Осындай кереғарлықты болдырмау әрі оны ұдайы реттеп отыру үшін Ақтөбе облысы әкімдігі тарапынан кешенді шаралар белгіленген. Бұл істе салаға инвестициялық қаражат тарту мәселесі бірінші кезекке қойылған. Сондай-ақ, мұнда әлі де болса толық пайдаланылмай жүрген резервтер мен мүмкіндіктерді іздестіру мен табу мәселесі де басымдық сипатқа ие. Осыған орай Мемлекет басшысының жергілікті атқарушы органдарға берген арнайы тапсырмасы да бар екені белгілі. Өңірде бүгінгі күні оның бәрі де ойдағыдай орындалғаны үлкен мерей. Әсіресе, аталған сала бойынша аймақта жұмыссыздар саны экономикалық белсенді азаматтар санына шаққанда әжептәуір төмен екенін жағымды жайт ретінде қарастырған жөн. Ақтөбе өңіріндегі бұл көрсеткіш республикалық деңгейден біршама төмен. Қысқасы, мұндағы агроқұрылымдарда бұған дейінгі жоғары қарқынның төмен түспегені, еселі еңбектің көрігі басылмағаны басты жетістік деуге болады. Айталық, өткен жылы Ақтөбе облысында «Агробизнес-2020» мемлекеттік бағдарламасында қойылған міндеттерді жүзеге асыруға байланысты шығарылған өнім көлемін өсіруге баса көңіл бөлінген. Соның нәтижесінде алдыңғы 2015 жылмен салыстырғанда өнім мөлшері 19,5 миллиард теңгеге ұлғайған. Саланың табысты жүруіне оған салынған негізгі инвестициялардың әжептәуір ұлғайғаны да мол әсерін тигізген екен.
Қай салада болмасын тауар өндірушілерге тиісті қаржылай қолдау көрсетіліп отырмаса ешуақытта тиімділік әкеле алмайды. Егер осы ақиқатты ауыл шаруашылығы саласына қатысты айтар болсақ, мұнда оларға субсидия түрінде бөлінетін қаржылай қолдау түрінің орны айрықша. Мемлекет тарапынан берілетін мұндай қаражатқа ие болғанымен, оның өз уақытында толық игерілмей қалу деректері де тәжірибеде жиі кездесіп тұрады. Бұл мәселеде де өзге өңірлермен салыстыра қарағанда, ақтөбелік тауар өндірушілердің бәсі биік тұр. Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Мұқтар Жұмағазиевтің айтуынша, ауылшаруашылық құрылымдарына бөлінген несие көлемі де одан әрі өсіп келеді екен.
Өңірдегі ауылшаруашылық кәсіпорындарының қазіргі жай-күйін сөз еткенде айналып өтуге болмайтын тағы бір жайт бар. Ол – ауылшаруашылық кооперативтерін құру мәселелеріне барынша кең тыныс беру. Өйткені, бұл тәсіл ауылдағы ағайындардың тұрмыс деңгейін көтеруге, мал тұқымын асылдандыру арқылы оның өнімділігін үш-төрт есе арттыруға мол септігін тигізе алады. Сондай-ақ, бүгінгі күні ауыл тұрғындары өсіріп отырған азын-аулақ малдарын тиісті бағасына өткізе алмай әлекедей жалаңдаған алыпсатарларға жем болып жүргені де жасырын емес. Кооперативке бірігу жағдайында мұндай жағымсыз жайтқа жол қалмайды.
Сондықтан қазіргі күні облыста қандай қиырда кооператив жақсы әрі тиімді нәтиже көрсете алады деген мәселелерге терең талдаулар мен зерттеулер жүргізіліп келеді. Кооперативтер құру ісі бірінші кезекте ауыл әкімдеріне үлкен жауапкершіліктер жүктейді. Сондай-ақ, бұл мәселе аудан әкімдерінің бақылауында болса шешілмеген түйіндердің тіні тарқатыла беретіні кәміл. Ал ауылшаруашылық кооперативінің төрағасы кім болмақ? Оны кооператив мүшелері өздері өзара ақылдасып, кеңесіп сайлайтыны да оқырмандарға белгілі болса керек. Әлбетте кеңесіп пішкен тон келте болмайды емес пе?
Ақтөбе аймағында алдын ала белгіленген жоба бойынша 70 кооператив құру көзделген. Әйтсе де, бұл мәселеде оңтайлы тетіктерді орнықтыра білген Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың ілкімді ісінің нәтижесінде қазіргі күні оның саны 103-ке жетіп отыр. Әлбетте, басты мәселе сапада емес пе? Осы ретте бұл кооперативтердің қандай тиімділік әкелетініне тек уақыттың өзі төреші бола алады демекпіз.
Әрине, кооператив құрудағы басты мақсат асыл тұқымды мал санын өсіруге басымдық беру болмақ. Төрт түліктің қандай түрі болмасын бірінші кезекте өзінің төлі есебінен көбейетіні табиғи жайт. Сондықтан кооператив құру жағдайында бұл мәселеге айрықша назар аударылса болашақтағы мол табыстың негізі қаланды дей беріңіз. Осы ретте облыстың ауыл шаруашылығы саласындағы ірі құрылымдардың бірі – «АқТеп» ЖШС-нің директоры Нұрлан Сағыналин газет тілшісіне өз ой-пікірін былайша жеткізді.
– Өнімнің басын да, өсімнің басын да төл құрайды. Алайда, малды өз төлі есебінен өсіруге қатысты мәселелер ала-құла болып отыр. Бірқатар агрофирмаларда мал саны бірдей болғанымен, төл алудағы көрсеткіштер әртүрлі болып келеді. Оның сыры неде? Біз бұл жөнінде өзіміздің түпкілікті байламымызды айтатын боламыз. Бұған қатысты әртүрлі болжамдар мен жорамалдар бар. Айталық, төл бермейтін сиырлардың бойында инфекция болуы мүмкін. Ветеринария мамандары мәселенің осы жағына тереңірек көңіл аударса еш ұтылмас еді. Мұның өзі аймақта мал басының одан әрі өсуіне және мал шаруашылығы өнімдерінің көлемі одан әрі жоғарылауына алғышарт қаламақ. Түптей келгенде, бұл тұжырымның облыстың әр ауданында құрылып жатқан ауылшаруашылық кооперативтеріне де тікелей қатысы бар.
Қысқасы, біз осы материалды жазу барысында Ақтөбе аймағында ауыл шаруашылығы саласының көкжиегін көтеру ісіне жан-жақты көңіл бөліп отырғанына көз жеткізе түстік. Мұндай жағдайда саланың артта қалмайтыны өз алдына, тіпті маңдайлары жарқырап алға оза түсуі де әбден мүмкін.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы