16 Желтоқсан, 2010

Тәуелсіздік –киелі ұғым

1186 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін
Кейде кө­не­көз  тарихтың  өн-бойында ұшы­­расар, өзе­гі­не тұтасар түр­­­лі қоғамдық құ­­бы­лыс­тар мен әлеу­меттік сіл­кі­ніс­тер­дің әл­де­бірі  бізге кез­дей­соқ­тың жемісіндей көрі­не­тіні бар. Бі­рақ, әлемдік әлеу­­мет­­­та­нушы­лар­дың  пайым­да­­уын­ша, сол көк­­­­тен салп ете қалған құттай, не жерді жа­рып шыққан жіктей көрінер   кездейсоқ уақиғалар мен  тө­темел жағдаяттардың өзі ғаламдық даму қисынының  ыр­қы­нан серпін алып, жалпы адамзат  қа­уымы жетігуінің заңды тала­бы­на ұла­сып жатады екен. Мәселен, 1991 жылдың 19 тамы­зын­да жоғарғы билік тұтқасын ұстаған сегіз адамнан  Төтенше жағдай жөніндегі  мем­­­­­лекеттік комитет (ГКЧП) құрылып, әлі «көзі тірі»  КСРО  Президентінің мін­­­детін атқаруға жолортадан киліккен  Г.­Янаевтың  аузын ашқаннан  он бес одақ­тас республиканы бір ноқтаға теліген  мем­лекет тұрмысындағы демо­кра­тия­лық-саяси еркіндік нышанына сес көр­сете, тіс қайрай сөйлеуі ашық аспанда жай ойнатып, күн күркірегендей  оқыс оқиға болғаны рас. Қақсай беретін «қай­та құруы»  мен  қара басына қауіп бұлты үйірілгенін сезбестен, Қырымда қан­нен- қаперсіз демалып жатқан      КСРО-ның тұңғыш та соңғы  президенті М.С. Горбачев тұрмақ, кеңес қоға­мын­­дағы демо­кратиялық жылымықтың  ле­бімен желпініп, саяси-идеологиялық жаңаруларға ен­ді-енді байырқалай бас­та­­ған бұқара жұрт та бастапқыда есінен жа­ңылғандай, біраз теңселіп қалды. Кей­­бір тота­ли­тар­лық-автократиялық бас­­­­­­қару ғұрпына тастай қатқан шет мем­­лекет басшылары Тө­тен­ше коми­тет­тің  бүкіл КСРО   аума­ғына темірдей тәр­­­­­тіп орнатып, ұлттық-саяси аңсарды жа­лаулатқан қоғамдық қозғалыс атау­лы­ға тасшеген тыйым салу, Ста­лин за­ма­нындағыдай  «халықтар түр­ме­сін» қал­­­­­пына қайта оралту пиғылын құл­­шы­на қолдады.  Ал, Одақ құра­мын­да­ғы же­ке­леген  республика  басшылары  заң­­сыз, кездейсоқ құрылған  өкіметтік құ­ры­лым – Төтенше комитеттің билігін мо­­­­йын­дамайтындарын батыл айтты. Солардың бірі   Қазақ КСР  Пре­зиден­ті  Нұрсұлтан Назарбаев еді. Ол оқыс оқи­ғаның ертесіне, 20 тамыз күні,  рес­­пуб­лика халқына арнап сөз сөйлеп, ТЖМК-нің мемлекеттік билікке бір бү­йір­ден жар­масқан әулекі әрекеттерін қол­­­да­май­тынын, мұның қолданыстағы конс­титуция қағидаттарына қайшы екенін ашық мәлімдеді. Тұтқиылдан төң­ке­ріс жасау арқылы одақтас рес­пуб­ли­ка­лар­ды билеу тізгінін қайтадан бір уысқа жиып, бұрынғыдан бетер тұқырта түсу мақсатын көздеген,  алайда жұрт­шы­лық­тан  қолдау таппаған  Төтенше ко­ми­тет көп тұрмай, көктей солғанымен, ұлт­тық-азаттық  аңсарды астамшылық­пен жас­қап, елдердің етене қақы мен табиғи еркін бұғаулап келген  КСРО-ның дәурені өтіп, демі біткенін ақылы са­раларға сол кезде-ақ  аңғарта кеткен еді. Осы оқиғадан кейін арыннан ада, ағын­­нан күде,  ақаба судай іріп-шіріген, өз етін өзі жұлып жеген алып империя – Кеңестер Одағының аумағында  енді азат­­тық  ұраны анық, әуелете айтыла бастады. Тіпті, Горбачев шұғыл Мәс­кеу­ге оралып, билік тағына қайта жай­ғас­қа­нымен  күнілгері белгіленген одақтық келісім-шарт жасалмай қалды. Жыртық­қа жамау салып, құрыққа сырық жал­ғау­ға тиісті Новоогарев келісімі де жөр­ге­гінде тұншықты.  Саяси жүйенің   дағ­­­­­дарысқа ұшырап, айықпас дертке душар болғанын дер шағында аңғарған  Қа­зақ КСР-інің Президенті Н.Назарбаев елдің егемендігіне, шаруашылықты өз бетінше  жүргізу еркіне негіз қалар ресми құжаттарға – «Қазақ КСР-інің Қа­уіп­сіздік кеңесін құру туралы», «Семей ядролық полигонын жабу туралы», «Қазақ КСР-інің сыртқы экономикалық дербестігін қамтамасыз ету туралы», т.б. жарлықтарға   белгісіздіктің   мұ­на­рын­да, болашаққа апарар  жол іздеген сол бір бейуақ күндерде қол қойған еді. Интернационалдық уағыздар  өрісін­де төстері түйісіп, бастары тоқай­лас­қан рес­публикалардың  дербес даму мұ­ра­ты­на ғана емес, күллі  Одақ хал­қы­ның бос­тан тұрмыс кешу құқына балта қай­рап, мылтық кезей келген «тамыз бү­лігінен» кейін төгілген қан түсті ту кө­терген коммунистік партия барды-жоқ­ты беделінен жұрдай болды, 1991 жыл­дың 23 тамызында республика бас­шы­сы Н.Назарбаев   КОКП Орталық Ко­ми­те­тінің Саяси Бюро мүшелігінен өз ық­тия­рымен бас тартты. Сол жыл­дың 7 қыркүйегінде Алматы қаласында өткен партияның съезінде Қазақстан Коммунистік партиясын тарату туралы ше­шім шықты. Бұл – жәй ғана уа­қи­ға­лар­ды тер­мелеп, моншақтай тізіп шы­ға­тын хроникалық-тарихи деректеме емес, ға­сыр­лар бойы еркіндігін аңсап, дер­бестігіне  талпынған еліміздің  ер­те­ңі та­разы басын тайпалтқан, таңдау мен тән­жу, тәуекелшілдік  пен нәуетектік, па­расаттылық пен парықсыздық, отан­шыл­дық пен көзқамандық шарпысқан ал­мағайып шақ, шешуші кезең еді. Тәуелсіз тұрмысымызға жетер жол­да­ғы төзіммен тоқтап, сабырмен аттар та­рихи сәттер, табиғи белестер еді. Ор­та­­лық басылым беттерінде одақтас рес­пуб­ликалардағы қоғамдық-саяси өзге­ріс­тер мен оңғабыл жаңалықтарды мош­­қап, «егемендіктің елірме шеруі бас­­талды» деп кекетіп-мұқатып  бақ­қа­ны­мен, «өзгенің еркін  тежеу арқылы өзі­­нің еркіндігіңе  жету мұрсатынан айы­рылатынын»  кеш  ұққан орыс зиялы­ла­­рының ойы озықтары  Одақтың  күйі ке­тіп, бағы тайғанын аракідік айта бас­тады. Ақырында, 1991 жылдың 8 жел­тоқ­санында  Ресей, Украина және Белорусь басшылары Минск түбіндегі Беловежде  оңаша бас қосып, 1922 жылғы КСРО-ны құру туралы келісім-шарттың күшін жою, оның орнына  Тәуелсіз Мем­­­лекеттер Достастығына бірігуді көз­деген құжаттарға қол қойды. Сөйтіп, олар жетпіс жыл бойы әлем­­ді қабағымен жасқап, қаһарымен ық­тыр­ған, таным-наным терезесіне темірден перде тұтып, құзырындағы ұлт пен ұлысты қасаң иде­о­логияның қама­ғында ұстаған ком­му­нис­тік-тотали­тар­лық режим тұяқ серпетін  үкімді шы­ғар­ды.  Сол жылы 13 жел­тоқ­сан­да Аш­ха­бадта бас қосқан Қазақстан, Өз­бек­стан, Қыр­ғыз­стан, Түркіменстан және Тәжікстан басшылары  Беловеж (Мин­ск) келісімін қолдайтындықтарын білдірді. Содан бір апта өткенде бұрынғы Одақ құ­ра­мындағы 11 республика (Бал­тық жа­ға­лауы елдерінен басқасы) бас­шылары Алматы қаласында бас қосып, КСРО-ны ыды­ра­тып,  ТМД-ны құру, достасқан тәуелсіз мем­­лекет­тер­дің ұжымдық қа­уіп­сіздігін қам­тамасыз ету сияқты ха­лық­аралық құ­қық­тық актілерге   қол қой­­­ды. Шын мә­нін­де, бұ­рынғы кеңестік кеңістіктегі ғана емес, екі лагерьге бөлініп, бір-біріне қиғаш қа­рап, қырын шаптырумен  келген  мұқым  жер-жа­һан­ның саяси-идео­ло­гия­лық бет-бе­де­рін өзгертіп, көк құрсау тоңын жібіткен тарихи оқиға болды бұл. Міне, осылайша тежей тұруға келмейтін, кері бұрауға    көнбейтін тарих­тың те­гер­­­­­шігі шыр көбелек айналып, пост­ке­ңе­с­тік ендіктегі  басқа   рес­публи­калар  сияқ­ты Қа­зақ елінде  де  Ав­дейдің атқорасын шай­ған қарғынды өзендей қоғамдық-саяси  өз­ге­ріс­тер мен сілкіністер енді өзінің таби­ғи арнасын, жазмыш  жалғасын тауып, алға қарай ағындай жөнелді. Ең әуелі, Қа­зақ КСР-інің Жоғарғы Кеңесі  1991 жыл­дың 16 қа­занында  қабылдаған қаулының және  ар­наулы заңның негізінде  1 жел­тоқ­сан күні бү­кіл халықтық сайлау өткізіліп, тәуелсіз Қазақстанның  тұңғыш Президенті  ретінде өз ұлтының асыл қасиет­те­рін, ізгі де да­на­гөй  болмысын бойына  дег­дар­лық­пен  да­рыт­қан  сақи тұлға, қа­рым­ды қай­раткер  Нұр­­сұлтан Әбішұлы  Назар­баев­қа  ел қа­лауы –тарих таңдауы  жазбай түсті. Араға  аласапыранды ғасырлар  мен  алмағайып  кезеңдердің  тезін салып, азат­­­тық таңымен  қайтып  оралған  ақ­жол­­тай  ғұрып  бойынша Мемлекет бас­шы­­сы ант беріп,  ел билігі тізгінін   қол­ға алған күні, яки, 1991 жылдың  10 жел­тоқсанында,   Жоғарғы Кеңес  сес­сия­­­сы республиканың  ащы шектей шұ­ба­тылған ресми атауынан «кеңестік», «социалистік» деген жалқаяқ  сөздерді алып тастап, «Қазақстан Республикасы» деп  өзгертті.  Содан көп ұзамай, бір ап­та­ның бедерінде республика Жоғарғы Кеңесінің жетінші сессиясы «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуел­сіз­дігі туралы»  Заң қабылдады. Дәл осы күні, 1991 жылдың 16 жел­тоқ­са­нын­­да,  ұлттық атауының  (этнони­мі­нің)  өзі «бостан», «азат»  сөздерінің си­но­ни­мін­дей  Қазақ  миллаты  аспан ас­ты, жер үстінде  өзінің ешкімге кіріптар емес, дербес даму жолын таңдаған, бай­та­ғы тұтас, шекарасы  бөлінбейтін  бірегей, халықаралық  қарым-қатынаста тең құ­қылық қағидатын ұстанатын де­мо­кра­тия­лық-құқықтық  Һәм зайырлы,  уни­тарлық  мемлекет құрғанын  салтанатпен  жария етті. Дәл осы күні... иә, тап осы күні иісі қазақтың өлгені  тіріліп, өш­кені  жанды. Көксегені  келіп, кө­кей­дегісі орындалды; мерейі өсіп, мәр­те­бесі биіктеді. Түрлі тарихи кезеңдерде  ел­дің бірлігі, жердің тұтас­ты­ғы үшін төгілген қан, жосылған  тердің  қа­рым­та­сы қайтып, нелер арыстар армандап, құр­бандығына қиылған азат тұрмыс, тәуелсіз тірліктің гүлі енді ғана бүр жа­рып, шешек атты. Әрине, «Бәрін де та­рих­­тың сый-сыбағасы деуге болар, алай­да жан-жүрегіңнің аңсары болған азаттықты ешкім де сыйға тарта ал­май­ды. Азаттық дегеніміз бұл әлемдік тарих толқынында өзінің субъектілік құ­қы­ғын сезінетін және оған жауап бере алатын халық болмысының жалғыз ғана үл­гісі»  еді (Н.Назарбаев, «Тарих тол­қы­нын­да», Алматы, 1999, 54-бет). Расында да, ұлыс мұңы, ұрпақ қамы үшін «күндіз күлкі, түнде ұйқы көр­ме­ген» ба­йырғы бабалар – Білге қаған мен То­ңы­дық абыздардан  бері тартып, күні ке­ше, 1986 жылғы желтоқсанның ыз­ға­рын­да  тө­бе­ден тас домалатқандай    Ор­та­лықтың  өк­темдігіне, саяси оз­быр­лы­ғы­на  төзбей  азат­тықтың әнін  шырқай  алаң­ға атойлап шық­қан  өрімдей жас­тар­ды – қара көз, ақ жүрек, намысқой ұл-қыздарды  жарық дү­ние­ге әкелген қазақ  ұлтының  бес  мың­жыл­дықта бас­­тан кеш­кендерінің  бәрі  бү­гінгі Тә­уел­сіз­ді­гі­міз­дің   тұтас тарихы, шын­жыр лекті шежіресі  еді. Ерте  орта ға­сыр­лар өтінде  атадан мирас қонысын, мал-жа­ны­ның өрісін  бөгдеге  шал­дыр­мау, өз­геге ал­дырмау мұ­ра­тымен  бір ту­дың ас­тына жи­ыл­ған  Үй­сін, Қаңлы, Қып­шақ, т.б. тай­па­лық бір­лес­тіктерінің арғы баянын айт­па­ған­ның өзінде, әлем­ді тітіреткен Ал­тын Ор­да­ның дәр­гейі­нен бас тартып,   әз-Жәнібек хан­­ның ыл­ауы­мен  Ащыбас-Шат,  Шың­ғыр­­лау асып,  Үстірт үстіне  «Есен қазақ тү­ле­йін» орнатуға асыққан Асан Қайғы-Абат косыны да   тәуелсіздік  мұра­ты­ның  соқ­талы соқпағында  саз жалдап, тас кеш­кен еді.  Ноғай Ордасының билігіне мойын­сұн­бай, азат тұрмыс, «қазақы»  (еркін) бол­мыс­ты көксеген  ру-тай­па­ларды ілестіре, «Мен ке­термін, кетермін» деп Ноғайлыдан жы­ры­ла көш­кен Қарға бойлы Қазтуған да ар­ман-аңсарындағы  ұйық жер, тәуелсіз бай­тақ­ты  бетке алған-тұғын. Ақы­ры,  ХV ға­сыр­дың екінші жар­тысында  Деш­ті-Қып­шақ­ты билеп-төс­теген Шай­­бани әулетінің әміріне қарсы шық­қан  Жәнібек хан мен Керей сұл­тан өңкей елдің шетінде, желдің өтін­де жүретін жауынгер, көшпенді жұр­тын   Жетісу­дың батыс бөлі­гін­дегі  Шу, Қо­зы­­бас өңі­ріне жеткізіп, ешкімге тә­уел­сіз, дер­­бес орда тігіп,  тоқсан екі баулы ала ту­ын көтерді. Халқының  бостан  болмысы мен ер­­­кін тұрмысына бола  қазақ  атанған  осы­нау  хандық аумағына  шығыстағы Моғолстан жерінен, оң тұстықтағы өз­бек ұлысынан, тіпті сонау батыс шал­ғайда жатқан Ноғай ордасынан  азаткер, арда мінез көшпелі ру-тайпалар  толас­сыз ағылып, тұтаса қонып жатты. Қа­зақ­тардың дербес хандық құ­рып, бір­өн­жім  ұлтқа  тектесуі  хақында Мұ­хам­мед Хайдар Дулати жүз жылдан кейін (шамамен 1541-1546 жылдары) жазған  «Тарих-и Рашиди» атты еңбегінде: «олар­дың (Жәнібек пен Керейдің – Т.Қ.) қол астына жиналған адамдардың са­ны көп ұза­май екі жүз мыңға  өсті; оларды өзбек-қазақтар деп атайды. Қазақ сұл­тан­да­ры­ның дербес  билігінің    дәуірлей (1465-1466 жылдары) бастауы  870 жылға  та­тиды. Бәрі  Алла тағалаға аян»  деп дәйектейді. Жалпы, жалпақ дала төсінде шаңы­рақ көтеріп, уығын шанышқан, ұлттық мемлекеттіліктің бастауына баланған  Қа­зақ  Ордасының екі  жарым ғасыр­лық тарихы  елдік мүдде үшін бүгілген саусақтай бірігіп, азаттық үшін аянбай  ай­қасқан  жаубасар  ерліктің, дұспан қа­ра­сын бастан асырмаған азаматтық  өр­лік­тің  өнегелі баяны іспетті. Ел жа­дын­да сақталған әңгімеде  аң  қағып жүріп, тұтқыңға  түсіп қалған Абылай сұл­тан­ды құтқаруға барған  Қаз дауысты Қа­зы­бектің қалмақ ханы – Қалдан қон­тай­шы алдында, енді бірінде Жауғашты-Шеркеш  Қазыбек бидің  өріске тала­сып, өрем қабысқан  естек қардаштарға қарата айтқаны- мысқа саятын: Біз – мыңғыртып  мал  баққан елміз, Жүйрік жаратып, желіге бие бай­лат­қан елміз, Дәм-тұзды ақтай білген, Сыйластықты сақтай білген, Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз! Төрімізден құт-береке қашпасын деп, Жеріміздің шетін жау баспасын деп, Туырлыққа ту іліп, Қыннан қылыш су­ырып, Көк найзаның ұшына күлтелі үкі таққан елміз! Дұшпанға еш бас ұрмаған елміз, Басымыздан сөз асырмаған елміз! Астамсыған жан болса, Азар салар хан болса, Сөз ұқпайтын паң болса, Қанға – қан, жанға – жан алатынымызды жасырмаған елміз! – Атадан ұл құл боламын деп тумайды, Анадан қыз күң боламын деп тумайды, Жерді нақақ талатып, Елді жерге қаратып өткеннен өлгенді артық санап, Ерліктің құтын қашырмаған елміз! –  деген  уәжінен  Алтайдан Атырауға дейін көсілген алып кеңістікті ежелден еркін жайлаған ұлттың асқақ рухы мен адам­шы­лық парқы, асау болмысы мен адал пайымы ай­қын аңғарылып тұр. Тіп­ті, бұл дәстүрлі қазақ қоғамының іргесін тұ­тас­тырып, бо­са­ға­сын беркінтер әскери-саяси доктринасы,  этнопсихо­ло­гия­лық-гу­манистік ұстанымы, әлеумет­тік-мәдени һәм рухани  идеалы іспетті  естіледі. Заманалар қат­па­ры­нан, ғасырлар тұң­ғиығынан тамыр тарт­қан осынау  ерек­ше этно­мәдени феномен – азаткер са­на-сезімге  отаршылықтың ой­ра­нын бас­тан өткеріп, 260 жылдай тар жолда тай­ғақ кешулі  тәу­мен­қор  тірліктің қа­мы­тын мой­нына артқан кезең­дер­де де сел­кеу түс­пе­гені қайран қал­ды­ра­ды. Тек  бодан тірлік­тің бұлты айығып, тәуелсіздіктің күні  көк­ке өрлеп, қыра­ны самғай ұшқанда ғана қазақтың аты да, заты да аспан асты, жер үстінен еш­қа­шан жо­ға­лып кетпейтінін ұқ­ты. Өйт­кені, Тарих ата­ның тағлымы соны түй­сін­діріп, діліне бояудай жұқтырған еді. Иә, Жәнібек, Керей хан­дар ХV ғасырда  Өзбек ұлысынан бө­лі­не шығып, Жетісу шү­ленінде тәуелсіз мемлекет, дербес хан­дық құрғаннан кейін ғана әркімнің дәргейін­де шашырап жүрген тамырлас, тағ­дыр­лас ру-тайпалар арғы тарихтан еншілеген  төл атауын – Қазақ атын қай­тарып ал­ғаны аян;  тіпті, бір тудың астына жи­на­лып, ортақ мүдденің тө­ңі­регіне топ­та­судың арқасында  атын ғана емес,  ха­лық­тығына – қорған, елдігіне – мерей, мемлекеттілігіне тірек болар за­тын да ием­дену мүмкіндігіне ие болды. Әсі­ре­се, Қасым, Тәуекел, Хақназар хан­дар­дың тұсында Қазақ Ордасы  мем­ле­кет­ті­лі­гінің негізгі атрибуты – тиесілі  жер  аумағын кеңейтіп, біртұтас  ұлт тір­шілі­гі­нің ареалындай табиғи-гео­гра­фиялық  кеңістікті – Қара Ертістен  Ақ Еділ­ге дейінгі атақонысты бауырына бас­ты. Ең бас­тысы, халықтың  рухани кел­беті ай­қын­далып, этномәдени құн­ды­лықтары  екшелді, ұлттық санасы мен отан­шыл­дық сезімі жетігіп, жарық дү­ние, жал­пақ әлемдегі  өзінің орнын (эго-«Ме­нін») асқақ бағамдады. Өкінішке қарай,  жан-жақтан  жау ан­талап, қапысын тапса талап тастардай тө­ніп тұрған шақта Тәуке ханның ел билеу, мем­лекетті басқару жосындарын тым әлеуметтендіріп, потестарлы билікке ырық  беріп қоюы салдарынан бір­тұ­тас  Қазақ Ордасы  іштен іріп, бірнеше  ұсақ  хан­дық­тар­ға бөлініп кетті. Бірлігі азған елдің тірлігі тозады екен. «Бө­лін­ген­ді бөрі жейді» де­ген нақылдың айна-қатесіз ақиқаттығын  қазақтарға басқа емес, бағзыдан бүйір тү­й­іс­тіріп, қоң­сы­лас қонған құба қалмақ­тар­дың өздері-ақ дәлелдеп берді. Үй ішінен үй тігіп,  бей­ғам жатқан ел тұтқиылдан кел­ген отыз мың шақты  шеріктің екпініне бас біріктіріп, төтеп бере алмай табандары ағар­­ған­ша босып, малы мен жанынан қа­ра­дай айрылып, аңыраған қалпы Ал­қа­көл­дің жиегіне сұлады. Ата жаудың зор­лы­ғы­на ғана емес, арзусыз атақ, мәнжусіз ман­сап­тың буына бола қандасының қа­натын қайырып, ағайынын өзекке тепкен ел билеушілердің  алауыз пиғылы  мен тасыр  мінезінің  қорлығына кү­йі­ніп жылады ел;  ертеңіне   күмән шал­дыр­­ған бұқара «бағы за­ман, болар ма баяғыдай тағы заман» деп байтақтың бастан бұл-бұл ұшқан  берекелі-бейбіт ке­зеңін, бергектей мығым бірлігін тірек еткен тәуелсіз тірлігін  аңсады. Ақы­рын­да,  үш жүздің игі жақсылары сенім артып,    бас сардар  сайлаған  Кіші жүз ханы, сайыпқыран қолбасшы  Әбіл­қа­йыр баһадүрдің туы астына сап түзеген бү­кіл қазақ жасағы қасақы жауға  тас тү­йін қар­сы тұрып, шешуші соққы беруге қам­дан­ды. Әсіресе, «1729  жылы Аңы­ра­қай да­ласында қазақ халқының өмірі тә­уекелге ті­гіліп, бұдан әрі болу-болмауы екі талайға түскен тарихи шай­қас болды. Біз бүгінге дейін осынау оқи­ғаның тиісті ба­ға­сын бергеніміз  жоқ. Бала­ла­рымыз тұрмақ, тіпті өзіміз де бұл сынды хал­қы­мыздың қаһар­ман­дық кезеңін, қазақ халқының рухы аруақтанып, аспанға көтерілген тарихи жарқын сәтін жете білмейміз» (Н.Назарбаев, «Тарих тол­қы­нында», Алматы, 1999, 283-бет). Сонымен, бір орталықтан басқару пәрменін қолдан беріп, билік тізгінін уыс­тан шығарып алған Қазақ хан­ды­ғы­ның тарихи қателігі қара халық, қалың бұқараның тағдырын талай тезге салып, кейінгі ке­зең­дерде де тайқы маңдайына таяқ болғанын еске салғымыз  келген. Алауыз­дық пен жік­­шілдіктің сал­да­ры­нан жерінің оңтүстік-шығыс бөлігін Қо­қан билеушілеріне, бүкіл батыс, сол­түс­тік және шығыс аумағын  Ресей отар­шы­ларына алдырған бұйығы  қазақ хал­қы­ның бұрынғы  жасампаздық жігерін, жауынгерлік  рухын көтеріп, ұлттық са­на­сын ояту, бірлікке үндеу мұраты  Абай, Шо­қан, Махамбет,  Ахмет  тәрізді озық ойлы тұл­ғалардың тарихи мис­сия­сына айналды. Өзгенің  табанында тапталып, ара­ны­на жұтылып кетпей,  өзіндік бол­мы­сы мен дәстүрлі дүниетанымын, ұлттық ру­хын сақтап қалу үшін  Сырым Датов пен Кенесары Қасымов және басқа да жау­басар жайсаңдар күллі қазақты ортақ жау – орыс отаршылдарына қарсы қа­рулы щай­қасқа, бітіспес май­дан­ға бастады. Бір ғана Батыс Қа­зақ­стан өлкесін жайлаған қа­зақтардың пат­шалық Ресейдің  отар­шыл­дық сая­са­ты­на, озбыр билігіне  қарсы   Сырым, Ба­рақ, Жоламан батырлар  тұ­сын­да бас­тал­ған ұлт-азаттық  қозғалысы  ұр­пақ­тан ұрпаққа ауысып, 1868 жылғы «Ел ауа» көтерілісіне дейін үздіксіз, жүз сексен жыл бойы  жалғасқан екен. 1916  жыл­ғы  «маусым жарлығына» мойын­­ұсын­­бай, қару  білеп, атқа қонған жал­пы қазақ  көтерілісінің  жалыны да, «ақырып теңдік сұрау» үшін  бас біріктіріп, арнайы бағдарламалар түзген  «Ала­шорда» қоз­ға­лы­сы да бодандықта  рахат көргеннен бос­тандығын жас­та­нып  өлгенді артық  са­наған, өр на­мыс­тан жаралған сол батыр бабалардың қа­һар­мандық рухынан қуат алып жатқаны даусыз. Тіпті, сталиндік-репрессиялық  ре­жім­­нің  кәрін  төгіп, қымс еткенді қай­шы­­дай қырқып отырған кезеңі  – 1940-жылдар  шенінде  Жалпақтал жет­кін­шектері құрған «Қазақ халқын құт­қа­ру қоғамының», одан бертінде, 1960-жылдар асуында Мәскеу, Ленин­град­та оқитын қазақ жастарының ұлт­тық құндылықтарды  қайта жаңғыртып, дербес даму жолын көксеген «Жас тұл­пар» ұйымының  бағдарлы мұраттары  да қазақ ұлтының қап түбінде жатпас ал­мас қылыштай азаттық аңсары кетілген сайын жетілгенін аңдатса керек. Ақырында, 1986 жылдың жел­тоқ­са­нын­да екі шылбыр, бір тізгін биліктің иесі – Орталықтың өктемдігіне, өпірім шешіміне  бүкіл Одақ бойынша тұңғыш рет өре қарсы шығып, республика таң­дауы­мен санасу, әр ұлтқа өзін-өзі басқару құ­қын беру, т. б. мәселелерді өзек еткен   де өрімдей қазақ жастары емес пе еді?!. Міне,   сөз басында тарихтың тал бо­йы­­на біткен кездейсоқ нәрсе жоқтығын, тіпті төтеннен тап болар, көлденеңнен килігер уақиғалардың өзі де  жазмышқа баланатын төңкерілмелі және ұласпалы даму дағдысының әлдебір тылсым заң­ды­лықтарға бағынатынын  тәптіш­те­ге­ні­міз де сондықтан. Иә, осыдан жиырма жыл­дай бұрын қолымыз жеткен елдің егемендігі мен мемлекетіміздің тәуел­сіз­дігі төбеден топ ете түскен сый, көл­де­­нең­нен тартылған бәсіре, оңайдан тап­қан олжа емес. Сан ғасырлардың соқ­талы, соқтықпалы соқпағында сан­сы­раған, «мың өліп, мың тірілген»  хал­қы­­мыз­дың көксеген мұраты, көздеген ұшпағы еді. Елінің бүтіндігі, жерінің тұтастығы үшін құрбан болған ата-ағаларымыз бен апа-әжелеріміздің  ақ­қан қан, төккен те­рі­нің өтеуі еді бұл Тәуелсіздік! Еркін өмір, егемен тұрмыстың иелері – бүгінгі ұрпақ, мына біз, арғы ба­ба­лар­дың  аманаты ретінде зарығып жеткен, мерейімізді өсіріп, мәртебемізді өр­лет­кен, иншалла, болашақ   буын, келешек күндердің   нәсібіне ұзағынан  бұ­йы­рар Тәуелсіздіктің  киесін сыйлап, қа­сиетін ұғынуға, қадірін білуге, сол ар­­қылы жеке басымыздың тарих ал­дын­дағы, ұлт пен ұрпақ алдындағы жауапкершілігімізді жете сезінуге  тиіспіз. Елі­­міз егемендік алып, дербес даму жо­лы­на  енді ғана түскен, КСРО-дан мұ­ра­ға қалған көл-көсір, күрделі  про­бле­ма­лар­ды  еңсеруге бел шеше  кіріскен  тә­уел­сіздіктің алғашқы жылдарында  Ел­ба­сы нақ осы хақында: «Мемлекеттікке негіз салып берген халық ел ішіндегі ахуалдың бүгіні мен болашағы жолын­да­ғы жауапкершілікті арқалауға да да­йын болуы керек...  Егер біздің хал­қы­мыз бүгінгі таңда басымыздан кешіп отыр­­ғандай жаңа мемлекеттің орнығар дәуірінде ұдайы болып тұратын қиын­дық­тар мен мұқтаждықтарға... терең өзгерістерге төтеп бере алмаса, онда берік мемлекеттік туралы үмітіміздің күй­реу қаупі алдымыздан шығады. Со­ны­мен бірге ұлтымыздың да өзін-өзі ара-да­ра  етіп, қожырап тынуы мүмкін»,  де­гені есімізде (Н.Назарбаев, «Тарих тол­қынында», Алматы, 1999, 55-бет). Тәубе,  мемлекеттік тәуелсіздікті бекем бекітіп, нығайту жолында кез­дес­кен сан қилы кедергілерді – әлеу­меттік  ая­дағы мұқтаждықтар мен ша­руа­­шы­лық  са­ласындағы қиын­дық­тар­ды, тіпті, әлем­­дегі алпауыт мемлекет­тер­дің іргесін  шайқалтқан  қаржы дағ­дарысын та­бан­дылықпен еңсеріп шы­ғып, макро­эко­номикалық тұрақ­ты­лық­ты қамтама­сыз етіп қана қоймай, ұзақ мерзімді даму стратегиясын белгілеген Қазақстан Республикасын   бұл күндері  әлемдік қа­­уымдастық мойындап, құр­мет тұтады. Бұл – тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың қай кезде де   сан алуан ұлт пен конфессиядан құ­­­рал­ған  поли­эт­ни­калық қоғамдағы саяси  тұрақтылық пен әлеуметтілік та­ту­лықты көздің қарашығындай сақ­тау­ға көңіл бөліп, мемлекеттік саясаттың қызыл өзегіне  айналдыра білген көре­ген­ді­гі­нің нәтижесі. Темір ҚҰСАЙЫН. Орал.