16 Желтоқсан, 2010

Пырақ мінген үш жігіт

713 рет
көрсетілді
35 мин
оқу үшін
Бұлар кімдер болды екен дейсіз бе? Ендеше, біліп алыңыз: үлкені – Тұрсынжан, одан кейін Махмұт, ең кенжесі – Айтберген. Ағайынды үшеу, бәрі де Құлмановтар. Аталарынан дарыған ұсталық өнердің қыр-сырына тереңдей үңіліп, баба­лары­мыздан қалған мұраның жоғалға­нын тауып, кетеуі кете бастағанын бүтіндеп, өз тірліктерімен өздері болып жүргенде қазақтың басына қара бұлт үйірілді. Өздерін Албан атаның бала­лары­мыз деп есептейтін, соны ерекше мақтан кө­ретін үшеуі бірдей атқа қонды. Тура табаны күрек­тей жетпіс жыл бұрынғы аталары мен ағаларындай намысты ту етті. Жәмеңке батыр: «Бала өлгенше, шал өлсін! Орыс алғыш болса, біздің жанымызды алсын, бізді атсын!» деген ұранмен елдік туын тіктесе, бұлар: «Қазақты – қазақ басқарсын!», «Біз тең­дікке жүрсек те, кемдікке көнбейміз!» деген тегеурінді талаппен алаңға барды. Ду-ду етіп, тұ­тан­ғалы тұрған өрттей елдің ортасына түсті. Оған бір кірген қазақтың намысы қыз-қыз қайнайды екен... Ендеше, өздерін сөйлетейік! – Қазақ жастарының Жаңа алаңға жиналып жат­қанын жолда естідім, – дейді Махмұт. – Ұстазымның үйіне бара жатқан бетімнен бұрылып, бірдеңеден қалғандай алып-ұшып алаңға келдім. Сол уақыттың өзінде алаңның екі жақ бетіне мә­шинелерді кесе-көлденең қойып, жауып тастапты. Ортада қырық-елудей ғана кісі тұр. Солардың арасына мен де бардым. Артынша айналамызды милиционерлер қу­сырып қыса түсті. Апыр-ау, не болар екен, қатары­мыз көбейер ме екен, әлде... деп үрке қарап тұрға­ны­мызда, зооветинститут жақ беттен бір қора елдің келе жатқанын, дабырлаған дауыстарын естіп қалдық. Қолдарында көтерген ұрандары бар. Тура Октябрь мерекесіне шыққандай лек, көрген кезде көңіліміз көтеріліп-ақ кетті. Олар тақай бергенде Желтоқсан көшесі жағын бекітіп, ешкімді жібермейміз деп тұр­ған солдаттар әлдекім бұйырғандай алдарын ашып жіберді. Бір кезде Достық даңғылы жақтан шыққан лек көрінді, оған Байсейітова көшесін өрлеп көте­ріл­ген ел үстемелей қосылды. Түс әлетінде атшап­ты­рым алаң лықа толды. Содан алаң бір босамады-ау! Келіп жатқан жұрт көп, кетіп жатқан жұртта да қисап жоқ. Жұмыс күні болған соң, кесірі тимесін деп күнделікті нан жеп жүрген қызметі мен оқуын да ұмытпағандар ғой, олар. Халықтың қарасы көбейіп, алаң лық толған сай­ын, Алматы көшелері наразы шерушілердің үнімен, қазақ әнімен асқақтаған сайын биліктің зәресі ұшты. Алматының ішіндегі милициясы, әскері, қала берді шекарашылар, өрт сөндірушілер училищесінің курсант­тары аз көрініп, сырт жақтан адамдарды жазалаудың неше түрлі айла-шарғысын үй­ренген жасақтарын жүздеп, мыңдап әкеле бас­тады. Ол аз десеңіз, қасқыр иттерін абалатып және жеткізді. Бірақ, ит қанша жыртқыш, қабаған бол­ға­ны­мен, қалың халықтан ығады екен, оны да көрдік... Желтоқсан батыры сөйлеп отыр. Көзінде от, тура дәл сол кездегідей. Бәрін көрген, ортасында ойнақ салған ердің сөзі... – Су шашқан кезде басымдағы қазақы жалбағай тұмағым мұз болып қатып қалды, – дейді ол. – Пальтом да сауыс-сауыс мұз... Осыдан кейін, әй, бір ашын­дық-ау!.. Неге ашынбайық, тып-тыныш қана тұрдық, наразылық ойымызды әнмен жеткіздік, сөз­бен ұқтырмақшы болдық. Мұның бәрі біздің Конс­титуциямызда көрсетілген. Сөз, баспасөз, жиналыс бостандығын шектемейді делінген. Біз заңмен белгіленген сол шектен шыққан жоқ едік. Ал, мыналар бізді құдды жау көреді, соты да, прокуроры да, ми­ли­циясының басшылары да құртамыз, аямаймыз, дейді. Айтатындары тек қана «кет!» Оған көне қоя­тын біз бар ма? Өйткені, кеңестік заң біздің жақта, ал мыналар соны көпе-көрінеу бұзып отыр, дейді заң­мен жақсы қаруланған ағалар. Оның үстіне жас­тардың арасында жүрген атақтары дардай, ел білетін, қадірлейтін үлкен кісілер аз емес. Бірақ, бәрібір, үл­кен үй жақ аямауға, қыз демей, ана демей қырып-жойып соғуға, қалайда алаңды тазартуға бұйрық берді. Олар бір соқса, біз де бір соқтық. Әйткенмен, қаруы күшті, қалқаны мықты әскерлер әскерлігін жа­сады... Біз де қайтпадық. Не болса да көрейік, көн­бейік дегенге біржола бекіндік. Бұған дейін аузы­мыз буылып келді емес пе. Өздерін тәртіп сақшы­ла­рымыз, әскерміз деп момын елді қырып-жойып жүр­гендерге қол көтергенімізді, мәшинені өртеген­дер­дің жанында болғанымызды, оларды білетінімізді айта алмай келдік. Декорациялық ағаштарды сын­дырдық, көшелерге қойылған ұзын орындықтардың ағаштарын босатып алып, солармен қаруландық. Әйтпесе, оларға қарсы тұру мүмкін емес еді. Адамнан айла артылмайды. Бір жігіттер қол­дарындағы ұзын таяқтарын өрт сөндіргіш мәши­нелердің двигателіне тыға қойып, шыр айналып тұр­ған қалақшасын кілт тоқтатып, жүргізбей тастады. Жүргізушілері кабиналарынан атылып шығып, тұра-тұра қашады. Осы аралықта «урала­ған» үрейлі дауыс естілген. Прожектор жарығының астында сапер күректерінің жүзі жарқ-жарқ еткен. «Сойылдары төбемізде ойнайды. Біз де аямаймыз. Таспен ұрамыз. Сөйтіп, арпалысып жүргенде елдің арасынан Тұрсынжан көкемді көріп қалдым», – дейді ол. – Махмұтжан, өз-өзіңді сақта, абай бол! – деп ағалық қамқор үнін естіртіп үлгерді, сол аралықта. Бірақ, жазалаушы әскерді қусаң да – қауіп, олардан қашсаң да қауіп еді. Бір қарасам, Айтберген жүр жанымда. Қасында Хасен Қожахметов аға. Ол кезде танымадық. – Әй, жігіттер, майлы шырша жақсы жанады. Қазір қарап тұрыңдаршы, – деп біреуінің түбінен от қойып жіберіп едім, лапылдаған жалын ойнақшып төбесіне бір-ақ шықты. Өзімше мәз болып, екіншісіне жүгіре беріп едім, жанымызда жүрген әдеміше келген әлгі жігіт қолымдағы күкіртке жармасты. – Мұндай бассыздыққа баруға болмайды, бауырым! Басқасы да жетіп жатыр ғой. Ойланса, ойланатындай қарсылық жасап жатырмыз, – деді. Кейін білдім ғой оның кім екенін. Ол – бейбіт заманда, сонау жетпісінші жылдары ұлттық кемсітушілікке жол бермейік деп айтып, жазып, сол үшін жазалы боп жүрген Хасен ағамыз. Біз сөйтіп алаңда танысқанбыз... Алаң қым-қиғаш сапырылыс, майдан даласы дерсің. Тек қана танк пен бомбалаушы ұшақтар жоқ демесең, қалған кеңестік қарудың біразы осында әкелініпті. Анадайдан екі әскери мәшине көрінді. Дереу алдын бөгеп, бүйірінен тоқпақтап, таспен атқылап тоқтауға мәжбүр қылдық. Жүргізушілері жерге түсе салып қашты. Мұның ішінде не бар деген қызығушылықпен біреуінің артқы есігінен кірсек, екі жәшік ракетница жатыр. Әскерде болған жігіттер бірден соған жармасты. Осы жерде Айтберген әңгімеге араласты: – Қараңызшы, осындай қарумен шығып, оны бізге қарсы қолданса, оларға жарасады. Ал, біздің жақ қарсы әрекетке көшіп еді, «бұлар бұзақы, нарко­ман, ішкіш, қоғамға жат элементтер», деп айт­паған жаман сөздері, тақпаған кінәлары қалмады. – Сол «наркомандарының» біреуі мен ғой! – дейді Махмұт. – Егер ұстала қалсам, мені де көк есекке теріс мінгізіп, қамап тастар еді. Өйткені, ракет­ни­цаны алдым. Бірақ, мен қалай ұстауды, қайтіп атуды білмейді екенмін. Менің атқаным қырын кетеді. Енді бір жігіттің атқаны Үкімет үйінің терезесін қиратып өтіп, іліп қойған пердесін өртеп жіберді. Міне, сол кезде бүкіл басқарушы аппараттың мықтылары бізге терезеден қарап тұрғанын көрдік. Одан кейін бәріміз арқаланып кеттік. Әркім өзінің батыр бабаларының атын ұрандатты. Біз «Райымбек бабам, қолдай гөр!», «Ра­йымбек, Райымбек!» деп алға қарай лап қойдық. Ал­­ды­мызда мықты тос­қауыл бар екен. Бес қаруы бой­ын­да, жұтынып тұрған жа­сақтар атырылып-аты­ры­лып шыға келді. Бұл бізге ой салды. Онысын өзде­ріне қарсы қол­да­найық дедік. Үлкен үй­лердің қалқа­сына көп жігітті қалдыр­дық. Өздеріміз біршама топ болып ша­буылға шық­тық. Біздің аз екенімізді көрген олар соңымыздан «уралай» қуа­лап берді. Біз кері серпіліп, жасырынып тұрған жігіттердің қар­ма­ғына әкел­­дік. Мық­тым­сынған ағы лекті қор­шау­ға алып, біз де біразын жам­саттық. Ішінде шенді офицері де бар екен. Ұруын ұрға­нымызбен, анау айт­қан­­дай қинаған жоқпыз. Не­сін жасырайық, шен­ді­лерінің тапаншасына тимесек те, солдаттардың қал­қан­дары мен шоқпар­ла­рын, күрек­терін тартып алған кездеріміз болды. Алай­да олардай кәсіби­лікпен қол­дана алмадық. Аналардың бізге қарсы құрал ретінде сапер күрек­терін қалай қолданғанын айтайын. Күректің қыры­мен ұрғанда тура ұзының­нан сұлап түсесің. Мынау құлап қапты-ау демейді, жабылып тепкілейді. Мен де бір рет сондай жағдайға түстім. Сонда бүрісіп ба­сым­ды ғана қорғай беріппін. Керзі етікпен дүңкіл­детіп теуіп жатыр, теуіп жатыр. Екі қабырғамды ішіне кіргізіп жіберіпті. Ал сапер күрегі қалың паль­томды кесіп өтіпті де, етімнің терісін бір елідей тіліп жіберіпті. Кім біледі, өлтіріп тастар ма еді, біздің жігіттер қайта шабуылға шыққанда тастай қашты... – Бойында қазақ қаны бар кімді де тығырыққа тіреген, амалсыз алаңға шы­ғарған ызғарлы желтоқ­сан күндерінде мен Алматы облыстық мәдениет бө­лімі­нің халық шығармашылығы жөніндегі жауапты қызметкері едім. Оң-солымызды жақсы­лап танып, ұлттың рухы, болашағы, бостандығы жө­нінде тол­ғанысты әңгімелерге араласа баста­ғанбыз. Жас та болсақ өреміздің осылайша өсуі қалай болды, неден болды, кімдер әсер етті деген сауал қазіргі әңгіме үс­тінде ойыма оралып отыр. Қазақ жері ұлан-ғай­ыр. Бабаларымыз ғаламат байлықты ұстап қалғанда, өзінің мәдениетінен неге айырыла бастады? Алақан­дай ғана жерге иелік етіп отырған армяндар мен грузиндер төл жазуын қалайша сақтап қалды? Енді ең ақырғы тірегіміз – тіліміз жойылып барады, дәстүр-салтымыздан айырылдық. Мұның арты қалай болар екен? Осы сауал, әсіресе, өнер мен мәдениет, ғылым саласында қанымен, жанымен жұмыс істеп жүрген ағаларымызға ерекше әсер етті. Есенберлин роман­дары ой салды, Олжастың «АЗиЯсы, тіпті тілін ұмы­та бастағандардың өзін қатты оятты. Кинода «Қыз Жібектің» өн бойында көрініс беретін халқы­мыздың өткен кезеңі, қазақы болмысы, дәстүрі еріксіз ойландыратын еді. Оның үстіне біз сурет өнеріне, қол өнеріне қатысымыз мол болған­дықтан, мұражайларымызды аралаймыз. Осының бәрі біз секілді жастардың жүрегіне от берді. Сондай алмағайып сәтте Дінмұхамед атамыздың биліктен алынуы себеп болды. Іштей тұншығып жүрген елге тура сіріңкемен от қойып жібергендей әсер етті. Сондықтан халық «Қонаевты қорғаймыз!» деп ұрандатқан жоқ. Жүрегінің әмірімен көшеге шыққан жастарға қосылды, алаңға келді. Сол күні, қарап отырсам, біздің жұмысымыздан алаңға жалғыз мен ғана келіппін. Түскі астың алдында ертерек шығып кетіп алаңды қайыстырған қалың елдің арасында болдым. Кешке тағы да келдім. Кейін қазақ жастарын кінәлау үшін мәскеушіл орталықтың, солардың сойылын соққан қан-сөлсіз, ұлттық намыстан жұрдай қандастарымыз айтып жүрген, жазып жүрген надандық туралы, көтерген ұрандарының сауатсыздығы хақындағы сөздерінің бәрі – жала! Шын мәнінде алаңға жиналған ел мәдениетті талап-тілекпен келді. Ұлттың мүддесін қозғаған ұрандарының бәрі дерлік оқулық кітаптарда жазылып жүрген, «Пролетариаттың ұлы көсемі» деп дәріптеген Владимир Лениннің еңбектерінде өз қолымен қағазға түсірілген қанатты ойлары еді. Жастар сонымен қару­ланды. Кеңестер Одағының конс­титуциясын ұстанып, соның аясында сөз сөйледі, талап-тілектерін білдірді, бейбіт шерулер жасады. Бірақ, ең өкініштісі, сол уақыттағы коммунистік билік үшін бұл сөз жүзінде ғана айтылатын, іс жүзінде қирата соққы берілетін үрейлі көріністер болатын. Сондықтан қазақ жастарының қарсылығы – кеңестік жүйеге қарсы бой көтеру ретінде қабыл­данды. Халық атын жамылған Компартия көсем­дері өзінің жазалаушы механизмдерін шұғыл түрде іске қосты. Отыз жетінің ойранында, қуғын-сүргіннің кезінде жиған бар тәжірибелерін пайдаланып бақты. «Ойбай, не дейсің, ана жақта балабақшаны өртеп, сә­билерді өлтіріп кетіпті», «мына жақтағы бір мек­тептің оқушыларын қырып тастапты», «бәрін жасап жүрген қазақтар екен, тек қана орыстарды ұрып-соғып, өлтіріп жатыр» деген үрейлі хабарлар тарат­ты. Рациямен хабарланды. Өзіміз «үш әріп» дейтін­дердің тірлігі, кәнігі тәсілі болса керек, бұл. Бірақ, аңқау ел ә дегенде осыған қатты иланды. Тіпті өзіміз де, «шынымен де, солай ма екен?» деп қалың ойдың қамауында қалдық. Бірақ алаңға жиналғандардың арасында пиғылы бұзықтар көзге түспеді. Түссе де, олар арандату­шылар еді... Тәртіп орнатушыларға керегі осы болатын. Сол себепті де бейбіт елге бүйідей тиді, әуелі өздері қол көтерді. Ең ширығатын осал жеріміз – қыздарымызды шаштан сүйрелеп, ұра бас­тады. Қазақ қыздарын құрметтеген, халқымызды көбейтетін ұрпақ деп қастерлеген халық емес пе. Сонан соң аянып тұрсын ба? Қазақ жігіттері қыз­дар­ды, қарындастарын қорғады. Қыздар арқылы қазақ намысына араша түсті, ту етті. Бұл азаматтың азаматы ғана атқаратын айтулы іс дер едім мен. Алматыдағы Желтоқсан көтерілісін қазақ жастарының атына ғана телу біржақтылық болар еді. Олай дейтініміз, алаң – ақ жаулықты апалары­мыз­дың да шырылдап, шырқырап жүргеніне куә. Қан­ды алаңнан ел қазақ мектебінің шынайы жан­ашыры Шона Смаханұлын, қазақ әдебиеті мен мәде­ниетінің нағыз жоқшысы Мардан Байділдаев­ты, сол секілді қазақ халқының тарихын, дәстүр-салтын шұқшия зерттеп, дала өркениеті үшін шыбын жанын шүберекке түйіп жүрген Жағда Бабалықов, Сәбетқазы Ақатаевты және басқа да жасы үлкен ағалар мен апаларымыздың талай-талайын көрді. Сондай-ақ, олардан басқа да жұрт біле бермейтін жасы үлкен кісілер көп, өте көп жүрді. Осы орайдан алғанда, Желтоқсан – халықт­ың бұлқынуы, ұлт-азаттық сипаттағы қозғалыс, нақтылап айтқанда көтерілістің нақ өзі болды. – Біз Қажымұқан мен Фурманов көшелерінің қиылысына таяу жерде тұратын едік. 17 желтоксан күні жұмысқа бара жатқанда алаңға таяу жерде шекарашы әскерлеріміздің шоғырланып тұрғанын көрдік. БТР-лармен келіпті. «Әй, мыналар бәріне бейім екен, аямауға тас-түйін бекініп келген екен», дедік. Бірақ, ұлттық рухпен қаруланған қазақ жастары бұдан қорқып, ыға қоймады, – дейді Махмұт. – Желтоқсан көтерілісі туралы көп ақиқаттың бетін ашуға айрықша үлес қосқан Мұхтар ағамыз құрған Мемлекеттік комиссия мұның бәрі әдейі ұйымдастырылған орталықтың жымысқы саясаты екенін анықтады. Расында, солай ғой! Мы­салы, біз 17 желтоқсан кү­ні алғашқы қақты­ғыс­тардың кезінде алға қарай жұлқына шығып, артынша бұғынып қал­ған арандатқыш екі аза­мат­ты ұстап алдық. Әре­кеті, аузынан шыққан сөздері күдік келтіргеннен кейін, амалсыз қолын қайырып, қалта­сынан құжатын алып қарадық. Сөйтсек, Мемлекеттік қауіпсіздік ко­митетінің қызметкерлері. Несін жасырамыз, кеудесінен түйіп-түйіп жібердік. «Тура өлтіреміз, мынау­ың­ды қалтаңа сал да табаныңды жалтырат!», дедік куәлігін қолына ұстатып, үлкен үйге қарай құй­ры­ғы­нан бір-бір теуіп қуып жібердік, – дейді інісі Айтберген. Мәскеудің кеудемсоқтығы қазақ жастарын қатты ширатты. Сол күндері өзіміз «орысша сөй­лейді, орыс болып кеткен» деп мұрнымызды шүйіретін қазақ қыздарының намы­сын көріп, қайран қалдық. Ойпырмай, қазақ қыздары­ның мінезі деген ғажап екен! Өздері сондай өжет те өршіл, сөздері тура мірдің оғындай. – Қазақ қыздарының қаһармандығы болмаса, Жел­тоқсан мұншалықты дүркіремес еді! – дейді Махмұт сөзін іліп алып. – Аяқ астынан ештеңе болмайды. Ұлт­тық өремізді өсіретін, намы­сы­мыз­ды қам­шы­лайтын сөз айтатын ағаларға жа­қын жүрдік. Айы­на екі рет өтетін Әуезов мұ­ра­жай-үйіндегі уни­верситеттің сабағынан қал­май­тын­быз. Ол жерде кімдер болмайды дейсіз?! Ай­тыс­кер ақындар келеді, дәулескер күйшілер өнерін ортаға салады. Ғұлама Марғұланның телегей-теңіз әңгімелерінен кейін мен қазақпын демеуге әддіміз қалмаушы еді. Оның директоры Рахманқұл Бердібаев ағамыз­дың өрелі ойларын естуге Алматыда оқи­тын жастар лек-лек боп үзбей келетін. Тілдің жайы, қазақ мектептерінің мүшкіл халі, солтүстік облыстарымыздың қатты орыстанып бара жатуы ашындыратын. Осының бәрі жинақтала-жинақта­ла келе, ақыры қопарылысқа әкелді. Димаш ата­мыз­дың әп-сәтте босатылуы, адами құрметтен қағылуы жай себеп қана дейтініміз сондықтан. Біз алаңға шығу арқылы ұлтымыздың алдын­дағы парызымызды өтеуге ұмтылдық. Өйткені, әр­қай­сымыз өзіміздің қазақ екенімізді сезіндік. Әрбірімізді ұлттық намысымыз қамшылады. Бізді неге басынады? Фарабиді туған топырақ, Сұлтан Бейбарысты өмірге келтірген аналар, Шоқан мен Ыбырайды, Абайды айтып мақтанатын қазақтан өзін-өзі басқаратын бір ұл шықпады дегенге арлан­дық. «Тоқтат, мұндай жосықсыздыққа жол бермейміз. Әуелі жерді иеленген ұлтпен санас, келісімін ал!» – деуге бардық. Кеудемізде елге, жерге, ұлтқа деген сүйіспеншілік сезіміміз буырқанып тұрды. Әр қайсымыз, біз шықпағанда кім шығады, деген оймен бәріне бас тігіп, алаңға барғанбыз. Мен бі­рін­ші рет қол­ға түскен кезімде екі жақтың тар­тысында қал­дым. Солдаттар екі қолымнан өздеріне қарай тартса, біздің жігіттер екі аяғымнан тас қып ұстап алған. Әйтеуір біздің жақ қаптап кетіп, бо­са­тып алды. Әйтпесе мен де милицияның торына тү­сіп, түрмеде жатар едім. Екіншісінде аяғымнан ша­лып жықты, арқамнан сапер күрегімен ұрды. Онда да біздің жігіттер алып қалды. Ал, үшінші ретте қашамыз деп «Бе­реке» дүкенінің арт жағындағы қуысқа барып қалыппыз. Бұл кезде түннің бір уағы. Олар әбден кү­шейген. Жастардың үлкен топ­тарын бөлшектеп жарып, қоршауға алып, қасқыр иттерін шабалан­дырып шыққан сәт болатын. Бірге жүрейік, бір-бірі­мізден адасып қалмайық деген аға­та­йым Тұрсынжан мен інім Айтбергеннің қайда, қай топта кеткенін білмеймін. Біз, отыз шақты адам екен­біз, жан­сауғалап, қай жерде паналайтын тесік, қай подъезд ашық болса, далбасалап қашып-пұ­шып тығылып жатырмыз. Азая-азая бес-алтауымыз ға­на қалдық. Төмен қарай жүгіріп отырып, құры­лыс техникумы­ның жатақханасының артынан бір-ақ шықтық. Бір кезде алдымыздан шыға келген офи­цер тапаншасын аспанға қаратып атып жіберді. Айналасындағы солдаттар бізді орай қоршап, сапер күректерімен жас­қап, тура терезенің түбіне әкеліп тіреді. Басшысы рациямен біреулерді шақыра бас­та­ды. Сонда әлгі жігіттің кім екенін білмеймін, ара­мыздан біреу бар дауысымен «Аруақ!» деп айқай­лай атырылып, қо­лына рация ұстаған офицерді қақ тұм­сықтан бір-ақ қойды. Ана байғұстың бас киімі бір жаққа ұшты да, өзі ұзынынан сұлап түсті. Солдат­тар не болғанын білмей бір сәтке аңтарылып тұ­рып қалыпты. Алды­мыз ашылды, сонымен ортекеше атырыла-атырыла жөнелдік. Қашамын деген бір жігітіміз шұңқырға түсіп, ұсталып қалды. Ал, қалғанымыз қашқаны қашып, Абай даңғылына бір-ақ шықтық. Жолдың шетіне тоқтаған жеңіл мә­ши­неден біреу ақшасын төлеп түсіп жатыр екен. Шофері қазаққа ұқсайды. «Жигулидің» ішіне бірімізден кейін біріміз сүңгіп, «кеттік, кеттік» дей беріппіз. Мүшкіл халімізді тү­сінді-ау деймін, жүргізуші қазақ зулата жөнелді. Сол кездегі Ленин даңғылына жеткенде екі жігіт түсіп қалдық, қалғандары ары кетті. Сол уақытта кімсің, қайдансың дейтіндей емес. Бә­рі­міздің ойымыз бір еді, біз бір-ақ адам едік қой! Қазақты басынған қалай екен, ұлтты қорлауға бола ма екен, соны түсіндірейік, сезінсін дедік. Бәрімізді Ал­ма­тының алаңына апарған осы ой емес пе еді? Жөнсіздікті тудырды. Ашынғаннан кейін, өздерінің жа­са­ғанын өздеріне жасадық. Дәл сол күндері биліктің дегеніне еріп, қазақ жастарын кінәлағандар аз болмады. Кейін ондай ағаларымыз, апаларымыз «саясат солай еді ғой», деп ақталған болды. Себебі, біздің күресіміздің әділдігін әлем қолдады, адал ниетті адамзат құптады, араша түсті. – Сонымен, ары қарай не болды? – деймін Махмұттың ойын іркіп. Абай мен Лениннің қиылысындағы аялдамаға барсақ, бір балағының жыртығы жалбыраған Айтберген мен Тұрсынжан екеуі жүр. «Қашып құтылса, өзі де осында соғатын шығар деп едік», дейді інім. «Әйтеуір, амансың ғой?» деп ағатайым да кеудесіне қысып жатыр. Сонымен, ағайынды үшеуміз тіке жүрсек, жол-жөнекей аңдыған милиция мен солдаттардың қор­шауына тап болармыз, одан да «алыс та болса жа­қын» демекші, қаланың Көктөбе жақ бетіндегі бұл­тарыс-қалтарыс көшелердің жықпыл-жықпылы­мен аяң­дап, Горный Гиганттың үстіңгі жағы арқылы ба­райық дедік. Сөйтіп, үйге таң алдында әзер жеттік. – Тура қан майданның қақ ортасынан шық­қандай күй кештік, әбден шаршадық, – дейді Айтберген. – Мен де екі жақтың «көкпары» болдым. Жазалаушы жақтың бір сарбазы шалбарыма жармасып, дырылдата тартқанда бір балағы дар ете түсіпті. «Қорқаулар түнде жортады» демекші, олардың барынша зұлымданған кезі түн қараңғылығы бола­тын. Әскерді Сәтбаев жақтан да, Желтоқсан жақтан да аямай төкті. Қайткенде алаңды босатамыз деді. Тіпті сол маңдағы үйлердің айналасының бәріне қа­рулы солдаттар қойылды. Алаңның кіре беріс-шыға берісі бос қалмады. Бірақ, солай етудің өзі олар үшін оңайға соққан жоқ. Шын мәнінде, қазақ жастары қайсарлық көрсетті. Сұлтандар мен Әлия, Мән­шүк­тердің, Төлеген мен Нұркендердің зұлым фашистерге қарсы күресте ерекше ерлікпен көзге түсуі бекер емес екен. Бойымызда сол ағалар мен апалардың қаны бар екен. Соны көрсеттік-ау деймін. Күллі әлемнің назарын аударған Алаң – қазақ үшін қасиет­ті орын болу керек. Онда құдыретті қазақ рухы аспандаған. Алаңнан кетсек те, ертеңдер тағы да шығамыз, қазақ үшін, ұрпақ үшін керекпіз, өзімізді аман сақтайық деп кеттік. Мы­салы, ең ақырында Ауыл шаруашылығы инс­ти­ту­тының жатақхана­сы­нан ары қарай Абай даңғылына дейін жер бауырлап жылжып бардық. Әйтпесе көзге түсіп қалатын едік... Міне, азап пен машақатқа саналы түрде барып, азат ойдың туын желбіретіп, оған жау болып жар­масқан озбыр күштермен арыстанша алысқан ағай­ынды үш жігіттің ортаншысы осылай дейді. Оны тыңдап, айтар ойымыздың бәрін ізімді басқан інілерім ақтарды ғой деді ме, Тұрсынжан әңгімеге көп араласа қойған жоқ болатын. Тек осы жерде ғана: – Бәрінен де қанды оқиғадан кейінгі қуғын-сүр­гінді айтыңыз, – деді қалың ойды серпіп тастап. – Қыл­мыскерді, мемлекеттің жауын үй-үйден іздеді, ме­кеме-мекеме, ауыл-ауылдан іздеді. Өздерінше «тап­қан» болды. Сонан кейін ешқайсысын аямады, сот­тады. Алаңда қырғаны аз көрініп, енді «әділ заң­ның» шешімімен аямай жазаласақ деді. Дегендеріне жетті де... Бірақ, бәрінің шегі бар ғой. Шексіздік о дү­ниеде ғана! Ал, оған дейін Алланың дегені бо­ла­ды. Желтоқсан көтерілісінен кейінгі жазалау нау­қа­ны да, басты кінәліні ұстай алмағандықтан, бәсейе бер­ді. Ол бәсейген сайын әділеттің үні өктем шыға бастады. Міне, сол уақытта біз «Желтоқсан» қоғамын ұйымдастырушылардың қатарынан табылдық, дей­ді Айтберген. Өзі шешен де нық сөйлейді екен. Айтарының бәрін көкейге жұптап барып қана сыртқа шығарады. Бұл да бекер емес. Ісіне сенгендіктен, мәселенің байыбына барып, зерттеп-білгендіктен артық сөзіміз аз болсын деп айтады. – Өйт­кені, жазықсыз жазаланып, түрме тозағының ішінде тұншыққан жігіттерді босату қажет болды. Жапа шеккен қаракөз қарындастарымыз, апаларымыздың ендігі тағдыры бізге байланысты деп білдік. «Егер біз жүгірмесек, онда кім жүгіреді?» дедік. Пары­зымызға қарыз болмайықшы дедік. Жан-жаққа бо­ратып хат жаздық. Олар халықаралық ұйымдарға да жолданды. Бірінен кейін бірін Мәскеуге жөнелттік. Алматының прокуратурасын да, сол кездегі орта­лықтың құқық қорғау министрліктерін де өнер, қоғам қайраткерлері, спорт саласының майталман­дары қол қойған хаттармен төпеледік. Қала берді аштық жариялаумен де қарсы­лы­ғымызды білдірдік. Бұрынғы Ленин алаңына киіз үй тіккен біз едік. Ашыққан елмен бірге болдық. Сендер жалғыз емес­сіңдер деп күндіз-түні қас­тарынан табылдық. Мұн­дай әрекеттеріміз жеміссіз кетпеді. Сотталғандар жарық дүниеге шетінен шыға бастады. Істері қысқартылды, артынан жаппай ақтала бастады. Президентіміз Тәуел­сіз­діктен кейін Жарлығын шығарды. Осының бәрі сырт көз үшін өз-өзінен келгендей, рет-ретімен бо­лып жатқандай сезілер. Бірақ, арғы жағында жай көз­ге көріне бермейтін тынымсыз әрекет, күресіміз бар екенін елдің біле жүруі үшін айту керек. Бұл мақтан үшін емес, сабақ болу үшін, «мен елімді жақсы көремін, Отанымды сүйемін, ұлты­мның азаматымын» деген сөзді тек қана қажет ке­зінде, өзін көрсетіп қалатын сәтте ғана айтатын «ақыл­дылар» сабақ алсын, олай жасау ұят екенін шы­найы сезінсін, жүрегімен ұқсын, ұл-қыздарын, не­мере-шөберелерін ондай һарам әдеттен аулақ бо­луға тәрбиелесін деп әдейі баса айтып отырмын... Талғат АЙТБАЙҰЛЫ,  публицист-жазушы.

Қайсарлық

1986 жылғы Желтоқсан оқи­ғасынан кейін үйімізге әскери киінген, апа­мыз­дың сө­зімен айтқанда, «ойенный» адам­дар жиі келгіштей бас­та­ды. Әлгілердің түстері де сол бір ызғарлы күндердей суық бола­тын. Ес біліп қалған кезіміз, ана­мыздан олардың не себептен келгенін қаншама рет сұ­расақ та, ол кісі бізге мар­дым­ды жауап қатпайтын. Олар кел­ген уақытта анам бізді басқа бөл­меге кіргізіп жіберетін де, өзі әлгі­лердің бітпейтін сұрақ­тары­на жауап беріп оты­ратын. Қыс­қа­сы, ана­мыз­ды тергеуге көшетін. Періште көңілді бала­мыз ғой, әлгі әс­ке­ри адамдардың түк­си­ген қа­бақ­тарына қарап-ақ, олардың жақ­сы ниетпен келмегендігін ішіміз сезе қоятын. Күбір­ле­ген сөздер құлағы­мызға еміс-еміс естілетіндіктен болар, еш­теңенің байыбына бара ал­май­тын­быз. Әңгіме ауаны Ал­ма­тыдағы КазПИ-де оқитын нағашы әпкем Клара Бегалиевадан (суретте) бастап өр­би­тін. Бұл жағдай екі жетідей уа­қытқа созылды. Оқиға­ның ар­тын ала әпкемнің өзі де ауылға сап ете қалды. Біздің, әсі­ресе, кішкентайлардың қуаны­шын­да шек жоқ. Өйткені, біз әпкемізді өте жақсы көретінбіз. Алматыдан әкелген «базар­лығы» да тәтті бо­лып көрінуші еді, кейде. Ал бұл жағдайдың әуелі өзінен бастап, отбасына, туған-туыстарына, тіпті аудан, облыс көлеміне қылмыс жа­сағанмен пара-пар болғандығын есейе келе білдік қой. Әпкем үйге бір келгенінде осы оқиға туралы сыр суыртпақтап көр­ген едім: – Әдеттегідей, Желтоқсан кө­ше­сі бойында орналасқан оқу кор­пусында сабақ жүріп жат­қан. Кенет, әлдекім­дер­дің: «Сыртқа шы­ғың­дар!», «Шығың­дар, кө­ше­ге!», деген қатқыл дау­ыстары жан-жақты жаң­ғыр­тып жатты. «Мынау тегін емес, бір сұм­дықтың болғаны анық» деген қорқынышты үрей аудиторияда отыр­ған­дар­дың бойларын еріксіз билеп ал­ған. Ойланып тұра­тын уақыт жоқ, бәрі­міз жапа-тармағай сыртқа бет алдық. Сөйт­сек, көше толған жастар. Жүз­дері айбат шашып, әлдекімдерге сес көрсетіп тұрғандай. Қол­да­рында ұран. Ай­ғай­лап, ұрандатып жатыр. Жан-жақтан қаума­лай қор­шаған әскери жа­сақ­тар жастарды қуып, ұрып-жаншып, кейбірін мә­ши­­не­лерге зорлықпен сүйреп апа­рады. Енді, тілмен айтып жеткізу қиын. ...Қапелімде тұтқиылдан келе қал­ған әскерилердің біріне үшінші күн дегенде барып қолға түстім. Мені жетектеген бойда мәшинеге жұлқи тықты. Салон ішіндегілер­дің дені – жастар. Бірлі-жарым жа­рақат алғандары, бет-ауызы қанға бөгіп, қансырағандары да бар. Олар бізді көлік­теріне қойша тиеп алды да, белгісіз бір жертөлеге апарып қамап тастады. Сөйтіп, біртіндеп тергеуді жал­ғас­тыр­ды. Сұрақ­та­рының «бісі­міл­ләсі» «Қай­да тұрасың, қай жерде оқисың?». Тергеп отырғандардың үшеуі де өзге ұлт өкілдері. Егер де әлгі жандайшаптардың кө­ңіл­деріне қонымсыз, жа­ғым­сыз бір нәрсе дей қалсаң, қыз демей, бала демей, тепкінің ас­тына алады. Әлгілердің орысша­лап: «Бұларды Сібірге айдату керек!» деген сөздері әлі күнге құ­лағымда жаңғырады», – деген әп­кем желтоқсан айының сол бір ыз­ғарлы күндерін күңірене еске алды. 25-26 желтоқсанда комсомол билеттерімізді алып қойды. Сосын оқудан шығарды. Ол аздай, екі жылға қара жұмыс істеп келуге ауылға қайтарды. Көн­беске шара жоқ, жүйе солай. Ауыл­ға келдім. Мұнда да ешкім басымнан сипай қоймады. Әуелі ауданда қызу жи­налыстар болды, сосын мені ақса­қалдар алқасына салды. «Мұны кім ұй­ымдастырды, неге қатыстың?» деп жи­налғандардың бәрі маған жақтырмаған сыңай танытты. Сол кездерде өзімді бейнебір «халық жауындай» сезініп жүрдім. Отба­сымдағыларға да оңай тимеді. Олар­ды да кінәлі санады. Қысқасы, көп теперіш көрдік қой. Екі жыл­дан кейін Алматыға қайта орал­дым. Оқуымды жалғастыруыма да мүмкіндік туды. Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Шәуілдір ауылына қарасты Қарғалы елді мекенінде туып-өскен Клара әпкеміздің бірбеткей, өжет мінезді қыз екендігі оның өн бойынан бірден аңға­рылып тұратын. Мен ойлаймын, төрткүл дүниені дүр сілкіндірген осындай тарихи оқиғаның бел ор­тасында жүруіне әпкемнің туа бітті қайсарлығы да себеп болған шығар деп. Бұл күнде ол Алматы облысы, Талғар ауданына қарасты №6 Жамбыл Жабаев атындағы мектепте ұлағатты ұстаз. Адал жар,  аяулы ана. Шәкірттерін білім нәрімен қоса, патриоттық сезімге баулудан еш жалыққан емес. Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ. Астана.