2010 жылдың 11 айының қорытындылары
Әлемдік қаржы дағдарысымен тиімді күрескен Қазақстан Үкіметінің ағымдағы 2010 жылы атқарған жұмыстары мен қабылдаған кешенді шаралары оң нәтижесін берді. Осы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша ел экономикасының қозғаушы күшіне айналған барлық негізгі салаларда өсім байқалды.
Аталған кезеңдегі еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындыларына қарағанда, қысқа мерзімді экономикалық индикатор өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 107,2 пайызды құрады. Сонымен қатар, үстіміздегі жылғы қаңтар-қыркүйек айлары аралығында ішкі жалпы өнім көлемі 14 триллион 250,6 миллиард теңгеге жетіп, 7,5 пайызды құрап отыр. 11 айда өнеркәсіп өндірісі 10,5 пайызға, өңдеуші өнеркәсіп 18,8 пайызға, жүк айналымы 12,6 пайызға, ал байланыс қызметі 5,0 пайызға өскен. 2010 жылдың қаңтар-қараша айларында инфляция деңгейі 7,1 пайызды құрап, өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 0,3 пайыздық пунктке төмендеді.
Бұл орайда еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының оң сипатта болуына ішкі және сыртқы факторлар молынан әсер етті. Ел экономикасының өсіміне оң әсерін тигізген негізгі сыртқы факторларға қазақстандық тауарлар экспортының өсімін қамтамасыз еткен сыртқы сұраныстың қалпына келуі және әлемдік сауданың жандануы түрткі болды. Ағымдағы жылдың 11 айында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда сыртқы сауда айналымы 43,1 пайызға өсті, сөйтіп 81 миллиард АҚШ долларын құрады. Соның ішінде экспорт көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 52,6 пайызға артып, 51,4 миллиард долларды құраса, импорт көлемі 29,1 пайызға артып, 29,6 миллиард долларды құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, ағымдағы жылдың қаңтар-қарашасында мұнайдың және металдың әлемдік рыноктағы баға конъюнктурасының айтарлықтай жақсаруы экспорттың өсіміне ықпал етті. Қаржы жүйесін және экономика салаларын тұрақтандыруға бағытталған кең ауқымды мемлекеттік шаралардың нәтижесінде рецессиядан шығу қамтамасыз етілді әрі дамыған және дамушы елдердің басым көпшілігінің өсім қарқыны қалпына келтірілді. Осылайша Қазақстанмен сауда-саттық жасайтын әріптес елдер экономикасының өсімі де отандық экономиканың дамуына айтарлықтай оң әсерін тигізді.
11 айдың қорытындысы бойынша экономикамыздың даму көрсеткіштерінің жақсара түсуіне ішкі факторлар да барынша ықпал етті. Бұл орайда ішкі рыноктағы сұраныстың қалпына келуі экономика өсімінің жоғары қарқынын қамтамасыз еткенін атап өткен жөн. Атап айтқанда, бірінші жартыжылдықта ішкі сұраныс 4,3 пайызға артқан, оның ішінде үй шаруашылығы тұтынуындағы сұраныс 4,9 пайызға, ал мемлекеттік басқару органдарындағы сұраныс 2,2 пайызға өскен. Есепті кезеңде экономиканың дамуына бұл фактордың ықпалы жалғасты.
Сондай-ақ мемлекеттік және жеке меншік тұтыну көлемі де арта түсті, бұл өз кезегінде ел экономикасының дамуына оң ықпал етті. Мәселен, әлеуметтік саладағы, білімдегі, мәдениеттегі және қызметтерді ұжымдық пайдалану жөніндегі бірқатар салалардағы мемлекеттік шығындарды ұлғайту жөніндегі елімізде жүргізілген саясат тауарларға және көрсетілетін қызметтерге сұраныстың ұлғаюына ықпал еткен.
Үстіміздегі жылдың басынан бері экономиканың өсуінің тұрақты қарқыны сақталып отырғанын атап өту керек. 2010 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша қысқа мерзімді экономикалық индикатор өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 107,2 пайызды құрады.
Сонымен қатар, үстіміздегі жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында ішкі жалпы өнім 14250,6 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,5 пайызға өсіп отыр. Бұл ретте тауарлар өндірісінің нақты көлем индексі 6,1 пайызды, ал қызметтер өндірісі 5,2 пайызды құрағанын атап өту керек.
2010 жылғы қаңтар мен қыркүйек айлары аралығындағы ішкі жалпы өнім құрылымында тауарлар өндірісі 43,1 пайызды, қызметтер көлемі 54 пайызды құрады. Ішкі жалпы өнімнің негізгі үлесін, яғни 31,4 пайызын өнеркәсіп өндірісі құрап отыр.
Атап айтқанда, үстіміздегі жылдың қаңтар мен қараша айларындағы өнеркәсіп өндірісінің нақты көлем индексі өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 10,5 пайызға өсті. Бұл өсім өңдеу секторындағы өндірістің 18,8 пайызға және тау-кен өндіру саласындағы өндірістің 5,7 пайызға артуы арқасында қамтамасыз етіліп отыр.
Өңдеу өнеркәсібінің өсімі электр жабдықтарын жасау өндірісінің 2,4 есеге, мәшинелер мен жабдықтар жасау өндірісінің 2,2 есеге, мәшине жасау өндірісінің 1,6 есеге және сусындарды өндірудің 1,4 есеге өсуі әсерінен болып отыр. Химия өнеркәсібінде қосымша өсім өндірісі 37,6 пайызды құрады.
Тау-кен өндірісі саласындағы темір кендерін өндіру 12,9 пайызға, шикі мұнайды өндіру 6,1 пайызға, табиғи газды өндіру 2,7 пайызға артып отыр.
Өнеркәсіп өнімінің ең көп өсімі Ақмола (34,3%), Қостанай (16,9%), Павлодар (16,1%), Оңтүстік Қазақстан (15,8%), Жамбыл (15,3%), Атырау (14%) облыстарында және Алматы (25,4%) қаласында байқалады.
Қарастырылып отырған кезеңде құрылыс саласының қалпына келуі байқалады, атап айтқанда, 11 айдың қорытындысы бойынша өсім 2009 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,2 пайызды құрады. Бұл өсуге Индустриалдандыру картасы шеңберінде инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мен жаңа объектілерді, оның ішінде тұрғын үй рыногындағы нысандарды іске қосу себеп болып отыр.
Көліктің барлық түрімен жүк тасымалдау көлемі 2010 жылдың 11 айында 16 пайызға ұлғайды. Ал байланыс саласындағы көрсетілетін қызметтер көлемі 5 пайызға өсті.
2009 жылдың сәйкес кезеңінде 4,4 пайызға төмендеген сауда айналымының нақты көлем индексі 11 айда 12,4 пайызға дейін өсіп отыр.
Әлемдік шикізат рыногындағы жоғары баға конъюнктурасы мен экспортқа бағытталған салалардағы өндірістің өсуі Қазақстанның сыртқы сауда айналымының артуына себебін тигізді. Үстіміздегі жылдың қаңтар мен қазан айларында Ресей және Беларусьпен өзара сауданы қоса алғандағы сыртқы сауда көлемі 43,1 пайызға артып 81 млрд. АҚШ долларын құрады.
Атап айтқанда, экспорт өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 52,6 пайызға өсіп 51,4 млрд. АҚШ долларын құрады. Ал импорт 29,6 млрд. АҚШ долларын құрап, 29,1 пайызға өсті. Төлем балансы сальдосы оң болып 21,7 млрд. АҚШ долларын құрап, 2009 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 есеге өсті.
Үстіміздегі жылдың 10 айында Қазақстан мен Кеден одағына мүше былайғы мемлекеттер арасындағы тауар айналымы 13,5 млрд. АҚШ долларын құрады, оның 90 пайыздан астамы Ресейге тиесілі.
2009 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда Ресеймен тауар айналымы 1,3 есеге, ал Беларусьпен – 1,4 есеге өсіп отыр. Қарастырылып отырған кезеңде Ресейге шығарылған экспорт көлемі 38,7 пайызға, Беларуське 3,2 есеге артты. Осы кезеңдегі Ресейден әкелінген импорт көлемі 26,4 пайызға және Беларусь Республикасынан әкелінген импорт көлемі 20,8 пайызға өсіп отыр.
Экономикамыздағы инвестициялық белсенділік кәсіпорындар мен ұйымдардың өз қаражаттары үлесінің 33,8-ден 45,2 пайызға дейін және мемлекеттік бюджет қаражаты үлесінің 18-ден 21 пайызға дейін өсуі есебінен болып отыр.
Қарастырып отырған кезеңде инвестиция көлемі ауыл шаруашылығында 14,0 пайызға, өнеркәсіпте 15,4 пайызға, құрылыста 52,8 пайызға артты.
Елімізде бизнес-ахуалды жақсарту мақсатында және шағын және орта бизнесті қолдау үшін әкімшілік кедергілерді азайту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Рұқсат беру жүйесін орталық және жергілікті деңгейде бірнеше бағыттарда оңтайландыру жұмыстары одан әрі жалғастырылуда. Мемлекеттік органдармен бірге 335 рұқсат беру процедураларын оңтайландыру және қысқарту бойынша ұсыныстар дайындалды.
Өткен жылдың 11 айымен салыстырғанда ағымдағы жылы мемлекеттік бюджет шығындарының өсімі 19,8 пайызды құрады. Салыстыра қарастырып отырған кезеңдегі бөлшек сауда айналымы да 12,4 пайыз өсім көрсетті. Оған шынайы табыстары мен жалақыларының көбеюі есебінен халықтың төлем қабілеттілігінің артуы себеп болып отыр. Атап айтқанда, 10 айдың қорытындысына сәйкес, 2009 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда еліміздегі жан басына шаққандағы орташа ақшалай табыс – 13,4, ал шынайы табыс 6 пайызды құрады. Бір қызметкердің орташа жалақысы 15,1 пайызға, ал шынайы жалақысы 7,6 пайызға өсті.
Енді ел экономикасының өсуіне дем берген негізгі салаларға тоқталсақ. Әлемдік баға конъюнктурасының жақсаруы және сыртқы сұраныстың қалпына келуі мұнай мен кен өндіру көлемінің артуына ықпал етіп, 11 айдың қорытындысында тау-кен өндіру саласының өсім қарқынын 105,7 пайызға жеткізді. Есепті кезеңде көмір өндіру – 9,7, табиғи газ – 3,6, темір кені – 9, және мыс кені 4,1 пайызға артты. Мұнай өндіруші компаниялардың алдын-ала есебі бойынша қарастырылып отырған кезеңде газ конденсатын қоса алғанда 72 млн. 488 мың тонна мұнай өндірілген. Ал мұнай өңдеуші компаниялар 2633,4 мың тонна бензин, 3759,3 мың тонна дизель отынын, 3436,9 мың тонна мазут және 441,3 мың тонна авиакеросин өндірді. Газ өнеркәсібінде жаңа нәтижелерге қол жеткізіліп, есепті кезеңдегі өндірілген табиғи отын 33,4 млрд. текше метрді құрады. Сондай-ақ азық-түлік тағамдарының, тоқыма бұйымдарының, мұнай өнімдерінің, химия өнеркәсібінің, металлургиялық өнімдердің және мәшине жасау салаларының қарқын алуы нәтижесінде өңдеуші өнеркәсіптегі өсім 18,8 пайызды құрап отыр.
Ағымдағы жылдың құрғақшылықты болуына қарамастан, еліміздің шаруа қожалықтары Үкімет тарапынан көрсетілген қаржылай қолдаудың әрі ылғал сақтау технологиясын қолдануының арқасында біршама жақсы өнім алуға қол жеткізе алды. Дәнді дақылдар 15,5 млн. гектар аумақтан бастырылып, бастапқы бункерлік салмақта 13,9 млн. тонна астық жиналды. Өткен аптадағы Үкімет отырысында ағымдағы жылдың басынан қазіргі кезге дейінгі аралықтағы ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің жалпы көлемі 1,3 трлн. теңгені құрағанын, бұл ретте құрғақшылық салдарынан өндіріс көлемінің қысқаруына байланысты өсімдік шаруашылығынан алынатын өнімдер 22 пайызға төмендегенін баса айтқан Ауыл шаруашылығы министрі А.Күрішбаев: «Орташа өнімділік 1 гектардан 9 центнер болды. Бұл өткен жылғы деңгейден 4,9 центнерге аз. Сонымен бірге жыл басынан бері 8,2 млн. тонна астық экспортқа жөнелтілді, бұл өткен жылғы деңгейден 34,5 пайыздай артық. Осылайша, астық экспортының жалпы көлемінде шамамен 38 пайызды құрайтын ұн экспорты бойынша мемлекетіміз төртінші жыл әлемде бірінші орында келеді», – деген болатын.
Жоғарыда атап өтілген астық көлемі және өткен жылдан қалған қор ішкі рынокты толығымен қамтамасыз етумен қатар, еліміздің 7 миллион тонна астық экспорттауына да толық мүмкіндік береді. Жалпы, жыл басынан бері 5,1 млн. тонна бидай және 2,1 млн. тонна ұнды сыртқы рынокқа шығаруға қол жеткіздік. Бұл орайда ұнды қоса алғандағы астық экспорты өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,1 млн. тоннаға немесе 36,4 пайызға артық. Сондай-ақ майлы дақылдардың жалпы жиынтығы – 0,8 млн., көкөніс және бақша дақылдары – 3,4 млн., қант қызылшасы – 0 340 мың және картоп 2,5 млн. тоннаны құрады.
Мал шаруашылығында өндірілген өнім көлемі де өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ағымдағы жылы 3,1 пайыз өсім көрсетіп, 695 млрд. теңгені құрады. Мал басы да артып келеді. Мәселен, Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сәйкес, 2010 жылдың 1 желтоқсанындағы есеп бойынша ірі қара саны 1 пайызға, қой саны 3,7 пайызға, жылқы саны 3,8 пайызға, тауық саны 2 пайызға өскен. Жыл басынан бері елдегі ет өндірісінің көлемі 3,3 пайызға, сүт өндіру 1,4 пайызға, ал жұмыртқа өндірісі 13,7 пайызға өскен.
Өткен жылдың соңында құлдырап кеткен құрылыс секторына ағымдағы жылдың ақпанынан бастап жан бітіп, қазан айында біршама өрлеуге қол жеткізілді. Еліміздің Үдемелі индустриялы-инновациялық даму бағдарламасы бойынша атқарылған және тұрғын үй құрылысына салынған инвестицияны арттыру бағытындағы жұмыстардың жандануының нәтижесінде есепті кезеңде бұл салада 0,2 пайыз өсім байқалды. Атап айтқанда, қаңтар-қараша айларында тұрғын үй салуға 278,5 млрд. теңге бағытталды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,8 пайызға артық. Жыл басында республика бойынша 132 нысанның құрылысын аяқтау қажеттігі туындаған болса, ал қазандағы деректерге сәйкес оның 40-ы пайдалануға беріліп, 6510 үлескердің түйткілді проблемасы шешілді. Құрылыс саласындағы оң үрдіске индустрияландыру картасы аясында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, жаңа нысандарды, соның ішінде тұрғын үй бағытындағы нысандарды іске қосу елеулі әсер еткен.
Үкімет қолға алған инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы әрі іскерлік белсенділіктің қалпына келуі көлік-коммуникация саласындағы қызметтер көлемінің өсуіне мұрындық болды. Ағымдағы жылдың 11 айында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көліктің барлық түрлеріндегі тасымал 16 пайызға, жүк тасымалы 12,6 пайызға артты. Темір жол көлігімен тасымалданған жүк 241,5 млн. тоннаны құрады. 11 айдың қорытындысы бойынша тасымалдан түскен темір жол саласының табысы 524,6 млрд. теңгеге жетіп, өсім 39,8 пайыз болды. Жолаушылар тасымалы 11,8 пайызға, оның ішінде темір жол көлігімен 7,7 пайызға, автомобиль көлігімен 11,9 пайызға, әуе көлігімен 23,4 пайызға артты.
Қазақстандық қамтуға баса назар аударып, нақты шаралар қолдана бастаған Үкіметтің еңбегі алғашқы жемісін бере бастаған сыңайлы. Өйткені, бұған дейін 50 пайыздық межеге маңайламайтын отандық тауарлар, қызметтер, жұмыстар көлемі 11 айдың қорытындысында 5 пайызға ілгерілегені байқалады. Мәселен, сөз болып отырған кезеңдегі жер пайдаланушылардың сатып алған тауарларының, қызметтерінің, жұмыстарының жалпы көлемі 2,5 млрд. теңгені құраса, оның ішінде қазақстандық қамту 1,4 млрд. теңгені құрап, 56 пайызға жетті. Сондай-ақ осы аралықта мемлекеттік органдармен жалпы сомасы 185,7 млрд. теңгені құрайтын мемлекеттік сатып алулар туралы 569891 келісім-шарт міндеттемесі орындалса, ондағы қазақстандық қамтудың үлесі 133,2 млрд. теңгені құрап отыр.
2010 жылғы 11 айда негізгі бағыттар бойынша елеулі жұмыстар атқарылды.
Өңірлік жұмыспен қамту мен кадрларды қайта даярлау стратегиясын (Жол картасы) іске асыруға 2010 жылы шамамен 147 млрд. теңге бөлінді.
Оның негізгі бөлігі, 136,8 млрд. теңге (республикалық бюджеттен – 90,4 млрд. теңге, жергілікті бюджеттен – 46,4 млрд. теңге) әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылымды жөндеуге, салуға және қайта жаңғыртуға бағытталды.
Қазіргі уақытта 3379 жобадағы немесе іске асыруға қабылданған барлық жобаның 94 %-дағы жұмыстар толық аяқталды, жалпы жылға бөлінген қаржы 97% игерілді.
«Жол картасының» жобаларын іске асыру кезінде елімізде биылғы жылы шамамен 133 мың жұмыс орны құрылып, оларға 129 мыңға жуық адам жұмысқа орналасты.
Бұл орайда шамамен 89 мың адам (немесе жұмысқа орналасқандардың 70%) жұмыспен қамту органдарының жолдауы бойынша орналасқан, оның ішінде 17 мың адам атаулы әлеуметтік көмек алатын аз қамтамасыз етілген отбасыларындағы адамдар.
Жол картасы жобаларында жұмыс істейтін қызметкерлердің орташа жалақысы 35 мың теңгені құрайды.
Кадрларды даярлау және қайта даярлауды ұйымдастыру мақсатында өңірлерде 2009 жылғы мемлекеттік білім тапсырысы бойынша 20 мың адам қабылдауды ескере отырып, 72 мың адам оқуға жіберілді.
Жергілікті атқарушы органдар 6,5 мың кәсіпорынмен және ұйымдармен әлеуметтік жұмыс орындарын құру туралы шарт жасасқан. 2,9 млрд. теңге, яғни бір жылға бөлінген қаражаттың 95,8%-ы игерілді.
Әлеуметтік жұмыс орындарына халықтың нысаналы топтарының ішінен 36 мыңға жуық адам жұмысқа орналасты (бұл бір жылға жоспарланғанның 137%-ын құрайды).
«Жол картасы» жоспарына сәйкес жастар практикасы бағдарламасын кеңейту шеңберінде 13,5 мың кәсіпорын, ұйымдармен шарт жасалды, жұмыспен қамту органдары жұмысқа орналастыру үшін оларға 38,8 мың түлекті жіберді (бұл бір жылға жоспарланғанның 145,5%-ын құрайды).
Аталған жоба бойынша 2,9 млрд. теңге немесе жылдық соманың 92%-ы игерілді.
Үкімет қабылдаған жүйелі шаралар еңбек рыногындағы көрсеткіштерге оң әсер етті. Бұл орайда, жұмыссыздық деңгейі өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 0,7 пайыздық пунктке азайып, 5,6 пайызды құрады.
Жұмыспен орнықты қамту және еңбек қатынастарын дамыту қандай да бір әлеуметтік қатерлер туындаған жағдайда халықтың әлеуметтік қорғалғандығының негізі болды және солай болып қала береді.
Осыған орай биылғы жылы:
1) зейнетақының орташа мөлшерін, бюджет қызметкерлерінің жалақысы мен шәкіртақыны жыл сайынғы арттыру қамтамасыз етілді. Соңғы үш жылда Қазақстанда зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері 1,6 еседен астам арттырылып, бүгінгі күні 27481 теңгені құрайды;
2) мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың орташа мөлшері 2007 жылмен салыстырғанда:
мүгедектігі бойынша жәрдемақы 9 331 теңгеден 15282 теңгеге дейін арттырылды;
асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша 8 507 теңгеден 13709 теңгеге дейін көбейді;
3) міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар үшін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) төленетін төлемдер қосымша табыс көзі болды. Ағымдағы жылы МӘСҚ төлемдерінің мөлшері 46,3 млрд.-тан астам теңгені құрады.
2010 жылғы 1 қаңтардан бастап төртінші және одан кейінгі бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақының мөлшері 2009 жылмен салыстырғанда 1,8 есе, ал бала күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы орта есеппен 1,3 есе өсті.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығын мерекелеу шеңберінде соғыс ардагерлерін әлеуметтік қолдау үшін республикалық бюджеттен 4,5 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді. Ардагерлерге біржолғы материалдық көмек төленді, соғысқа қатысушыларға тегін жол жүру құқығы берілді.
Арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін дамыту жұмыстары биылғы жылы да жалғасын тапты. 2009-2010 жылдары енгізілген стандарттарға қосымша қарттар мен мүгедектерге, тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету стандарты бекітілді, ол 2011 жылдан бастап іске асырылатын болады.