21 Желтоқсан, 2010

Әлем өткен аптада

457 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
КҮН ТӘРТІБІНДЕ – КОРЕЯДАҒЫ ЖАҒДАЙ Ресей Федерациясының талабымен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жедел оты­рысы өтіп, онда Солтүстік Корея мен Оң­түстік Корея арасындағы жағдай талқы­ланды. Кеңес мүшелері негізгі мәселе бойынша мәмілеге келе алмаған сыңайлы. Әзірге жұртқа белгілі болып отыр­ған жәйт – Сеул мен Пхеньянға БҰҰ өкілдерін жіберу жөнінде мәлімдеме жасалған. Ал КХДР-де қарулы күштер әскери дайындық жағдайына келтірілген көрінеді. * * * ЛУКАШЕНКО АЙҚЫН ЖЕҢГЕН Жексенбі күнгі президент сай­лауында Беларусьтің қазіргі президенті Александр Лукашенко айқын басым­дықпен жеңіске жетті.  Алдын ала мәлі­меттер оған күмән келтірмейтіндей. Әрине, оппозицияның пікірі бұған мүлде қарама-қарсы. Ең алдымен сайлауда жөнсіздікке жол берілді деген әңгіме айтуда. Соған орай олар халықты көшеге шығармақ болғанда, билік оған жол бермеу шараларын жасаған. Минскіде айтар­лықтай күрделі жағдай қа­лыптасып отыр. * * * БЕРЛУСКОНИГЕ СЕНІМ БАР Италияның бас қалаларында қар­сылық акциялары өтіп, біраз дүние қи­ратылды. Сырттай есепке қарағанда, көшеге 100 мыңдай адам шыққан көрі­неді. Олар үкіметтің кетуін талап етіп, парламент үйіне басып кіруге әрекет жасаған. Осы кезде парламент те үкіметке сенім мәселесін талқылап жатқан. Бірақ парла­мент­тің екі палатасы да Сильвио Берлускониге сенім білдірді. Рас, төменгі палатада оны қолдаушылар үш-ақ дауыс артық алды. Сенатта премьер-министрдің жақтастары көп. * * * АҢЫЗ – ДИПЛОМАТ Өткен аптаның басында АҚШ дип­ломатиясының көрнекті өкілі Ричард Хол­брук қайтыс болды. Оның отбасына көңіл айтқан АҚШ президенті Барак Обама Холбрукті бүкіл әлемнің және өз елінің қауіпсіздігі үшін көп іс тындырған қай­раткер ретінде бағалады. Әсіресе, жұрт оның Балкандағы шиеленісті шешудегі орасан қызметін жақ­сы біледі. Ол Дейтон келісімінің ұйым­дастыру­шы­сы болды. Соның арқасында сербтердің қан­құйлы соғыс әрекет­теріне тоқтау жасалды. * * * МОТТАКИ ҚЫЗМЕТІНЕН КЕТТІ Министр ғана емес, үкімет басшысы да, ел басшысы да кетіп жатады. Бірақ Иранның сыртқы істер министрі Манучехр Моттакидің қызметінен кетуі жұрт назарын аударуы заңды. Иран әлем елдерімен тіл табыса алмай жатады. Бұл жерде сыртқы істер министріне де көп нәрсе қатысты. Қатысты болғанда, Иран президенті Махмұд Ахмадинежад жүргізіп отырған саясатты жүзеге асыру да оңай емес. Себебін айтпай президенттің министрді орнынан алуын сарапшылар Мотта­кидің Ахмадинежадпен келісе алмауы­нан деп те топшылайды. * * * ХАЛЫҚТЫ АШЫНДЫРМАҒАН ЖӨН Грузияның бұрынғы  президенті Эдуард Шеварднадзе елде салықты көбейтіп, баға өсетін болса, халық көтеріледі деген болжам айтты. Оның ойынша, салықты көбейту – халыққа жасалған қылмыс. Халық оған көн­бейді, көшеге шығады, көтеріліс жасайды. Биліктің балын да жеген, уын да ішкен саясаткер білген соң айтады-ау дейсің. * * * ЕУРОПА ҚАР ҚҰШАҒЫНДА Халықаралық телеарналардың бар­лығы да қазір өз хабарларын Еуро­падағы алапат қардан бастайды. Қарға көмілген көшелер мен ұшақтары иірілген әуежай­лар. Ұлыбритания, Франция, Германия сияқ­ты елдердің ірі қала­ларында жүздеген рейстер кейінге қалдырылып, айтарлық­тай қиын жағдайлар қалыптасқан. Жұрт мұндай кезде жолдан қалады, тұрмыстық қиындықтарға ұшырайды. РИА Новости агенттігінің хабарына қара­ғанда, мынадай да бір қызық жәйт бо­лып­ты: Парижде кідірген «Аэрофлот» жолау­шылары жалпы РФ-ға қайтудан бас тартыпты. * * * ЧЕШЕНДЕРГЕ КӨМЕК КӨП Ресей үкіметі Чешенстанды қаржыдан кенде етпейді. Олардың басшысы Қа­дыров Путинді мақтап та алады, қираған үйлерді қайта саламыз, бандиттермен күресеміз деп те алады. Енді Еуроодақ та чешендерге береген қолын ұсынды. Екі миллиард еуро – шағын республика үшін мол қаржы. Мұның саяси астарын түсінсе де, Мәс­кеуге ұнамаса да, чешендер бұл көмекті алатыны анық. ЕО 45 мың адамға үй салып беріңдер дейді. Алған соң Қадыров қайда жұмсарын өзі біледі, әрине. Әзірлеген Мамадияр ЖАҚЫП.