15 Желтоқсан, 2010

Батыл бастамалар шежіресі

400 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Ұлттық мереке –Тәуелсіздік күні қарсаңындағы қарбаластың­ қуанышты сәттері биыл  көбейе түскені жан жадыратады. Жер-жерден үсті-үстіне келіп жатқан  хабарлардан жаңа кәсіпорындардың іске қосылғанын, жаңа ғимараттарда қоныс тойлары болып жатқанын біліп, мерейіміз үстем болуда. Тәуелсіздік тартулары мол болсын, ағайын! Дүйсенбі күні Мәскеудің үлкен бір орам­ды алып жатқан, Ресейдің «Новости» ақ­параттық агенттігінде Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаев туралы жазылған «Нұр­сұл­тан Назарбаев: «РИА «Новостидің» тарихи таспасында» атты кітаптың тұ­сау­кесер рәсімі болып өтті. Бұл Қазақстан Президентінің Баспасөз хатшылығы мен «РИА «Новостидің» бірлесіп жүзеге асырған жобасы болып табы­ла­ды. Полиграфия өнерінің соңғы жетістігімен түрлі-түсті қағазға әсем безендіріліп шығарылған 250 беттік үлкен пішіндегі кі­тап­тың өн бойында Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаевтың президенттік қызметте болған уақытында жасаған аймақтық және әлемдік маңызы зор прогрестік баста­малары орын алған. Олардың бәрі туралы кезінде «РИА «Новости» дүние жүзіне әйгілеп, хабар берген болатын. Енді солар агенттіктің қорынан теріліп алынып, Баспасөз қыз­меті ұсынған сол кезеңдердің суреттерімен бірге берілген. Сөй­тіп, шежіре-кітаптың сапасы мен оқырманға берер ақпараты ұтымды жолмен жеткізілген. Мәселен, 1995 жылдың 28 қа­рашасында «РИА «Новости» Президент Нұрсұлтан Назарбаев 1995-1998 жылдарға арналған Үкіметтің бағдарламасын бекіткенін жазады. Дәл осы бетте Нұр­сұлтан Әбішұлының Парла­мент­тің отырысында қатты ой­ланып отырған суреті берілген. Соған қарағанда, депутаттардың әрі тарт-бері тарт деп толып жат­қан, дұрыс және бұрыс пікірлерін тыңдап отырғанша Үкі­мет­тің нақты іс-жоспарын бекіткен дұрыс болар деп ойлап отыр­ған тәрізді әсер аласыз. Немесе тағы бір сурет: 2001 жылы Президент Н.Назарбаев астықты алқаптың ортасында тұр. Осы бет­тегі тағы бір суретте костюмін иығына асып, теңіз жаға­сын­да күлімсіреп тұрған суреті берілген. Бірақ сырты жай­ма­шуақ болғанымен, іште арпа­лыс­қан үлкен қайшылықтар бар сияқты. Ал осы беттегі ең ма­ңыз­ды сурет, біздіңше, Пре­зи­денттің Абай жинағын қо­л­ы­­на ұстап қат­­ты толға­нып тұрған сәті. Ел­­басы да­ныш­­панның «Сенбе жұртқа тұрса да қан­ша мақтап, Әу­ре етеді іші­не қулық сақтап. Өзіңе сен, өзіңді алып шығар Ақылың мен қайратың екі жақтап» деген сөздеріне те­рең бойлап тұрған тәрізді. Қатты толғаныс. Бір зор шешімге бел буардың алдындағы қиналыс. Кітаптың келесі бетін ашсақ... шынында солай екен. «РИА «Новости» келесі бетте Пре­зи­дент­тің «Жер туралы» Заңға қол қойғанын айтып, әлемге жар са­лыпты. Демек... жер туралы ше­шімнің оңай болмағанын кітап суреттері осылай «әң­гі­ме­лейді»... «РИА «Новости» өз бас­тау­ын Кеңес Одағының ең басты на­сихат құралы – «Совин­форм­­нан» алады. Оның аума­ғына келгенде ақпараттар әлемі­нің империясына келгендей әсер аласыз. Көшенің бір орамын тү­гел алып жатқан он қабатты ор­талықтың әрбір қабатында дү­ние жүзінің барлық түпкірінен келген жаңалықтар жария етіліп жатады. Біз ғимараттың алтыншы қабатына көтеріліп, осы жерде Ресейдің көптеген БАҚ-тарынан келген әріптестерімізбен бірге кі­таптың тұсаукесер рәсіміне қа­тыс­тық. Оны агенттік басшы­ла­ры­ның бірі, белгілі саясат­тану­шы Алан Касаев ашып, жүргізіп отырды. Алдымен сөзін Қазақ­стан­ның және оның көшбас­шы­сының табыстарын атап өтуден бастаған ол ресейліктердің Қа­зақ­станға көзқарасын баяндай кетуді де ұмытпады. Қоғамдық пікірді зерттейтін Бүкілресейлік орталықтың (ҚПЗБО – ВЦИОМ) соңғы мәліметтеріне қара­ғанда, ресейліктердің 34 пайы­зы Қазақстанды ТМД аума­ғын­дағы тұрақты және табысты ел деп санайды екен. Ал былтыр бұл көрсеткіш 29 пайыз болып­ты. Былтырғы жылы бірінші орында болған Белоруссия би­ыл екінші орынға (31 пайыз) сырғыпты. Ресейліктердің Қа­зақ­станды өздерінің ең сенімді әріптесі санайтынын да осы сауалдама көрсетіп берген. Рес­пон­денттердің 37 пайызы осы­лай пайымдайды. Бұл көр­сет­кіш бойынша Беларусь екінші, Украина үшінші орында. Көршілес елдердің көшбас­шы­лары арасында да ресейліктер бәрінен де Қазақстан бас­шы­сына ең үлкен сенім артатын көрінеді. Сауалдамаға қатыс­қан­дардың 32 пайызы осылай ойлайды екен, ал екінші орын­дағы Украина президенті В.Яну­ковичтің көрсеткіші 17 пайыз ғана. Міне, өзінің сөзде­ріне осындай фактілермен дәм бере сөйлеген Алан Касаев Пре­зидентке арналған кітап ту­ралы алғашқы сөзді белгілі сая­саттанушы, Ресейдің Ұлттық стратегиялар институтының ха­лықаралық жобалар жөніндегі директоры, Қазақстанның досы Юрий Солозобовқа берді. Бұл кітапта Ресейдің ғана емес, соны­мен бірге, халықаралық сарап­шы­лар мен мамандардың да «РИА «Новости» арқылы білдірген пікірлері мен әсерлері де келтірілген. Бүгінде Қазақстан өзі­нің 20 жылдық мерейтойы қар­са­ңында тұр. Мына кітапта сол жыл­дардың елеулі белестері ай­қын көрінеді. Мен өзім Қа­зақ­станды зерттеумен көптен бері айналысамын. Сондықтан осы­нау жылдардағы республиканың та­быстары ауыз толтырып ай­тар­лық, өте толымды екеніне куәлік бере аламын. Қазақстанның 20 жылдық табысының негізі – президенттік билік екені де даусыз, деді ол. Ресейлік мамандар Президент Н.Назарбаевтың жыл сайынғы халыққа Жолдауларын да терең­нен зерттейді, деп жалғады сөзін Ю.Солозобов. Өйткені, Н.Назар­баев­тың Жолдаулары тереңге бой­лайтын прогрессивтік мақ­сат­тар­ды көздейді, соның ішінде жалғыз Қазақстан емес, ТМД ел­дерінің бәріне де индус­трия­лан­ды­рудың дұрыс жолдарын көр­сет­кен. Біз әлі күнге таба алмай жүрген жолдарды Қазақстан іске асырып отырады. Өте биік дең­гейдегі маман экономистер мен саясаттанушылар осыны үнемі айтып келеді. Қазақстанның ішкі ғана емес, сыртқы саясаттағы та­быстары да әріптестерінен оқ бойы озық кеткені мәлім. Соның мысалы ретінде ЕҚЫҰ-ның жу­ыр­да Қазақстанда болған Саммитін атауға болады. Қазақстан төрағалығы оны «әлі ЕҚЫҰ-ның төрағасы болуға піспеген» деп жүрген скептиктердің аузына құм құйып, ең табысты төрағалық­тар­дың бірі бола білді. Қазақстан мүм­кіндігі болуы өте дүдәмал қиындықты да жеңіп, өзіне дейін 11 жыл бойы болмаған саммитті де табысты өткізді. Ең бастысы – бұл ел өзінің Батыс пен Шығыс арасындағы көпір екендігі тура­лы тарихи миссиясын танып, со­ны іске асырып келе жатқан мемлекет. Өз ішіндегі толеранттылық мәселелерін шешумен қатар, ол барлық Батыс, Шығыс елдерімен, соның ішінде Ислам әлемі, Қы­тай, Үндістанмен де жақсы қарым-қатынас орната білген абсолютті түрдегі текетірессіз мемлекет, деді политолог. «Свободная мысль» журна­лы­ның шығарушысы және бас ре­дакторы В.Иноземцев те эко­но­мист ретінде Қазақстан экономи­ка­сының даму жолдары туралы жақсы пікірлер білдірді. Бұл тұр­ғыдан алғанда Қазақстан ТМД-да табыстың үлгісі болып отыр, деп бағалады ол. Ал Ұлттық стратегия институтының жетекшісі М.Ремезов Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының дамуына тоқ­талып, көптеген жетістіктерді санамалап берді. Соңынан тұсаукесер рәсіміне қатысушылар журналистердің көп­теген сұрақтарына жауап берді. Жақсыбай САМРАТ.