15 Желтоқсан, 2010

Өркені өсетін ұлт қаржысын білімге салады

501 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Жуырда Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Кентау бөлімінде Тәуел­сіздік күніне орай физика пәні­нен аймақтық олимпиада болып өтті. «Біліммен болашаққа» та­қыры­бындағы пән жарысын өт­кізуге­ «Alageum Electric» электр монтаждау басқармасы  бастама кө­теріп, Кентау трансформатор зауы­ты мен Қ.А.Ясауи атын­дағы ХҚТУ және «Нұр Отан» ХДП КФ мен Кентау қаласының әкімдігі ұйытқы болды. Оған Қызылорда облысы мен Оңтүс­тік Қазақстан облысының бірнеше аудан­дарын­дағы мектептері­нің 11-сынып оқушылары қа­тысты. Олимпиада екі бөлімнен тұр­ды. Алғашқы күні тест тап­сыр­ған қатысушылар, келесі күні әртүрлі деңгейлі есеп шығарып өз білім деңгейлерін көрсетті. Олимпиаданы салтанатты түр­­де ашқан Кентау трансформатор зауытының атқарушы ди­рек­торы Әнуар Әйтен, «Нұр Отан» ХДП КФ төрағасының орын­ба­сары Самат Расул, Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ КБ ди­рек­торы Бақытжан Мұхамед­жанов қа­ты­­су­­шыларға сәттілік тіледі. – Біз жыл сайын облысы­мыз­­­дағы мектептермен бірге жұ­­мыс жасаймыз. Биыл жұмы­сымыз өз­­ге­ше болсын деп пән олим­пиа­дасын өткізіп отырмыз, – деді  Кен­­тау трансформатор зауы­­ты­­ның атқарушы дирек­торы Әнуар Әйтен. – Физика мен математика пәнін жақсы оқи­тын жастардың басын қос­тық. Оған Кентау транс­фор­ма­тор зауыты­ның шешімімен 1,5 млн. теңге қаражат бөл­дік. 100-ге тарта талапкер қаты­сып отыр. Мақсаты­мыз «Alageum Electric» компа­ния­сы бойынша ин­же­нер­лік қа­білетті көтеру. Оның ішін­де оң­түс­тік өңіріндегі қазақ жас­­тары­на бүгінгі күн тала­бына сай мамандық беру. Басқа ұлт өкілдері бұл салада көп жұ­мыс істеген. Ал, қазақ жастары кө­бі­не заңгер, мұғалім және өзге ­де мамандықтарды таңдауға құмар.  Сондықтан бізге қазір инженерлер жетіспейді. Себебі, ел егемендігін алғалы 20 жылдың кө­лемінде бұл мамандыққа ешкім мән бермеді. Осы энергетика ма­мандығы бойынша жоғары оқу орнына түскен талапкерлер, бізде төрт жыл бойы ақылы тәжіри­беден өте алады. Ақшаны олар емес, зауыт студенттерге 25000 теңгеден төлей­ді. Ал оқуын бітіргеннен соң, біз жұ­мыс­қа қа­был­­дауға дайынбыз. Ал­ғашқыда 40 000 теңгеден жалақы береміз. Кейіннен аттестациядан өткізіп қызметін де, жал­а­қы­сын да жо­ғарылатып отырамыз. Бұл білім бәсекесіне «Кентау трансформатор зауыты» бас жүл­­­деге 120 000, бірінші орынға 95 000 (екеу), екінші орынға 70 000 (екеу), үшінші орынға 50 000 (үшеу) теңге жүлде тағайындаса, Кентау қаласының әкімдігі 30 000 теңгеден екі арнайы сыйлық ұсынды. Сонау Алматыдан Кентауда жұмыс істеуге мамандар келе бермейтіндіктен зауыт әкім­ші­лігі жақ­сы маманды Оңтүстік аймақ­тан іздегенді жөн көріпті. Егерде осы пән олимпиадасына қатысу­шы жастардың жартысы­нан көп­шілігі энергетика сала­сын таң­дап жатса, мұндай игілікті бас­та­ма­ларды жыл сайын өткізіп тұ­ру­ды да жоспарлап отыр. Қазылар алқасының төр­аға­сы, Алматы энергетика және бай­ланыс университеті физика ка­федрасының доценті, техника ғы­лым­дарының кандидаты, Т. Бай­­пақов екі күнге созылған олим­­пиа­даға қатысушы жас­тардың дайын­дығы жоғары, бұл талантты оқу­шы­ларды анықтауда жақсы бастама екендігін айтып өтті. Сайыс өткізілген алғашқы күні олимпиадаға қатысушы жас­тар Кентау қаласының тарихи-мәдени орындарына және «Кентау трансформатор зауыты» АҚ экскурсия жасады. Зауыттың жұмысымен танысты. Қазіргі кезде зауытта 1000-нан астам адам жұмыс істейді. Ал жалпы Қазақстан бойынша 5000 адам тұрақты қызметпен қамтыл­ған. Елбасының кәсіп­кер­­лерді қолдауының аясын­да өндіріс ор­нында үлкен жұ­мыстар жасалған. Тәуелсіздік күніне орай өткі­зіл­ген «Біліммен болашаққа» ат­ты физика пән олимпиадасының қо­ры­тындысында Түркістан ай­мақ­тық дарынды балаларға ар­нал­­ған мектеп интернатының оқу­­шысы Өмірәлі Сеңгірбай бас жүлдені және «Alageum Electric» электр монтаждау басқармасы дайындаған арнайы сертифи­кат­ты жеңіп алды. Бірінші орын­ның иегері болып №3 Кентау аймақ­тық «Дарын» мектеп-интер­наты­ның оқушылары Әй­герім Өтеп­берген мен Баймен Файзулла танылса, екінші орынды №3 Кентау қазақ-түрік дарынды ер балалар лицей-интернатының оқу­­­шылары Ислам Изатуллаев пен Тұр­маханбет Нұртаев иеленді. Үшінші орынға Түркістаннан келген Ғабит Усейнов, Жадыра Мыр­захмет және кентаулық Ар­дақ Смат ие болды. Кентау қала­сы әкімі тағайындаған «Тәуел­сіз ел­дің төл перзенті» ынталандыру сыйлығын түркістандық Жасурбек Абдуллаев жеңіп алса, «Жас физик» сыйлығы №3 Кентау ай­мақтық «Дарын» мектеп-ин­тер­натының оқушысы Сунатилла Ақ­сақаловқа бұйырды. Жүл­де­лерді қала әкімінің орынба­сары Бауыр­жан Әлиманов табыс етті. Бақтияр ТАЙЖАН, Оңтүстік Қазақстан облысы, Кентау қаласы.