15 Желтоқсан, 2010

Қазақстан халқы Ассамблеясы сіздерді Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күнімен құттықтайды!

450 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Құрметті отандастар!

Қазақстан халқы Ассамблеясы сіздерді Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күнімен құттықтайды! 1991 жылғы 16 жел­тоқсанда сандаған ұр­пақ­тың арманы жү­зе­ге асып, әлем­дік өр­ке­ниетке қо­сылған жаңа тәуелсіз мемлекет – Қазақстан Рес­пуб­лика­сының құрыл­ға­нына бү­гін 19 жыл толып отыр. Азат елдің рухы кең кө­сілген ұлан-ғайыр да­ла­ның төсін ұлы той­дың дүбірі жаңғыртып жатыр. Бұл күндері туған еліміздің төл мерекесін бүкіл халық, барша ұлт пен ұлыс айрықша көңілмен атап өтуде. Әр азаматтың жүрегіне ертеңіне де­ген сенімді берік бекіткен – ел Тәу­ел­сіздігі, шын мәнінде ең қымбат және ең басты елдік ұғым. Еліміздің Тәуел­сіздігі – ұлты­мыздың ежелден еркіндік аңсаған асқақ рухының және ұлт тарихындағы барлық азаттық үшін болған күрестердің жеңісі. Тәуелсіздігімізді орнықтырудың ең қиын жылдарында халықтың кемелдігі мен Ел­ба­сы Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баев­тың ке­меңгер саясатының нәтиже­сін­де Қазақ­стан­да ортақ мақсаттар жолында жұдырықтай жұмылған елдің бірлігі, қоғам­дық келісім қалып­тасып, баршамыз мемлекетімізді бірлесіп құруға тарихи мүм­кін­дік алдық. Еліміз тәуелсіздік жылдары Елбасы бас­шылығымен барлық ұлт пен ұлыстың бейбітшілік мекеніне айналып, толерант­ты­лықтың ерекше үлгісін жасай білді. Мемлекетіміз дүбірлі дамудың сара жолына түсті. Біз экономикалық өсім, әлеуметтік игілік, саяси тұрақтылық, мәдени өркендеудің куәгері де, иегері де болдық. Осының бәрі біздің бірлігіміздің арқасында жеткен жетістіктер. Дана халқымыз «берекені көктен тілеме, бірлігі мол көптен тіле» деген, біз осы жолмен жүріп елдің берекесін бірігіп еселей түстік. Бүгін біз Қазақстан Республикасы Тәуел­сіздігі күні мерекесіне айбынды абыроймен, толайым табыстармен келіп отырмыз. Қа­зақстан әлем қауымдастығы үшін айрықша маңызды оқиға болған – ЕҚЫҰ-ға қаты­су­шы мемлекет басшылары Саммитін өткізіп, жаһандық қауіпсіздік пен дамуға жаңа дем берді. Қоғамдық келісім және толерант­ты­лық­тың қазақстандық үлгісін ЕҚЫҰ кеңіс­тігінде маңызды басымдық ретінде ұсынуды жүзеге асырды. Қазақстан барша әлемге кең пейілін, қонақжай көңілін, бейбітшіл ниетін паш етті. Осын­дай толымды же­тістік­тер Тәу­елсіз Қазақ­ста­нның, Қа­зақ­стан хал­қы­ның, Қазақ­стан Президенті, Ұлт Көш­бас­шы­сы Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баев­тың беделін асқақтатты. Біз, болашақ ұрпақтың игілігі үшін, Тәу­елсіздікті баянды етуге, көзіміздің қара­шығындай сақтауға міндеттіміз. Бұл мін­деттің орындалуы арман-тілегі бір Қазақ­стан халқының бірлігі арқылы жүзеге асатыны анық. Осы жолда Қазақстан халқы Ассамблеясы қол жеткізген та­быстар мен жетістіктерді сақтауға және оны нығайтуға күш салады. Қазақ елінің тарихындағы ең атаулы күн – Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Қа­зақ­стан халқы Ассамблеясы баршаңызға, Қа­зақстанның әрбір азаматына шынайы кө­ңілмен бақыт-береке, ынтымақ пен ауыз­біршілік, молшылық пен шаттық тілейді! Еліміздің болашағы жарқын, Тәуел­сіздігіміз мәңгі болсын! Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі 2010 жыл, Астана қаласы