Қазалы кітапханасының шаңырақ көтергеніне 110 жыл
Рухани байлық көзіне айнала білген Қазалы кітапханасының іргетасы өткен ғасырдың беташар жылында, яғни 1900 жылдың 2 желтоқсанында қаланған. Сол тұстағы уезд орталығы – Қазалы қаласының озық ойлы тұрғындарының өтінішіне орай ашылған кішігірім кітапхана қорының толығуына орыс саяхатшылары: академик А.С.Берг пен П.П.Семенов Тянь-Шанскийдің қосқан үлесі зор. Олар өлкедегі рухани қазына ошағының жұмысын жақсартуға қатысты ақыл-кеңестерін берумен қатар, өз есептерінен Ресейдің орталығынан басылған қолға сирек түсетін 200 данаға жуық кітапты тарту еткен.
Төңірегіне білім нәрін себе білген, жаңалықтың жаршысына айналған, аяғына қаз-қаз тұрған кітапхана уақыт өте келе шалғайдағы шағын қала жастарының бас қосатын орталығына айналды. Солардың қатарында жастардың жалынды жетекшісі Ғани Мұратбаев та бар еді. Уақыт өте келе аудан аумағындағы іргелі мәдениет ошағының деңгейіне көтеріле білген кітапхана Үкімет қамқорлығына алынды.
Дәуір талабына сай жаңарып, жасара білген кітапхананың баға жеткізгісіз байлығы – оның Алтын қоры. Онда 1917 жылғы Қазан революциясына дейін жарық көрген, сирек кездесетін энциклопедиялар мен сөздіктер сақталған. Айталық, А.И.Сомовтың редакциялауымен Петербургте басылған «Кіші энциклопедиялық сөздік», В.Дальдің «Түсіндірме сөздігі» мен С.А.Венгерованың басшылығымен «Бронтауэ-Эфрон» баспасынан шыққан «Ұлы жазушылар кітапханасы», 23 томдық «Жаңа экономикалық сөздік» пен 8 томнан тұратын «XIX ғасырдағы Россия тарихы» сияқты кітаптар мен сөздіктер көненің көзіндей мұқият сақталуда.
Қ.ҚАРАМАН, журналист.
Қызылорда облысы. Қазалы ауданы.