің де көңіліне көп мәселені түйіп кеткені шүбәсіз.