Алматыда Қазақтың Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетінде көрнекті тіл маманы, ҚазКСР ҒА корреспондент-мүшесі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Ахмеди Ысқақовтың туғанына 100 жыл толуына орай «Қазіргі қазақ грамматикасы мен терминологиясын зерттеудің негізгі бағыттары» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.
– Қазақ тілі ғылымы саласында ең бір жұлдызы биік жан болса, ол – Ахмет Ысқақұлы, – деді бас баяндамашы, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, профессор Ербол Жанпейісов. – Оның тіл проблемалары төңірегінде қалам тартпаған мәселесі жоқ. Орта мектеп пен жоғары оқу орындарына арнап оқулықтар, екі жүзден астам ғылыми мақала, монографиялық еңбектер жазды. Қазақ тілінің лексикографикалық, графикалық, пунктуациялық, орфографиялық, терминологиялық жүйелерін қалыптастыруға көп жылдар атсалысты. Оның 20 жылға жуық жазған «Қазіргі қазақ тілі. Морфология» атты оқу құралы қазақ грамматикасы туралы бас кітапқа айналды.
– Ахмеди Ысқақов – А.Байтұрсынов бастап берген қазақ тілі білімінің негізін қалаған І.Кеңесбаев, Т.Сауранбаев, Қ.Жұбанов, М.Балақаев секілді аға буын тіл мамандарымен бірге көтерілген ғұлама ғалым, сондай-ақ, көп шәкірт даярлаған кемел ұстаз, – деді ғалымның шәкірті А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Сейдін Бизақов. – Ол кісінің қазақ тілі білімінде қалам тартпаған саласы жоқ. Әсіресе, тіл білімі саласына, грамматиканың ең қиын да күрделі саласы – морфологияны дамытуға зор үлес қосты. Ахмеди ағаның білімі ол кісінің шұрайлы тілінен анық байқалатын. Стилі керемет тартымды, әсерлі, жағымды еді. Ахаңның стилінен көп шәкірттері үйреніп, көңіліне түйді. Соның бірі мен едім. Ол кісінің шәкірттерін зейін қойып тыңдайтыны ұнайтын. Басты ең жақсы қасиеттерінің бірі – қазақы бұрма мінезі жоқ, не айтса да әділетін, турасын, бетің бар, жүзің бар демей айтатыны. Бұл мінезі кейбіреулерге жақпай қалса да, шәкірттеріне қатты ұнайтын.
Иә, қазақ халқының маңдайалды ұлдарының бірі Ахаң артында бай мұра қалдырды. Қазақ тілі морфологиясы, қазақ әдеби тілінің тарихы, емле мәселелеріне арналған «Еліктеу сөздер» (1948), «Көмекші есімдер» (1950), «Грамматиканың кейбір мәселелері» (1948), «Қазақ тіліндегі үстеулер» (1950), «Қазақ тіліндегі түбір сөз бен туынды сөз» (1963), «Морфологическая структура слова и именные части речи в современном казахском языке» (1965), т.б. 200-ден астам еңбектің авторы.
– Ғалымның қазақ тілі лексикографиясы саласындағы еңбектері – өз алдына бір төбе, – деді А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы. – Ол «қазақша-орысша», «орысша-қазақша» сөздіктерін құрастырушы және редакторының бірі болды. Оның басқаруымен «Абай тілінің сөздігі», он томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» жарық көрді (1974-1986). Бұл сөздіктер қоғам мүшелерінің қажетін өтеген, орны бөлек өте маңызды құрал болды. Қазіргі кезде «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында біздің институт қызметкерлерінің құрастырып, толықтыруымен шығып жатқан «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» – қазақ тілінің он томдық түсіндірме сөздігінің заңды жалғасы. А.Ысқақов ғылымдағы осы ерен еңбектері үшін ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанып, «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы» ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталды.
Жиын барысында қуанышты хабар келіп жетті. Тіл білімі институты ғалымға туған жерінде мектептің, өзі ұзақ жылдар еңбек еткен Алматы қаласынан бір көшенің атын беру жөнінде ұсыныс жасаған екен. Онда қала әкімінің атына жазылған өтініштің негізінде жуық арада Алматы қаласының көрікті жерінің бірінен А.Ысқақовтың атына көше берілетіні айтылыпты.
Бір айта кетерлігі, конференцияда сөйлеген қазақ тілінің көрнекті өкілдері, ғалымдар Ә.Қайдар, Р.Сыздық, Р.Әмір, Т.Жанұзақ, А.Қалыбаева, т.б. өз естеліктерінде терең зерттеуші, мықты ұйымдастырушы-басқарушының ғалымдығымен қатар, адамгершілік қасиеттеріне де тоқталды.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.