Еркеғали Рахмадиевті халқымызға таныстырып жатудың қажеті жоқ. Ол өзінің тамаша шығармаларымен – операларымен, симфониялық күйлерімен, поэмаларымен, скрипка мен оркестрге, труба мен оркестрге жазған концерттерімен, басқа да талантты туындыларымен қазақ халқының музыка өнерін жарқыратып әлем сахнасына шығаруға, өзге елдерге, дүние жүзіне танытуға құлшына атсалысқан айтулы тұлға. Мен Ерағаң туралы сыр-сұхбатқа құрылған ғұмырнамалық роман жазып бітірдім. Сол кітаптан айтулы ғұмырдың айшықты бірер сәттерін бейнелейтін шағын үзіндіні бүгін тағы оқушылар назарына ұсынуды жөн көрдім.
Автор: Ераға, сіз 1967 жылдың көктемінен 1975 жылдың жазына дейін сегіз жыл бойына Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының ректоры болып қызмет атқардыңыз. Осы жылдардың ішінде жүзеге асырған игілікті істеріңіз аз емес. Консерваторияның оқу корпусын кеңейттіңіз. Жатақхана салдырдыңыз. Студенттер мен консерватория ұстаздарына оқу, оқыту сапасын жақсарту үшін қолыңыздан келгенінше қажетті жағдайдың бәрін жасауға тырыстыңыз. Басқа да атқарған істеріңіз аз емес. Әйтсе де солардың ішінен өткен жылдарды еске алғаныңызда жүрегіңізге жылу беретіні, «халқыма, оның өнерін өрістетуге пайдалы іс тындыра алдым» деп көңіліңізді демдейтіні, шүкіршілік еткізетіні, бөле-жара айтқыңыз келетіні бар ма?
Еркеғали: Бар ғой... Мен консерваторияға ректор болып келген бойда, өзімнің түсінігімше, ең үлкен тындырған пайдалы ісім – 1967-1968 оқу жылы басталғанда тұңғыш рет қыл қобыз класын ашқаным болды деп санаймын. Қазақтың сонау Қорқыт бабамыздың кезінен келе жатқан қасиетті көне аспабы қыл қобыз ол жылдарда қағажу көріп, оншалықты еленбей, қатарға қосылмай жүрген еді. Оны жақсы тарта білетін шеберлеріміз де тым селдіреп, сиреп қалған. Тағы біраз кешіксек олардан мүлдем көз жазып қалуымыз да мүмкін болатын. Өзім ректор болып келе салысымен қыл қобыз класын ашуға асыға кіріскенім де сондықтан еді. Содан, егер ондай класты ашатын болсам, оған сабақ беретін оқытушыны қайдан табамын дегенді мықтап ойлануға тура келді. Бұрынырақта, өзім филармонияда көркемдік жетекші болып істеген жылдардағы қыл қобызды күңірентіп тартатын екі адамды есіме алдым. Олар – Жаппас Қаламбаев пен Дәулет Мықтыбаев еді. Содан соларды іздейін. Әркімнен сұрайын. Ақыры Жаппас ағамызды таптым. Алматыда тұрады екен. Жасы жетпістен асып қалыпты. «Осыларды қалай да қобызшылыққа баулып шығарыңыз» деп алдына алты баланы салып бердім. Өзін қызметке аға оқытушы етіп қабылдадым. Енді, шындығына келгенде, одан басқа ондай маманды іздесем де таба алмаймын ғой. Жоқ қой ондай. Ассистенттікке қалай аламын. Содан, консерваторияның кейбір мұғалімдері «көшеде жүрген, төрт кластық та білімі жоқ сауатсыз шалды консерваторияға әкеліп, аға оқытушы етіп жатыр» деп арыздар жазды үстімнен. Олардың олай жазатыны, ол кезде қатардағы мұғалімдер он жыл, он бес жыл істемей, аға оқытушы бола алмайды. Енді бүгін ойласам, менің сондағы ісім бір жағынан дұрыс, екінші жағынан нар тәуекелдің ісі екен. Бірақ ол арыздары ол уақытта Димекеңе жеткен жоқ. Бер жағындағы қаланың маңайында ғана қалды. «Қазаққа керегі жоқ десеңіздер бәрін де жауып тастайын. Ал қазақ өмір бақи домбыра ойнап, қобыз тартқан, ән айтқан. Бір күнде барлығы скрипка мен фортепианоға үйреніп кете алмайды ғой», – дедім осы мәселе жөнінде өзіммен сөйлескен азаматтарға... Бірақ өкінішке, менің сорыма қарай, бір жылдан соң Жапекең қайтыс болып кетті. Енді не істеймін? Басталған іс аяқсыз қалатын болды ғой деп қапаландым.
Содан, өзім баяғыда филармонияда істеген кезімнен білетін екінші қобызшы Дәулет Мықтыбаевты іздетейін. Ол өзі Қорғалжын жақтан келгені, есімі елге белгілі Әупік деген аруақты кісінің, бидің немересі екені есімде қалыпты. Содан, облысқа, ауданға телефон соғып, сұрастырсам: «бар, тірі, молдалық, бақсылық құрып жүр», – деген жауап естідім. Алматыда тұратын балаларын іздеттіріп, таптырдым. Сонымен сол кісіні шақыртып, аға оқытушы етіп жұмысқа алып, «осы алты шәкіртті сіз енді аяғына дейін оқытып, тәрбиелеп шығарыңыз» деп өтініш айттым. «Рахмадиев бір шала сауаттыны алып келіп, аға оқытушы жасап еді, енді ол өлген соң екіншісін алып келді, кәсіби білім беретін консерваторияны көркемөнерпаздар үйірмесіне айналдырайын деп жатыр» деп арыз жазғыштар жазды ғой тағы да үстімнен бұрқыратып. Бірақ бұл жолы да «құдай сақтады», оларды қараған жоғары орындарда да қазақтың ұлттық мүддесін дұрыс түсінетін адамдар отырғандығынан, олар менің айтқан орынды уәждеріме құлақ қойғандықтан, ашылған әлгі класты сақтап қалудың сәті түсті. Соныменен Дәулет Мықтыбаев тағы төрт жыл оқытып, әлгі алты баланы аяғына дейін жеткізіп, тәрбиелеп шығарды ғой. Содан соң ұзамай өзі де дүниеден өтті.
Сол жылдардан бері қарай консерваторияда қыл қобыз класы берік орнығып, музыкалық пәндер ішінен өзінің лайықты орнын алып, сақталып қалды. Жемісі мен нәтижесі жаман емес. Қазір енді құдайға шүкір, Қазақстанның қай түпкіріне барсаң да консерваториядан түлеп ұшқан домбырашылар мен әншілерден басқа қобызшы мамандар да алдыңнан шығады. Қыл қобыз класының ең алғашқы алты студентінің бірі болған Қосбасаров бұл күндері осы музыкалық аспап бойынша консерваторияның белгілі, беделді профессоры. Ал анау әнші жігітіміз Бекболат Тілеухан қыл қобызға қосылып ән шырқап, Иранға, шет елдерге шейін барып қайтты.
Жоғарыда айтқан екі қариядан соң Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданындағы «Жеңіс» совхозының қойшысы Сматай Үмбетбаев деген азаматты да арнаулы білімі жоғына қарамай, консерваторияға шақыртып, қызметке алғанмын. Мұның да қызық тарихы бар. Сол кезде, 1971 жылы жыр алыбы Жамбыл атамның жүз жиырма бес жылдығы аталып өтті ғой. Ғылым академиясында соған арналған жиналыс болды. Барсам, бет-аузын күн қақтаған, беті-қолы да, еріндері де кезеріп жарылып кеткен, киіміне, түріне қарап жабайы деп айтуға болатындай бір жігіт қыл қобызды аңыратып ойнап отыр. Содан, әлгі жігітпен сөйлесіп: «қарағым, мына қобызды кім жасап берді саған?» деп сұрадым. Өйткені ол кезде қыл қобыз жасайтын адам да қалмаған кезі ғой. «Аға, өзім жасап алдым. Қайыңнан, бірдеңеден өз қолыммен ойып, осылай етіп жасаймын» деді. Аты-жөні Сматай Үмбетбаев екен. Мекен-жайын, есімін жазып алдым да, кетіп қалдым. Арманым қазақтың тарихи қыл қобызын жоғалып, жойылып кетуден сақтап, қайтадан өмірге әкелу, қатарға қосу ғой. Мен филармонияда көркемдік жетекші болып істеп жүргенімде, Гүлнәфис Баязитова үш ішекті қобызда ойнайтын. Ол үш ішекті қобыздың жағдайы, жөні басқа. Ал, қазақтың қара қобызының, кешегі Қорқыт атамыз ойнаған кәдімгі қыл қобыздың тарихы өз алдына бөлек дүние. Оның екі ішегі ғана болатын және олар жылқының қылынан ба, құйрығынан ба, жалынан ба, әйтеуір жуандығы екі-үш миллиметр етіліп есіліп жасалатын. Содан әлгі Сматайды қоярда қоймай, Қарағанды облыстық атқару комитетінің төрағасы Досмағамбетовқа дейін айтқызып, Алматыға шақыртып алдым ғой. Өзін бір жағынан консерваторияға студент етіп қабылдап, екінші жағынан консерватория жанындағы ұлттық музыкалық аспаптарды жасайтын тәжірибелік шеберханаға айлық алып жұмыс істейтін қызметкер етіп тағайындадым. Сонда да болмай, оқуды, жұмысты тастап, ауылына қашып кетіп жүрді. Содан соң бұған енді отбасын түгел көшіріп әкеліп, алаңдамай оқитын, жұмыс істейтін жағдай туғызайын деп, Министрлер Кеңесін басқаратын Мәсімхан Бейсенбаевичке дейін барып, Алматыдан үш бөлмелі үй әпердім. Ол жылдарда Алматыдан үй алудың қандай қиын болғанын өзің де білесің ғой. Біздің тәжірибелік шеберханада ұлт аспаптарын жасап қана қоймай, жаңарта, жетілдіре түсу мақсатында да жұмыстар үзбей жүріп жататын. Мысалға ешкінің ащы ішегінен жасалған домбыраның ішегі кейде үзіліп кететін. Егер ешкінің ішегіне мысықтың ішегін қосып жасаса, онда ондай ішек оңайлықпен үзілмейді, сапасы жақсара түседі. Мысықтың ішегі шамамен он метр, әрі жіңішке, әрі аса мықты, әрі үні де қаттырақ болады. Міне, сондай-сондай жұмыстар да жүріп жататын.
Сондай-ақ мен консерваторияға ректор болып келгенде оның оқыту бағдарламасында төкпе күйлер болғанымен, шертпе күйлер жоқ еді. Ол уақыт – шертпе күйдің қазақ музыкасындағы, домбыра өнеріндегі өзінің лайықты бағасын әлі алмаған, күй ретінде танылмаған кезі болатын. Ол жылдарда Қали Жантілеуов деген, Лұқпан Мұхитов деген домбырашылар консерваторияда төкпе күйден сабақ беретін. Жарайды, батыста төкпе күй болды, Құрманғазы, Дәулеткерей, Мәмен, Есжан, Естай, Дина сияқты толып жатқан күйшілер сол өлкеден шықты ғой. Бірақ неге қазақтың кең сахарасындағы Арқаның, басқа жақтың күйлері көлеңкеде қалады? Олар да консерваторияда оқытылуға, сахналарымызда орындалуға тиіс емес пе деген ой келді маған. Содан өзім білетін шертпе күйдің шебері Мағауияны іздетіп, таптырып, шақыртып алып Тәттімбеттің, Тоқаның, Дайрабайдың күйін, өзінің атасы Атымтайдың күйін, Аққыздың күйін, Арқаның, басқа да жақтың күйлерін ойнатып тыңдадым. Ол тамаша ойнайтын. Оның қабілетін баяғыда училищеде бірге оқыған кезімізден білетін едім. Ол уақытта оркестр репертуарында шертпе күйлер болмағандықтан, Мағауияны сол кездегі оркестрді басқарған адамдар прима домбыраға ауыстырып жіберген ғой. Әлгі орыстың мандолині сияқты, кішкене домбыраға. Бір жағынан соған көңілі толмай, екінші жағынан отбасы жағдайына да байланысты, Алматыдан біржола кетіп қалған ғой Мағауия. Соны іздеп тапқан соң, өзіне арнайы класс ашып беріп, консерваторияға мұғалім етіп алдым. Ол кезде төкпе күйден сабақ беріп жүрген Қали Жантілеуов пен Лұқпан Мұхитовтардың да еш жерде бітірген консерваториясы жоқ болатын. Кейінірек Мағауия қайтыс болып кетті, иманды болсын. Қайтыс боларының алдында Балқашына, еліне қайтадан көшіп барған. Бірақ соған дейін Қазақ ССР-нің халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты болып үлгерді.
Сондай-ақ сол консерваторияда ректор болып істеген жылдарда домбыраға қосылып ән айтатын арнайы кафедра ашқызғанымды да өзімнің қазақ өнерінің өркендеуіне тигізген қолғабысым деп білемін. Сонымен қорыта келгенде сегіз жыл ректор болып жұмыс істедік, көптеген студенттерді тәрбиеледік, одақтық, дүние жүзілік конкурстарда қазақтың алғашқы лауреат жастарын шығардық, олардың бәрі өз алдына ғой. «Бәлен скрипкашы, бәлен пианист лауреат болды» деген жай ғана сөз болып естіледі қазаққа. Ал енді «қыл қобызды тарихқа қайтып алып келдік, шертпе күйдің өнеріміздегі лайықты орнын алуына көмектестік, домбырамен ән айтатын кафедра аштық» деген сөздер, ол қазаққа айрықша жылы естілетін әңгімелер ғой. Консерваторияның ректоры болып жүргенде істеген нақты-нақты басқа жұмыстар өз алдына, менің өзімнің ойымша, елдің есінде қалатын шаруа осы айтқандарым болуы керек.
Бірді айтып, бірге кетеміз. Хрущев Кеңес Одағы Компартиясының басшылығына келген тұста биліктегілердің ұлттық тілдерге, салт-дәстүрлерге, ұлттық музыка аспаптарына, орыстан өзге халықтардың тарихына, рухани қазыналарына менсінбеушілікпен қырын қарауы күшейе түсті. Қазақстанның тың игерген облыстарына басқа ұлт өкілдері ағылып келді. Жүздеген қазақ мектептері жабылып, олардың оқушылары орыс мектептеріне зорлап ауыстырылды. Облыстық партия комитеттерін өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы деп екіге бөлді. Мен сонда өнеркәсіп обкомының мүшесі едім. Бектембай Қосынов деген ағамыз туралы бұрынырақта айтқанмын. Ол кісі сонда министрдің орынбасары қызметінен Алматы қалалық партия комитетіне екінші хатшы болып келген. Бір күні көмекшісі: «сізді келсін деп жатыр» деп телефон соқты. Бардым, өзі қолтоқпақтай, өңі қоңырдан қараға жақындау, қатып қалған, сіңірлі, шымыр кісі болатын. Амандасқаннан кейін:
– Әй, осы сенің дүниеде оқымаған оқуың жоқ, білімді музыкант деп жүрміз ғой. Маған мынаны айтшы, кейбіреулер домбыраны пешке салыңдар деп жатыр, бесбармақты қолмен жемеңдер деп жатыр, жерге отырмаңдар деп жатыр, сен не ойлайсың, әсіресе домбыра туралы? – деді. Мен айттым:
– Беке, біз енді пәлен жылдан бері орыстың үлгісімен келе жатырмыз ғой. Орыс орысша сөйлесе, біз де орысша сөйлейміз. Орыстың «ақ» дегені ақ, «қара» дегені қара. Барлығын орыстан үйреніп келе жатырмыз. Орыстар балалайкасын алсын да, ана пешке салып жіберсін, содан кейін біз де домбыраны бірдеме етерміз, – дедім.
– Әй, тауып айттың, мен сенен осындай бір сөз естиін деп едім. Өйткені жаңағыдай пікір айтушыларға қарсы шығуға дайын отырмын. Бірақ менікі дұрыс бола ма, бұрыс бола ма деп өзімді өзім тексергенім ғой, – деді. Сол кездерде Бектембай Қосыновтың арқасында, ұлтжанды басқа азаматтарымыздың арқасында домбыра, қобыз сияқты музыкалық аспаптарымыз, халқымыздың салт-дәстүрлері сақталып қалды...
Автор: Ераға, творчестволық одақтардың басшыларының ішінде композиторлар одағын ширек ғасырдай басқарған сіз сияқты ұзақ уақыт тұрақтап жемісті қызмет атқарған ешкім жоқ. Осы уақыт ішінде көп жұмыстар істелді ғой. Композиторлар одағының негізгі мақсаты – талантты жастарды тәрбиелеу, оларға қамқорлық көрсетіп, одаққа мүшелікке алу, олардың творчестволық мақсаттарын жүзеге асыруы үшін жағдайлар жасау, таланттарды тәрбиелеп қана қоймай, олардың өнерлерін елге таныту емес пе.
Еркеғали: Иә. Менің бір ойыма келетіні, сол Композиторлар одағын 1968 жылдың наурызынан 1991 жылғы қыркүйекке дейін басқардым ғой. 23 жылдан аса. Ширек ғасырдай. Сонда Композиторлар одағында алдында отыз шақты адам болды, одан кейін қырық шақты адам болды, одан елуге, алпысқа, жүзге, жүз отызға шейін жетті одақтың мүшелері. Ол енді біздің еңбегіміз емес, консерваторияның еңбегі. Үздіксіз оқытып, шығарып жатыр ғой. Солардың ішінде, «апырай, бұдан не шығар дейсің» деп, біреуге бір менменсіп, менсінбей, үстіртін қараған кездерім болған емес. Одаққа мүше етіп алғаннан кейін, ерте ме, кеш пе, осы бір жерде бір жарқ етіп шығар-ау деген үмітте жүретінмін. Көп жағдайда сол үмітім ақталатын. Адам баласы қалайда сезеді ғой. Мысалы, сенің жазушылығыңды, қайда қарап, іштей не ойлап тұрғаныңды, айтпағанмен, іштен сезеді адам...
Менің айтайын дегенім, сол жылдарда біз республикамыздағы он тоғыз облысты беске бөліп тастап, бес жылда түгел аралап шығатынбыз. Құрманғазы оркестрі бар, симфониялық оркестр бар, радионың эстрадалық оркестрі бар, кейде капелламен, көп жағдайда жеке солистермен сапарға шығамыз. Өзімізше үлкен бір керуен, бір поезд болып шығамыз. Бір аймаққа. Мысалы Жамбыл, Шымкент, Қызылорда, кейде бұларға Жезқазғанды қосып әкетемін, өйткені Қызылордадан Жезқазған өте жақын. Сол төрт облысқа барамыз. Әуелі басын Шымкенттен бастаймыз-дағы, сол арада үлкен концерт береміз. Құрманғазы оркестрі де, симфониялық оркестр де, капелла да, эстрадалық оркестр де, атышулы әртістер де барлығы сол жерде өнерін көрсетеді. Ертеңіне «Құрманғазыны» Қызылордаға, ананы Жамбылға, мынаны Жезқазғанға барасың деп бөліп-бөліп жібереміз. Мен араларында сол барып-қайтып, барып-қайтып жүремін, әсіресе фестивальдің ашылатын күндеріне. Облыстардың орталығына. Өйткені, ондай мәдени шаралардың жақсы өтуіне облыстық партия комитеті, облыстық атқару комитеті, барлығы мүдделі. «Композиторлар келіп жатыр, фестиваль болып жатыр, Рахмадиев келіп жатыр» деп кәдімгідей қошеметтеп қарсы алады. Өзім бара алмаған жерге Сыдықты жіберемін, Құдысты жіберемін, Ғазизаны жіберемін. Содан жаңағы төрт облысқа баратын болсақ, төртке бөлінген кезде әрбір облыстың басында, жаңағы мен айтқандай, бір-бір белгілі композитор жүреді. Мен шамам келгенінше бар облысты түгел аралап шығуға тырысамын. Сөйтіп, он жеті жыл бойына осылай фестивальдар өткіздік. Үш бесжылдықтан астам уақыт. 1986 жылдан бастап, өзің білесің, елімізге «перестройка», «қайта құру» деген келді.
Автор: Халық қашанда сезімтал ғой. Сол «қайта құру» дегенді әуел бастан-ақ бұл өзі қайта «құру» ма (дауыс екпінін «ұ» әрпіне түсіріп), әлде қайта «құру» ма деп (дауыс екпінін соңғы «у» әрпіне түсіріп), «құрып кету» дегенді меңзеп, әзілдеп айтып жүрді ғой.
Еркеғали: Иә, сөйтіп қайта құру келді. Өйтті, бүйтті, ақырындап-ақырындап қаржы мәселесі, басқа жағдайлар қиындай бастады. Ақыр аяғында фестивальдарымыз тоқтап қалды.
Ал енді соған дейін, жылда фестивальдарға барып жүргенде, композиторларымыз олардан қайтып келгеннен кейін, отыра қалып, өздері көрген жайларды, Қаратауда не болды, Алатауда не болды, Қызылқұмда не болды, Қарақұмда не болды дегендей еске алып, сондағы алған әсерлерін әнге қосып, жаңа әуендер туғызып, үсті-үстіне жаңа музыка жазып жататын. Сөйтіп жыл сайынғы сапарларымыз кәдімгідей творчестволық жемістер беретін. Келесі жылы басқа облысқа баратын. Басқа әсерлер алатын. Басқа әуендер туғызатын.
Автор: Ераға, сіз «Абылайхан» операсын жаздыңыз ғой. Сондай опера жазуды сол жылдарда ойлап па едіңіз? Әлде ондай мақсат кейінірек туындады ма?
Еркеғали: Ол кезде біздердің батырларымызды мадақтайтын, хандарымызды мадақтайтын заман емес қой. Шындықты айтуым керек. Президентіміз Нұрекең «Абылайхан» операсына байланысты маған: «Ереке, Абылайды 200 жыл бойына тұншықтырып келдік қой. Абылайдың да күні туды ғой енді. Осыны сіз жазбасаңыз, кім жазады» – деді бір жолы. Әйтпесе мен әуел баста дәл сондай опера жаза қояйын деп ойлаған жоқ едім. Неге десең жасым ұлғайып қалды, алпыстан асып кеттім. Бұрынғыдай қауқар да, қайрат та жоқ, табиғи жағдай ғой. Құлақ та, көз де барлығы ақырындап тоза бастаған кез ғой. Сол сөзі қамшы болды. Содан Абылайханның аруағына сыйынып барып жазған дүние ғой...
Бет қатталып жатқанда
Президенттен Жарлық жетті. Еркеғали Рахмадиевке Қазақстанның Еңбек Ері атағы беріліпті! Әрине, мұндай хабарға көзі қарақты әр қазақ қуанады. Елбасының сексеннің сеңгіріндегі көрнекті композиторымыздың ерен еңбегін бұлайша биік бағалауын әуелден әнге әуес, күйге құмар халықтың басшысына лайықты іс, әділетті шешім деп сүйсінеді. Құрметті атағыңыз құтты болсын, Ераға!
Болат БОДАУБАЙ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.