Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына шет ел мемлекет және үкімет басшыларынан Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 19 жылдығымен құттықтаған жеделхаттар келіп түсуін жалғастыруда, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Француз Республикасының Президенті Николя Саркозидің Мемлекет басшысына жолдаған хатында: «Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығының аяқталуына бірнеше апта қалғанда мен ЕҚЫҰ-ға төрағалығы барысында Сіздің еліңіз орындаған жұмыстардың сапасын және Сіздің жеке үлесіңізді жоғары бағалаймын. Осы Ұйымның негізгі оқиғасының бірі ретінде орын алатын Астана Саммиті табысты аяқталды», деп атап өтілген.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Германия Федеративтік Республикасының Президенті Кристиан Вульфтан құттықтау хаты келіп түсті. «Сіздің еліңіз өтіп бара жатқан жылға мақтанышпен көз салуына болады. Күрделі уақыттың өзінде Сіз ЕҚЫҰ-ға төрағалық еттіңіз және ЕҚЫҰ Саммитін 11 жылдан кейін алғаш рет өзіңізде өткізіп, Ұйымға жаңаша серпін бердіңіз», – делінген жеделхат мәтінінде.
Тәуелсіздік күніне байланысты Қытай Халық Республикасының Төрағасы Ху Цзиньтаодан келген құттықтауда былай делінген: «Сіздің басшылығыңызбен өткен 19 жыл ішінде Қазақстан үкіметі және халқы тәуелсіздік пен елдің егемендігін қорғау, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жәрдемдесу, халықтың тұрмыс деңгейін арттыру және сыртқы байланыстарды кеңейту ісінде үлкен табыстарға қол жеткізді».
Қазақстан халқына және Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей өзіне шын жүректі құттықтауларын Испания Королі Хуан Карлос, Рим Папасы Бенедикт XVI, Ирландия Президенті Мэри МакЭлис, Грек Республикасының Президенті Каролос Папулиас, Катар мемлекетінің Әмірі Хамад Бен Халифа Әл-Тани, Катар мемлекетінің Премьер-Министрі – Сыртқы істер министрі Хамад Бен Жасем Бен Жабр Әл-Тани, Катар мемлекетінің мұрагері Тамим Бен Хамад Әл-Тани жолдаған.