Тарих ғылымдарының докторы, профессор Көшім ЕСМАҒАМБЕТОВПЕН әңгіме
– Көшім аға! Әңгімемізді мектеп бітірген кезіңізден бастасақ. – 10-шы сыныпты үздік бітіргеніммен, қол созым жердегі Гурьев не Орал педагогикалық институтына түспей, әскерге кеттім. Шамасы, бұл оқу орындарын өзімше «менсінбеген» түрім болуы керек. Ол кезде Кеңес армиясы қатарында қызмет ету мерзімі үш жыл еді. Мені «әскери және саяси дайындықтың үздігі» ретінде 1960 жылдық шілде айында оқуға түсу үшін мерзімінен екі-үш ай бұрын босатты. Содан КазГУ-дің тарих факультетіне оқуға келіп түстім. Сол жылы Мәскеуде П.Лумумба атындағы Халықтар достығы университеті ашылды. Мені, емтиханды үздік тапсырғаным, әлде СОКП мүшелігіне кандидаттығым ескерілді ме, әйтеуір, Алматыға арнайы келген комиссия осы оқу орнына шақырды. Мәскеуде оқимын деген ой түсіме де кірмеген. Жатпай-тұрмай бес жыл оқыдым. Нәтижесінде, 1965 жылы аталған оқу орнын «тарихшы» және «ағылшын тілінің аудармашысы» деген екі мамандықпен үздік бітіріп шықтым. – Мұндағы оқу үдерісінің тағылымы да бөлек әңгіме өзегі болар. Оқубілімнен басқа, студент кездегі қандай жағдайлар есіңізде қалды? – Алдымен, Халықтар достығы университетінің ашылуына арналған Кремль Сарайындағы салтанатты жиналыс. Н.С. Хрущев: «Кезінде К. Маркс пен Ф. Энгельс «коммунизм елесі Батыс Еуропаны кезіп жүр» деген болатын. Қазір ол бүкіл жер шарын кезіп жүр», – деп желпіне, шалықтай сөйледі. Содан кейінгі жәйт: бұл университетте әлемнің 90-ға тарта елінен келген түрлі саяси көзқарастағы жастардың оқуы. Олардың арасында өз елінің бостандығы үшін күрескендер де аз емес-ті. Империалистік мемлекеттерге қарсы кеңес саясатының сойылын соғады деп үміттенген Азия, Африка және Латын Америкасы елдерінің студенттері бірте-бірте өзгеше мінез таныта бастады. Кейбірі Кеңес Одағының өзін отаршыл мемлекет санады. Біздер олар әкелген ағылшын тіліндегі «Коммунизм мәселелері» деген америкалық журналды да оқып тұрдық. Жалпы алғанда, сол кездері Кеңес Одағының батыстың отарлық саясатына қарсы кең көлемдегі насихаты «бумеранг» рөлін атқарды. Прибалтика, Орта Азия мен Қазақстаннан оқып жатқан жастардың сана-сезімінде: «Азия, Африка елдері азат болып жатқанда, біз неге қозғалмаймыз?» деген пікір орын тебе бастады. Тіпті, өздеріңізге белгілі «Жас тұлпар» ұйымының дүниеге келуіне қоғамдық санадағы осы құбылыс түрткі болды ма деп ойлаймын. Есте қалған тағы бір жағдай – университетті бітіргеннен кейін жұмысқа орналасуыма байланысты. СОКП Орталық Комитеті шақырып алып, маған Сомалиге жұмысқа баратыным жөнінде мәлімдеді. Мұндай қаһарлы мекеменің сөзін жерге тастауға бола ма, тропикалық климатта жұмыс істеуге баратындардың денсаулығын тексеру үшін құрылған арнайы дәрігерлік комиссиядан өтіп, партбилетімді тапсырып: «Находясь за границей, будучи гражданином СССР, обязываюсь всячески охранять экономические, политические, культурные и иные интересы страны ... » деген секілді қолхат беріп, бір айға елге кеттім. Бірақ, Мәскеуге қайтып оралғаннан кейін Сомалиге барудан айнып қалдым. Студент кезімде ағылшын тіліне қоса Шығыс Африкада 40 млн. шамалы адам сөйлейтін суахили тілін оқып, Кения, Танзания мен Угандадан диплом қорғап, осы елдердің біріне барамын деп дайындалғанмын. Осы жоспарымның іске аспағанынан ба, әлде сол жақта жүргенде це-це деген шыбынға қарсы үнемі дәрі ішіп жүру керектігінен бе, әйтеуір, ит өлген жерден бақыт таппай-ақ қояйын деп Орталық Комитеттің бұл ұсынысынан бас тартып, Қазақстанға жіберілуімді сұрадым. Мені қабылдаған Сафонов деген кісі қатты ашуланып: «Желающих на загранработу у нас хватает. Мы хотели вырастить из вас своего кадра, но вы не оказались на этом уровне. Поезжайте в свой Казахстан, если что там не видели», деп КСРО Жоғары және арнаулы орта білім министрлігіне қоңырау шалып, мені Қазақстанға жіберу керектігін айтты. – Сонда СОКП Орталық Комитеті секілді ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс боп тұрған ұйымның айтқанына көнбегенсіз ғой? – Әкеміз жақсыға – жақсы деп, жаманға – жаман деп қарауға үйреткен. Үш жыл бойы Мәскеу түбіндегі әскер қатарында, одан осы қалада оқуда бес жыл болғаннан кейінгі туған Қазақстанға деген сағыныш та болса керек. – Онда өз ортаңызға оралып, өміріңіздегі сәулелі бастауларға қадам жасаған болдыңыз ғой. – Жоқ, олай болмай шықты. Жаңағы Орталық Комитетте айтылған: «Если что не видели в своем Казахстане?» деген сөздердің кері келді. Мұнда, тіпті, тоталитарлық жүйенің сеңі бұзылмай тұрған кез екен. Қазақстанның Жоғары және арнаулы орта білім министрлігіне барып едім, Көкшетау пединститутына философиядан сабақ беруге, не болмаса Гурьев пединститутына шет тілдері кафедрасының меңгерушісі болып бар деді. Бір тумаласыма жолығып едім, ол: «Алматыда не бар, қаңғырып кетесің», деді. Одан кейін Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетіне барып, әрең деп КазГУ-дің тарих факультетіне Азия және Африка тарихы бойынша оқытушы болып орналастым. – Осыдан кейін ғылыми-педагогикалық жұмысқа түсіп кеттіңіз бе? – Олай да болмады. Бір жылдан кейінақ Қазақ КСР Сыртқы істер министрлігіне бөлім меңгерушісі болып ауыстырылдым. Жоғары және арнаулы орта білім министрінің көмекшісі, Қаржы министрлігінде Сыртқы қатынастар бөлімінің меңгерушісі, ҚР Құжаттану және мұрағат ісі бойынша Ғылымиақпарат орталығының директоры болып жұмыс істедім. Сұрап алған қызметтерім болмаса да, үй алу керек, басқа да өмір күйбеңі секілді пендешілікпен біраз уақытым өтіп кетті. Мәскеудегі Жоғары дипломатиялық мектепке оқуға да шақырылғанмын. 1973 жылы Гурьев педагогикалық институтына проректор қызметіне де ұсыныс жасалды. Осылардың бірін қабыл алып, қандай да бір мансапқа жетуге болатын еді. Лауазымды орында отырған, жетелеп, қолтықтапқолдап жіберетін туысым болмаса да, дипломат болып кететіндей мүмкіндік те туып еді. 1967 жылы КСРО Сыртқы істер министрлігінде бір айдай мамандық жетілдіруден өтіп, КСРО Сыртқы істер министрі А. Громыконың Ирактың Сыртқы істер министрі Аднан Әл-Пачачидің құрметіне ұйымдастырылған қабылдауына да қатысқанмын. Алайда, менің көкейімді үнемі ғылыми жұмыс тесті де жүрді. – Шетелдік тарихнаманы өзіңіздің зерттеу нысаны ретінде алуда бір себеп болды ма, біреу ұсынды ма, әлде ол кездейсоқтық па? – Бұл тақырыпты мен саналы түрде таңдап алғанмын. Маған дейін Қазақстан тарихының батыстық тарихнамасы бұрын-соңды қолға алынбаған тың мәселе еді, тек бірен-саран мақала ғана жарық көрген-ді. Шетелдік тарихнаманы зерттеу тек шет тілдерін білуді ғана емес, ол тыңғылықты теориялық методологиялық дайындықты, тер төгуді қажет етеді. Шетелдік авторлардың еңбектері Мәскеу мен Ленинград (қазіргі Санкт Петербург), тамтұмдап Ташкент пен Алматы қалаларындағы кітапханалардың «спецхрандарында» сақталды. Оларға кірудің өзі қиямет-қайым еді. Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінен арнайы рұқсат аласың, «спецхрандарда» не оқып, не қойғаның жөнінде қол қоясың. Одан соң күнделікті өмірде шетел авторларының пікірлерін таратып жүрген жоқ па деген күдікпен «үш әріп» жансыздарының бақылауына алынасың. Бұл қауіпті қадамға барудың бастауын студенттік кезден іздеген лазым. Университет қабырғасында-ақ Азия мен Африка елдерінің тарихы мен мәдениетін, олардың сан жылдар бойғы ұлтазаттық күресін зерттеудің нәтижесі мені батыс елдерінің отарлық саясатын Ресей мен Кеңес Одағының ұлттық саясатымен салыстыруға әкеліп, көп жағдайда олардың арасындағы ешбір оқулықта жазылмаған ұқсастықтарды байқауға мүмкіндік берді. Оған қоса біздер жасырын түрде шетелдік тарихшылардың да еңбектерімен танысып жүрдік. 60-70 жылдары жастарды интернационалистік рухта тәрбиелеу, буржуазиялық идеологтардың Кеңес өкіметінің ұлттық саясатын бұрмалаушылығына қарсы күрес деген тақырыптар аса өзекті көрінетін. Мен жаңағыдай тақырыпқа тоқтағанымда жай ғылыми дәреже алуды ғана емес, жоғарыда айтылған идеологиялық ахуалды пайдалана отырып, «спецхрандарда» жатқан шетел ғалымдарының еңбектерін сынға алған болып, олардың қазақтар қандай жағдайда өмір сүріп жатқандығы, Кеңес өкіметінің қитұрқы ұлттық саясатының мәні туралы тұжырымдарын оқырмандарға жеткізуді мақсат тұттым, осы жолмен жас ұрпақ санасына түрткі салуды көздегенмін. – Ол мақсатыңызды жүзеге асыра алдым деп ойлайсыз ба? Мұндай әдіс кейде поэзияда да кездеседі, жол арасындағы ой ұшқындарын теріп оқып, оларды бір түсінік төңірегінде тоқайластыру үшін де оқырманға біршама интеллект қажет қой. – Айтуыңыз орынды. Менің диссертациям мен кітаптарымда «сынға алынған» батыс авторларының тұжырымдары жастарымыздың бәріне бірдей жетті деп айта алмаймын. Дегенмен, батыс ғалымдарының Кеңес өкіметінің отарлық саясаты туралы пікірлерін беймағлұм «спецхрандардан» алып шығып, олармен көпшілік оқырмандарды таныстырудың өзі ұлттық санаға қозғау саларын ешкім жоққа шығара алмайды. Қазақстан тарихының батыстық тарихнамасы туралы еңбектерім, «Казлито» деген кеңестік цензурадан «түзеліп», «күзеліп» шыққанның өзінде, өз миссиясын біршама орындады деп ойлаймын. Себебі, сол уақытта ауыл адамдарымен, интеллигенция өкілдерімен әңгімелескен шақтарымда олардың менің еңбектерімдегі уәждеріме емес, батыс ғалымдарының қазақ, орыс тілдеріне аударылып берілген төлсөздері мен үзінділеріне көбірек көңіл аударатынын байқадым. Бұл болса, көңілде сенім ұялатты, өйткені, «кеңестік тәжірибелер» мен «интернационалистік тәрбие» салдарынан қазақ халқының ұлт ретінде жойылып кетуі мүмкін деген ой кімді де болса алаңдататын. – Шетелдік тарихнама бойынша жазған кітаптарыңызды атай кетсеңіз. – Олар: орыс, қазақ тілдерінде жазылған «Шындық және бұрмалаушылық», «Көне Қазақстанды көргендер», «Біздер туралы Батыста не жазылды», «Қазақтар шетел әдебиетінде» деген зерттеулер. Осылардың ішінде студенттер «Көне Қазақстанды көргендер» деген шағын кітапшаға кәдімгідей қызығушылық білдірді. Оның себебі, ағылшын суретшісі Джон Кэстльдің күнделігінен Әбілқайыр хан, оның әйелі Бопай ханым туралы жаңа мәліметтер берілгендігінде, сонымен бірге кітапта қазақ халқының өз жерінде көшіп-қонғандығы, автохтондығы, егін егіп, қалалар салғаны, қазақ халқы тарихының толық жазылмай келе жатқандығы жөнінде соны пікірлердің айтылуында болса керек. Кейін Джон Кэстльдің 1736 жылы Әбілқайыр ханға барып қайтқан сапары туралы неміс тіліндегі күнделігі өз алдына қазақ тіліне аударылып, екі рет баспадан шықты. Бұл жәдігерді мен 1969 жылы қазіргі Ресей көпшілік кітапханасының сирек кездесетін қолжазбалар қорынан тапқан болатынмын. – Іштей азаттықты аңсағансыз-ау. Тәуелсіздікке қолымыз жеткен кезде қандай күй кештіңіз? – Қуанышымда шек болмады. Бұрын Кеңес Одағы сияқты алып мемлекет бір мезетте құлап түседі деген түсімізге де кірмейтін. Біреудің қасы мен қабағына қарамай, халқыңның дербес өмір сүруін көру әр қазақ үшін шынайы бақыт емес пе. – Тәуелсіздік ғылыми жұмысыңызға әсер етті ме? – Әлбетте. Бұрынғы кезде бүркемелеп, меңзеп жазатын мәселелерді тереңірек, нақтылы, ашық түрде жаза бастадық. Ізденіс бағыттары, тақырыптары өзгеріске ұшырады. Кеңес заманында қазақ халқының басынан өткен қайғылы оқиғаларды көбіне батыс авторларының сөздері арқылы баяндап келгенмін, енді оларды мұрағаттық деректер негізінде кеңінен зерттеп, ата-бабаларымыздың жүздеген жылдар бойы ұлттық тәуелсіздік жолында жан беріп, жан алысып келгендігін, егемендікті ешкімнің сыйға тартпағанын, сондықтан оны аялаудың, ардақтаудың қажеттігін жас ұрпаққа жеткізу мәселесі алға шықты. – Бізде ұсыныс жасаушылар, ақыл айтушылар, бүйту керек, сөйту керек деушілер жетіп артылады. Өз басыңыз Қазақстан тарихының ақтаңдақ беттерін қайта қарастыруда, жастарымызды патриоттық рухта тәрбиелеуде өзіндік орны бар еңбектер бере алдыңыз ба? – Соңғы он-он бес жыл шамасында Қазақстан тарихы, тарихнамасы және деректану салалары бойынша жүзге тарта ғылыми мақалам, бірнеше кітабым жарық көрді. Олар: «Азат рухтың күрескері» (А., 2003), «Қайсар қайраткер» (А., 2004), «Әлем таныған тұлға» (А., 2008), «Қазақстанды отарлау тарихынан» (С. Жиеналинамен бірге. Ақтөбе, 2009), «Батыс ғалымдарының қазақ педагогикасы туралы ойлары» (С. Қалиевпен бірге. А., 2009), «М. Шоқай. Эпистолярлық мұрасы». 1-2 том, (А., 2009) «Әбілқайыр хан» (А., 2004), «Тарих таңдақтары. Мақалалар жинағы». 1-2 том (А., 2008), т.б.. Олардың бағасын оқырмандардың өздері бере жатар. 2009 жылы көлемі 33 баспа табақ «Әлем таныған тұлға» деген М. Шоқайдың дүниетанымы мен қайраткерлік болмысына арналған кітабым Ш. Уәлиханов атындағы сыйлықпен аталып өтілді. Биыл тұңғыш рет қазақ тілінде жарық көрген Ш. Уәлихановтың алты томдық шығармалар жинағына ғылыми жетекшілік жасадым. Жауапты редактор ретіндегі басқа да бірнеше еңбектер бар сияқты. Олардың бәрін бірдей жіпке тізе берудің қажеті болмас. – Қазір қандай жұмыстың үстіндесіз? Болашақ жоспарларыңызбен бөліссеңіз? – Мұстафа Шоқайдың он бес томдық «Шығармалары толық жинағын» құрастырып, қаржыландыру мәселесінің шешілмеуіне байланысты абыржып отырған жайым бар. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы, құзырлы мекемелер тарапынан да М.Шоқай секілді бірегей, ұлы қайраткердің ғылыми мұрасының халқымыз үшін аса маңыздылығы ескерілмей отыр. Әр томы отыз баспа табақтан тұратын бұл ғылыми жобаның жүзеге асырылуы Қазақстанның шет мемлекеттермен қарым-қатынасында шын мәнінде бренд бола алар еді. Мен биылғы жазда Түркияның мұрағаттары мен кітапханаларында жұмыс істеп, түрік ғалымдарымен сұхбаттасып қайттым. Олар М. Шоқай «Шығармалары толық жинағын» өздерінде шығаруға мүдделілік танытып отыр. – Бұл айтылған зерттеулеріңізге қарағанда, Сіз тағылымы мол, тәрбиелік мәні бар тақырыптарға көбірек көңіл бөлетін тәріздісіз. – Тарихтың – тәрбиеші екендігі, халықтың бағдаршамы, жол сілтеушісі екендігі кім-кімге де аян. Тарих талай асауларға бас үйретіп, тәубесіне түсірген, тарпаңды да, тәкаппарды да жуасытқан. Сол себепті тарих ғылымының танымдық және әлеуметтік функцияларына шабуыл ешқашан да толастамаған. Әсіресе, бодан халықтардың тарихы өрескел бұрмалаушылықтарға ұшырады. КСРО Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі А.Ефимов деген зерттеушілерге методологиялық ұстаным ретінде мына тұжырымдарды ұсынған болатын: Айталық, Кеңес Одағының жекелеген халықтарының тарихы дербес субъект ретінде зерттелуі мүмкін емес, ол тек объект ретінде ғана қарастырылады. Басқаша сөзбен айтқанда, кіші халықтардың орталықтан тыс өз тарихы болмайды; Ресейдің шет аймақтарды жаулап алуы тек прогресшіл құбылыс ретінде түсіндірілуі тиіс; Шет аймақтардың тәуелсіздік үшін күресі дәріптелмеуі керек; Ұлтазаттық қозғалыс жетекшілері, батырлары мен қолбасылары мадақталмауы тиіс, оларда жауынгерлік күрес тарихы болуы мүмкін емес деген сияқты ақыл айтушылық. Осы секілді ұстанымдар салдарынан қазақ тарихы отарлық саясаттың бір нысаны ретінде ғана баяндалды. Тарихтың халық тағдырында алатын орны ерекше. Ә. Бөкейханов: «Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынан өзі де жоғалуға бейім тұрады... Дүниеде өңге жұрттар қатарында қор болмайын, тұқымым құрып қалмасын деген халық өзінің шежіресін имани дәрежесінде ұғып білуге тиіс болады», – деп айтып кеткен. – Қазір Алаш ардақтысының осы өсиеті ұрпақ санасында орнықты ма? – Үш ғасырдан астам уақытқа созылған Ресей үстемдігі Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде жарияланғанынан кейін бірден жойыла қоймайды. Әсіресе, ол отарланған халықтың рухани өмірінде тереңірек тамыр жіберді. Кезінде Қайта өрлеу дәуірінің ірі ойшылы Никколо Макиавелли ұзақ уақыт отарланған халықтың санасында үстемдік еткен ұлттың тілі, діні, мәдениеті сақталып қалатыны жөнінде ескерткен болатын. Ал, Кеңес Одағында басқа халықтарды ұлтсыздандыру саясаты ғылыми негізде, жүйелі түрде жүргізілгені белгілі. Қазақ халқы өзі құрып кетуге жақын нәубеттерді басынан кешірді. Айтайын дегенім – отарлық кезең де Қазақ тарихының бір бөлшегі. Ол ұмытылмайды. Кейбір замандастарымыздың бірі Ресей империясы құрамында, Кеңес Одағында өмір сүрдік, жақсысы да, жаманы да болды, өтті, кетті, енді ол кезең туралы айта берудің не қажеті бар, біреулердің шамына тиіп дейді. Екіншілері отарлық үстемдік туралы айтуды отарланған халықтың «кекшілдік сезіміне» балайды. Ал, үшіншілері отарлық кезеңді мүлдем жоққа шығарады, Кеңес Одағында бәріміз бірдей, тең құқылы өмір кештік деп өзеурейді. Төртіншілері қазақ халқының отарлық үстемдікке қарсы күресін «қарсылық қозғалысы» ретінде суреттеп, «ұлтазаттық қозғалысы» түсінігін ғылыми айналымнан шығарып тастауға әрекеттенуде. Осыған қарағанда біздер әлі орыс тарихнамасының «шинелінен» шыға алмай келеміз. Бізде ұлттық мүддемізге жауап беретін шынайы Отан тарихы әлі жазыла қойған жоқ. – Мұның себептері неде деп есептейсіз? – Отандық тарих ғылымының дағдарысқа ұшырауына тарихшы ғалымдардың өздері де кінәлі. Ғылым кандидаттарын былай қойғанда ғылым докторларының арасында күнделікті газет оқымайтындар ұшырасады, шет тілдерін білетіндер бірен-саран, әлемдік тарихнамадан бейхабар, мұрағат есігін ашпағандар да бар. Отандық тарих ғылымының қоғамдық мәртебесінің төмендеуіне басқа да объективті және субъективті факторлар әсер етіп отыр. Бұл процестен саяси жүйе, идеология секілді қуатты күштер де тыс тұрған жоқ. Айналып келгенде Қазақстан тарихы біржақты, жартыкеш, мүгедек күйде көрініс табуда. Қандай мәселелерді толыққанды баяндай алмай келеміз десек, олар – Қазақ хандығының құрылуы мен қазақ халқының қалыптасуы, отарлық үстемдіктің қазақ халқын аса зор материалдық, интеллектуалдық, мәдени, психологиялық нәубетке ұшыратқаны, өткен ғасырдың 20-30 жылдарында қазақ халқының қырғынға ұшырауының, 1986 жылғы және басқа да көтерілістердің дұрыс бағасын ала алмай келе жатқаны. Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясы Кеңес Одағы республикаларында 30-жылдары болған жаппай аштық құрбандарын еске алу туралы қарар қабылдады. Олардың ішінде, Қазақстан да бар. Бұл жөнінде халықаралық қоғамдық пікірдің өзіне ден қойылмауы демократиялық құндылықтарға бой ұрған елімізге үлкен сын. Сондай-ақ, қазақ халқының Қазан төңкерісін қабылдамағаны, ол жөнінде нақтылы материалдардың ғылыми айналымға қосылмағандығы да осы қатарда. Айталық, сол кездегі қазақ зиялыларының 99 пайызы Қазан төңкерісіне қарсы болған. Біріншіден, тәуелсіз Қазақстан тарихы жас ұрпақтарға ғана емес, бәрімізге де қымбат. Екіншіден, Қазақстанның бір ғана тұтас тарихы бар, оның бір кезеңі – «нағыз», келесісі – «жалған» емес. Наполеоннан «тарихты жасайтын кімдер, бұрмалайтын кімдер?» деп сұрағанда, «тарихты жасайтын біздер, ал бұрмалайтын тарихшылар» дегені осындайдан шықса керек. – Қазақ халқының қазіргі кезеңдегі ұлттық санасы қандай деңгейде деп ойлайсыз? – «Ұлттық сана» дегеніміз күрделі феномен. Оның қалыптасуында мемлекеттің рөлі ерекше. Жеке адам да, ұлт та ұзақ уақыт тәрбиеден өту арқылы өз бойына ұлтжандылық, ізгілік, басқа ұлттармен бейбіт қатынаста өмір сүруге бейімделу секілді қасиеттерді жинақтайды, ұрпақтарының бойына дарытады. Не болмаса, ұлтсыздану процесіне жол беріліп, қазақ пен қазақты бір ұлтқа біріктіретін ұйытқылар жоғалады. Кеңестік интернационализмнің түпкі мақсаты осы болатын. Қазақтарға ұзаққа созылған отарлық саясат дарытқан ең сорақы, ең зұлым, ең қасіретті құбылыс – құлдық психология. Ашаршылық, соғыс, індет, қуғын-сүргін секілді зұлматтар қоғамның кемел тұлғаларын жұтып қана қойған жоқ, аман қалғандардың өздерінің рухани дүниесін жұтатты, қандай да жолдармен, әдістермен өзін-өзі қорғау инстинктін дамытты, оларды «өз ұлтым», «өзге ұлт» дегенге үйрететін дербес ұлт ретінде өмір сүру әліппесінен айырды, мәңгүрттену процесі жалпы халықтық сипат алды. Осы жағдайдың мысалдарын күнделікті өмірден де көріп жүрміз. Жақында қазақ тілін қорлаған бір немені сот жауапкершілігіне тартқанда, оны қазақ судья мен куәгер ретінде шақыртылған қазақ жігіті жақтап шықты. Бұл – ұлт санасының терең дағдарысқа ұшырауының, ұлттық намыстан жұрдай болудың көрінісі. Өз дамуында алға кеткен халықтың озық жетістіктерінен саналы түрде үйрену бар да, өзгеге жатып жастық, тұрып төсек болып, жалпақшешейлік таныту, олардың алдында табыну – мүлдем бөлек нәрсе. Әрине, ұлттық сананың қалыптасуы түрлі шаралармен, заң жолымен біте салатын нәрсе емес, ол үшін әр қазақтың өз ұлтының, ата-бабаларының алдындағы жауапкершілікті терең сезіне білуі, осы жолда күресе білуі керек. – Қазақ ұлты мен мемлекетінің болашағына қатысты не айтар едіңіз? – Саясаткерлер лексиконындағы «мәңгілік достық», «достықтың тарихи тамырлары» деген сөздерге кімдер және қаншалықты иланады деген ойлар мазалайды. М.Шоқай «мемлекетте мәңгілік дос та, мәңгілік жау да жоқ. Онда тек мәңгілік мемлекеттік мүдде ғана бар» деген. Тәуелсіздікке балама жоқ. Қалай болғанда да қазіргі жаһандану заманында өзінің ұлттық бірегейлігін терең ұғынған, соған орай қимылдайтын халық қана алпауыт мемлекеттің жемсауында кетпей, тарих сахнасында сақталып қала алады. 2005 жылы «Эхо Москвы» радиосы арқылы сөйлеген В. Жириновскийдің: «Біз Қазақстанға саяси, экономикалық жолмен ықпал етіп, өз жақтастарымызды Қазақстандағы билік басына келтіруіміз керек» деген сөздері сақтандырады. – Соңғы сұрақ: халықты тарихпен тәрбиелеу мәселесіне билік басындағы азаматтар қалай қарап отыр? – Басым көпшілігі оң көзқарас танытуда. Әсіресе, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев отандық тарих ғылымының дамуына ерекше назар аударып келеді. Ол кісінің бастамасымен елімізде «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуын айтсақ та жеткілікті. Жақында Президент Әкімшілігінің тапсырмасымен Ұлттық тарих мәселелері бойынша мемлекеттік комиссия құру жөнінде жоба ұсынылды. Бұл шара отандық тарих ғылымына түбегейлі реформа жасауға әкеледі деп ойлаймын. Әңгімелескен Қорғанбек АМАНЖОЛ. Алматы.Қазақстанның екі өңірінде жол жабылды
Ауа райы • Бүгін, 16:25
Астана даңғылдарының бірі 2 аптаға жартылай жабылды
Елорда • Бүгін, 15:47
Өскеменде бір ай бұрын жоғалып кеткен 19 жастағы қыздың мәйіті табылды
Қоғам • Бүгін, 15:17
Ақтау маңында ірі жол апаты болып, 7 адам ауруханаға жеткізілді
Аймақтар • Бүгін, 14:42
Алаш қозғалысы: 12 том құжаттар мен материалдар жинағы толық жарық көрді
Руханият • Бүгін, 14:03
Шайды қай кезде ішкенде зияны болмайды
Денсаулық • Бүгін, 13:32