Бөрлі ауданының білім ошақтарына жасалып жатқан қамқорлықтар легі жуырда тағы бір ізгі жақсылыққа ұласты. Тәуелсіздік күні қарсаңында аудандық әкімдіктің алдында тоғыз ауылдық мектеп басшыларына су жаңа «Газель» автобустарының кілті салтанатты түрде табыс етілді.
Бюджет қаржысына мектептерге жаңа автобустар алып беру аудан тарихында тұңғыш рет болып отыр. Бұған дейін жаңа оқу жылы қарсаңында «КПО б.в.» компаниясы кеніштің айналасында орналасқан ауылдық мектептерге 6 автобус сыйлаған еді. Жаңадан салынған №6 орта мектепке облыс әкімі Б.Ізмұхамбетов «Паз» автобусын тарту еткен болатын. Сол кезде көлік кілтін алып жатқан әріптестеріне қызыға қараған өзге ауылдық мектеп басшылары да екі айдан кейін сондай құрметке ие болды. Енді, міне, 17 білім ошағының өз көлігі бар. Шәкірттеріңізді аудандық, облыстық білім сайыстарына, спорттық жарыстарға, басқа да мәдени шараларға қалдырмай жеткізесіздер деп сенемін.
Сонымен қатар, 15 мектептің жылыту қазандығына қазынаның қаржысы есебінен дизельді электр стансалары сатып алынып, орнатылды. Елдік күнімізге орай мұндай жағымды жаңалықтар жалғасын таба береді», – деді аудан әкімі Болат Шәкімов өз сөзінде.
Айгүл АХМЕТОВА.
Батыс Қазақстан облысы,
Бөрлі ауданы.