16 Желтоқсан, 2010

Тәуелсіз елге – тәуелсіз тарих

802 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Көшім ЕСМАҒАМБЕТОВПЕН әңгіме

– Көшім аға! Әң­гімемізді мектеп бітірген ке­зіңізден бас­тасақ. – 10-шы сыныпты үздік бітіргеніммен, қол созым жердегі Гурьев не Орал педаго­гика­лық институтына түс­пей, әс­керге кеттім. Ша­­масы, бұл оқу ор­ын­­да­рын өзімше «менсінбеген» түрім болуы керек. Ол кезде Кеңес армиясы қатарында қызмет ету мерзімі үш жыл еді. Мені «әскери және саяси дайындықтың үздігі» ретінде 1960 жылдық шілде айында оқуға түсу үшін мерзімінен екі­-үш ай бұ­рын босатты. Содан КазГУ-дің тарих факультетіне оқуға келіп түстім. Сол жылы Мәскеуде П.Лумумба атындағы Халық­тар достығы университеті ашылды. Мені, емтиханды үздік тапсырғаным, әлде СОКП мүшелігіне кандидаттығым ескерілді ме, әйтеуір, Алматыға арнайы келген комиссия осы оқу орнына шақырды. Мәскеуде оқимын деген ой түсіме де кірмеген. Жатпай­-тұрмай бес жыл оқыдым. Нәтижесінде, 1965 жылы аталған оқу ор­нын «тарихшы» және «ағылшын тілінің аудармашысы» деген екі мамандықпен үздік бітіріп шықтым. – Мұндағы оқу үдерісінің тағы­лы­мы да бөлек әңгіме өзегі болар. Оқу­білімнен басқа, студент кездегі қандай жағдайлар есіңізде қалды? – Алдымен, Халықтар достығы уни­верситетінің ашылуына арналған Кремль Сарайындағы салтанатты жиналыс. Н.С. Хрущев: «Кезінде К. Маркс пен Ф. Энгельс «коммунизм елесі Батыс Еуро­паны кезіп жүр» деген болатын. Қазір ол бүкіл жер шарын кезіп жүр», – деп желпіне, шалықтай сөйледі. Содан кейінгі жәйт: бұл университетте әлемнің 90-ға тарта елінен келген түрлі саяси көз­қа­растағы жастардың оқуы. Олардың ара­сын­да өз елінің бостандығы үшін күрес­кендер де аз емес­-ті. Империалистік мемлекеттерге қарсы кеңес саясатының со­йы­лын соғады деп үміттенген Азия, Африка және Латын Америкасы елдерінің студенттері бірте­-бірте өзгеше мінез та­ныта бастады. Кейбірі Кеңес Одағының өзін отаршыл мемлекет санады. Біздер олар әкелген ағылшын тіліндегі «Коммунизм мәселелері» деген америкалық жур­налды да оқып тұрдық. Жалпы алғанда, сол кездері Кеңес Одағының батыстың отарлық саясатына қарсы кең көлемдегі насихаты «бумеранг» рөлін атқарды. При­балтика, Орта Азия мен Қазақ­стан­нан оқып жатқан жастардың сана-­сезі­мінде: «Азия, Африка елдері азат болып жатқанда, біз неге қозғалмаймыз?» деген пікір орын тебе бастады. Тіпті, өзде­рі­ңізге белгілі «Жас тұлпар» ұйымының дүниеге келуіне қоғамдық санадағы осы құбылыс түрткі болды ма деп ойлаймын. Есте қалған тағы бір жағдай – университетті бітіргеннен кейін жұмысқа орна­ласуыма байланысты. СОКП Орталық Комитеті шақырып алып, маған Сомалиге жұмысқа баратыным жөнінде мәлім­деді. Мұндай қаһарлы мекеменің сөзін жерге тастауға бола ма, тропикалық климатта жұмыс істеуге баратындардың ден­саулығын тексеру үшін құрылған арнайы дәрігерлік комиссиядан өтіп, партбилетімді тапсырып: «Находясь за границей, будучи гражданином СССР, обязываюсь всячески охранять экономические, политические, культурные и иные интересы страны ... » деген секілді қолхат беріп, бір айға елге кеттім. Бірақ, Мәскеуге қай­тып оралғаннан кейін Сомалиге барудан ай­нып қалдым. Студент кезімде ағылшын тіліне қоса Шығыс Африкада 40 млн. ша­малы адам сөйлейтін суахили тілін оқып, Кения, Танзания мен Угандадан диплом қорғап, осы елдердің біріне бара­мын деп дайындалғанмын. Осы жоспа­рым­ның іске аспағанынан ба, әлде сол жақта жүргенде це­-це деген шыбынға қарсы үнемі дәрі ішіп жүру керектігінен бе, әйтеуір, ит өлген жерден бақыт тап­пай-­ақ қояйын деп Орталық Комитеттің бұл ұсынысынан бас тартып, Қазақстанға жіберілуімді сұра­дым. Мені қабылдаған Сафонов деген кісі қатты ашуланып: «Желающих на загранработу у нас хватает. Мы хотели вырас­тить из вас своего кадра, но вы не оказались на этом уровне. Поезжайте в свой Казахстан, если что там не видели», деп КСРО Жоғары және арнаулы орта білім министрлігіне қоңы­рау шалып, мені Қа­зақ­станға жіберу керектігін айтты. – Сонда СОКП Орталық Комитеті секілді ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс боп тұрған ұйымның айт­қа­нына көнбегенсіз ғой? – Әкеміз жақсыға – жақсы деп, жа­манға – жаман деп қарауға үйреткен. Үш жыл бойы Мәскеу түбіндегі әскер қата­рында, одан осы қалада оқуда бес жыл болғаннан кейінгі туған Қазақстанға деген сағыныш та болса керек. – Онда өз ортаңызға оралып, өмі­ріңіздегі сәулелі бастауларға қадам жа­саған болдыңыз ғой. – Жоқ, олай болмай шықты. Жаңағы Орталық Комитетте айтылған: «Если что не видели в своем Казахстане?» деген сөз­дердің кері келді. Мұнда, тіпті, тота­ли­тарлық жүйенің сеңі бұзылмай тұрған кез екен. Қазақстанның Жоғары және арнаулы орта білім министрлігіне барып едім, Көкшетау пединститутына философиядан сабақ беруге, не болмаса Гурьев пединститутына шет тілдері кафедра­сы­ның меңгерушісі болып бар деді. Бір тумаласыма жолығып едім, ол: «Ал­ма­ты­да не бар, қаңғырып кетесің», деді. Одан кейін Қазақстан Компартиясының Орта­лық Комитетіне барып, әрең деп КазГУ-дің тарих факультетіне Азия және Африка тарихы бойынша оқытушы болып орналастым. – Осыдан кейін ғылыми­-педа­гоги­калық жұмысқа түсіп кеттіңіз бе? – Олай да болмады. Бір жылдан кейін­ақ Қазақ КСР Сыртқы істер министрлігіне бөлім меңгерушісі болып ауысты­рыл­дым. Жоғары және арнаулы орта білім ми­нистрінің көмекшісі, Қаржы министрлігінде Сыртқы қатынастар бөлімінің мең­герушісі, ҚР Құжаттану және мұрағат ісі бойынша Ғылыми­ақпарат орталы­ғы­ның директоры болып жұмыс істедім. Сұрап алған қызметтерім болмаса да, үй алу керек, басқа да өмір күйбеңі секілді пендешілікпен біраз уақытым өтіп кетті. Мәс­кеудегі Жоғары дипломатиялық мектепке оқуға да шақырылғанмын. 1973 жылы Гурьев педагогикалық инсти­ту­ты­на проректор қызметіне де ұсыныс жа­сал­ды. Осы­лардың бірін қабыл алып, қан­дай да бір мансапқа жетуге болатын еді. Лауазымды орында отырған, жетелеп, қолтықтап­қолдап жіберетін туысым болмаса да, дипломат болып кететіндей мүмкіндік те туып еді. 1967 жылы КСРО Сыртқы істер министрлігінде бір айдай мамандық жетілдіруден өтіп, КСРО Сыртқы істер министрі А. Громыконың Ирактың Сыртқы істер министрі Аднан Әл­-Пачачидің құр­метіне ұйымдасты­рыл­ған қабылдауына да қатысқанмын. Алайда, менің көкейімді үнемі ғылыми жұмыс тесті де жүрді. – Шетелдік тарихнаманы өзіңіздің зерттеу нысаны ретінде алуда бір себеп болды ма, біреу ұсынды ма, әлде ол кездейсоқтық па? – Бұл тақырыпты мен саналы түрде таңдап алғанмын. Маған дейін Қазақстан тарихының батыстық тарихнамасы бұ­рын­­-соңды қолға алынбаған тың мәселе еді, тек бірен-­саран мақала ғана жарық көрген-­ді. Шетелдік тарихнаманы зерттеу тек шет тілдерін білуді ғана емес, ол тыңғылықты теориялық ­методологиялық дайындықты, тер төгуді қажет етеді. Шетелдік авторлардың еңбектері Мәскеу мен Ленинград (қазіргі Санкт­ Петербург), там­тұмдап Ташкент пен Алматы қалала­рындағы кітапханалардың «спецхранда­рында» сақталды. Оларға кірудің өзі қия­мет­-қайым еді. Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінен арнайы рұқсат аласың, «спец­храндарда» не оқып, не қойғаның жөнінде қол қоясың. Одан соң күнделікті өмірде шетел авторларының пікірлерін таратып жүрген жоқ па деген күдікпен «үш әріп» жансыздарының бақылауына алынасың. Бұл қауіпті қадамға барудың бастауын студенттік кезден іздеген ла­зым. Университет қабырғасында-­ақ Азия мен Африка елдерінің тарихы мен мәде­ниетін, олардың сан жылдар бойғы ұлт­азаттық күресін зерттеудің нәтижесі мені батыс елдерінің отарлық саясатын Ресей мен Кеңес Одағының ұлттық саясатымен салыстыруға әкеліп, көп жағдайда олар­дың арасындағы ешбір оқулықта жазыл­маған ұқсастықтарды байқауға мүмкіндік берді. Оған қоса біздер жасырын түрде шетелдік тарихшылардың да еңбек­те­рі­мен танысып жүрдік. 60-70 ­жылдары жастарды интернационалистік рухта тәрбиелеу, буржуазиялық идеологтардың Кеңес өкіметінің ұлттық сая­сатын бұрмалаушылығына қарсы кү­рес деген тақырыптар аса өзекті кө­рі­нетін. Мен жаңағыдай тақырыпқа тоқта­ғанымда жай ғылыми дәреже алуды ғана емес, жоғарыда айтылған идеологиялық ахуалды пайдалана отырып, «спецхрандарда» жатқан шетел ғалымдарының ең­бектерін сынға алған болып, олардың қа­зақ­тар қандай жағдайда өмір сүріп жат­қандығы, Кеңес өкіметінің қитұрқы ұлт­тық саясатының мәні туралы тұжырым­дарын оқырмандарға жеткізуді мақсат тұттым, осы жолмен жас ұрпақ санасына түрткі салуды көздегенмін. – Ол мақсатыңызды жүзеге асыра алдым деп ойлайсыз ба? Мұндай әдіс кейде поэзияда да кездеседі, жол ара­сындағы ой ұшқындарын теріп оқып, оларды бір түсінік төңірегінде тоқай­ластыру үшін де оқырманға біршама интеллект қажет қой. – Айтуыңыз орынды. Менің диссертациям мен кітаптарымда «сынға алынған» батыс авторларының тұжырымдары жас­та­рымыздың бәріне бірдей жетті деп айта алмаймын. Дегенмен, батыс ғалым­да­ры­ның Кеңес өкіметінің отарлық саясаты туралы пікірлерін беймағлұм «спецхрандардан» алып шығып, олармен көпшілік оқырмандарды таныстырудың өзі ұлттық санаға қозғау саларын ешкім жоққа шы­ғара алмайды. Қазақстан тарихының ба­тыстық тарихнамасы туралы еңбектерім, «Казлито» деген кеңестік цензурадан «тү­зеліп», «күзеліп» шыққанның өзінде, өз миссиясын біршама орындады деп ойлаймын. Себебі, сол уақытта ауыл адам­дарымен, интеллигенция өкілдерімен әңгі­мелескен шақтарымда олардың менің ең­бектерімдегі уәждеріме емес, батыс ға­лым­дарының қазақ, орыс тілдеріне ауда­рылып берілген төлсөздері мен үзінді­ле­ріне кө­бі­рек көңіл аударатынын байқа­дым. Бұл болса, көңілде сенім ұялатты, өйткені, «ке­ңестік тәжірибелер» мен «интернационалистік тәрбие» салдарынан қазақ халқы­ның ұлт ретінде жойылып кетуі мүмкін деген ой кімді де болса алаңдататын. – Шетелдік тарихнама бойынша жаз­ған кітаптарыңызды атай кетсеңіз. – Олар: орыс, қазақ тілдерінде жа­зыл­ған «Шындық және бұрмалаушылық», «Көне Қазақстанды көргендер», «Біздер туралы Батыста не жазылды», «Қазақтар шетел әдебиетінде» деген зерттеулер. Осы­лардың ішінде студенттер «Көне Қа­зақстанды көргендер» деген шағын кі­тап­шаға кәдімгідей қызығушылық білдірді. Оның себебі, ағылшын суретшісі Джон Кэстльдің күнделігінен Әбілқайыр хан, оның әйелі Бопай ханым туралы жаңа мәліметтер берілгендігінде, соны­мен бірге кітапта қазақ халқының өз жерінде көшіп­-қонғандығы, автохтондығы, егін егіп, қалалар салғаны, қазақ халқы та­рихының толық жазылмай келе жат­қан­дығы жөнінде соны пікірлердің ай­ты­луында болса керек. Кейін Джон Кэстль­дің 1736 жылы Әбілқайыр ханға барып қайтқан сапары туралы неміс тіліндегі күн­делігі өз алдына қазақ тіліне аудары­лып, екі рет баспадан шықты. Бұл жә­ді­герді мен 1969 жылы қазіргі Ресей көп­ші­лік кітап­ханасының сирек кездесетін қолжазбалар қорынан тапқан болатынмын. – Іштей азаттықты аңсағансыз-ау. Тәуелсіздікке қолымыз жеткен кезде қандай күй кештіңіз? – Қуанышымда шек болмады. Бұрын Кеңес Одағы сияқты алып мемлекет бір мезетте құлап түседі деген түсімізге де кірмейтін. Біреудің қасы мен қабағына қа­рамай, халқыңның дербес өмір сүруін көру әр қазақ үшін шынайы бақыт емес пе. – Тәуелсіздік ғылыми жұмысы­ңыз­ға әсер етті ме? – Әлбетте. Бұрынғы кезде бүрке­ме­леп, меңзеп жазатын мәселелерді тере­ңі­рек, нақ­тылы, ашық түрде жаза бастадық. Ізденіс бағыттары, тақырыптары өзге­ріс­ке ұшы­рады. Кеңес заманында қазақ хал­қының басынан өткен қайғылы оқиға­лар­ды көбіне батыс авторларының сөздері арқы­лы баяндап келгенмін, енді оларды мұ­рағаттық деректер негізінде кеңінен зерт­теп, ата­-бабаларымыздың жүздеген жыл­дар бойы ұлттық тәуелсіздік жо­лын­да жан беріп, жан алысып келгендігін, егемендікті ешкімнің сыйға тартпағанын, сондықтан оны аялаудың, ардақтаудың қажеттігін жас ұрпаққа жеткізу мәселесі алға шықты. – Бізде ұсыныс жасаушылар, ақыл айтушылар, бүйту керек, сөйту керек деушілер жетіп артылады. Өз басыңыз Қазақстан тарихының ақтаңдақ беттерін қайта қарастыруда, жастары­мыз­ды патриоттық рухта тәрбиелеуде өзін­дік орны бар еңбектер бере алдыңыз ба? – Соңғы он-­он бес жыл шамасында Қазақстан тарихы, тарихнамасы және деректану салалары бойынша жүзге тарта ғылыми мақалам, бірнеше кітабым жа­рық көрді. Олар: «Азат рухтың күрес­ке­рі» (А., 2003), «Қайсар қайраткер» (А., 2004), «Әлем таныған тұлға» (А., 2008), «Қазақстанды отарлау тарихынан» (С. Жиеналинамен бірге. Ақтөбе, 2009), «Ба­тыс ғалымдарының қазақ педагогикасы туралы ойлары» (С. Қалиевпен бірге. А., 2009), «М. Шоқай. Эпистолярлық мұра­сы». 1-2 том, (А., 2009) «Әбілқайыр хан» (А., 2004), «Тарих таңдақтары. Мақа­ла­лар жинағы». 1-2 том (А., 2008), т.б.. Олар­дың бағасын оқырмандардың өздері бере жатар. 2009 жылы көлемі 33 баспа табақ «Әлем таныған тұлға» деген М. Шоқайдың дүниетанымы мен қайрат­кер­лік болмысына арналған кітабым Ш. Уә­лиханов атындағы сыйлықпен аталып өтіл­ді. Биыл тұңғыш рет қазақ тілінде жарық көрген Ш. Уәлихановтың алты томдық шығармалар жинағына ғылыми жетекшілік жасадым. Жауапты редактор ретіндегі басқа да бірнеше еңбектер бар сияқты. Олардың бәрін бірдей жіпке тізе берудің қажеті болмас. – Қазір қандай жұмыстың үстін­де­сіз? Болашақ жоспарларыңызбен бө­ліс­сеңіз? – Мұстафа Шоқайдың он бес томдық «Шығармалары толық жинағын» құрас­ты­рып, қаржыландыру мәселесінің шешілмеуіне байланысты абыржып отырған жайым бар. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы, құзырлы мекемелер тара­пынан да М.Шоқай секілді бірегей, ұлы қайраткердің ғылыми мұрасының халқы­мыз үшін аса маңыздылығы ескерілмей отыр. Әр томы отыз баспа табақтан тұра­тын бұл ғылыми жобаның жүзеге асы­ры­луы Қазақстанның шет мемлекеттермен қарым-­қатынасында шын мәнінде бренд бола алар еді. Мен биылғы жазда Түр­кия­ның мұрағаттары мен кітапханаларында жұмыс істеп, түрік ғалымдарымен сұх­бат­тасып қайттым. Олар М. Шоқай «Шы­ғармалары толық жинағын» өздерінде шығаруға мүдделілік танытып отыр. – Бұл айтылған зерттеулеріңізге қарағанда, Сіз тағылымы мол, тәрбие­лік мәні бар тақырыптарға көбірек көңіл бөлетін тәріздісіз. – Тарихтың – тәрбиеші екендігі, халықтың бағдаршамы, жол сілтеушісі екендігі кім-­кімге де аян. Тарих талай асауларға бас үйретіп, тәубесіне түсірген, тарпаңды да, тәкаппарды да жуасытқан. Сол себепті тарих ғылымының таным­дық және әлеуметтік функцияларына ша­буыл ешқашан да толастамаған. Әсіресе, бодан халықтардың тарихы өрескел бұр­малаушылықтарға ұшырады. КСРО Ғы­лым академиясының корреспондент-мү­шесі А.Ефимов деген зерттеушілерге ме­тодологиялық ұстаным ретінде мына тұ­жырымдарды ұсынған болатын: Айта­лық, Кеңес Одағының жекелеген халық­тарының тарихы дербес субъект ретінде зерттелуі мүмкін емес, ол тек объект ретінде ғана қарастырылады. Басқаша сөз­бен айтқанда, кіші халықтардың орта­лық­тан тыс өз тарихы болмайды; Ресей­дің шет аймақтарды жаулап алуы тек прогресшіл құбылыс ретінде түсіндірілуі тиіс; Шет аймақтардың тәуелсіздік үшін күресі дәріптелмеуі керек; Ұлт­азаттық қозғалыс жетекшілері, батырлары мен қолбасылары мадақталмауы тиіс, оларда жауынгерлік күрес тарихы болуы мүмкін емес деген сияқты ақыл айтушылық. Осы секілді ұстанымдар салдарынан қазақ тарихы отарлық саясаттың бір нысаны ретінде ғана баяндалды. Тарихтың халық тағдырында алатын орны ерекше. Ә. Бөкейханов: «Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің та­рихын жоғалтса, оның артынан өзі де жо­ға­луға бейім тұрады... Дүниеде өңге жұрт­тар қатарында қор болмайын, тұ­қы­мым құрып қалмасын деген халық өзінің шежіресін имани дәрежесінде ұғып білуге тиіс болады», – деп айтып кеткен. – Қазір Алаш ардақтысының осы өсиеті ұрпақ санасында орнықты ма? – Үш ғасырдан астам уақытқа со­зылған Ресей үстемдігі Қазақстанның тәу­елсіз мемлекет ретінде жариялан­ға­ны­нан кейін бірден жойыла қоймайды. Әсі­ресе, ол отарланған халықтың рухани өмі­рінде тереңірек тамыр жіберді. Кезінде Қайта өрлеу дәуірінің ірі ойшылы Ник­коло Макиавелли ұзақ уақыт отар­ланған халықтың санасында үстемдік еткен ұлттың тілі, діні, мәдениеті сақталып қалатыны жөнінде ескерткен болатын. Ал, Кеңес Одағында басқа халықтарды ұлтсыздандыру саясаты ғылыми негізде, жүйелі түрде жүргізілгені белгілі. Қазақ халқы өзі құрып кетуге жақын нәубет­терді басынан кешірді. Айтайын дегенім – отарлық кезең де Қазақ тарихының бір бөлшегі. Ол ұмы­тылмайды. Кейбір замандастарымыздың бірі Ресей империясы құрамында, Кеңес Одағында өмір сүрдік, жақсысы да, жа­маны да болды, өтті, кетті, енді ол кезең ту­ралы айта берудің не қажеті бар, бі­реулердің шамына тиіп дейді. Екіншілері отарлық үстемдік туралы айтуды отар­ланған халықтың «кекшілдік сезіміне» балайды. Ал, үшіншілері отарлық кезеңді мүлдем жоққа шығарады, Кеңес Ода­ғын­да бәріміз бірдей, тең құқылы өмір кеш­тік деп өзеурейді. Төртіншілері қазақ халқының отарлық үстемдікке қарсы кү­ресін «қарсылық қозғалысы» ретінде суреттеп, «ұлт­азаттық қозғалысы» түсінігін ғылыми айналымнан шығарып тастауға әрекеттенуде. Осыған қарағанда біздер әлі орыс тарихнамасының «шинелінен» шы­ға алмай келеміз. Бізде ұлттық мүдде­міз­ге жауап беретін шынайы Отан тарихы әлі жазыла қойған жоқ. – Мұның себептері неде деп есептейсіз? – Отандық тарих ғылымының дағ­да­рысқа ұшырауына тарихшы ­ғалымдардың өздері де кінәлі. Ғылым кандидаттарын бы­лай қойғанда ғылым докторларының арасында күнделікті газет оқымайтындар ұшырасады, шет тілдерін білетіндер бі­рен-­­саран, әлемдік тарихнамадан бейхабар, мұрағат есігін ашпағандар да бар. Отандық тарих ғылымының қоғамдық мәр­тебесінің төмендеуіне басқа да объек­тивті және субъективті факторлар әсер етіп отыр. Бұл процестен саяси жүйе, идеология секілді қуатты күштер де тыс тұрған жоқ. Айналып келгенде Қазақстан тарихы біржақты, жартыкеш, мүгедек күйде көрініс табуда. Қандай мәселелерді толыққанды баяндай алмай келеміз десек, олар – Қазақ хандығының құрылуы мен қазақ халқының қалыптасуы, отар­лық үстемдіктің қазақ халқын аса зор материалдық, интеллектуалдық, мәдени, психологиялық нәубетке ұшыратқаны, өткен ғасырдың 20-30 жылдарында қазақ халқының қырғынға ұшырауының, 1986 жылғы және басқа да көтерілістердің дұрыс бағасын ала алмай келе жатқаны. Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблея­сы Кеңес Одағы республикаларында 30-жыл­дары болған жаппай аштық құр­бан­дарын еске алу туралы қарар қа­был­дады. Олар­дың ішінде, Қазақстан да бар. Бұл жөнін­де халықаралық қоғамдық пі­кір­дің өзіне ден қойылмауы демократия­лық құнды­лық­­тар­ға бой ұрған елімізге үлкен сын. Сондай-ақ, қазақ халқының Қазан төң­керісін қабылдамағаны, ол жөнінде нақ­тылы материалдардың ғылыми айна­лым­ға қосылмағандығы да осы қатарда. Айта­лық, сол кездегі қазақ зиялыла­ры­ның 99 пайызы Қазан төңкерісіне қарсы болған. Біріншіден, тәуелсіз Қазақстан тари­хы жас ұрпақтарға ғана емес, бәрімізге де қымбат. Екіншіден, Қазақстанның бір ғана тұтас тарихы бар, оның бір кезеңі – «на­ғыз», келесісі – «жалған» емес. Наполеоннан «тарихты жасайтын кімдер, бұр­ма­лайтын кімдер?» деп сұрағанда, «та­рихты жасайтын біздер, ал бұрмалайтын тарих­шы­лар» дегені осындайдан шықса керек. – Қазақ халқының қазіргі кезеңдегі ұлттық санасы қандай деңгейде деп ойлайсыз? – «Ұлттық сана» дегеніміз күрделі феномен. Оның қалыптасуында мемле­кет­тің рөлі ерекше. Жеке адам да, ұлт та ұзақ уақыт тәрбиеден өту арқылы өз бой­ына ұлтжандылық, ізгілік, басқа ұлттар­мен бейбіт қатынаста өмір сүруге бейімделу секілді қасиеттерді жинақтайды, ұр­пақтарының бойына дарытады. Не болмаса, ұлтсыздану процесіне жол беріліп, қазақ пен қазақты бір ұлтқа біріктіретін ұйытқылар жоға­лады. Кеңестік интерна­ционализмнің түпкі мақсаты осы бола­тын. Қазақтарға ұзаққа созылған отарлық саясат дарытқан ең со­рақы, ең зұлым, ең қасіретті құбылыс – құл­дық психология. Ашаршылық, соғыс, індет, қуғын-­сүргін секілді зұлматтар қо­ғам­ның кемел тұлға­ларын жұтып қана қой­ған жоқ, аман қал­ғандардың өздерінің рухани дүниесін жұтатты, қандай да жолдармен, әдістер­мен өзін-­өзі қорғау инстинктін дамытты, оларды «өз ұлтым», «өзге ұлт» дегенге үйрететін дербес ұлт ретінде өмір сүру әліппесінен айырды, мәңгүрттену процесі жалпы халықтық сипат алды. Осы жағдайдың мысалдарын күн­де­лікті өмірден де көріп жүрміз. Жақында қазақ тілін қорлаған бір немені сот жауапкершілігіне тартқанда, оны қазақ судья мен куәгер ретінде шақыртылған қазақ жігіті жақтап шықты. Бұл – ұлт сана­сы­ның терең дағдарысқа ұшырауының, ұлт­тық намыстан жұрдай болудың көрінісі. Өз дамуында алға кеткен халықтың озық жетістіктерінен саналы түрде үй­ре­ну бар да, өзгеге жатып жастық, тұрып төсек болып, жалпақшешейлік таныту, олардың алдында табыну – мүлдем бөлек нәрсе. Әрине, ұлттық сананың қалыптасуы түрлі шаралармен, заң жолымен біте сала­тын нәрсе емес, ол үшін әр қазақтың өз ұлтының, ата­-бабаларының алдындағы жауапкершілікті терең сезіне білуі, осы жолда күресе білуі керек. – Қазақ ұлты мен мемлекетінің болашағына қатысты не айтар едіңіз? – Саясаткерлер лексиконындағы «мәң­гілік достық», «достықтың тарихи та­мыр­лары» деген сөздерге кімдер және қан­ша­лықты иланады деген ойлар маза­лайды. М.Шоқай «мемлекетте мәңгілік дос та, мәңгілік жау да жоқ. Онда тек мәңгілік мемлекеттік мүдде ғана бар» деген. Тәуелсіздікке балама жоқ. Қалай бол­ғанда да қазіргі жаһандану заманында өзінің ұлттық бірегейлігін терең ұғынған, соған орай қимылдайтын халық қана алпауыт мемлекеттің жемсауында кетпей, тарих сахнасында сақталып қала алады. 2005 жылы «Эхо Москвы» радиосы арқылы сөйлеген В. Жириновскийдің: «Біз Қазақстанға саяси, экономикалық жол­мен ықпал етіп, өз жақтастарымызды Қазақстандағы билік басына келтіруіміз керек» деген сөздері сақтандырады. – Соңғы сұрақ: халықты тарихпен тәрбиелеу мәселесіне билік басындағы азаматтар қалай қарап отыр? – Басым көпшілігі оң көзқарас таны­туда. Әсіресе, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев отандық тарих ғылымының дамуы­на ерекше назар аударып келеді. Ол кі­сінің бастамасымен елімізде «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының жү­зе­ге асырылуын айтсақ та жеткілікті. Жа­қында Президент Әкімшілігінің тапсыр­ма­сымен Ұлттық тарих мәселелері бой­ынша мемлекеттік комиссия құру жө­нін­де жоба ұсынылды. Бұл шара отандық тарих ғылымына түбегейлі реформа жа­сауға әкеледі деп ойлаймын. Әңгімелескен  Қорғанбек АМАНЖОЛ. Алматы.